«Заңнан шариғатты биік қойды»: Тәңіршілдер өткізген брифингте не айтылды?
Фото: Дана Мейірбекова
5 қараша Адам құқықтықтары жөніндегі бюроның конференция залында ұлттық құндылықтарды қорғау мақсатында «зайырлы қоғам және діни наным-сенім бостандығы» атты баспасөз мәслихаты өтті.
Orda.kz тілшісі брифингке қатысып, спикерлерді тыңдап қайтты.
Әуелі философ Дәурен Даутқұлов сөз бастады. Оның пікірінше демократиялық, зайырлы елдің басты ұстанымдарына әртүрлі шабуыл жасалып жатыр.
«Біздің мемлекетіміздің қазақ ұлтының дүниетанымына жасалып жатқан шабуыл салдарынан осы баспасөз мәслихатын өткізу туралы шешім қабылдадық.
Қазіргі қоғамда салт-дәстүрімізге, әдет-ғұрыптарымыз бен өнерімізге және ұлттық құндылықтарымызға тікелей шабуыл жасап, наным-сенімдерін, намыстарын аяққа таптап, біздің ұлтымыздың конституциялық құқықтарына шабуыл жасалып жатыр. Елімізде Ата Заңымызға сүйеніп, өздерінің ойларын, көзқарастарын айтып жүрген, салт-дәстүрімізді қорғап жүрген азаматтарымызға шабуыл жасалып жатыр. Тек оларға емес, Ата Заңымызға шабуыл жасалып жатыр. Өйткені, біздің ұлттық символикаларға, ұлттық құндылықтарымызға шабуыл жасалды. Бұл дегеніміз – мемлекеттігімізді құрметтемеу», – деді Даутқұлов.
Содан кейі сөз алған Нұргүл Мұқышева есімді қоғам белсендісі осыған дейін Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті мен Жоғарғы сотқа 7-8 арыз бергенін айтып, Конституцияға шабуыл жасалғанын қайталады.
«Мен биылғы қаңтардан бері Жоғарғы Сот пен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне 7-8 арыз жібердім. Бұл арыздарды Мүфтият шығарған пәтуәлар мен қоғамда белгілі адамдардың, экстремистік десем де болады, пікірлеріне қатысты жазғанмын.
Мысалы 8 сәуірде Нұрсұлтан Рысмағанбетов деген имам «Ораза ұстамайтындардың бәрі – кәпір. Қазақстан – ислам мемлекеті. Неге ораза айында кафелер мен асханалар жұмыс істеп тұрады? Қазақстан кәпірлердің мемлекеті болмауы керек. Қазақстанда ораза айында кафелердің бәрі жабық тұруы керек» деді. Осыны конституцияға қарсы шабуыл деп түсініп, мен арыз жаздым. Қабылдауын қабылдады, бірақ ешқандай жауап қатқан жоқ», — деді Мұқышева.
Сонымен қатар ол 31 шілде күні Ғалымжан Құрманбековтің «Ата-бабамыз ешқашан жер үшін соғыспаған, дін үшін соғысқан» дегенін келтірді.
«Бұл террористік ұйымдардың риторикасы. Сол кезде біз 120 адам Бас Прокуратураға, ҰҚК-ге, Президент Аппаратына хат жолдадық. Сонда бізге тек Шымкенттің діни сараптама бөлімі: «Имамдармен сөйлестік, бұл кісі қателесіп айтыпты» деп жауап берді. 13 тамызда Дос Көшім Адырна ютуб арнасында: «Неге біз халифаттан қорқамыз? Бізге халифат құру керек» деп айтып қалды. Оған да реакция жоқ. 4 қыркүйекте Бас мүфти Наурызбай Өтепов балиғат жас 10-12 жас деп, Қазақстанда педофилияны ашық насихаттап отыр. Конституция бойынша да, халықаралық заңнамалық норма бойынша да 14 жасқа дейін кішкентай бала болып есептеледі. Сонда діни сараптама бөлімінен «Мүфти дін аясында жауап берді» деген жауап келді. Сонда олар дін аясында сондай нәрселерді айтса, онда олар конституциядан шариғатты биік қойып отыр ғой», – дейді белсенді.
Сондай-ақ ол Діни сараптама бөлімі бір жақты жұмыс істеп, қауіпке дұрыс реакция көрсетпей отырғанына қынжылатынын айтады.
«Кім қандай сенімде, қандай нанымда болса да, Қазақстандағы әр адам тек бір ғана Конституцияға бағынады. Егер олай болмаса, біз Конституцияның нығаюына, оның күшеюіне жұмыс істей алмаймыз. Соңғы рет, 31 қазанда Арман Байжігіт деген шымкенттік азаматтың үстінен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне арыз бердім. Ол күніне 8-10 сағаттап Тик-ток желісінде отырады. Он мыңдаған адам отырады. Менде видеосы, бәрі бар. Түркістан облысындағы құзіретті органдар маған бірден хабарласты. Оларға рахмет. Мен қолымда бар ақпаратты бердім. Сонда мен бір-екі рет кіріп қалғанда сондай жағдай болып жатты. Ішінде: «Арман, сен мені шақыр, кез келген уақытта дінсіздердің басын кесуге әзірмін» деп жазғандар бар. Сонда Діни сараптама бөлімі адамға тікелей қауіпті дүниелерге жауап бермей, оларды тізімге алмай отыр», – дейді ол.
Содан соң қоғам белсендісі баспасөз мәслихатының өтуіне түрткі болған тағы бір мәселені көтерді.
«Жантасова Айша, Таласбаева Пакизат, Карабекова Гаухар есімді қазақтың ұлттық дәстүрін, танымын, тарихын насихаттап жүрген белсенділерді сотқа беріпті. Исламофобия деген айып тағылыпты. Олай болса Мүфтиятты да солай соттау керек. Христианофобия, Иудеяфобия т.с.с. айып тағылсын онда бәріне. Осындай жағдайларға Діни сараптама бөлімі бір жақты ғана қарап отыр. Қай елдің идеологиясына жұмыс істеп жүр сонда? Біз қазір дабыл қағып айтпасақ, ертең бәрі кеш болады. Қазақтың тілін, дәстүрін, мәдениетін насихаттап жүрген адамдарды қазір қудалап жатыр. Сол кісілерді қолдап осы баспасөз мәслихатына келіп отырмыз», – деді Нұргүл Мұқышева.
Философ Дәурен Даутқұлов болса мұндай бір жақтылықтан соң құқық қорғау органдарына күмән туатынын айтты.
«Қазір тек біржақты қарастырылып жатыр. Ата Заңымыздың 14-ші бабы бойынша Заң алдында бәрі бірдей. Екінші бөлімінде әр адамды, әр азаматты дінге қатысы үшін, оның наным-сенімі үшін қудалауға тиым салынған. Жоғарыда айтып өткен азаматшаларға бір жақты арыз беріліп, қудаланып отыр. Осыдан кейін біздің құқық қорғау органдары тек тапсырыспен жұмыс істей ме, деген ой туындайды», – дейді ол.
Сондай-ақ бұл баспасөз мәслихатына Пакизат Жантасова Айша, Таласбаева Пакизат, Карабекова Гаухар Zoom арқылы қатысып, іс туралы пікірлерін айтты. Олар да Конституцияға жүгініп, жеке адамның ар-намысына тиетін сөз айтпадым дегенді келтіреді. Оған қоса Пакизат Жантасова өзінің сеніміне қатысты да қудалаудың болмауы керек екенін алға тартады. Оның сөзінше, Тәңіршілдік деген жауласу емес, өмір сүру салты.
Еске сала кетсек, тәңір дінін ресми дін ретінде мойындау жайлы петиция жарияланған болатын. Осы жайлы «Тәңір Елі» қоғамының өкілдері «исламға қарсы емес» екендерін айта отырып, баспасөз мәслихатын өткізді. Жиында айтылған ойларды мына материалдан оқыңыз.
Жаңалықтар
- Оңтүстік Кореяның бұрынғы премьер-министрі 23 жылға сотталды
- Астанада футболға Борат «бейнесінде» келген бельгиялық жанкүйерлер ұсталды
- «Жолға таласқан»: Шымкентте жаппай төбелес адам өлімімен аяқталды
- Назарбаевтың немересі Давоста менталды денсаулық туралы дәріс оқыды
- Тоқаев Трамптың шақыртуымен Давосқа барады
- «Барлық ер адамдарға сабақ болды»: Шығыс биін билеген бишіні жұлқыған ер адам кешірім сұрады
- Баласының еміне деп елден жылу жиған Тотақановтарды торына түсірген кім?
- Шымкент полициясының басшысы Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін қызметінен босатылды
- Түркістан облысында жол апатынан үш адам қаза тапты
- Павлодарда мердігерді қорқытып, ақша бопсалаған ҚТЖ-ның екі қызметкері 7 жылға сотталды
- Тоқаев үкіметті сынға алып, кадрлық шешім қабылдауға уәде берді
- Трамп Гренландия мен Канаданы АҚШ-қа қосып алған «әлемнің жаңа картасын» көрсетті
- Тоқаев Нұрайдың өлімінен кейін Шымкент полициясының жұмысына баға беруді тапсырды
- Конституциялық сот судьяларын президенттің ұсынуымен парламент бекітетін болады
- «Кәсібиліктің жоқтығы мен немқұрайлылық» — Тоқаев медсақтандыру қорындағы былықтар туралы айтты
- Президент алаяқтар мен жемқорлардың жымысқы әрекетін алдын алуды тапсырды
- Мемлекеттік кеңесші лауазымы жойылады, екі ай ішінде президент сайлауы өткізіледі
- Елімізде жаңа билік органы — Халықтық кеңес құрылды
- Бірпалаталы парламентке «Құрылтай» деген атау беріледі — Тоқаев
- Тоқаев Құрылтай төрінде Самұрық-Қазына қорына сын айтты