«Саламыз дегеніне 20 жыл»: Түркістан облысындағы қирағалы тұрған «мектептегі» оқушылар
Фото: Orda.kz
Түркістан облысында оқушылар төбесі құлап, едені шіріген мектепте білім алуға мәжбүр болған. Не асхана, не спортзал, не кітапханасы жоқ ғимаратта бар жоғы екі-ақ кабинет бар. Оған сыймаған балалар сабаққа бір жыл кеш барады.
Orda.kz тілшісі балалары үшін шырылдаған ата-аналардың мұң-зарын тыңдап қайтты.
Ашынған ата-аналар: «Ескіқорғандағы әбден ескірген мектеп құлап, баламыз қирандының астында қала ма?» деген жанайқайын жеткізді. Келес ауданындағы бұл мектеп 70 жыл бұрын бой көтерген. Оның өзін ауыл тұрғындары асарлатып тұрғызған. Содан бері ұлтарақтай ғимаратта міне төртінші буын білім алып жатыр. Балалар білім ұясының табалдырығын аттағалы спортзалды да, асхананы да, кітапхананы да атымен көрмеген. Дене шынықтыру үшін даладағы жалғыз турникке тартылса, су ішу үшін ауладағы бөшке алдында кезекке тұруға мәжбүр.
«Төбесі жоқ. Қабырғасы қисық. Едені тесік. Бұл мектеп, ал қайыршылар жиналатын жер бұдан жақсы негізі. Бірақ осы жерде білім алып отыр. Құлап, ішінде балалар мерт болғаннан кейін барып апатты жағдайда деп тани ма, білмеймін. Қабырғасы қызыл кірпіштен емес кәдімгі лай кірпіштен салынған. Үгітіліп біткен. Тіпті мұның іргетасы жоқ. Үгітіліп, кірпіші жерде тұр. Апатты жағдайда деп танисыздар ма десек, танымаймыз дейді», — деді Дастан есімді Ескіқорған ауылының тұрғыны.
Мектепте 54 оқушы білім алады. Бәрі де бесінші сыныпқа дейінгі балалар. Үзілісте шөп арасында ойнайтын оларға соғылатын қоңырау да сол күйі жаңармапты.
Құлауға шақ тұрған ғимарат жанында ағаштан жасалған әжетхананы да байқауға болады. Айналада өртенген қоқыс қалдығы да шашылып жатыр. Көрген сайын жанымыз ауырады деген ата-аналар әкімдік уәдесіне сенуден қалдық дейді.
«Күнде мектептен жылап келеді. Аяғы еденнің тесігіне кіріп кетеді біреуінің. Біреуі құлайды. Біз мына мектепке жіберуге қорқамыз. Бізге: «биыл мектептерің салынады, басталады» деп облыс әкімі өзі айтқан. Әлі күнге дейін мектебіміздің фундаменті басталған жоқ», — деді Толқын Әлімов есімді Ескіқорған ауылының тұрғыны.
Тұрғындар сөзінше, жергілікті биліктің: «жаңа мектеп құрылысын бастаймыз» дегеніне биыл 20 жыл болған. Ескіқорғандағы ескірген мектеп мәселесін тыңдауға шенеуніктер де жетті. Сөздерінше олар бос отырмаған. Тез қимылдап, құжаттарды реттедік дейді.
«Біз тез арада осы құжаттарды жасап біткенбіз. Құрылыс басқармасы тарапынан істелді төрт құжат. Сессияда қаралады қаржы. Сессиядан кейін бөлінгеннен бастап құрылыс жұмыстары басталады. Бірақ құжаты енді бітті ғой мұның. Құжаты мемлекеттік сараптамадан кеше қыркүйек айында біткен. Енді біте салысымен құжаттарды басқармаға жібердік. Енді облыстан қаржы бөлінсе одан кейін басталады», — деді Келес ауданының Құрылыс, сәулет және қала құрылымы басқармасының басшысы Нұрмұхамед Нархозиев.
«Тағы күтсек, баламыз үйінді астында қалады» деген бұқара мектепті апатты жағдайда деп тануын талап етті.
Осыдан соң ғана әкімдік мектепті уақытша жауып, оқушыларды көрші ауылға тасымалдауға шешім шығарды.
Ол үшін енді басқармадан ақысыз жеткізетін автобус бөлінбек.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық