«Желілік» жалған психологтар мен коучтар халықты арбай алмайды — Сенат заңды мақұлдады
Фото: Әлеуметтік желіден
Ендігі жерде елімізде психологтардың мемлекеттік тізілімі құрылады. Оған енгізілмеген мамандар психологиялық қызметпен айналыса алмайды және өздерін психолог деп атауға да құқылы болмайды, деп хабарлайды Orda.kz.
Дәл осындай түзетулер 25 маусым күні Сенатта «Психологиялық қызмет туралы» заң аясында мақұлданды.
Құжатты таныстырған сенатор Әсем Рахметова кейбір қазақстандықтар жалған психологтар мен коучтарға сеніп, талай алданып, ақшасынан қағылғанын айтады.
«Қазір кеңес беріп табыс табатын жалған психологтар мен коучтар көбейді. Оларға сенген көп адам алаяқтықтың құрбанына айналды. Осы мәселе бойынша маған көптеген шағым түсуде. Уәкілетті органдар бұған назар аударуы тиіс», — деді сенатор.
Оның айтуынша, бүгінде психологиялық көмек қоғамда барған сайын маңызды рөл атқаруда. Ол азаматтардың эмоциялық әл-ауқатын сақтау, отбасы институтын нығайту, балалар мен жастардың үйлесімді дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек ұжымдарында салауатты психологиялық ахуал қалыптастыру үшін қажет.
Ал біздің қоғамдағы жағдай сенатордың сыйпаттамасына кереғар бағытта дамып келе жатқаны ащы да болса шындық.
Заңның негізгі мақсаты — Қазақстанда психологиялық қызметтің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін қалыптастыру, азаматтарға сапалы психологиялық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау.
Құжат психологтардың кәсіби даярлығына қойылатын талаптарды, олардың біліктілігін растау және арттыру тәртібін, мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін, сондай-ақ психологтар мен көмек алушылардың құқықтары мен міндеттерін айқындайды.
Қабылданған заңдағы негізгі жаңалықтардың бірі — психологтың кәсіби стандарты енгізіледі. Ол білім деңгейіне, кәсіби құзыреттерге және мамандардың біліктілігіне бірыңғай талаптар белгілейді.
Сонымен қатар психологтардың кәсіби этикасының бірыңғай кодексі бекітіледі. Онда құпиялылықты сақтау, кәсіби жауапкершілік және кәсіби құзыреттілік талаптары нақты көрсетіледі. Психологиялық көмектің сапасын арттыру үшін тек ғылыми негізделген және тексерілген әдістерді қолдану көзделеді. Сондай-ақ мамандардың кәсіби дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік беретін супервизия институты енгізіледі.
Тағы бір маңызды норма — психологтарға медициналық қызметпен айналысуға және дәрі-дәрмек тағайындауға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, психологтарды сертификаттау институты кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл мамандардың белгіленген біліктілік талаптарына сәйкестігін растауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік тізілімге тиісті жоғары білімі, дипломдары және халықаралық сертификаттары бар мамандар енгізіледі. Тізілімге енбеген тұлғаларға психологиялық қызмет көрсетуге және өздерін психолог деп атауға тыйым салынады.
Сенаттың әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті қорытындысында бұл шара азаматтарды сапасыз қызметтер мен кәсіби дайындығы расталмаған мамандардан қорғаудың негізгі кепілдіктерінің бірі болатыны атап өтілген.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда Қазақстанда 43 жоғары оқу орнында психологтар даярланады. Бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шамамен 17 мың студент білім алуда, жыл сайын 4 мыңға жуық маман диплом алады.
Сонымен қатар президент тапсырмасымен еліміздің барлық өңірлерінде ресми психологиялық қолдау орталықтары жұмыс істейді. Тек өткен жылдың өзінде олар шамамен 50 мың психологиялық кеңес берген.
Заңды талқылау барысында депутаттар онлайн-кеңес беру нарығына назар аударған. Онда психологиялық көмек көбіне коучинг, менторлық, тәлімгерлік немесе эзотерикалық тәжірибелер түрінде көрсетіледі.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевтың айтуынша, заңды қолдану кезінде маманның атауы емес, көрсетілетін қызметтің мазмұны бағаланады.
Яғни адам өзін коуч, ментор немесе жеке даму бойынша маман деп атағанымен, егер оның қызметі азаматтардың эмоционалдық жағдайына әсер етсе, мемлекет оның мазмұнын зерттеп, тиісті бақылау жүргізеді.
Дегенмен нағыз мамандарға сертификаттаудан өтіп, жаңа талаптарға бейімделу үшін мүмкіндік беріледі.
Еске салайық, 2026 жылғы маусымның басында Мәжіліс «Психологиялық қызмет туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдаған болатын. Бұл құжат Қазақстанда психологтардың қызметін алғаш рет кешенді түрде реттемекші.
Еске салсақ, былтыр Мәжіліс депутаттары коучтер мен бизнес-тренерлер қызметінің тиімділігіне күмән келтіріп, стандарттар мен сертификаттаудың жоқтығы алаяқтыққа жол ашып, азаматтардың сеніміне нұқсан келтіріп жатқаны туралы мәселе көтерген болатын.
Сол кезде біз коучтар мен бизнес-жаттықтырушылар енді расталған біліктіліксіз жұмыс істей алмайтындай заң қаралып жатқанын жаздық.
2023 жылы тіпті Назарбаевтың немере келіні жұмыссыздарға тренинг өткізе бастаған болатын. Нұрәлі Әлиевтің жұбайы қай жерге және қалай жұмысқа тұруға болатынын, жұмыс берушімен қалай әңгімелесу керектігін үйретпекші болды.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық