71 млн теңгелік пәтер: Алмасбек Садырбай ісінде жаңа деректер шықты
Фото: Orda.kz
Қонаев қаласында 1,2 миллиард теңге жымқырды деген күдікке ілінген қоғам белсендісі әрі сарапшы Алмасбек Садырбайға қатысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Сот отырысында прокурорлар айыптау актісін оқыды. Бұған Алмасбек ойдан құралған деп тағылған айыппен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды Orda.kz.
Еске салсақ, Алмасбек Садырбай 2024 жылғы 6 қарашада аса ірі көлемдегі қаржы жымқыру ісі бойынша қамауға алынған болатын. Іс бойынша тергеу мен сот процесі бір жыл сегіз айдан бері жалғасып келеді.
Сот отырысы барысында судья Нұрсұлтан Қойшыбаев БАҚ өкілдеріне ұялы телефон арқылы видео түсіруге тыйым салды. Оның айтуынша, сот процесін тек кәсіби камера көмегімен ғана таспалауға рұқсат етіледі.
Алмасбек Садырбайға Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша айып тағылған.
Атап айтқанда:
— ҚК-нің 190-бабы — алаяқтық;
— 262-бабы — ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оған қатысу;
— 218-бабы — қылмыстық жолмен алынған ақша мен өзге де мүлікті заңдастыру.
Сот барысында мемлекеттік айыптаушы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының алаяқтық істері бойынша сот практикасына қатысты 2017 жылғы 29 маусымдағы №6 нормативтік қаулысына сілтеме жасады.
Аталған қаулыға сәйкес, бөтен мүлік кінәлі адамның немесе басқа тұлғалардың иелігіне заңсыз өтіп, олар сол мүлікке иелік ету, пайдалану және өз қалауынша билік ету мүмкіндігіне нақты түрде ие болған сәттен бастап алаяқтық аяқталған қылмыс болып есептеледі.
Егер алаяқтық бөтен мүлікке құқық алуға бағытталған түрде жасалса, онда қылмыс кінәлі тұлғада сол мүлікке өз мүлкіндей иелік етуге, пайдалануға және билік етуге заң жүзінде бекітілген мүмкіндік пайда болған сәттен бастап аяқталған болып саналады. Бұл құқық тиісті рәсімдеу, куәландыру немесе тіркеуден кейін туындайды.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, аударылған қаражаттар бақылаудағы компаниялардың банктік есепшоттарына жіберілген. Тергеу нұсқасы бойынша, бұл компаниялар арқылы субсидия ретінде түскен ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру көзделген.
Айыптау актісінде көрсетілгендей, Садырбайдың бақылауындағы компаниясының есепшотына субсидия түрінде түскен қаражаттан бірнеше қаржылық аударым жасалған. Тергеу мәліметінше, бұл қаражат нақты жұмыс орындалмай, қызмет көрсетілмей және тауар жеткізілмей аударылған.
Кейін аталған қаражат Садырбайға қатысы бар адамдардың есепшоттарына жалақы және аванс ретінде жіберілгені айтылды. Бұдан соң бұл ақшаға мүлік сатып алынған.
Тергеу мәліметінше, 2021 жылғы 8 желтоқсанда Астана қаласында қылмыстық қызметтен түскен қаражат есебінен 71 млн теңгеге Астана қаласынан жылжымайтын мүлік сатып алынған.
Сондай-ақ, айыптау тарабының мәліметінше, заң бойынша қудалануы мүмкін екенін түсінген күдіктілер қылмыстық жолмен алынған мүліктің шынайы сипатын жасыру мақсатында бұл активтерді «Творчество Консалтинг» компаниясына инвестициялау туралы шешім қабылдаған.
Бұдан кейін де қаржылық операциялар жалғасқан. Айыптау тарабының мәліметінше, «Творчество Консалт» компаниясына қарасты Bereke Bank-тағы есепшотына субсидия ретінде түскен қаражат нақты жұмыс атқарылмай, тауар жеткізілмей және қызмет көрсетілмей аударылып отырған.
Атап айтқанда:
— 2022 жылғы 24 қаңтарда «ПК Зинька Баба» арқылы 32 млн теңге көлемінде қызмет көрсету жөніндегі келісімшарт бойынша төлем жүргізілген;
— 2022 жылғы 31 наурызда «ПК Жан-Нур Андро» арқылы Bereke Bank есепшотына қаражат аударылған.
Алмасбек Садырбай сот отырысында өзіне тағылған айыптармен толықтай келіспейтінін мәлімдеді. Оның сөзінше, қылмыстық іс негізсіз қозғалған және айыптау актісінде нақты дәлелдер жоқ. Сот барысында ол тергеу әрекеттерін сынға алып, іс материалдарының шындыққа сәйкес келмейтінін айтты. Сонымен қатар, мемлекеттік айыптаушылардың сотта нақты дәлел ұсына алмайтынына сенімді екенін жеткізді.
Садырбай прокурор құрамының сот процесі кезінде себепсіз ауыспауын және іске тұрақты қатысуын талап етті. Өз әрекеттерін түсіндіре келе, ол ешқандай заң бұзушылық жасамағанын, ал жүргізген жұмыстары Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенін қолдау мен дамытуға бағытталғанын айтты.
Алмасбек Садырбайдың қорғаушысы Анар Құсайынова соттан бұлтартпау шарасын жоюды талап етіп, Садырбайды дереу босатуды сұраған еді. Қорғау тарабының пікірінше, ол қамауда заңсыз ұсталып отыр.
Сот шешімімен жеке шағым қараусыз қалдырылып, бұлтартпау шарасы – қамауда ұстау өзгеріссіз қалды.
Адвокат бұған дейін Жоғарғы сотқа бейнеүндеу жасап, Қонаев қалалық сотында бірқатар процессуалдық заңбұзушылықтар болғанын айтқан. Оның дерегінше, тергеу соты санкциялаған қамау мерзімі 2026 жылдың наурызында аяқталған.
Қорғау тарабы сондай-ақ істі сотқа жолдау мен сот қаулысының күні арасында сәйкессіздік барын алға тартқан. Алайда апелляциялық алқа бұл уәждерді негізсіз деп танып, Садырбайды тергеу изоляторында қалдыру туралы шешімді күшінде қалдырды.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- БАӘ-де қаза болған екі қыздың денесі Дубайдан елге жөнелтілді
- Бақытжан Базарбек өзі қағып кеткен адамға қатысты жаңа мәлімет берді
- «Бұндайларға рақым жоқ»: Садыр Жапаров «халық жауларын» жазалауға шақырды
- Түркістанның 100 тонна еті Алматыда 20 пайыз жеңілдікпен сатылады
- Непал мен Қытай шекарасындағы апат аймағында үш қазақстандық іздестіріліп жатыр
- Тоқаев Ядролық сынақтарға қарсы күрес күні қазақстандықтарға үндеу жасады
- Трамп Венесуэламен «тарихи» мұнай келісімін жариялап, бензин бағасы түсетінін айтты
- 1 қыркүйекте мұғалімдерге гүл сыйлауға бола ма? Оқу-ағарту министрлігі жауап берді
- Әділет Жауғашар «Сүй иә» әнінің сөзін өзгертті
- «13 млн теңге несие ал!» Алаяқтардың айтқанын орындап, полицияға да, ұлына да сенбеген
- Байзақ ауданында полиция басшысының экс-орынбасары пара алған
- Құрылтайда сегіз тұрақты комитет құрылып, төрағалары сайланды
- Құрылтай төрағасының орынбасарлары сайланды
- Құрылтай төрағасы болып Айбек Дәдебай сайланды
- Алматыда ұшақ өртенді
- Маңғыстауда жасөспірім қызды бірнеше адам жабылып ұрып-соққан
- «QARMET» АҚ-ға 1,5 млрд теңге залал келтірген ҰҚТ-ның 13 қатысушысы сотталды
- Тоқаев: Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады
- Тоқаев Құрылтай спикері қызметіне Айбек Дәдебайды ұсынды
- Тоқаев 16 жасқа толмағандардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салуды қолдады