«Ақша үшін емес»: Томиристің анасы Пакты не үшін кешіргенін айтса, әкесі 100 млн теңге талап етті

cover Фото: Orda.kz

Алматыда резонанс алған Әл-Фараби даңғылындағы жол-көлік апатына қатысты сот бітуге таяу қалды. Сот тараптардың жарыссөз кезеңіне өтті. Прокурор сотта А. Пакқа 10 жыл сұрады, ал туыстары сотталушыны не үшін кешіргенін айтты, деп хабарлайды Orda.kz.

Сот жарыссөз кезеңіне кіріспес бұрын  Томирис Қыдырбектің өткен сот отырысында жәбірленуші болып танылған әкесінің қорғаушылары оның атынан сөз сөйлеп сотқа моралдық талап-арыз ұсынды. Қыдырбектің әкесінің қорғаушысы Мейірман Шекеев 100 млн теңге моралдық өтемақы талап етті. 

Сотта қорғаушылар қызынан айырылған әкенің хатын оқыды. Онда Томирис оның өмірінің басты мәні болғаны, қызының тұрмысқа шығып, ана атанғанын көруді армандағаны жазылған. Алайда айыпталушы Александр Пактың адвокаты бұл талапты қанағаттандырмауды сұрады. Қорғаушының уәжі бойынша, Томиристің анасы бұған дейін кінәлі тараптан өтемақы алып қойған. Ата-аналардың бірі ғана өтемақы алуға құқылы екенін айтты. 

Осыдан кейін сотта Прокурор жарыссөзге кірісті, мемлекеттік айыптаушы Александр Пакты ҚР ҚК 345-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Сондай-ақ прокурор соттан Пакты өмір бойы көлік басқару құқығынан айыруды өтінді.

«Алкоголь мен көлік жүргізу — бір-бірімен үйлеспейді. Ал жылдамдық — ерлік емес, жауапкершілік өлшемі. Ар-ұят пен ақылға тоқтамайтын адамдарды тек жазаның бұлтартпастығы ғана тоқтата алады», – деді прокурор.

Жәбірленушілердің туыстары жарыссөзде не айтты?

Сот жарыссөзінде Томирис Қыдырбектің анасы айыпталушыны не үшін кешіргенін түсіндірсе, әкесі оған ең қатаң жаза тағайындауды сұрады.

Оның сөзінше, қызын жерлегеннен кейін айыпталушының ата-анасы көңіл айту үшін олардың үйіне келген. Осыдан кейін ол туыстарына Александр Пакты кешіретінін айтқан.

«Жұрт ойлағандай ақша үшін емес. Тек баламның жаны тыныш жатсын деп кешірдім. Бұл қайғылы оқиғадан тек қаза тапқан үш жастың және сотталушының анасы ғана шын зардап шегіп отыр. Жол апаты өте ауыр болды, егер айыпталушының өзі де қайтыс болса бүгін соттайтын да ешкім қалмайтын еді», – деді Арайлы Есенбаева.

Арайлы Есенбаева Александр Пакқа қандай да бір нақты жаза сұрамайтынын, оның тағдырын соттың өзі шешуі керек екенін жеткізді.  Пакқа ешқандай наразылығы жоқ екенін және сот процесінің тезірек аяқталғанын қалайтынын айтты.

«Маған да оңай емес. Мен де қызымнан айырылдым. Бүгінге дейін ем алып жүрмін. Сот өзі шешсін дедім. Ештеңені өзгерте алмаймыз. Оны өмір бойына соттаса да, алты айға қамаса да – қызым бәрібір қайтып келмейді. Мен қатйалап айтам, мен кешірдім, ешқандай талабым жоқ, істің тезірек аяқталғанын қалаймын», – деді ол.

Сот жарыссөзінде қаза тапқан Құмар Теңелбаеваның анасы Бақытгүл Жолдасова да сөз сөйледі. Ол қызының өлімі жүрегінде жазылмайтын жара қалдырғанын айтып көз жасына ерік берді. Пакты кешіргенін, алайда бұл қызының өмірі оның үшін маңызды емес дегенді білдірмейтінін атап өтті.

«Мен Пакты кешірдім, алайда бұл шешім оңайға түспеді. Қызымның қазасы жаныма жазылмас жара салды.Қызым мәңгі жүрегімде қалады. Дегенмен кінәлі жүргізушіге адамгершілік танытып, кешірім бердім. Оған үкім шығарарда кешірім бергенімді ескерсеңіз екен. Қызым қайтып келмейді. Бірақ соттың әділ шешімі оның өмірі мен тағдырының бағасыз болмағанын көрсетуі керек», – деді марқұмның анасы.

Mercedes жүргізушісі Еламан Тілемісовтің әпкесі Ләззат Тілемісова да сөз сөйлеп, отбасы қайғыны ауыр қабылдағанымен, айыпталушыны кешіретіндерін айтты.

«Мен бауырымнан айырылдым. Бізге өте ауыр, анамызға да, әкемізге де. Соған қарамастан, біз айыпталушыны кешіреміз. Бұл – біздің адамгершілігіміздің көрінісі», – деді Ләззат Тілемісова.

Ал Томирис Қыдырбектің әкесінің өкілі  Шекеев Александр Пакқа заңдағы ең қатаң жаза тағайындауды сұрады. Оның айтуынша, кінәні мойындау орын алған қайғылы салдардың ауырлығын азайтпайды.

«Сотталушы өз кінәсін мойындады. Алайда кінәні мойындау болған салдардың ауырлығын жоймайды және қаза тапқан адамдардың өмірінің құнын төмендетпейді. Баласынан айырылған ата-ананың қайғысын ешбір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ешқандай сот шешімі қаза болған қызды өмірге қайтара алмайды. Жәбірленуші тарап кек алуды басшылыққа алып отырған жоқ. Бірақ жаза заңдылық, әділдік және жасалған қылмысқа сай болуы керек», – деді заңгер Шекеев.

Қорғаушы Томиристің әкесі талап еткен азаматтық талап арыз бойынша моральдық зиянды өтеуді толық көлемде қанағаттандыруды да сұрады. Сонымен қатар, Шекеев марқұм Томиристің әкесінің өтініші бойынша сотта Пакқа қызының тірі кезіндегі әрі мәйітханадағы суретін көрсетті. Мұнымен қайғыдан қан жұтқан әке сотталушыға қызын қандай жағдайға жеткізгенін тағы бір көрсеткісі келгендей. 

Бұған дейін Orda.kz осы іске қатысты прокурор сотталушыға ҚР ҚК 345-бабы бойынша кінәлі деп танып, оған қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрағанын жаздық.

Еске сала кетейік, бұл ірі жол-көлік оқиғасы 21 наурызға қараған түні әл-Фараби даңғылында болған. Апат салдарынан үш адам – Mercedes көлігінің жүргізушісі және екі жолаушы қыз қаза тапты. Тергеу мәліметінше, Александр Пак басқарған Zeekr көлігі қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Mercedes-пен соқтығысқан.

Оқи отырыңыз:

Әл-Фарабидегі апат: Прокурор Пакқа 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрады

«Маған қызымды қайтарып берсін»: Әл-Фараби апатына қатысты істе жаңа жәбірленуші 100 млн өтемақы талап етпек

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар