«Әке, байқашы…»: Алматы-Жаркент тас жолында 13 жастағы баланы мерт қылған жүргізуші бостандықта жүр

cover Фото: Қарқынбек Бақытқазыұлының мұрағатынан

Алматы–Жаркент тас жолында 13 жастағы бала қаза тапқан сұмдық апаттан кейін екі жыл өтсе де, ата-анасы әділдікке жете алмай жүр. Марқұмның әкесі істің сотқа жетпей жабылып қалғанын, ал баласының өліміне себеп болған жүргізушінің тергеу кезінде Қытайға еркін барып-келіп жүргенін айтады. Orda.kz  оқиғаның күмән тудырған тұстарын зерттеп көрді.

Оқиға 2024 жылы 26 тамызда Алматы-Жаркент тас жолында болған. Қарқынбек Бақытқазыұлы өзінің 13 жастағы ұлымен бірге жүк көлігімен жолға шығады. Алматы-Жаркент тас жолына келгенде жанармай  бітіп көлікті жолдың шетіне қояды да, апаттық жарықты қосады. Екі ортада Қарқынбек Бақытқазыұлы барып жанармай алып келіп көлікке құйып жатқанда артынан ауыр жүк көлігі келіп соғады. Сола арада соғылған жүк көлігі алдымен жанармай құйып жатқан Қарқынбек Бақытқазыұлын аса қатты жылдамдықпен шетке ұшырып жіберсе, артынша барып  жолдың шетінде әкесін күтіп тұрған Бақытқазыұлының 13 жастағы ұлын қағып кетеді. Әкесі ауыр жарақат алып, бала сол жерде тіл тартпастан көз жұмады.

«Артымыздан келіп соққан жүк көлігін небары 22 жастағы бала айдаған. 22 жаста сондай ауыр жүк көлігін басқара алатындай ол жігітте не тәжірибе бар деп ойлайсыз? Барлығы көзді ашып жұмғанша болды. Біз балам екеуміз жанармай біткен соң көлікті жолдың шетіне тоқтадық. Сол кезде мен жанармай құйып тұрғанымда ауыр жүк көлігі менің көлігіме келіп соғылды. Мен сол сәтте соққыдан ұшып кеттім.  Арт жақтан баламының «Әке, әке байқа», деген сөзін ғана естіп үлгердім. Есімді жисам айналамда адам көп, жедел жәрдем мен полиция жүр екен. Балам сол ауыр жүк көлігінің соққысынан біраз жерге ұшып кетіп, оқиға орнында қаза тапты. Ол жігіт көлікті айдап келе жатып қалғып кетті ме, әлде көлікті басқара алмады ма, белгісіз, біз себебін сол күйі білмей кеттік. Істің бәрі қысқартылып не сот болмады, не себеп пен салдар түсіндірілмеді»— дейді Бақытқазыұлы. 

Жаркентте болған іс тергеуге Жетісу облысына жіберілген. Ата-анасы қайғыдан қан жұтып, бір әділдік шығар деп жүрген кезде іс мүлдем басқа бағытта кетіп қалған екен. Марқұм баланың әкесінің айтуынша, 2024 жылдың қазан айында болған оқиғадан соң екі ай өтер-өтпес әлгі жол-көлік апатына себепші болған жүргізуші әрі іс бойынша күдіктінің Қытайға емін-еркін қатынап жүргенін көрген.  Жүргізуші дәл сол кезде осы іс бойынша күдікті болып танылса әрі тергеу процесі жүріп жатса, неліктен ол Қытайға ешқандай санкциясыз жүк көлігімен кіріп-шығып жүр деген сұрақ марқұм баланың ата-анасын әлі күнге мазалайды.  

«Мен өзім осы ауыр жүк көлігімен Қытайға қатынап жүк тасып жүргеніме біраз жыл болды. Баламның өлімінен кейін Қытайға қайта жұмысқа шыққанымды әлгі жігітті сол жақта көріп қалып шок жағдайда болдым. Маған тергеуші іс тергеліп жатыр деген еді, ал бұл еш уайымсыз Қытайда жүр. Сол кезде  оқиғаның болғанына екі ай да толмаған еді. Сосын тағы айтарым, мені мына бір сұрақ мазалайды,  жол-көлік аптына себепші болған небары 22 жастағы жүргізуші оның ауыр жүк көліктерін басқаруға әрі осындай ұзақ ара қашықтықта көлік айдайтындай қандай асып бара жатқан тәжірибесі бар? Оның үстіне менің білуімше, заң бойынша біз айдайтын ауыр жүк көліктері үшін жүргізуші куәлігінің Е санаты берілуі тиіс. Ал ол оқиға болғанда небары 22 жаста болды, ол санат  22 жастан асқан  адамдарға беріледі. Ол сонда дәл осы санаттағы жүргізуші куәлігін қалай алды? Бұл сұрақ та жауапсыз қалды. Бізге тергеуші істе қылмыстық құрам жоқ деп жауып тастады. Тағы бірде тергеушіден ол неге бостандықта жүр дегенімде «Енді ол бұл жол-көлік апатын қасақана жасаған жоқ қой», деп айттты», — дейді марқұм баланың әкесі. 

Іс алдымен созбалақтанып, артынша қысқартылып сотқа жетпеген соң Қарқынбек Бақытқазыұлы өзіне ешкім істің нақты қандай себеппен қысқартылғанын айтпаған соң заңгер Инга Иманбайдың көмегіне жүгінді. Заңгердің айтуынша,қазір осы іс бойынша прокуратураға істі қайта ашып қарау туралы арыз  жазылған.

«Істі қылмыстық құрам жоқ деп жапқанымен, ешқандай тергеу амалы жоқ, яғни жәбірленуші тараптың қатысумен не жауап алу, не беттестіру болмаған. Жәбірленушілер сараптамаға өз сұрақтарын ұсынбаған. Жалпы айтқанда қылмыстық істі жауып тастайтындай мардымды тергеу болмаған. Мен қазіп прокуратураға істі қайта ашу туралы өтініш жаздым. Бұл жерде мен іс материалдарын танысқан соң толыққанды сараптама жасамағанын көріп отырмын. Обьективті әрі жан-жақты тергеу болмаған. Қазір істі қылмыстық құрамы жоқ деп жапқан қаулының күшін жою бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Марқұм баланың ата-анасына істе тек құрам жоқ деп жаба салып оның себебі мен салдарын түсіндірмеу дұрыс емес. Жол-көлік апатында егер кәмліеттік жасқа толмаған бала қайтыс болса бірден уақытша ұстау изоляторына көп жағдайда қамалады. Бұл жерде тергеу алды қамақ болмаған», — дейді заңгер Инга Иманбай.

Осы іске қатысты Жетісу облысының полиция департаментіне сұрау жодадық. Департамент бізге өте қызық жауап берді. Олардың айтуынша, қылмыстық істі тоқтату туралы себептің бірі жәбірленуші тараптың ата-анасының өздері тергеуді тоқтатуды туралы өтініш жазған екен. Сонымен қатар, жәбірленуші тарап құқық қорғау органдары әрекетіне шағымданған, алайда сот олардың талабын қолдамаған.

«2024 жылғы 26 тамызда Панфилов ауданы аумағында «Volvo» және «Mercedes-Benz Actros» маркалы жүк көліктерінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша қылмыстық іс тергелді. Аталған жол-көлік оқиғасы салдарынан кәмелетке толмаған жаяу жүргінші оқиға орнында көз жұмған. Тергеу барысында «Mercedes-Benz Actros» автокөлігінің жүргізушісі қалыптасқан жол жағдайында жол-көлік оқиғасының алдын алуға техникалық мүмкіндігі болмағаны анықталды.Сонымен қатар, жәбірленуші тараптың ата-аналарынан қылмыстық істі тоқтату туралы өтініш түскен. 2025 жылғы қазан айында қылмыстық іс тоқтатылды. Қабылданған шешімнің заңдылығы аудан прокуратурасымен расталды» деп жазылған полиция департаменті жауабында.

Осы ПД-нің жауабына қатысты  Қарқынбек Бақытқазыұлынан шынымен де істі тотқтау туралы өтініш жаздыңыздар ма деп сұрадық.

«Мен ондай ешқандай істі тоқтату туралы өтініш жазбадым, ешқандай қағазға қол қоймадым. Тек оқиға болған кезде алған жауабына қол қойдым. Өзіңіз ойлап қараңыз,  менің де басым екеу емес, істі жабу туралы арыз жазып, артынша прокуратураға істі қайта ашып, тергеуді қайта жаңғыртуға. Олардың неліктен олай жауап бергенін білмеймін», — деді Бақытқазыұлы.

Orda.kz бұл істің алда қалай қолға алынатынын өз назарына алады.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар