Жаркент гарнизоны: Прокурорлар офицерді бұйрықпен өлтірген әскерилерге 16 жылға дейін жаза сұрады

cover DALL-E нейрожелісі арқылы жасалды

Жаркент гарнизонында инженерлік қызметтегі 26 жастағы капитан Дархан Дәулет қаза тапты. Қазір бұл іске қатысты сот отырысы Астанада өтіп жатыр. Қорғаныс министрлігіне қарасты №74261 әскери бөлімнің барлау-шабуыл батальонының командирі, майор Дархан Қазтай мен үш мерзімді әскери қызметші айыпталушылар орнында отыр.

Orda.kz тілшісі сот отырысынан тікелей ақпарат таратады.

Мемлекеттік айыптаушылар командирді 16 жыл, ал сарбаздарды 12–13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Сарбаздар кінәсін мойындамады. Олар офицерді әдейі өлтірмегенін, тек командирдің бұйрығын орындағандарын айтты. Ал майор Қазтай бұл іске қатысы жоқ екенін айтып, азар да безер болды.

Фото: Orda.kz
Қайғылы оқиға 2024 жылдың 13 қарашасынан 14 қарашаға қараған түні болған. Капитан Дархан Дәулет сол түні бақылау тобының аға офицері ретінде қызметке кіріскен. Ол бөлімше аумағын аралап, тәртіпті қадағалауы тиіс еді.

Тергеу мәліметтеріне қарасақ, түнде диверсияға қарсы дайындыққа кіріскен мерзімді сарбаздар офицерді «бөгде адам» деп қабылдап, оны жерге жығып, аузын тығындап, тұншықтыру әдісін қолданып, спорт алаңына сүйреп апарған. Онда ессіз күйінде қалдырған. Кейін оның денесі табылғанда, офицердің қайтыс болғаны анықталды. Сот-медициналық сараптамасы оның тұншығып көз жұмғанын көрсетті.

Сот отырысы кезінде сарбаздарға мұндай тапсырманы ешқандай ресми оқу-жаттығу немесе бұйрық шеңберінде емес, батальон командирі Қазтай жеке өзі бергені белгілі болды. Ол ешқандай заңды негізсіз, жоғары басшылықпен келіспестен, сарбаздарға:

«Кешке аумақта жүрген кез келген адамды ұстаңдар. Ол офицер болса да, қатардағы жауынгер болса да, қарсылық көрсетсе, күш қолданыңдар», — деген. 

Сарбаздардың айтуынша, 13 қараша күні ұйықтауға дайындалып жатқан кезде Қазтай екі сарбазды: Бақберген Рустамұлы мен Аян Шәкірді шақырып, рота жауынгерлерінің босаңсып кеткенін айтып, «барлау-шабуыл ротасы» өзгелерге үлгі болуы тиіс екенін айтқан. Олардан қарапайым киім киіп, беттерін жасырып, аумақты тексеруді бұйырған. Жоспарланған жаттығу да, ресми бұйрық та болмаған.

Аян Шәкірдің айтуынша, тапсырманы орындау үшін олар үшінші сарбаз — Нұрман Ебсадықты шақырған. Үшеуі де шымыр болғандықтан, «бұйрықты орындау қиын болмайды» деп ойлаған. Олар қарапайым киім киіп, бетперде тағып, арқан мен телефон алып шыққан. Үшінші сарбаз әрекеттерінің нәтижесін түсіріп, командирге есеп беруі қажет болған.

Сол кезде инженерлік қызмет бастығы — капитан Дәулет аумақты аралап жүрген. Оны казарма мен штаб арасындағы алаңда жолықтырған. Бірі алдаусыратып, қалған екеуі оны жерге құлатқан. Қол-аяғын байлап, аузына қолғап тығып, сыммен орап тастаған. Кейін спорт алаңының қараңғы бөлігіне сүйреп апарып, сол жерге қалдырып кеткен. Оның әлдекімді көмекке шақыруға еш мүмкіндігі болмаған. Ал сарбаздар өздері казармаға қайтып кеткен.

Рустамұлының айтуынша, бұйрық орындалған соң ол батальон бойынша кезекші И.М.Эбимолдаға хабар беріп, «тәртіп бұзушы ұсталды, спорт алаңында байлаулы жатыр» деген. Сол сәтте Эбимолда өзі барып тексергенде, бәлкім, марқұм Дәулет тірі қалар ма еді...

Марқұмның өліміне қатысты анатомиялық сараптамада капитан Дәулеттің механикалық тұншығу салдарынан көз жұмғаны жазылған. Яғни, ол ұзақ уақыт бойы азаптанып, тұншығып өлген.

Рустамұлының анасы Шынар Әденованың айтуынша:

«Егер Эбимолда селқостық танытпай, өзі барып көргенде, Дархан тірі болар ма еді. Қасында адамдар жүрді. Құтқаруға мүмкіндік бар еді. Бірақ Эбимолда барған жоқ. Біреуді жіберді. Ал ол барғанша бір сағаттай уақыт өтіп кеткен. Капитанды сол кезде өлім мен өмір арасында жатқанда тапқан. Не үшін Эбимолда бұл істе жеке жауапкершілікке тартылмай жатыр?», — деді анасы. 

Айыпталушы Қазтай бұйрық бергенін жоққа шығарумен болды. Алайда іс материалы, куәгерлердің сөзі және дәлелдер мүлде басқаша жайтты көрсетіп отыр.

Мемлекеттік айыптаушылар майор Қазтайға өкілетін асыра пайдалану, өлімге алып келген зорлық, қылмысқа сыбайлас болу баптары бойынша 16 жыл түрме жазасын сұрап отыр.

Ал үш сарбаз — Талдықорғаннан келген Бақберген Рустамұлы мен Түркістан облысынан шақырылған Аян Шәкір және Нұрман Ебсадықты — 12-13 жылға соттауды сұрады. Олар өз әрекеттерінің салдарын толық түсінбегендерін, әрі ешкімді өлтіру ниеті болмағанын айтып отыр.

Фото: Orda.kz

 Сонымен қатар, әскери прокурорлар Қорғаныс министрлігіне, №74261 бөлім командирі Ернат Төлеуғұлов пен оның орынбасарларына қатысты жеке қаулы шығаруды сұрап жатыр. Себебі, бұл қайғылы оқиға бақылаудың болмауынан, регламенттің бұзылуынан, жалпы мұндай жағдайға жол беріп, немқұрайлы болған ортаның да әсерінен туған. 

Ернат Төлеуғұлов қызметінен босатылды. Бірнеше офицер басқа жерге ауыстырылды. Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Асан Жүсіпов те президент жарлығымен орнынан кетті.

Әскер — Отанды қорғайтын, борышын өтейтін орын. Ондағы жарғы жай қағаз емес, заң. Әскердегі командир — басынып, қорлайтын адам емес, жауапты басшы болуы тиіс. Бірақ дәл осы жағдайда бәрі теріс кетті. Енді заң мен тәртіптің кім-кімді де жазаға тартатынын көрсетіп, сот әділ шешім шығаруы тиіс.

Автор: Сандуғаш Дүйсенова

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар