Адамжегіш Николай Жұмағалиев психиатриялық ауруханадан тараған видеода не айтты?
Коллаж Orda.kz
Orda.kz редакциясының қолына бірнеше кісі өлтірген әрі адам жегіш Николай Жұмағалиевке ұқсайтын адамның жабық үлгідегі психиатриялық аурухананың палатасында басқа ер адаммен сөйлесіп отырған видеосының үзіндісі түсті.
Әңгіме барысында олар Жұмағалиевтің өміріндегі кейбір оқиғаларды, сондай-ақ медициналық мекемеде болып жатқан жайттарды талқылайды. Бейнежазбада психиатрия жүйесіндегі жемқорлық, науқастардың күмәнді өлімі туралы мәлімдемелер айтылады. Сондай-ақ АҚШ президенті Дональд Трамп пен Конституцияға жиі енгізілетін өзгерістер де сөз болады.
Видео Алматы облысы Талғар ауданындағы Ақтас кентінде орналасқан Қарқынды бақылаудағы мамандандырылған республикалық психиатриялық ауруханада түсірілген болуы мүмкін. Жазбаға қарағанда, Жұмағалиев өзін видеоға түсіріп жатқанын білмеген.
Бейнежазбада шу көп болғандықтан, кейбір сөздерді анық есту қиын. Соған қарамастан, әңгіменің жекелеген бөліктерін түсінуге болады. Алайда редакция видеода айтылған барлық мәлімдеменің шынайылығын растай алмайды.
Жазбадағы адамның айтуынша, ол 28 жасында шартты түрде мерзімінен бұрын босап шыққанын, кейін Қырғызстанда ұсталғанын, сол кезде Мәскеуден келген тергеуші-психиатрдың жауап алғанын, сондай-ақ Ташкентте де ұсталғанын айтқан.
Сонымен қатар, ол журналистерге сұхбат беруден бас тартатынын айтады. Оның сөзінше, аурухана әкімшілігі өзіне сөйлеуге мүмкіндік бермейтін екпе салдыруы мүмкін деген қаупі бар. Сол себепті ол мекемедегі науқастардың да жағдайы туралы ашық айта алмайтынын жеткізеді.
Жазбада сөйлесіп отырған адамдардың айтуынша, мекеменің кейбір қызметкерлері науқастардың өліміне қатысы бар болуы мүмкін. Олар бірнеше адамның аты-жөнін атайды, алайда редакцияның бұл мәлімдемелердің шын екенін растайтын дәлелдері жоқ.
Әңгімеде қолы «шынтағына дейін қанға боялған» деп сипатталған бір әйел қызметкер туралы да айтылады.
«Екінші бөлімшеде Д. менің көз алдымда жеті адамды екпе арқылы өлтірді», — дейді видеодағы Жұмағалиевке ұқсайтын адам.
Сондай-ақ, әңгімеде «Сатана» деген лақап аты бар қызметкер мен тағы бір әйелдің бірнеше науқастың өліміне қатысы болуы мүмкін деген мәлімдемелер айтылады. Алайда бұл ақпараттың шынайылығы ресми түрде расталмаған.
Видеода ауруханадағы тамақ мәселесі де айтылды. Жұмағалиевке ұқсайтын адамның айтуынша, оларға шұжық, ірімшік, шырын, айран берілмейді екен. Оның сөзінше, науқастарға тек «сұйық көже» ғана беріледі. Соған қарамастан, бұл мекемеге бюджеттен қомақты қаржы бөлінетінін айтады. Ал науқастарға тиесілі етті қоймадағы қызметкерлер өздері алып қоятынын да жеткізді.
Әңгімеде палатадағы тумбаның 1972 жылдан бері ауыстырылмағаны да айтылады. Себебі жиһазды жаңартуға қаржы бөлінгенімен, ол мақсатқа сай жұмсалмапты.
Бұдан бөлек, видеода Қазақстандағы алтын мен басқа да бағалы металдарды заңсыз өндіру, Ақтас маңындағы тектоникалық жарықтардың үстінде заңсыз жұмыс істеп жатқан карьерлер және әлдебір адамға коттедж салу мәселелері де талқыланады.
Әңгіме барысында психиатриялық мекемедегі науқастардың конституциялық құқықтары бұзылып жатқанын алға тартады. Олардың айтуынша, пациенттер тәулігіне 21–22 сағат бойы палатадан шығарылмайды.
Жұмағалиевке ұқсайтын адам видеода ауруханадағы теледидардың дұрыс жұмыс істемейтініне де шағымданады. Ал оның әңгімелесушісі әрбір науқасқа кемінде алты шаршы метр жеке кеңістік қарастырылуы тиіс екенін, бірақ іс жүзінде бұл талап сақталмайтынын айтады.
Олар бұл мекемеден пациенттерді шығаруға құлықсыз екенін талқылайды. Әңгімелесушілердің сөзінше, жаңа науқастар аз түсетіндіктен, адамдар шығарылса, аурухананың қаржыландыру көлемі қысқарады.
Екінші ер адам психикалық дертке шалдыққан адамдар статистика бойынша психикалық тұрғыдан сау адамдарға қарағанда қылмысты азырақ жасайтынын айтады. Бұдан бөлек, видеода Конституцияға жиі енгізілетін өзгерістер және дәрігерлердің пациенттерді белгісіз мерзімге ауруханада ұстау үшін қолданады делінген «ішкі сенім» ұғымы талқыланады.
Әңгімеде егде жастағы кейбір қызметкерлердің зейнетке шыққысы келмейтіні, сондай-ақ психотроптық препараттар мен күшті ұйықтататын дәрілердің жиі қолданылатыны туралы да сөз болады.
Видео соңында ер адамдар АҚШ президенті Дональд Трамптың америкалық психиатрия жүйесіндегі реформаларын, соның ішінде мәжбүрлі емдеуді тоқтату мәселесін талқылайды. Сонымен қатар, олар Еуропадағы психикалық дертке шалдыққан адамдарды оңалту жүйесі мен өздері «жазалаушы психиатрия» деп сипаттайтын отандық жүйенің айырмашылықтары туралы пікір алмасады.
Orda.kz Қарқынды бақылаудағы мамандандырылған үлгідегі республикалық психиатриялық ауруханада пациенттердің қандай жағдайда ұсталатынын анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігіне ресми сауал жолдады. Материал жарияланған сәтте ведомстводан жауап түскен жоқ.
Николай Жұмағалиев / ашық дереккөздерден алынған фото
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық