АҚШ Украинадағы соғысты жазға дейін аяқтауды келіспек — Зеленский

cover Фото: Зеленскийдің телеграм-арнасы

Бұл туралы Украина президенті Владимир Зеленский журналистермен кездесу барысында мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.

Оның айтуынша, Вашингтон Киев пен Мәскеуге маусым айын бағдар ретінде белгілеп, келіссөз үдерісінің осы мерзімге дейін аяқталуы үшін екі тарапқа да қысым көрсетуді жоспарлап отыр. Соғысты реттеу аясында АҚШ Украина мен Ресейдің келіссөз топтарының алғашқы кездесуін өз аумағында өткізуді де ұсынған.

Зеленскийдің нақтылауынша, алдын ала мәлімет бойынша, келіссөздер келесі аптада Майамиде өтуі мүмкін. Украина бұл кездесуге қатысуға дайын екенін растады.

Бұған дейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков келіссөздердің жаңа кезеңі «жақын уақытта» өтетінін айтқан еді, алайда кездесудің АҚШ-та болуы мүмкін екені ол кезде айтылмаған.

Украина президенті келіссөздер барысында әлі де қозғалмаған мәселелер бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, ең күрделі шешім Украина, АҚШ және Ресей басшылары деңгейіндегі ықтимал үшжақты кездесуде қарастырылуы мүмкін.

Айта кетейік, 4–5 ақпанда Әбу-Дабиде Украина мәселесі бойынша Ресей, АҚШ және Украина делегациялары қатысуымен келіссөздердің екінші кезеңі өтті. Алғашқы раунд 23–24 қаңтарда сол жерде ұйымдастырылған. Келіссөздер жабық форматта, БАҚ өкілдерінің қатысуынсыз өтті. Талқылаулардың нақты мазмұны жарияланған жоқ, тек диалогтың «өнімді әрі конструктивті сипатта» өткені жөнінде ресми мәлімдемелер жасалды.

Зеленскийдің түсіндіруінше, Вашингтон белгілеген мерзім АҚШ-тағы ішкі саяси үдерістермен байланысты. Оның айтуынша, бұл факторлар алдағы уақытта барған сайын маңызды бола түседі. Әңгіме 2026 жылдың қарашасында өтетін Конгресске аралық сайлау туралы болып отыр. Бұл сайлауда Демократиялық партия заң шығару органындағы бақылауды қайта алуды көздейді.

Тақырыпқа сай ұсынамыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар