БАҚ: Украина әскери қимылдарға арналған қаражат тапшылығына ұшырады
Фото: focus.ua
Аяқ астынан АҚШ пен Израилдің Иранға шабуыл жасауына байланысты Украинада Ресеймен соғыс қимылдарын жүргізуге қаржы тек жазға дейін ғана жетуі мүмкін деген ақпарат тарады. Осы орайда Orda.kz тілшісі БАҚ-тарда жазылған Украинаның әскери қимылдарға арналған қаражат тапшылығына қатысты пікірлерді зерттеп, назарларыңызға ұсынады.
Украина таяу айларда қорғанысты қаржыландыруға қажетті қаражат тапшылығына тап болуы мүмкін. Украиналық шенеуніктердің бағалауынша, қолда бар ресурстар жаз басталғанға дейін жетеді. Одан әрі қаржыландыру Еуропалық Одақ пен Халықаралық валюта қорының шешімдеріне байланысты.
Басылымның хабарлауынша, Венгрия мен Словакия Еуроодақ саммитінде Украинаға 90 млрд еуро көлемінде әскери қаржыландыруды бекіту туралы шешімді қолдамаған, сондай-ақ Халықаралық валюта қорының соңғы көмек пакеті төңірегіндегі келіспеушіліктерге байланысты Украинадағы әскери шығындарды қаржыландыру айтарлықтай қысқарған.
«Киевте шығындарды тек маусым айына дейін жабуға жететін қаражат бар, бұл ішкі және шетелдік ресми тұлғалардың жасырын ақпаратқа сүйене отырып берген бағалауларына сәйкес» деп жазылған материалда.
Сонымен қатар, басылым мәліметінше, Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан мұнай бағасының күрт өсуі Мәскеуге пайда әкеліп отыр, ал Вашингтон бұл бағытта көп ресурс жұмсауда. АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы операциясы Украина бойынша келіссөздерді екінші жоспарға ығыстырып тастағаны өз алдына бір мәселе болып отыр.
Сондай-ақ шетелдік БАҚ-та соңғы кезде АҚШ-тың Украинаға арнаған кейбір қару-жарақты Иранға қарсы соғыс қажеттіліктеріне қайта бағыттау мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат тарап жатыр.
Бұған қоса, осыған дейін Владимир Зеленский Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан 90 млрд еуро көлеміндегі несиені бұғаттаса, оның тұратын жерін Украина Қарулы күштері сарбаздарына беретінін айтып қорқытқаны да белгілі.

Алайда Орбан Венгрия Украинамен ымыраға келмейтінін айтып, «Дружба» мұнай құбыры арқылы Ресей мұнайы транзитін қалпына келтіруді талап ететінін жеткізді. Сондай-ақ Орбан Украина президенті Зеленскийге «Дружба» мұнай құбыры жұмысын қайта жандандыру талабымен ашық хат жолдаған. Кейін ол Зеленскийдің бұл мәселеге қатысты әрекетін қоқан-лоқы деп бағалады.
Украина Ресеймен соғыс жүргізу үшін жеткілікті қаржыландырусыз қалу қаупіне алдағы екі айдың ішінде-ақ тап болуы мүмкін. Бұған негізгі донорлар тарапынан көмектің қысқаруына әсер ететін бірқатар факторлар себеп болған, деп хабарлады Bloomberg 27 наурызда. Украиналық және шетелдік шенеуніктердің бағалауынша, Киевте әзірге шығындарды тек маусым айына дейін жабуға жететін қаражат бар.
«Свириденконың айтуынша, ЕО-ның 90 млрд еуро көлеміндегі несиесінің алғашқы траншын біз тек жазда аламыз. Ал Марченко қазіргі бюджет тапшылығы 52 млрд доллар екенін айтты. Ukraine Facility бағдарламасы бойынша көптеген талаптар орындалмаған. Дүниежүзілік банкке қатысты да солай, сондықтан қаржы түспей отыр. Жылдың алғашқы екі айында-ақ кестеден 3,5 млрд долларға қалып қойдық» деп жазды өзінің Telegram-арнасында депутат Андрей Железняк.
Украина Ұлттық банкінің басшысы Андрей Пышный осы айдың басында Bloomberg-ке берген сұхбатында, егер халықаралық қаржыландыру түспесе, ең нашар жағдайда мекеме Қаржы министрлігін тікелей несиелеуді қайта бастауға мәжбүр болуы мүмкін екенін айтты. Бұл қаражат, әсіресе, әскери қызметкерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалады.
Соңғы оқиғалар тізбегі Венгрияның Еуроодақтың 90 млрд еуро көлеміндегі несиесіне вето қоюы, Халықаралық валюта қорының соңғы көмек пакеті бойынша келіспеушіліктер және НАТО-ның қаруландыру бастамасының сәтсіздігі Украина үшін «маневр жасау мүмкіндігін» айтарлықтай тарылтты.
Осы уақытта Ресей Ирандағы соғыс салдарынан мұнай бағасының өсуінен бюджет кірістерін арттырып отыр. Бұл қақтығыс АҚШ-тың әскери ресурстарын және президент Дональд Трамптың назарын өзіне аударды. Трамп өткен жылдың қаңтарында Ақ үйге қайта оралғалы бері АҚШ Украинаға тікелей көмекті іс жүзінде тоқтатып, қару-жарақ пен қаржылай қолдауды Еуропаға жүктеді.
ЕО-ның жаңа қаржыландыруы келесі айдан басталуы тиіс еді, себебі желтоқсанда одақ көшбасшылары 2026 және 2027 жылдарға несие беру туралы келіскен. Алайда Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан Украина «Дружба» құбыры арқылы ресейлік мұнай транзитін қайта жандандырмайынша, несиені бұғаттайтынын мәлімдеді. Оның словакиялық әріптесі Роберт Фицо да ветоны қолдауы мүмкін екенін ескертті. Несие тағдыры, кем дегенде, 12 сәуірде Венгрияда өтетін жалпы сайлауға дейін белгісіз күйінде қалуы ықтимал.
Бейсенбі күні Telegram-да жариялаған жазбасында Украина президенті Владимир Зеленский елдің бұл қаражатқа қол жеткізудің балама жолдарын іздеп отырғанын айтты. Әйтпесе «армия жеткіліксіз қаржыландыруға тап болады». Оның айтуынша, қаржы тапшылығы әртүрлі дрондарды өндіруге және әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін сатып алуға кері әсер етеді.
Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен Киевке ЕО қандай жағдайда да несиелік міндеттемелерін орындайтынына сендірді. Алайда әзірге бұл бағытта нақты белгілер жоқ. Бұл тығырық сәуір айында Вашингтонда өтетін ХВҚ отырысы кезінде ЕО-ның басқа елдерден, соның ішінде «Үлкен жетілік» елдерінен алуды жоспарлаған қосымша 30 млрд еуро қаржыландыру туралы келіссөздерді де қиындатуы мүмкін.
Киев сонымен қатар өткен айда мақұлданған 8,1 млрд долларлық ХВҚ несиелік бағдарламасы бойынша міндеттемелерін орындауға тырысуда. Парламент әлі күнге дейін қор талап ететін салық заңнамасына өзгерістерді қабылдаған жоқ, бұл келесі транштарды алуға мүмкіндік берер еді.
Маусым айындағы келесі тексеруге дейін реформаларды енгізуге уақыт бар болғанымен, мерзім жақындап келеді. Қор қызметкерлері миссия басшысы Гэвин Грейдің жетекшілігімен осы айдың басында украиналық депутаттармен кездесіп, парламенттің өзгерістерді қабылдау мүмкіндігін бағалады.
Украинаның жағдайын НАТО-дағы кейбір одақтастардың PURL деп аталатын америкалық қару сатып алу бағдарламасын қаржыландыруға құлықсыздығы да қиындатып отыр. Киевтің есебі бойынша, биыл бұл мақсатқа 15 млрд доллар қажет. Жалпы алғанда, 2026 жылы Украинаға 52 млрд доллар көлемінде сыртқы көмек керек екен.
Еске салсақ, Жоғарғы Раданың қаржы комитетінің төрағасы Даниил Гетманцев реформалардың кешеуілдеуіне байланысты миллиардтаған қаржыны жоғалту қаупі бар екенін ескерткен болатын. Оның айтуынша, Украина ЕО-дан қаражаттың бір бөлігін ала алмай қалды және ХВҚ мен Дүниежүзілік банктен де қосымша алатын қаржыны жоғалтуы мүмкін.
Бұған дейін Украинаға PURL бағдарламасы арқылы америкалық қару сатып алу үшін қаржы табу барған сайын қиындап бара жатқаны да хабарланған еді. Украинаның НАТО жанындағы елшісі Алена Гетьманчук шығындардың басым бөлігін шектеулі ғана елдер тобы өтеп отырғанын, ал жаңа донорларды тарту қиындай түскенін атап өтті.
Айта кетсек, 2026 жылдың басында Украина мен Ресей арасындағы бейбіт келісім АҚШ бастамаларын қоса алғанда, түрлі жоспарларды белсенді талқылау сатысында тұр. Талқыланатын негізгі тармақтарға Украина егемендігін растау, НАТО-ның 5-бабына ұқсас қауіпсіздік кепілдіктері, Украинаның блоктан тыс мәртебесі, Қарулы Күштер санын шектеу және қалпына келтіру үшін қорлар құру кіреді.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық