Қылмыскер бала қайдан шығады?
Өткен аптада Шымкент қаласындағы №55 мектептің 9 сынып оқушысы күдікті ретінде қамауға алынды. Әзірге 15 жасар оқушы 42 жастағы азаматты өлтірді деген күдік бар.
Қылмыстық оқиға Шымкент қаласының шеткі аудандарының бірі саналатын бұрынғы Тұрлан экспедициясы тарапында болған. Негізінен бұл аудан тұрғындарының басым бөлігі өзге ұлт өкілдерінен тұрады.

Қазіргі кезде ресми түрде Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты бұл мекен Тұрлан ауылы деп аталады. Ауыл халқының саны шамамен бес мыңнан асады. Тұрғындардың басым бөлігін өзбек ұлтының өкілдері құрайды. Тұрлан ауылына қаладан қатынайтын қоғамдық көлік аз емес. Шымкент әуежайына жақын орналасқан бұл ауылдың тұрғындары мал өсіріп, бақша шаруашылығымен айналысады. Ауылда орта білім беретін №55-ші мектеп бар. Аталған қылмыстық оқиғаның күдікті деп табылған оқушысы осы №55 мектепте оқиды. Қылмыскердің қолынан мерт болған азамат та, күдікті ретінде қамауға алынған оқушы да өзбек ұлтының өкілі.

Қазіргі қолда бар мәліметтерге сүйенсек, «қызыма тиіспе» деп ескерткен Зияфат Ыдырысовқа 15 жасар Парданбек С. кектеніп, оның ақыры осындай қайғылы жағдайға ұласқан. Зияфаттың қызы Хаяла Нариманова Парданбекпен бір сыныпта оқығанын, 4 сыныпқа дейін бір партада отырғанын айтады. Сонымен қатар ол Парданбектің әу бастан сотқар бала болғанын, қыздардың бәріне тиісіп, тыныштық бермейтін, боқауыз сөз айтып, айналасының мазасын алатын бала болғанын тілге тиек етеді. Парданбектің осындай жайсыз мінезіне қатысты сыныптағы өзге қыздар да ата-аналарына шағымданған екен. Алайда күдікті ретінде қамауға алынған Парданбек «қызыма тиіспе» деген басқа ата-аналарға емес, Зияфаттан кек қайтарған сияқты. Күдікті неге дәл Хаяланың әкесіне кек тұтқан деген сұрақ туындайды. Өкінішке орай, бұл сұрағымызға тиісті мекемелерден жауап ала алмадық.
«Оқиғаның ақ-қарасы әлі нақты анықталмады. Әзірге дәлел-дәйектер жинақталуда. Сондықтан дөп басып әлдене айта алмаймыз», - деп қысқа қайырған полицей шеніндегі азамат тіпті, өзінің аты-жөнін айтудан да бас тартты.
Марқұм Зияфат оқиға болатын күні жеке шаруаларымен көшеге шығып кеткен. Түнде жақындары оны ауыр халде үйінің маңынан табады.
«Бас сүйегінің мылжа-мылжасы шығып, соңғы демін алып жатқанда ғана көріп үлгердік. Қабырғасының сау-тамтығы қалмай, сынған», – дейді туыстары.
Парданбек С. күдікке бірден ілігуі де тегін емес. Куәгерлердің айтуынша, қылмыстық оқиға болатын күні жанында ерткен 3-4 жолдасы бар Парданбекті сол маңнан көрген. Бір топ жеткіншектің қолында таяқтары да болған. Десек те, марқұм Зияфат дәл сол таяқтардың құрбанына айналды ма, әлде басқа жағдай орын алды ма, белгісіз.
Парданбек С. оқитын №55 мектеп басшылығы мен мұғалімдердің сөзіне сенсек, оның шектен шыққан бұзықтығы байқалмаған. Сондай-ақ, Парданбектің әлдебір әрекетіне қатысты ешқандай ата-анадан шағым да түспеген екен. Әйтсе де, қамауға алынған күдікті оқиға орнына жеткізіліп, арнайы түсінік бергенінде Зияфат Ыдырысовты қайтіп ұрып құлатқанын, әрі қарай не болғанын айтып, көрсетіп берген. Парданбекке қатысты іс қазір тергеліп жатыр. 15 жасар оқушының әрекетіне байланысты нақты қандай баппен іс қозғалатыны да әзірге белгісіз. Парданбек егер осындай қылмысқа барғаны рас болса, онда қылмысты жалғыз өзі жасады ма? Әлде жанында сыбайластары болды ма? Егер болса, олар кім? Бұл сұрақтардың да жауабын тиісті орган өкілдері әзірге ресми түрде бермеді.
Кәмелет жасына толмаған балалардың қылмысқа бару жағдайлары аз кездеспейді. Ресми орган мәліметтеріне сенсек, жыл сайын Қазақстанда мектеп оқушыларының қолымен жасалатын қылмыс саны екі мыңға жуықтайды екен. Бұл көрсеткіштің Түркістан облысына тиесілі саны да аз емес. Әрине, облыстың халық санына шаққанда, көрсеткіштің де көбейе түсері анық. Түркістан облысы кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстық көрсеткіш бойынша Алматы, Павлодардан кейінгі орында екен.
Түркістан облысы әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының былтырғы жылдың соңында берген есебі бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстар 29,9%-ға төмендеген. Құқық бұзушылықтардың алдын-алу үшін Түркістан облысында бірқатар маңызды іс-шаралар атқарылған. Сонымен қатар ведомствоаралық комиссия облыстағы құқық бұзушылыққа бейім кәмелетке толмағандар және бала тәрбиесіне немқұрайды қарайтын 332 қолайсыз отбасы Ішкі істер органының есебіне алынғанын да мәлімдеген еді.
«Жалпы, жастардың адам өлтіруге дейінгі қылмысқа баруына себеп аз емес. Біріншіден, әрине отбасылық тәрбиенің жетіспеуінен бала сондай қадамға баруы мүмкін. Екіншіден, қоршаған ортасының әсерінен. Осы ретте ең басты және маңыздысы ретінде отбасылық тәрбиені айтар едім. Балаға тиісті тәрбие өз деңгейінде берілмесе, бүкіл себепті осы тұстан қарастыруымыз керек. Сөз етіп отырған 15 жасар оқушының әрекетін мысалға алып қарар болсақ, ең алдымен бұл жерде оқушының сол әрекетке баруының себебін анықтау керек. (әрине, егер оқушының қылмыс жасағаны расталса). Оқушының отбасылық жағдайы бірінші есепке алынуы керек. Бұл ретте көпбалалы отбасыдан шыққан, шықпағаны немесе бір үйдің жалғыз баласы болуы да есепке алынғаны жөн. Оң-сонын әлі танып үлгермеген оқушыға адам өлтіре салу оңай емесін ескерсек, мұндай қадамға итермелеген не нәрсе екенін білген жөн», - дейді әлеуметтанушы маман Әйгерім Сұлтанғазы.
Ал жасөспірімдердің арасындағы осындай қатыгездік әрекеттерді психология тұрғысынан қарауды ұсынған психолог Айдар Шәкенұлы:
«Менің тәжірибемде жастардың мұндай қадамға баруы көбінесе ата-анасы тарапынан жеткілікті махаббат, мейірімнің берілмеуінен жиі кездеседі. Ата-ана қандай кезде баласына махаббатын толық бере алмайды? Табыс табамын деп жұмыстан босамайтындар, әлеуметтік тұрмысының төмендігіне қарамастан, 5-6 бала табатындар және балаға махаббат беруді тек тамақ беріп, киіндіру деп қарайтындар. Міне, осындай топқа жататын ата-анадан қатыгез бала өсіп-жетіледі. Жалпы, біздің облыста жастардың қылмысқа көптеп баруының түпкі себебін маман ретінде осы тұрғыдан түсіндірер едім», - дейді.
Ал өзі де бала тәрбиелеп отырған ата-ана ретінде Димаш Мысырұлы:
«15 жасар оқушы менімен жасты азаматты азаптап өлтірді дегенге әлі де сене алар емеспін. Егер, сол қылмысты расымен оқушы жасаған болса, онда бұл қылмысқа ең алдымен баланың әке-шешесі жауап беруі керек дер едім. Бала кәмелеттік жасқа жеткенше, оның әрбір қадамы үшін ата-анасы жауапты. Өз бетімен өскен немесе тәрбие көрмеген бала ғана асқан жауыздыққа баруы мүмкін. Ал ондай бала меніңше, тек жауапсыз ата-ананың отбасында өседі», - деген пікірде.
Қалай десек те, оқушының кінәсі дәлелденіп, оның адам өлтірген қылмыскер екені анықталса, бұл мәселеге терең мән берілуге тиіс-ақ. Баланы дүниеге әкеліп қана қоймай, ата-аналар баласының әрбір әрекетіне жауапты екенін сезінбейінше, мұндай қылмыстарға тоқтау болмасы сөзсіз.
Меруерт Хусаинова
Шымкент
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық