Сот Диана Баймағамбетоваға қатысты үкімін өзгертпеді

cover Азаматтық белсенді марқұм Дулат Ағаділді еске алу асы. Полиция "рұқсат етілмеген шеруге қатысты" деген айыппен ондаған адамды әкімшілік жазаға тартқан. Талапкер ауылы, Қазақстан, 8 тамыз 2020 жыл.

Алматы қаласының апелляциялық соты 28 жастағы белсенді Диана Баймағамбетоваға қатысты адвокат Ғалым Нұрпейісовтің шағымын қанағаттандырмады. Осылайша 14 желтоқсанда мамандандырылған ауданаралық тергеу соты шығарған шешім өзгеріссіз қалды. Тергеу соты оны екі айға - 12 ақпанға дейін қамауда қалдырған еді.

Белсенді Диана Баймағамбетова «тыйым салынған ұйым ісіне араласты» деген күдікпен 12 желтоқсанда Алматы халықаралық әуежайында ұсталған. Сол күні Алматыдағы уақытша қамау изоляторына қамалып, екі күннен соң тергеу сотының қаулысымен тергеу изоляторына ауыстырылды.

Бірнеше наразылық акциясына қатысқан белсенді Диана Баймағамбетова осыған дейін 45 күн (15 тәуліктен үш рет) әкімшілік қамауда отырып шыққан. Маусым айында «субботаж» шарасына, тамызда – белсенді Дулат Ағаділдің туған ауылында билік рұқсат етпеген акцияға қатысқаны, ал қазанда Алматыда жұртты митингіге шақырған деген айыппен әкімшілік жауапқа тартылған.

Биыл мамыр айында бас прокуратураның шағымы бойынша Нұр-Сұлтандағы Есіл аудандық соты «Көше партиясын» «экстремистік ұйым» деп таныған. Прокуратура «Көше партиясы» елде «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына қатысы бар деп санайды. Ал белсенділер бұл ұйымның ҚДТ-ға қатысы жоғын айтады.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар