13 теңгелік бензин: Иран өзін-өзі қалай алдап отыр?
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Иранда бензиннің бағасы — әлемдегі ең төмендердің бірі. Бір литрі шамамен 13 теңге. Көлік жүргізушісі үшін бұл — нағыз жеңілдік сияқты көрінеді: бакты толтыру — қалтаға салмақ салмайды. Бірақ дәл осы «арзандық» ел экономикасын іштен ірітіп жатқан жүйелі проблемаға айналды. Orda.kz тілшісі шолу жасады.
Бензин бағасы төмен елдер рейтиңі: Иран екінші орында
Бензин бағасына сараптама жасайтын GlobalPetrolPrices.com ресурсының мәліметінше, әлем бойынша бензиннің орташа бағасы шамамен 1,48 долларға тең, бұл 715 теңге. (Айтпақшы, Қазақстан бұл рейтиңде 9-орында) Бірақ бұл сан елден елге қатты өзгереді. Жалпы заңдылық қарапайым: табысы жоғары мемлекеттерде жанармай қымбат, ал кедей немесе мұнай өндіретін елдерде арзан. Бұған бір қарағанда логика бар сияқты — ресурсы бар елдер ішкі нарықта бағаны төмен ұстай алады. Бірақ бұл толық шындық емес. Мысалы, АҚШ — экономикасы дамығанына қарамастан, бензин бағасы салыстырмалы түрде төмен елдердің бірі. Бұл жерде басты фактор — елдің байлығы емес, оның жанармайға қатысты саясаты.
Негізгі айырмашылық мұнайдың өзіндік құнында емес, салық пен субсидия жүйесінде жатыр. Барлық елдер мұнайды шамамен бірдей әлемдік бағамен алады, бірақ әр мемлекет оған өз үстемесін қосады немесе керісінше арзандатып береді. Бірі акцизді көтеріп, бюджет толтырады, екіншісі әлеуметтік тұрақтылық үшін бағаны қолдан ұстап тұрады.
Сондықтан бензин бағасы — ек экономика емес, саяси шешімнің де көрінісі. Ал бағасы жиі өзгермейтін елдерде нарық еркін емес, мемлекет тарапынан қатаң реттеледі — сол себепті мұндай елдерде баға ай сайын ғана жаңарып отырады.
Арзан бензин неге қауіпті?
Мәселенің түп-тамыры — бағаның жасанды түрде ұсталып тұруында. Иран билігі жанармайды нарық бағасымен емес, субсидия арқылы сатады. Яғни нақты құны мен сатылым бағасының арасындағы айырмашылықты мемлекет өзі жауып береді. Бұл жыл сайын бюджеттен миллиардтаған доллардың кетуіне әкеледі.
Ең қауіптісі — бұл ақша жаңа өндіріс ашуға, инфрақұрылымды жаңартуға немесе әлеуметтік саланы дамытуға емес, тікелей тұтынуға жұмсалып жатыр. Басқаша айтқанда, мемлекет болашақты емес, бүгінгі ысырапты қаржыландырып отыр.
Бағадағы мұндай дисбаланс заңсыз нарықтың гүлденуіне жол ашады. Иранда бензин бірнеше цент тұрса, көршілес елдерде ол ондаған есе қымбат. Мұндай айырмашылық ұзақ сақталса, контрабанда сөзсіз пайда болады — және дәл солай болды. Жанармай күн сайын шекарадан заңсыз өтеді, ал бұл жүйе уақыт өте келе ұйымдасқан бизнеске айналған. Нәтижесінде мемлекет өз ресурсын өзі бақылаудан шығарып алды: бюджет қаржысы ел ішінде қалмай, көрші нарықтарға «ағып» жатыр.
Иран неге өзін алдап отыр?
Арзан жанармай қоғамның мінез-құлқын да өзгертеді. Үнемдеу мәдениеті жоғалады, тиімділік туралы ойлау тоқтайды. Иран қалаларында ескі көліктердің көптігі, жанармайды шамадан тыс тұтыну — соның айқын көрінісі. Бұл өз кезегінде экологиялық дағдарысқа әкелді. Тегерандағы ауа сапасы соңғы жылдары күрт нашарлап, қыс мезгілінде мектептердің жабылуына дейін жеткен жағдайлар тіркелді. Яғни халық арзан бензиннің шынайы құнын денсаулығымен өтеп отыр.
Тағы бір парадокс — мұнайға бай елдің өзі бензин тапшылығына тап болуы. Себебі төмен баға мұнай өңдеу саласын пайдасыз етеді. Инвестиция жоқ жерде жаңғырту да болмайды. Зауыттар ескіріп, өндіріс көлемі мен сапасы төмендейді. Ал ішкі сұраныс керісінше өсіп жатыр, өйткені арзан ресурс әрқашан ысырапқа әкеледі. Соның салдарынан Иран кей кезеңдерде сырттан бензин сатып алуға мәжбүр болады.
Мысалы, 2023 жылы ғана БАҚ ақпан және наурыз айларында Ресей Иранға 30 000 тоннаға дейін бензин мен дизель отынын жеткізгенін жазған. Жеткізілген барлық жанармай Ресейден теміржол арқылы Қазақстан мен Түрікменстан арқылы тасымалданған.
Бензинді нарық бағасымен сату экономиканың нақты жағдайын бұрмаламайды және ресурстарды тиімді бөлуге мүмкіндік береді: мемлекет бюджеті босқа субсидияға кетпей, инфрақұрылым мен әлеуметтік салаларға жұмсалады, көлеңкелі нарық пен контрабандаға ынта азаяды, ал тұтынушылар үнемдеуге және тиімді көлік таңдауға мәжбүр болады. Ең бастысы — баға шынайы болған жерде өндіріс те дамиды: мұнай өңдеу зауыттары пайда көріп, жаңарып отырады, ал ел сыртқа тәуелді болмайды.
Иран бұл проблеманы еңсере ала ма?
Бұл тұйықтан шығудың ең қиын жағы — саяси тәуекел. Бағаны көтеру — экономикалық тұрғыдан дұрыс шешім, бірақ әлеуметтік жағынан қауіпті. Иранда жанармай бағасының аз ғана өсуі бірнеше рет жаппай наразылықтарға ұласқан. Сондықтан билік бағаны еркін жіберуге қорқады, ал оны ұстап тұру бюджетке ауыр салмақ салады. Осылайша ел екі оттың ортасында қалды: не экономиканы құтқару, не қоғамдағы тұрақтылықты сақтау.
Иран тәжірибесі қарапайым шындықты көрсетеді: арзан ресурс — әрқашан артықшылық емес. Егер ол нарықтан тыс, әкімшілік жолмен ұсталып тұрса, оның құнын бәрібір біреу төлейді. Иран жағдайында бұл төлем бюджет арқылы, экология арқылы және тоқыраған өндіріс арқылы жүзеге асып жатыр. Арзан бензин — халыққа берілген сыйлық емес, кейінге қалған дағдарыс қана.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық