Журналист Гүлбану Әбенова Ардақ Назаровты «жекпе-жекке» шақырды

cover Фото: Вконтакте / Ардақ Назаров, Facebook / Гүлбану Әбенова

Журналист Гүлбану Әбенова мәжіліс депутаты Ардақ Назаровты тікелей эфир ашып сол арқылы дебатқа, яғни сөзбе-сөз «жекпе-жекке» шақырды, деп хабарлайды Orda.kz.

Бұған дейін дәл осы журналист Гүлбану Әбенова Ардақ Назаровтың жоғары білімі жайлы жазба жариялаған еді. Ол депутаттың бір мезетте 2011 жылы екі ЖОО-да оқығанын байқаған болатын. Қазір сырттай оқуға тыйым салынғанымен, 2011 жылы болатын еді. Сондықтан Ардақ Назаров бір мезетте екі оқу орнын оқи алған. Осы жолы журналист депутатқа халыққа көп сөз бергенін, алайда қазір сөз емес, істің қажет екенін еске салды.

«Ардақ Назаров! Мен, журналист ретінде, сізді ММА ережесі бойынша ашық жекпе-жекке шақырамын. Шығыңыз тікелей эфирге — сол біздің октагонымыз болсын! Сөз жеткілікті. Бос әңгімеден, ертегіден және күмәннен шаршадық. Халыққа көп уәде бердіңіз, көп сөз айттыңыз. Енді сөз емес, іс қажет», — деді Әбенова. 

Тікелей эфирде ол өз сұрақтарына жауап беруді талап етті. Білімі, еңбек жолы, өмірбаяны жайлы халық алдында ашық айтылуын сұрады.

«Қолғаптың орнына дипломдарыңызды, студент кезіңізде түскен суреттеріңізді алып келіңіз. Курстастарыңызбен түскен фотоларыңызды көрсетіңіз. Халық бәрін өз көзімен көрсін. Бұл — тек жекпе-жек емес. Бұл — шындық, әділет пен ақиқат үшін айқас. Сіздің жұдырығыңызда халық тұр деп мақтанасыз, ал менің қаламымда халық тұр. Халықты алдамағаныңызды дәлелдеңіз. Егер шынымен ер азамат болсаңыз — октагонға шығып, соны дәлелдеңіз!
Мені «тәтешка» деп сылтау айтушы болмаңыз! Еркек болсаңыз — шығыңыз!», — деді Әбенова. 

Orda.kz редакциясы Ардақ Назаров оқыған Жоғары оқу орындарына арнайы сауал жолдап, расымен оқыған-оқымағанын сұрастырған еді. Үш оқу орны да Orda.kz тілшісіне Ардақ Назаровтың оқығанын растады.

Ардақ Назаров әуелде спорттағы жетістіктерімен танылған еді. Сонымен қатар жұрт арасында түрлі жиындарда ғибратты әңгімелер айтып, қазақтың би, көсемдерінің басынан өткен оқиғаларды айтып сөз сөйлейтін. 

Мәжіліс депутаты ресми отырыс кезінде анасын туған күнімен құттықтаған еді. Бұл жағдай жұрттың наразылығын тудырып, бірі оның қылығын қылжаққа айналдырса, бірі жерден алып, жерге салған болатын.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар