20 тамыздан бастап қандай смартфондарды сатуға тыйым салынады?
Фото: Шетелдік БАҚ-тардан
20 тамыздан бастап Қазақстанда мобильді құрылғыларды сату тәртібі өзгереді. Верификациядан өтпеген смартфондарды сатуға тыйым салынады. Жаңа талап сатушыларға да, сатып алушыларға да, маркетплейстерге де қатысты, деп хабарлайды Orda.kz.
Смартфонды верификациялау дегенді түсіндірейік. IMEI – мобильді құрылғының бірегей сәйкестендіру коды. Әдетте ол 15 цифрдан тұрады. Бұл код арқылы телефонды ұялы байланыс желісінде анықтап, оның өндірушісі, моделі және шығу тегі туралы ақпаратты тексеруге болады.
Верификация кезінде екі негізгі тексеру жүргізіледі, құрылғының IMEI коды GSM қауымдастығының халықаралық дерекқорындағы мәліметтермен салыстырылады,
құрылғының Қазақстанда заңды түрде өндірілгенін, жөнделгенін немесе елге заңды жолмен әкелінгенін мемлекеттік кеден және салық жүйелері арқылы тексереді.
Яғни, мемлекет IMEI кодының бар-жоғын және түпнұсқалығын ғана емес, телефонның Қазақстанға заңды түрде әкелінген-әкелінбегенін де анықтайды. Сонымен IMEI верификациялау жүйесінің жеткізушісі түсіндіргендей, сатып алушы телефонның IMEI кодын тауар үшін ақша төлемей тұрып талап ете алады.
Компания өкілдерінің айтуынша, 20 тамыздан бастап енгізілетін өзгерістер сатушыны сатып алушыға құрылғының IMEI кодын беруге міндеттейді.
Сонымен қатар тауарды рәсімдеу кезінде сатушы құрылғының IMEI кодын фискалдық чекте міндетті түрде көрсетуі тиіс. Тұтынушы құқықтарын қорғау комитеті мұндай құжатқа қағаз немесе электронды чек, түбіртек немесе заңда көзделген, тауардың атауы, бағасы, сатып алынған күні және сатушысы туралы мәліметтер көрсетілген басқа да құжаттар жататынын түсіндірді.
Енді мұндай құжаттарда сатылатын ұялы байланыс құрылғысының сәйкестендіру кодтары да көрсетілуге тиіс. Енді 20 тамыздан бастап верификациядан өтпеген смартфондарды сатуға тыйым салынады.
IMEI верификациясынан өтпеген мобильді құрылғылар техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмейді деп танылады. Сондықтан оларды Қазақстан аумағында сатуға тікелей тыйым салынады. Бұл талапты бұзған сатушыларға заңнамаға сәйкес айыппұл салынады.
Егер сатып алушыға верификациядан өтпеген смартфон сатылса, ол сатушыға талап қоя алады.
«Тұтынушы құқықтарын қорғау туралы» заңның 15-бабына сәйкес, сатып алушы тауардың бағасын төмендетуді, кемшіліктерін ақысыз жоюды, оларды жоюға жұмсалған шығындарды өтеуді, құрылғыны ауыстыруды немесе ақшасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Жаңа талаптар маркетплейстерге де қатысты. Жаңа ережелер электронды сауда алаңдарына да қолданылады. Енді маркетплейстер агенттік келісімшартқа сатушыны құрылғының IMEI дерекқорында бұғатталған немесе оған қандай да бір шектеу қойылған-қойылмағанын тексеруге міндеттейтін талап енгізуі тиіс.
Бұл талап сатып алушыға заңсыз әкелінген немесе пайдалануға шектеу қойылған телефонның сатылу қаупін азайтуға бағытталған.
Техникалық реттеу талаптарына сәйкес келмейтін тауарды сатқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 415-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Ұсынылған мәлімет бойынша, жеке тұлғаларға – 90 АЕК немесе 389 250 теңге, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 195 АЕК немесе 843 375 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 310 АЕК немесе 1 340 750 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 600 АЕК немесе 2 595 000 теңге айыппұл салынады.
Егер талап бір жыл ішінде қайта бұзылса, айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 1,5-2 есеге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар бұл жалғыз санкция емес. Техникалық регламент талаптарын бұзған кәсіпкердің тауары тәркіленуі немесе оның қызметі уақытша тоқтатылуы да мүмкін.
Қазақстанда абоненттік құрылғыларды тіркеудің жаңа жүйесі 2025 жылдың көктемінде іске қосылды. Содан бері ұялы телефондар үш тізімге бөлінеді.
Ақ тізім – верификациядан сәтті өткен құрылғылар. Олар Қазақстанның ұялы байланыс желілерінде шектеусіз жұмыс істей алады.
Сұр тізім – жүйеде мәліметтері жеткіліксіз немесе қосымша тексеруді қажет ететін құрылғылар. Мұндай телефондарға уақытша жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Иесіне телефонның елге заңды түрде әкелінгенін растауға немесе сәйкессіздікті жоюға 30 күнге дейінгі мерзім беріледі.
Қара тізім – жалған, өзгертілген немесе дұрыс көрсетілмеген IMEI коды бар құрылғылар. Бұған зауыттық сәйкестендіру коды жоқ телефондар және GSM қауымдастығының халықаралық қара тізіміне енгізілген құрылғылар да жатады. Мұндай телефондардың ұялы байланыс желілеріне қосылуына шектеу қойылады.
Смартфонды сатып алар алдында тексеруге болады. Ол үшін телефонның IMEI кодын құрылғыдан *#06# пәрменін теру жеткілікті. IMEI коды телефон баптауларында, құрылғы қорабында, кепілдік талонында, кейбір модельдерде телефонның корпусында немесе аккумулятордың астында да көрсетілуі мүмкін.
Егер смартфон екі SIM-картаны немесе электронды SIM-картаны қолдаса, онда бірнеше IMEI коды болуы мүмкін. Сондықтан әр кодты жеке тексерген дұрыс. Құрылғы мәртебесін электрондық үкіметтің мобильді қосымшасы, мемлекеттік портал және Мемлекеттік радиожиілік қызметі жүргізетін imei.rfs.gov.kz сервисі арқылы тексеруге болады.
Сатып алар алдында телефон баптауларындағы IMEI кодын қораптағы және сатушы берген құжаттардағы кодпен салыстырған жөн. Егер код сәйкес келмесе, бұл телефон корпусының ауыстырылғанын, сәйкестендіру коды өзгертілгенін немесе құрылғының шығу тегіне қатысты басқа да мәселе бар екенін көрсетуі мүмкін.
Жаңа талаптағы нормалардың негізгі бөлігі 60 күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі. Осыған сәйкес, верификациядан өтпеген телефондарды сатуға тыйым салу, сатушының IMEI кодын көрсету міндеті және сатып алушының мұндай құрылғыны қайтару құқығы 2026 жылғы 20 тамыздан бастап күшіне енеді.
Ал заңның технологиялық және инфрақұрылымдық мәселелерге қатысты кейбір нормалары, оның ішінде құрылғылардың орталықтандырылған дерекқорының жұмысына қатысты талаптар 2027 жылғы 1 шілдеден бастап қолданылады.
Сондықтан 20 тамыздан бастап смартфон сатып алатын қазақстандықтар үшін ең маңызды нәрсе телефонның бағасына ғана емес, оның IMEI мәртебесіне де назар аудару. Телефонды сатып алмай тұрып оның заңды түрде әкелінгенін және Қазақстанда пайдалануға рұқсат етілгенін тексерген жөн.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық