Талғардағы 14 жастағы Айболат Мұратханның өлімі: 3 жылға жуық созылған істің артында не тұр?

Талғар маңындағы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік ауылында кісі қолынан қаза тапқан 14 жастағы Айболат Мұратханның өліміне қатысты іс 2,5 жылдан соң әрең дегенде сотқа өтіп, бір емес қатарынан екі судья ауысса да әлі күнге дейін нүкте қойылар емес. Orda.kz редакциясына марқұмның ата-анасы келіп сот процесінің қалай өтіп жатқанын айтып берді.
Айта кетейік, Айболаттың өліміне қатысты мақала 2024 жылдың қазан айында шықты. Orda.kz мақала жариялаған соң 1 жыл 8 айға бойы бостандықта тайраңдап жүрген күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.
Сотқа өткен істе бір емес, қатарынан екі судья ауысып, соңғы рет мәйітті қазып алып эксгумация жасалған медициналық сараптамаға қатысты қосымша сұрақтар бар деп сот жарыссөзге таяғанда қайтадан сараптамаға жіберген. Сот отырыс алты ай жалғасып келеді.
Еске сала кетейік, Айболат Мұратханнан күдіктілер алдымен ақша бопсалап, ішінен қатты ұрған. Айболат осы соққылардан араға бірнеше күн өткен соң жансақтау бөлімінде жүрегі бір емес бес рет тоқтап, қаза тапқан.
Соққыға жыққан сол ауылдың тұрғыны Жандос есімді студент жігіт. Марқұмның анасы Уғыбайда Сайраттың айтуынша, Айболаттың ұялы телефонындағы жазбаларға қарағанда, Жандос балалардан бірінші рет емес, тұрақты түрде ақша бопсалап алып жүрген. Жасөспірім қайтыс боларының алдында ата-анасы мен туыстарынан ақша сұрауын көбейткен. Телефон жазбаларын қарағанда: «кімде-кім ақша тапсырмаса, өз жазаларыңды аласыңдар» деген аудиожазбалар табылған. Айболаттан жасы үлкен Мейрамбек, Алтынбек, Нұртілек, Расул, Еркінбек есімді жігіттер де сол оқиғаға дейін оны ұрып келгені анықталды. Ата-анасының айтуынша, балалардан жиналған ақша әлімжеттік көрсеткендердің Kaspi Red және басқа да несиелері мен қарыздарын жабуға кеткен.
Қарап отырсақ, бұл іс те 16 жастағы Шерзат Полат көз жұмған Талғар маңында болған. Әрі екеуі де жасөспірім, әрі бұл істе Шерзат Полат ісіндегідей тоғыз емес бір ғана күдікті, бір ғана жәбірленуші. Неліктен тергеушілер 1 жыл 8 айдан соң ғана күдіктіні ұстады? Ал Шерзат Полат өліміне кінәлі күдіктілерді сол күні құрықтады? Неге іс тергеу мен сот процесін қосқанда 2, 5 жылдан асып барады? Ал құзырлы органдар Шерзат Полаттың ісінде тергеу мен сот процесінің нүктесін 9 айдың ішінде қойды.
Orda.kz редакциясының тілшілеріне қайғыдан қан жұтқан Айболат Мұратханның анасы Уғыбайда Сайрат осыны айтып ашынды. Сонда «біздің елде бір істе әділдікке жету үшін тек қана резонанс болып, жұрттың назарын аудару керек пе?» деген заңды сұрақ туындайды.
Уғыбайда Сайраттың айтуынша, соттың мақсаты істі созып, артынша жылы жауып қою. Айта кетейік, бұл істе бір емес екі судья ауысқан.
«Сот қайталама медициналық сараптаманы не себепті жасағанын түсіндірмеді. Осы орайда мәйітке кешенді сараптама жасалғанын айтқым келеді. Бізге берген іс құжаттарында сараптамаға қатысты қосымша сұрақтар бар деп жазылған екен. Менің ойымша егер қосымша сұрақтарды сол екі сарапшыны шақырып-ақ сотта сұрастыруға болар еді. Менің ойымша бұлардың мақсаты сынықтан сылтау іздеп, іс жарыссөзге тақалғанда барынша созып, артынан жылы жауып тастау. Тергеу екі жыл жүрді, бірнеше рет істі тоқтатты, қысқартты. Сот 2024 жылдың желтоқсанында өтіп, 2025 жылдың ақпанында Қарасай ауданында қаралды. Ол жерде бір-екі сот отырысы онлайн болды. Сол кезде судья ауысты деп айтып, артынан тағы бір судья келді. Ол кісі бірінші отырыстан-ақ істі жүргізбей Еңбекшіқазақ ауданына қайтарып жіберді. Содан іс сәуір айында қайта жанданды да артынан жарыссөзге тақалғанда тағы да тоқтап қалды», – деді Айболаттың анасы.
Ата-анасының айтуынша, бастапқыда балаларының өз ауруынан қайтыс болды дегенімен келіспей, 6 айдан соң эксгумация жасатқан. Эксгумация қорытындысы бойынша Айболаттың соққы салдарынан асқазан-ішек жолдарында қан ұйып, сары суға айналғанынан қайтыс болғаны анықталған.
Енді анасының айтуынша, қазіргі қайталама сараптаманың мақсаты әу баста бала соқыршектен, яғни өз ауруынан өлді дегенге әкеліп, эксгумацияның қорытындысы, яғни бала соққыдан өлді деген сараптаманың күшін жою екенін айтты.
Сонымен қатар, Уғыбайда Сайраттың бізге көрсеткен құжаттарында қайталама сараптаманы Тахир Халимназаров жасасын деп тағайындаған екен. Осы орайда Айболаттың ата-анасы өздерінің күдіктерін ашық айтты.
«Әу баста бала өз ауруы асқынған соң өлді деп сараптама қорытындысын жасап берген сарапшы Бауыржан Құраметов (бұл сарапшы сол оқиғадан соң көп ұзамай қайтыс болған) Халимназаровпен жақсы қарым-қатынаста болған. Сондықтан ол кісі Құраметовтің бастапқы қорытындысына қарсы келер ештеңе жазбайды деп күдіктенеміз», – дейді Уғыбайда Сайрат.
Айболаттың анасының айтуынша, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғанына 3 жылдай болған. Ұлының өліміне қатысты сот ісі созылып, судья ауысып, баласының мәйітіне эксгумация жасалса да бітпейтін медициналық сараптамлардан әбден шаршаған. Алайда, баласы үшін істі соңына дейін жеткізетінін айтты.
«2024 жылдың қазанында қаза тапқан марқұм Шерзаттың да тергеу мен соты небары 9 айдың ішінде аяқталды. Үкім шықты. 2023-тің наурызында өлген баламның ісі бойынша сот үкімді әлі шығармады. Шерзат ісінде тоғыз күдікті болса менің баламның ісінде бір күдікті емес пе?», – деді ашынған ана.
Біз Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық сотына неге істің 2,5 жылға созылып кеткенін әрі неліктен бір емес қатарынан екі судьяның ауысқанын және қайталама сараптаманың қандай негізде жасалғанына қатысты сауал жолдадық.
«Іс соттылығы бойынша Еңбекшіқазақ ауданына түсті. Қорғау тарапының өтініші негізінде кешенді сот-медициналық сараптама тағайындалды», – деп қысқа ғана қайырды.
Orda.kz осы істі бақылап, алдағы уақытта ақпарат таратып отырады.
Жаңалықтар
- Жезқазғандағы Медет Исламның ісі бойынша айыпталушыларға сот үкімі шықты
- Ердоғанның қарсыласы Экрем Имамоглу сотталды
- Сот залында айыпталушының анасы өзін-өзі өртемек болды: Адам ағзасын саудалаған қылмыстық топқа сот үкім шығарды
- Алматы әуежайында қызметкер қызды кепілдікке алған Машрапбек Баратов 11 жылға сотталды
- Алматыда газ құбыры жарылысынан бір көлік аударылып түсті
- Ақтөбеде парашютпен секірген курсант мерт болды
- Белгілі журналист Әлия Әшім оқырмандардан кешірім сұрады
- Қостанай облысында ер адам әйелі мен енесін өлтіріп кетті
- Амантай қажы бір әйелді баспалдақтан итеріп жіберді
- НЗМ-нің ата-аналары Перизат Қайрат ісінде жәбірленуші ретінде танылды
- Түрікменстанда Сердар Бердімұхамедовке «сұлтан» атағын беру ұсынылды
- Абай облысында қоластындағыларға айырсадақ атқан полиция басшысы орнын босатты
- Жамбыл облысында келінін қорлаған ер адам 10 күнге қамалды
- «Жоғары жалақы, жалған сыйақы»: Өскемен әуежайының бұрынғы басшылығын тергеу аяқталды
- Украинаның премьер-министрі отставкаға кетті
- «Қазақстандағы түрме азабы»: «Қара генерал» ісіндегі шезофрениямен ауыратын сотталушының қор болған ғұмыры
- Жезқазғанда «Шерзат ісіне» ұқсас қылмыстық іс қайта қаралып жатыр
- «Әкімдіктегі жемқорлық»: Ақтөбеде мердігерді қорқытып пара алған шенді әкімді сотқа шақырды
- Салық кодексіне өзгерістер енгізілді
- «Жетімін жылатпаған қазақ»: Қонаевтағы балалар үйінің жағдайы қалай?