Алматының қай жерлері қауіпті? Полиция қылмыс картасын өзгертіп жатыр
Фото: gov.kz
Биылғы жеті айда Алматыда ауыр қылмыс, ұрлық, тонау, алаяқтық пен көшедегі қылмыс саны едәуір азайды. Жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны да төмендеген, деп хабарлайды Orda.kz.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек қаладағы осы қылмыстық ахуал туралы баяндады.
Полиция мәліметінше, ауыр және аса ауыр қылмыс саны 3,3 пайызға төмендеген. Ауырлығы онша емес және орташа қылмыс саны 15,8 пайызға азайыпты. Мүліктік қылмыс та төмендеген. Алаяқтық 12,1 пайызға, ұрлық 11,4 пайызға, тонау 14,3 пайызға, автокөлік ұрлау 6,7 пайызға азайып отыр.
Полиция интернет-алаяқтықтың 9,5 пайызға төмендегенін де атап өтті. Алаяқтық тәсілі үнемі өзгеріп отырады, қылмыскерлер әлеуметтік инженерия әдістерін, қоңырау мен хабарламаны пайдаланып, азаматтарды өз еркімен ақша аударуға немесе қажетті мәліметін беруге мәжбүрлейтіні айтылды.
«Цифрлық қауіп-қатер артқандықтан киберқылмыс пен интернет-алаяқтыққа қарсы күрес біз үшін жеке басым бағыт болып қалады. Мұндай қылмыстың едәуір бөлігі әлеуметтік инженерия мен қашықтан алдау әдісі арқылы жасалады. Сондықтан жедел жұмыспен қатар, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмысын да күшейтіп жатырмыз», – дейді Салтанат Әзірбек.
Бірінші жарты жылдықта ауыр және аса ауыр қылмыстың ашылу көрсеткіші 69,3 пайызды, аса ауыр қылмыс 97,8 пайыз болды. Мүлікке қатысты қылмыстың бірнеше түрі бойынша да көрсеткіш жақсарып қалыпты.
Алматының қоғамдық орны мен көшесінде қылмыстық жағдай айтарлықтай тұрақтанған. Қоғамдық орында жасалатын қылмыс саны 34,7 пайызға, көшедегі қылмыс екі еседей төмендепті. Полиция мұны учаскелік инспекторлардың жұмысы мен қылмыс пен басқа да құқық бұзушылық жиі жасалатын жерлерге бақылаудың күшейгенімен байланыстырып отыр.
«Біздің міндетіміз жасалған қылмысты ашу ғана емес, олардың алдын алу да. Сондықтан қауіп-қатері жоғары қала аумақтарына ерекше назар аудардық», – дейді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі.
Қалада есірткінің таралуына қарсы күрес те жалғасып жатыр. Жыл басынан бері полиция 476 есірткі қылмысын анықтады. Оның 200-ден астамы есірткі затын өткізумен байланысты. 483 келіден астам есірткі құралы тәркіленді. Полиция есірткі таратушыларды анықтап, ұстаумен қатар, жастарды есірткі қылмысына тартуға жол бермеуге де барын салып жатыр.
Жол-көлік оқиғасына қатысты статистикада да оң өзгеріс бар. Жеті айда Алматының жолында қаза тапқандар саны былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 15,6 пайызға азайған. Жарақат алғандар саны 5,7 пайызға төмендеген. Полиция көлікті мас болып басқаратындарды ерекше бақылауға алған.
Қаладағы қылмыс пен құқық бұзушылыққа қарсы күресте бақылау камерасы да пайдаланылады. Қазіргі таңда Алматыда 211 мыңнан астам камера жұмыс істейді, олардың едәуір бөлігі полиция департаментінің Жедел басқару орталығына қосылған. Камера жазбалары қылмысты ашып, әкімшілік құқық бұзушылықты анықтауға көмектеседі.
Жалпы, жеті айдың қорытындысы бойынша Алматыда қылмыстың негізгі көрсеткішінің басым бөлігі төмендеген. Соған қарамастан, ауыр қылмыс, балалар мен отбасылардың қауіпсіздігі, есірткінің таралуы, интернет-алаяқтық, қоғамдық орындардағы қылмыс пен жол қауіпсіздігі мәселелері полицияның басты назарында болады.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық