Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысып, сөз сөйледі
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылуы салтанатына қатысты, деп хабарлайды Orda.kz.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект жөніндегі конференцияда сөз сөйледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясының ашылу рәсіміне қатысты. Шанхайда өтіп жатқан дәстүрлі жиын биыл «Жарқын болашақ үшін жасанды интеллект саласындағы серіктестік» тақырыбына арналып отыр.
Мемлекет басшысы бұл конференция Қытайдың жасанды интеллект саласындағы айтулы жетістіктерін айқын көрсететінін атап өтті.
«Бүгінде дүние жүзіндегі жасанды интеллектіні зерттеушілердің жартысынан астамы – Қытай елінің өкілдері. ЖИ саласындағы патенттердің басым бөлігі қытайлық жаңашыл мамандарға тиесілі. Ал елдің қарқынды инновациялық экожүйесі озық технологиялардың көптеген бағытында соны серпіліс жасауда», – деді президент.
Мемлекет басшысы Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясында жарияланған «Барша адамзат игілігіне қызмет ететін ЖИ» тұжырымдамасына қолдау білдірді.
«Технологиялық прогресті баршаның игілігіне айналдыруға күш-жігер жұмылдырғанда осы ұсынылған қағидаттарды басшылыққа алған жөн деп санаймын. Келешектің келбетін өзара сенім мен ортақ мүддеге сай тығыз ынтымақтастық орнатып, серіктесе әрекет ететіндер айқындайды. Мен бұған кәміл сенемін. Осы орайда Төраға Си Цзиньпин ұсынған «Адамзаттың ортақ тағдыры қоғамдастығын» құру туралы тұжырымдаманың маңызы зор. Қазақстан алысты болжаған бұл бастаманы жоғары бағалайды әрі жасанды интеллект дәуірінде оның өзектілігі артып келеді деп санайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің пікірінше, ЖИ экономика, сауда және жаһандық өзара байланыстың болашағын айқындайтын, толыққанды инфрақұрылымы бар салаға айналып келеді.
«БҰҰ дерегіне сәйкес, жасанды интеллект инфрақұрылымына және онымен байланысты технологияларға салынған инвестиция жылына орта есеппен 47 пайызға өскен. 2033 жылға қарай жаһандық ЖИ нарығының көлемі шамамен 5 триллион долларға жетеді деп болжанып отыр. Демек, бір нәрсе анық: жасанды интеллектіні басқару жүйесі кешенді сипатқа ие болуға тиіс. Ол жартылай өткізгіштер мен деректерді өңдеу орталықтарынан бастап этика, білім беру және адамның қадір-қасиетін қорғауға дейінгі бүкіл бағытты қамтуы қажет. Cонымен қатар трансформация үдерісі геосаяси шиеленіс ушығып, ірі әлемдік державалар арасындағы сенімге селкеу түскен, жік-жікке бөлінген кезеңде жүріп жатыр. Өкінішке қарай, мемлекеттердің көбі қақтығыстарға тосқауыл қоюға мән бермейді, есесіне оның салдарын жоюға күш-жігерін сарқа жұмсайды. Жасанды интеллект алдын ала ескерту жүйесін, превентивті дипломатияны, гуманитарлық көмек пен бітімгерлік әрекеттерді күшейту арқылы бізге осы қисынсыз түсінікті өзгертетін тарихи мүмкіндік беріп отыр», – деді мемлекет басшысы.
Президенттің пайымдауынша, жасанды интеллект, ең бастысы, әділ әрі инклюзивті дамудың қозғаушы күші бола алады.
«Бірде бір ел жасанды интеллектіні тұтынумен шектелмеуге тиіс. Адами капиталы мен цифрлық инфрақұрылымын дамытып, институционалдық әлеуетін көтеруге кез келген мемлекеттің мүмкіндігі болуы керек. Бұл жерде әңгіме тағы да әділдік пен адалдыққа барып тіреледі. Жасанды интеллектіні экономика мен қоғам игілігіне пайдалану, сөйте тұра оны адамның саналы әрі қабілетті басқаруында қалдыру – баршамызға ортақ міндет. Сондықтан Қазақстан Дүниежүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымының құрылуын тарихи шешім деп санайды. Аталған ұйым ЖИ-ді басқаратын әмбебап құрылымның негізін қалайтынына сенімдіміз. Ол күллі адамзаттың өсіп-өркендеуі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін өзара тиімді серіктестік тетігі болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жасанды интеллектіні дамытудағы стратегиялық артықшылықтарына тоқталды. Президенттің пікірінше, еліміз технологиялық тоғысудың, цифрлық сауда мен халықаралық ынтымақтастықтың қарқынды орталығына айналу үшін мол әлеуетке ие.
«Энергетикалық ресурстардың мол қоры, аса маңызды минералдар кеніштері, заманауи көлік дәліздері мен жедел дамып келе жатқан цифрлық инфрақұрылым нарықтарды, технология және инновациялық экожүйелерді өзара ұштастыруға тың мүмкіндік береді. Цифрлық трансформация ұлттық даму стратегиямыздың басым бағыттарының бірі саналады. Қазақстанның жаңа Конституциясында жасанды интеллектіге, оның елімізді орнықты дамытуға қосар үлесіне баса назар аударылған. Сонымен қатар Ата заңымыз әр азаматтың дербес дерегінің қорғалуына кепілдік береді. 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, «Digital Kazakhstan-2029» ұлттық стратегиясын бекіттік. Жасанды интеллект туралы заң мен Цифрлық кодекс қабылданды. Елордада Smart City технологиялық платформасы іске қосылды. Көп ұзамай аталған тәжірибе Қазақстанның барлық ірі қаласында қолданылады. Бұдан бөлек, біз Алатау қаласының дамуына стратегиялық тұрғыдан басымдық беріп отырмыз. Ол Орталық Азиядағы алғашқы толық интеграцияланған цифрлық шаһар болмақ. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Қытайдан технологиялық компанияларды, инвесторлар мен новаторларды тарту үшін Конституцияда Алатау қаласының арнаулы құқықтық режимі айқындалды», – деді президент.
Мемлекет басшысы Алматыда БҰҰ ЭСКАТО жанынан орнықты даму мақсаттарына арналған Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығы ашылатынын мәлімдеді.
«Қазақстан Дүнижүзілік жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық ұйымы құрылтайшыларының бірі ретінде осы маңызды платформаны құрудағы Қытайдың жетекші рөлін жоғары бағалайды. Жақында ғана іргесі қаланған әрі мол әлеуетке ие ұйым жаһандағы ЖИ келешегін айқындайтын бірегей халықаралық институтқа айналатынына сенімдіміз. Ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу біз үшін зор мәртебе болар еді. Сонымен қатар бұл құрылымның Орталық Азиядағы өкілдігін елімізде орналастыруды ұсынамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы трансұлттық цифрлық инфрақұрылым жасақтауға және ЖИ саласындағы саясатты өзара үйлестіруге қатысты бірқатар ұсынысты ортаға салды.
«Біз «Қазақстан-Қытай цифрлық көпірін» іске қосуды ұсынамыз. Басты мақсат – цифрлық сауданы жандандыру және «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында цифрлық экономикаларды ықпалдастырудың тиімді үлгісін қалыптастыру. Өңдеу секторы, тау-кен өнеркәсібі, энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және су ресурстарын басқару секілді салаларда жасанды интеллектіні қауіпсіз әрі кеңінен енгізу ісін жеделдеткен жөн. Біз жасанды интеллектіні теріс мақсатқа пайдаланудың алдын алатын, соның ішінде кибершабуыл, дипфейк, цифрлық алаяқтық пен басқа да қатерлерден қорғайтын пәрменді шаралар әзірлеуіміз керек. Келесі жылды екі елде Жасанды интеллект саласындағы бірлескен бастамалар жылы деп жариялауды ұсынамыз. Қытай Үкіметі мұны қолдаса, зор ризашылықпен қабылдар едік», – деді мемлекет басшысы
Президент жұртшылықтың ЖИ-ді түсініп, бағалау және реттеу бағытындағы ұжымдық қабілеті қалыптасып үлгергенше, оның мүмкіндіктері әлдеқайда озып кетуде деп санайды
Бұл орайда жасанды интеллектіні дамыту ісі өзара текетірес пен әскери бәсекеге емес, бейбітшілік пен тұрақты даму қағидаттарына негізделуі қажет.Сөзін қорыта келе, Мемлекет басшысы еліміздің бейбітшілікті сақтау, орнықты даму және жан-жақты өркендеу жолында жасанды интеллектінің әлеуетін пайдалануға ниетті барша серіктестермен нәтижелі ықпалдастық орнатуға дайын екенін жеткізді.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Тоқаев Дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясына қатысып, сөз сөйледі
- Есет Байкен Ұлытау облысына әкім болып тағайындалды
- Дастан Рыспеков Ұлытау облысы әкімі қызметінен кетті
- Алматының шыжыған ыстығы 50 жыл бұрын тіркелген температура рекордын жаңартты
- Ақтөбе облысында есірткі сатты деген күдікпен екі полицей ұсталды
- Бұрынғы энергетика министрі Атырау облысының әкімі болып тағайындалды
- Серік Шәпкенов Атырау облысы әкімі қызметінен босатылды
- «Семей орманы»: Құтқарушылар ашық жанып жатқан өртті тоқтатты
- Түркістан облысындағы күре жолда болған апаттан 7 адам қаза тапты
- Иран хуситтерден мұнай тасымалының тағы бір бағытын жабуды сұрады
- Екі министр шұғыл аттанды: Абай облысындағы өрт 60 гектарды шарпыды, 220 адам эвакуацияланды
- Астанада нәрестесін кәрізге ағызып жіберген 29 жастағы әйел ұсталды
- Павлодардағы банкте петарда жарған қарттардың халі қалай?
- Алматыда қызды аяусыз ұрып-соғып, видеоға түсіріп таратқан
- Президент Қытайда: «Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші AgriTech хабы ретінде дамытамыз»
- «Семей орманы» аумағындағы алапат өртті сөндіруге авиация тартылды
- 200 миллиард теңгенің темекі контрабандасын шетелден кіргізбекші болғандар ұсталды
- Түрмедегі салық: Оралдағы колонияда қылмыстық топ құрып алған
- ӘЧ-2026: Матчтан кейінгі саяси дау — «Фолкленд аралдары – Аргентинаға тиесілі»
- «Қайрат» Чемпиондар лигасы іріктеу кезеңінің екінші айналымына өтті