Тоқаев: Журналистер қауымы жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі
Фото: Ақорда
Президент ең алдымен бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерін мерекесімен құттықтап, жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.
«Бұл кәсіби мерекенің ел өмірінде алатын орны айрықша. Себебі журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры. Сіздер әрдайым халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді көтеріп, жұрт мүддесіне адал қызмет етіп келесіздер. Қазіргі жаһандық технология дамыған заманда азаматтарға жедел, сапалы әрі шынайы ақпарат тарату, ұтымды сараптама ұсыну да журналистер қауымына жүктелген абыройлы міндет саналады. Мемлекет сіздердің ерен еңбектеріңізді жоғары бағалайды. Ел президенті ретінде бүгін мен барша медиа саласы мамандарына шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келе жатқанын айтты. Президент ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды оқиға қарсаңында Парламенттің 8-ші шақырылымы өз жұмысын аяқтайтынын еске салды.
«Қос палатаның бірлескен отырысына міндетті түрде қатысамын: тарихи кезеңде атқарылған жұмысты қорытындылап, ел дамуының жаңа кезеңіндегі негізгі мақсат-міндеттерге тоқталып өтемін. Біз, Қазақстан халқы жасампаз әрі озық ойлы ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Осы даңғыл жолда берекелі бірлігіміз бен ырысты ынтымағымызды күшейтіп, барлық мақсатымызға жетеміз. Мен бұған кәміл сенемін» , – деді мемлекет басшысы.
Президент жаңа Конституцияны қабылдауға журналистердің қосқан үлесін жоғары бағалады Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарын ұлттың үні, қоғамның айнасы деуге толық негіз бар.
Өйткені өз азаматтарымызбен қатар, күллі әлем қауымдастығы елімізде жасалып жатқан ауқымды өзгерістердің түпкі мәнін, ең алдымен, отандық медиа арқылы танып, біледі.
«Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан журналистері осы жауапкершілікті терең сезініп, кәсіби міндеттерін жемісті атқаруда. Наурыз айында біз – бәріміз бір ел болып, конституциялық реформаны табысты жүзеге асырдық. Жалпыұлттық референдум кезінде халқымыз мемлекеттің келешегін айқындайтын тарихи таңдауын жасады. Еліміздің бас құжаты – жаңа Конституциямыз өз тұғырына қонды. Ата заңды әзірлеу және қабылдау оңай шаруа емес екені анық. Бұл – бірлігі бекем, рухы биік және жарқын болашаққа деген сенімі зор ұлттың ғана қолынан келетін бірегей қадам. Біз осы мақсатқа жету үшін ұзақ жолды жүріп өттік. Арнайы Конституциялық комиссия құрып, Негізгі заңның әр бабын ел мүддесі тұрғысынан мұқият сараладық. Бүкіл жұртты бір мұратқа ұйыстырған ортақ істе медиа саласы мамандарының маңызды рөл атқарғанын ерекше атап өту қажет. Журналистер қауымы Конституциялық комиссияның қызметі туралы сапалы және мазмұнды хабарлар таратты. Сондай-ақ Ата заңға енгізу үшін ұсынылған түзетулерге қатысты жан-жақты талдау жұмысын жүргізді. Науқан кезіндегі тікелей эфирлер, сараптамалық материалдар мен танымдық сұхбаттар – соның айқын дәлелі. Жалпы, журналистер өз кәсібилігін толығымен көрсетті. Осы салада нағыз кәсіби маман болу дегеніміз – «қолдан жасалған» айқай-шу немесе даңғаза жасау емес, бұл – ең алдымен өзекті мәселені жан-жақты білу және тақырыпты жетік меңгеру деген сөз. Комиссия отырысының әлеуметтік желідегі эфирлері де миллионнан астам қаралым жинады. Осылайша, Ата заң жобасын талқылау жалпыұлттық деңгейдегі пікірталасқа ұласты. Бұл іске елге жанашыр азаматтарымыз түгел қатысты. Мәселен, «e-Government» және «е-Өтініш» цифрлық жүйесі арқылы мыңдаған өтініш келіп түсті. Түптеп келгенде, мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының нақты көрінісі екені сөзсіз. Конституциялық комиссия мүшелері салмақты әрі ұтымды ұсыныстардың ешқайсысын назардан тыс қалдырған жоқ, оның бәрі мұқият зерделенді. Бас құжаттың жобасын дайындау және оны талқылау тәжірибесі мемлекет пен азаматтардың қарым-қатынасын мүлдем жаңа деңгейге көтерді. Комиссия құрамында масс-медианың беделді өкілдері де болды. Сондықтан журналистер қауымын жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі деп айтсақ, қате болмайды», – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, отандық бұқаралық ақпарат құралдары өздеріне жүктелген жауапты миссияны жоғары деңгейде атқару үшін халықаралық медиа қоғамдастықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тиіс.
«Медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келді. Осылайша, цифрлық матрицаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда мен «Дәстүрлі медианың дәурені өтті» деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді. Олардың басты артықшылығы – мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алуында. Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді», – деді президент.
Мемлекет басшысы журналистердің жалған ақпарат таратуға қарсы күресте атқаратын рөліне тоқталды
«Заманауи технологиялар цифрлық алаңда алауыздықты әдейі ушықтыратын «ботофермалардың» пайда болуына түрткі болды. Көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату, адамды қаралау, өтірікті шындай соғатын қауіпті құбылыс қалыптасты. Оны қазір дипфейк деп атайды. Яғни объективті фактілер эмоцияның көлеңкесінде қалып, қасақана арандатушылық туғызады. Қоғамның ынтымақ-бірлігіне сына қағып, мемлекеттік институттардың атына кір келтіру үшін жасанды интеллект құралдары қолданылады. Танымал тұлғалардың жасанды цифрлық бейнелерін түпнұсқадан ажырату мүмкін емес. Мұндай технологияларды түрлі алаяқтар мен деструктивті күштер белсенді пайдаланады. Сондықтан медиа саласының қызметкерлері жауапкершілік танытып, мемлекеттің аталған гибридті, аса қауіпті қатерлерге төтеп беруіне атсалысуға тиіс. Осы орайда сіздердің еңбектеріңіз орасан», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанда БАҚ қызметіне қажетті жағдай жасалғанын айтты.
«Елімізде пікір алуандығы мен сөз еркіндігі бар, ал цензураға заң жүзінде тыйым салынған. Алайда, сөз бостандығы дегеніміз жүгенсіздікке және тәртіпсіздікке жол беру деген сөз емес. Сондықтан қоғамдық пікірді өздерінің теріс пиғылына пайдаланып, медиа саласында айласын асырғысы келетіндер мына бір қарапайым қағиданы жадында ұстауы қажет: бірде-бір адам шексіз құқық иесі емес. Басқаша айтсақ, өз құқыңды білу және сақтау өзгенің құқын бұзу немесе ар-ожданын таптау деген сөз емес. Алдымызда адамдар жалған ақпараттың жетегінде кетпей, күрішті күрмектен ажыратуы үшін медиасауаттылықты барынша арттыру міндеті тұр. Қоғам қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жасанды интеллект технологиясының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет, соның ішінде кез келген заңсыз ақпаратты жедел анықтау және бұғаттау жұмысын қолға алу өте маңызды. Біз Заң мен тәртіпке бағынатын ел ретінде құқықтық нигилизмге, әсірешілдікке, яғни, радикализмге және халқымыздың болмысына жат құндылықтарды насихаттау ісіне түбегейлі тосқауыл қоюымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет», – деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі журналистер ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев сән-салтанатты өмір мен «жеңіл ақша» культін дәріптеу дұрыс емес деп санайды.
«Өйткені бұл өскелең ұрпақты адастырып, олардың дүниетаным құндылықтары мен өмірлік мұратына теріс ықпал етеді. Жастар медиакеңістіктен ысырапшылдық пен мәнсіз ырду-дырдуға толы алдамшы өмірді емес, керісінше, жасампаз еңбектің, адал табыстың, ішкі мәдениеттің нағыз үлгісін көруі керек. Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек. Қазір біз біртұтас ұлт болып, өркендеген, заманауи, яғни озық мемлекет құрып жатырмыз. Бірақ бұл – төл құндылықтарымызды ұмыту деген ұғым емес. Біз жұртымызға тән игі қасиеттерді жаңғырта түсуіміз керек. Мұны азаматтарымыз, әсіресе, жастарымыз терең түсінуі қажет. Мәдениеті жоғары елдің әлемдегі мәртебесі де, беделі де биік болары айқын. Ал нағыз мәдениет үйде де, түзде де әдеп сақтау, көпшілік ортада өзін дұрыс ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, сыйлау сияқты қарапайым қағидалардан басталады. Қазақ халқы әдептен аттамаған, әрдайым үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Жақынына жанашыр көзбен қарап, жығылғанға демеу, сүрінгенге сүйеу болған. Біздің шынайы болмысымыз – осы. Сондықтан адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, қауіпсіздігіне қатер төндіретін кез келген әрекетке жол бермеу қажет. Біз озық ел ретінде қоғамда салт-дәстүрімізге негізделген өркениетті этикалық нормаларды орнықтыра түсуіміз керек. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Осы бағыттағы жұмысты күшейту – айрықша маңызы бар міндет. «Қалам елді түзейді» деген сөз бекер айтылмаған. Осы орайда, біз сіздерге – журналистер қауымына зор үміт артамыз. Ақпарат саласының қызметкерлері қашанда ұлт сапасын жақсартатын құндылықтарды дәріптеу ісіне белсене атсалысуы қажет деп санаймын» , – деді президент.
Президент тапсырмасымен биыл алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Мемлекет басшысы журналистика саласында қай кезде де ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын, парасатты, нағыз отаншыл тұлғалар қызмет еткенін атап өтті.
«Олар халықтың сана-сезімін оятып, елдің еңсесін көтеруге зор үлес қосты, ағартушылықпен айналысып, халықты білім мен ғылымға шақырды. Сіздер де аға буын салған сара жолды лайықты жалғастырып келесіздер. Баршаңызға тағы да зор алғыс айтамын. Мемлекет медиа саласы қызметкерлерін әрдайым қолдайды, олардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән береді. Баршаңызға мәлім, жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Соңғы үш жылда Астана қаласында ғана 200 журналист баспаналы болды. Енді бұл бастаманың ауқымын кеңейте түсуді көздеп отырмыз. Әсіресе, сапалы хабар таратып, қажырлы қызмет етіп жүрген аймақ тілшілерінің еңбегін елеусіз қалдыруға болмайды деп санаймын. Сондықтан менің тапсырмаммен осы жылы алғаш рет облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталады. Жалпы, биылдың өзінде бүкіл еліміз бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне баспана беріледі. Бәріңізге құтты болсын деймін!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- «Желілік» жалған психологтар мен коучтар халықты арбай алмайды — Сенат заңды мақұлдады
- 1414 кодын айтқан ақтөбелік 4,5 млн теңгесінен айырылды
- Тоқаев: Журналистер қауымы жаңа Ата заңымыздың тең авторларының бірі
- Павлодар облысында «Қазавиақұтқару» тікұшағы апат жағдайында қонды
- Ербаян Мұхтардың өлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды
- Заңсыз мұнай өңдеу зауыты: Шекарадағы жер асты жолы арқылы 37 миллиард теңгенің контрабандасы шетел асқан
- Мұхтар Ербаянның жаназасы ертең шығарылады
- БАҚ: Нұрлан Сабуров Ресейдегі көлігін 10 миллион рубльге сатты
- Венесуэла жағалауында магнитудасы 7,1-ге тең жойқын жер сілкінісі болды
- Қазақстанда электрмобиль нөмірлері жасыл болуы мүмкін
- Атырау облысында 90 жастағы қарияны баласы ұрып-соғып, қамап ұстаған
- +50°C дейінгі ыстық пен қуаңшылық: Шілдеде Қазақстанның көп бөлігінде аптап ыстық болады
- Тоқаев төрт жаңа заңға қол қойды
- «40 адамның қызметін енді компьютер атқарады»: Алматы метросында мамандар жұмысынан айырылуы мүмкін
- Журналистер одағы 2026 жылға арналған сыйлық пен марапат лауреаттарын жариялады
- Шілде айынан бастап Қазақстанда әскерге шақыру цифрландырылады
- Ресейдегі газ өңдеу зауытына жасалған шабуыл Қарашығанақ газына қатысты мәселені қайта көтерді
- Сhildfree идеологиясына қарсы пәтуа: «Кедейлік – бала тумай қоюға себеп емес»
- CNN: АҚШ-тың Ұлттық барлау жүйесінде жаппай жұмыстан босату жүріп жатыр
- Алматының Райымбек даңғылындағы BRT жобасының орнына SkyTrain жүйесі іске қосылады