Солтүстікте қазақ санын көбейтемін деген жұрт үнсіз жапа шегуде

cover Коллаж Orda.kz

Orda.kz редакциясына Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданы Саумалкөл ауылының тұрғыны Мадина Баймендина хабарласып, «Еңбек» бағдарламасымен көшіп келгенін айтты. «45 үйдің жүгін арқалап жүрмін» деген әйел жоғарыға жазған кейбір арыздарының қараусыз жатқанын айтты. Жолға ақша бөлінгенімен, жол да салынбағанын айтқан әйел биыл жөндеуге 67 млн бөлінді деп отыр.

Біздің редакцияға үйлердің жарылған қабырғаларын көрсеткен бейнежазбалар жіберді. Ол Ақжар, Мамлютка, Арықбалық және Айыртау аудандарының да тұрғындары сондай жағдайға тап болғанын айтты.

Редакция тілшісі осы Мадина Баймендинамен сұхбаттасты. Артынша елді солтүстікке көшіру мәселесін көтеріп жүрген «Тәуекел» ұйымының жетекшісі Бурахан Даханға хабарласты.

«Еститін үкімет» естімеген жағдайлар

«Еститін үкіметтің» естімеуі мүмкін емес төрт ауданның жағдайы қазір қалай?

Бұл Мадина Баймендинаның үйінің төбесі. Қазір жөндеу жұмыстарын жасап жатыр. Оның айтуынша, басқа үйлердің де төбелері дәл осылай ашық. Ол бұл жағдайда «үндемей қалуға болмайды» деп, көршілерінің үйлерінің де суреттерін жіберді.

Ал бұл кірпішті бұрандамен ұстатып қойған үйдің кірпіштері құлай береді. Басқа да бейнежазбаларын көрсек, үйлердің сапасы сын көтермейді.

Сондай-ақ Мадина Баймендина басқа аудандардағы үйлердегі суреттерін де жіберді. 

«Меңдібаев Мейрам Жақсылықұлы қазіргі әкім, бұрынғы екі әкімнің кезіндегі мәселелерді жамап-жасқауға тырысқанымен, барлық үйге жетпей жатыр. Қазіргі әкім өзі келіп, жасап жатқан құрылыс жұмыстарын өзі қадағалап жүр. Енді оған ризамын», — деді Мадина Баймендина. 

Қазір мемлекет солтүстікке қоныстандыру үшін көшірген халық қыстан қалай аман шығамыз деп алаңдап отыр.

«Біз арыз жазған жерлердің ішінде прокуратура ғана жұмыс істеп жатыр. Бас прокуратураға хабарласқаннан кейін біздің прокурор Медет Қафизов осы мәселені қолға алып, барлық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты, әкімдікті шақыртып тексеру жасап жатыр. Құжаттарды енді облысқа өткізбек. Тексерілген әр үйден түсініктеме алынды. Түсініктеме алған кезде Тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық мекемесінің бар былығы шықты. Сондықтан біз айқара ашық, жемқорлық болды деп айта аламыз. Алайда қылмыстық іс қозғалған жоқ. Үйлердің сапасы төтенше жағдайда тұрғанына қарамастан, қылмыстық іс қозғау үшін экспертиза керек деп жатыр. Ал экспертиза бір үйге 200-300 мың теңге ақша тұрады. Сондықтан қазір біз оны жасай алмай отырмыз. Әр үй көмір, отын алумен, қыстың қамын жасаумен әлек болып жатыр», — деді Мадина Баймендина.

2021 жылы да дәл осы Айыртау ауданы, Саумалкөл ауылының тұрғындары үйдің мәселесін көтерген болатын.

Ол Саумалкөл ауылында 23 адам қол жинап, көлік министрі Марат Қарабаевқа жазған арызын көрсетті. Оның айтуынша, 45 үйдің бәрі арызданбай отырған себебі, кейбірі жұмыстарынан айырылып қалуға қорқады, кейбірі хат танымайды.


2021 жылы Астанадан «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша көшкенде, олар жақсы қарсы алыпты. Алайда ресми салтанаттың сыртындағы шынайы жағдай мүлде басқаша болып шықты. Сондай-ақ ол президент әкімшілігіне жазған арыздарын көрсетті.

«Көрмегеніміз жоқ, батарея жарылып, қыста су қатып, 3-4 ай сусыз отырып, қар еріткен күндеріміз де болды. 5 ай пәтер жалдап тұруға мәжбүр болдық. Қабырғаларымыз  жарылып, төбеміздегі тақталардың арасы 30-40 сантиметр ашық, гуілдеп жел ұрып тұр... Қыста 12-15 тонна көмір кетеді, 2 машина отын. Далаға жағып жатқандаймыз... Іргетас деген мүлдем жоқ, ашып қарасаңыз саз балшықпен құм... Цемент қолданбаған», — деді Мадина.

Мадина Баймединаның сөзінше үйлердің бәріне емес, кейбір үйлерге ғана жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. 

«Ауылда 44 үй бар. Сол үйлердің тек аз бөлігіне ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жемқорлық болды деп ашық айтамыз. 67 миллионға тек 15 үйге ғана жартылай жөндеу жұмыстары жасалды. Бұл ақшаға тіпті жаңадан үй тұрғызуға болатын еді. Олар үндемей бәрін жеп алады. Біз наразылық білдіргеннен кейін, жөндеу тізіміне тағы 8 үйді қосты. Бірақ мына арыз жазған 23 үйдің біразы сол тізімге қоспай отыр. Оның үстіне 67 миллион бітті. 6-ақ миллион ғана қалыпты. Әкімдік сол ақша жеткенінше жасағалы отыр. Әкімдіктен хат келді.  8 үй тізімге енді деп. Ал қалған үйлер тізімде жоқ», — деді Мадина.

Мадина Баймендина ауысып кеткен қай әкімнің жемқорлыққа барғанын білмей қалдық деп отыр. 

«Бұл жерде Нұрболат Ғалымов біз келгенде уәдені үйіп-төгіп берді. Қоңырау шалдық, барамыз. Қашып жүрді. Қазір ол жөндеу жұмыстары бойынша Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының басшысы. 2023-2024 жылға да жауап беруі керек. Жұмыстан босатылмады. Ал құжаттардың бәрінде орынбасарының қолы. Мен құжаттардың бәрін көріп шықтым. Неге екені белгісіз басшысының қолы жоқ. Орынбасар басшысының пәрменінсіз ештеңе істемейтіні анық. Егер қылмыстық іс қозғалса орынбасары жауап береді. Себебі бүкіл жерде Үсенов Мараттың қолы», — деді Мадина Баймендина.  

Сондай-ақ ол көбінің қорқатынын, үйлерінің жағдайын содан көрсетпейтінін айтты. Оның сөзінше Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығында істейтін адамдарды жұмыстан шығарамыз деп қорқытыпты.

«Қаржылардың қай әкімнің тұсында кеткенін білмей қалдық. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының бастығы, орынбасары және әкімдікте әлі күнге дейін ауыспай отырған әкім орынбасары істеп отыр. Ол осы істі жүргізіп отырды. Осы кісілердің қолы актіге қойылған», — дейді ол.

Ол бұл жобаға қатысқандардың есімдерін айтып берді:

«Бұл үйлерді салу кезінде аудан әкімі Әмрин Дархан Өмірсерікұлы болды. Сол кездегі үйдің жағдайы міне, жолымыз да жоқ. Исин Еңбек Амандықұлы осы жобаны қадағалаған әкімнің орынбасары болды (әлі күнге дейін жұмыс істейді). Кейін Ерболат Мұратұлы Бекшенов 2023 жылы әкім болған кезде жөндеуге 30 млн бөлінген, сметасы атқарылған жұмыстарға сәйкес келмеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөндеу бөлімінің бастығы 2023 жылы Ғалымов Нұрболат Мергенұлы тікелей істі басқарды. Осы үйлерді салу кезінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық меңгерушісі Бейсеуов Жанат Тұрлыбайұлы, Құрылыс бөлімінің басшысы Абдулманов Ербол Сейдахметұлы басы қасында жүрді. Алайда бүкіл жерде ТКШ жөніндегі орынбасар Марат Үсеновтің қолы бар», — деді Мадина Баймендина.

Құрылыс болып жатқанда, 2019 жылы Айыртау ауданының әкімі болып кейін ауысып кеткен Әмрин Дархан Өмірсерікұлы отырды. Кейін осы үйлердің сапасыздығына қатысты Президенттің сынына кейін қызметінен кеткен болатын. Мадина Баймендина қызметінен кеткенімен еш жаза алып, болмаса тексерістен өтпеді, деп отыр тұрғындар. Кейін қызметтен босатылған соң, ол  Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалды.

Ал екінші 2021 жылы ауысып келген әкім Ерболат Мұратұлы Бекшенов сол Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін СҚО Айыртау ауданына тағайындалған әкім болатын. Қазір ол СҚО сайлау комиссиясының төрағасы.

Мейрам Меңдібаев бір ай бұрын ғана Айыртау ауданының әкімі болып сайланды.

Мадина Баймендина қазіргі әкімнің бұрынғы былықтардың бәрін шешу үшін еңбектеніп жүргенін баса айта кетті.

Orda.kz осы мәселе бойынша бас прокуратураға арнайы сауал жолдады.

Бағдарлама неге күйреді?

Бұл тек бір үйдің мәселесі емес екенін жоғарыда айттық. Көрші үйлерде де электр жүйесінің дұрыс орнатылмауы мен пештерде қауіпсіздік ережелерінің сақталмауынан өрт болыпты. Біз редакция атынан облысқа арнайы сауал жолдайық дегенімізде облыспен ым-жымы бір деп күмәнданатынын айтып, республикалық органға жіберуімізді өтінді.

Сондай-ақ ол арнайы комиссия келгенін, 850 адам қосылған чат ашылғанын, қазір 450-дей адам ғана қалғанын айтты. Алайда күнде мәселе жазғанымен комиссия мүшелері басында үндемеген. 

Кейін тек әкімшілері ғана жаза алатын топ қылып тастап, «үндемес ойнап» отырғандарын айтты.

Мақала жазылып жатқанда 16 қазан күні Мадина ханым чатты қайта ашқанын хабарлады. Ал Уәлихан ауданындағы Перизат деген азаматша дау-дамайды чатқа салып көрсете бастағанда мапсап орталығының адамдары оны чаттан шығарып тастағанын айтты. Топта отырғандар «шындықты айтқандарды топтан шығарып жібереді» деп отыр. 

Оның сөзінше зауыт салынбаған аудан орталығының әкімдігі 50 адамға да жұмыс таба алмаған соң, жан баға алмаған халық босып, көшіп кеткен.

«Осындай топ құрып қойған. Оның ішінде 850 адам отыратын. 850 адам осы солтүстікке Қазақстанның түпкір-түпкірінен көшіп келгендер. Бір өкініштісі, мен осы үйлердің мәселесін көтеріп бейнежазбалар сала бастағаннан кейін топты тоқтатып қойып отыр. Ешкім ештеңе жібере алмасын, бейнежазба жібере алмасын деп осылай админдер ғана жазатындай болып тұр. Топта мен 4 айдай отырдым. Сол уақытта көргенім — күніне 10-20 адам жан-жақтан шағымданып жатады. Біреулер соттасып жатады. Өйткені бұл жақта тұра алмайды. Мұндай жағдайға шыдай алмайды. Бағдарлама не үшін құлады дейсіз? Бұл келгенде беретін ақшаны алып қашып кету емес, халық бұл жаққа жақсы өмір іздеп келді. Бірақ бұл жақта жағдайды жасай алмаған соң, қайта кетті. Биыл міне 3,5 миллиард ақша бөлінді. Ол ақша да  дұрыс жұмсалды деп ойламаймын. Себебі ешқандай зауыт салынбады. 50 адамға жұмыс таба алмай отырған ауданның әкімдігі 3500 адамға қайдан жұмыс тауып береді», — деді Мадина Баймендина.

«Жемқорлықтың бар екенін мойындауымыз керек»

Бұл мәселені көтеріп жүрген белсенді Бурахан Дахан өзі отбасымен теріскейге көшіп келгендердің бірі.

Фото: Бурахан Даханның facebook парақшасынан

Қазіргі кезде оның «Тәуекел» атты ұйымы бар. Оrda.kz бұған дейін оның ұйымы осы мәселені қолға алайын деп, мемлекет бөлген 10 млн теңгенің тендеріне қатысқан болатын. Алайда олардың ұтылып қалғаны жайлы жазған едік. Қатысқан ұйымның төртеуі де солтүстіктікі болған. Қазіргі таңда «Тәуекел» ұйымы өз бетінше миграциялық мәселелерді шешуге арналған жаңа жобалар жасап жатыр.

Бурахан Дахан «Еңбек» бағдарламасының жайын бір кісідей білетінін айтты. Өйткені өзім де сол «Еңбек» бағдарламасымен 2021 жылы солтүстікке сонау жер жәннаты Жетісудан көшіп келіпті.

«Иә, Саумалкөлдегі жағдайдан хабарымыз бар. Мадина ханыммен анда-санда сөйлесіп тұрамыз. Енді дәл қазіргі уақытта билік тарапынан осы жақында ғана жұмыспен қамтудың облыстық басшысы Ринат Серейұлы деген кісі бар. Сол кісі өзі барып, сол жердегі аудан әкімімен бірге жүріп жаңағы үйлердің бәрін қарап, жөндеу жұмыстарын ақырын бастауға кірісіп жатыр негізі. Одан кейін Мадина ханымның өзінің үйінде жөндеу жұмыстары басталды», — деді Бурахан Дахан.

Ол солтүстікте ондай үй мәселесі бар екенін мойындауымыз керек екенін айтып, қазіргі үкіметтің шаралары жайлы айтты

«Енді үй мәселесінде ондай проблемалар бар. Оны мойындауымыз керек. Сол себепті үкімет қазір 50/50 деген бағдарламаны ойлап шығарды. Яғни, солтүстікке көшіп келген азаматтар жарты ақшасын өзі төлейді, жарты ақшасын үкімет төлеп береді. Яғни жергілікті сатылып жатқан үйлерді алады», — деді Бурахан Дахан.

Сондай-ақ ол жемқорлықтың да бар екенін айта кетті.

«Жалпы, солтүстік дегенде біз жалпы 3 облысты айтамыз ғой, Қостанай облысы, Павлодар облысы. Өздеріңіз білесіздер, Павлодар облысында көш мәселесінде жемқорлық фактілері ашылған болатын. Жемқорлықтар бар. Қарапайым халық тарапынан да, мысалы үкімет біраз үй соғып берген», — деді Бурахан Дахан.  

«Теріскей бізге аманат»

Бурахан Даханның сөзінше солтүстікке көштің кедергілері көп.

«Үкіметтің сап берген жүздеген үйлерінің бәрі шынымен толып қалды ма?,  деген сұрақ туады. Толып қалса бұл бағдарлама сұмдық жұмыс істеп тұр ғой шынымен дегендей ойда келуі мүмкін. Бірақ... Ия қағаз бойынша бәрі үйдің бір қожайыны яғни тұрып жатқан адамы бар. Ал іздеп үйіне барсаң, кейбіреуінің есіктеріне қалың өрмекші тор құрып тастаған яғни ешкім тұрып жатқан жоқ. Қысқасы, соңғы кезде Солтүстікке келіп, үкіметтік үй алып, оны жауып өздері басқа жақта тұрып жатқан фактілермен жиі ұшырасып жүрмін. Қағаздарына қарасаң, екі жылдан бері, үш жылдан бері осы үйде тұрып жатыр. Бірақ шын жағдайда үй бос. Міне, осындай жағдайлар Үкіметтің бағдарламасына, президент Қасым Жомарт Тоқаевтің ішкі көші қонға байланысты бұйрығына кереғар әсер етіп, Солтүстікке көш жөнді жүрмей, нәтиже бермей жатыр. Қысқасы, Солтүстік өңірлерде толыққанды тексеріс жүргізіп, көш мәселесімен салынған үйлерді қыста жауып, жазда келетін саяжай қылып отырған адамдардың үйлерін үкіметке қайтарып алып, келісім шарттарын бұзуды, үкіметтен көшіп келуші ретінде алған субсидия ақшаларды қайтартуын сұраймын. Осындай адамдардың кесірінен ауылдардағы мектептер жабылып, тарап кетейін деп тұр», — деді Бурахан Дахан. 

«Теріскей бізге аманат»... Жерді ойлаған әр адамға бұл сөз ыстық. Әрине, 2 әкім ауысқан жердегі жағдайды облыс басшылығы білмеуі, естімеуі мүмкін емес. Бір ай бұрын ғана облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов өзі Айыртау ауданына барып қайтыпты. Мәслихаттың кезектес тыс 19-шы сессиясы өтіп, жаңа әкім Мейрам Меңдібаев сайланды.

Orda.kz редакциясы «Еңбек» бағдарламасындағы бұзушылықтар бойынша еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, тұрғын үй құрылысы мен жөндеу сапасын тексеру үшін индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне, сондай-ақ бөлінген қаражаттың заңсыз пайдаланылуы мен жемқорлық фактілерін анықтау мақсатында Бас прокуратураға ресми сауал жіберді.

Келген жауаптар:

Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» бағдарламасы аясындағы солтүстік аймақтарға көшкен тұрғындардың шағымдарына қатысты жауап берді.

Министрлік өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік қолдау заң талаптары мен бекітілген квоталарға сәйкес көрсетіледі. 2024 жылға белгіленген квота 9 483 адамды құрайды.

Министрлік мәлімдемесіне қарасақ, бағдарлама аясында тұрғындарды солтүстік аймақтарға көшіру қолдау көрсететін негізгі шаралардың бірі болып табылады. Қолданыстағы ережелер бойынша, көшуге арналған субсидиялар мен басқа да шығындар жергілікті бюджеттерден бөлініп, бұзушылықтар анықталған жағдайда тексерулер жүргізіледі.

Министрлік сондай-ақ жауапты ұйымдардың жұмысын тексеруді жалғастыруды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту үшін жаңа шаралар енгізуді жоспарлап отыр. Бұл үшін министрлік процестерді автоматтандыруды қолға алып, көші-қон орталықтарының қызметкерлерімен қатынастарды барынша азайтуды көздеп отыр. Осы арқылы заң бұзушылықтар мен алаяқтықтың алдын алу мақсатында жұмыс жүргізілмек.

Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын сақтау мен жергілікті билік органдарымен ақпараттық өзара әрекеттесуді күшейту жоспарланып жатқанын хабарлады.

Сондай-ақ Orda.kz жіберген ресми сауалымызға Бас прокуратура да жауап қайтарды.

 

Қазақстан Республикасының Бас Прокуратурасы «Еңбек» бағдарламасы бойынша бірқатар заңбұзушылықтарды анықтады. 17 қазандағы өтінішке жауап ретінде прокуратура мынадай мәліметтерді ұсынды:

«Программа 2017 жылдан 2021 жылға дейін жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта азаматтарды ерікті түрде қоныс аудару жұмыстары жүргізілуде. 2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында жүргізілген тексерулер барысында бюджеттік қаражаттың заңсыз жұмсалуына қатысты мәселе анықталды. Нәтижесінде құрылыс жұмыстары аяқталмаған, үйлер техникалық және санитарлық талаптарға сай келмеді. Барлығы 28 тексеру жүргізілді, оның барысында 311 үйдің 65-інде заңбұзушылықтар анықталды. 20 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды». 

Сонымен қатар, Бас прокуратура 2023-2024 жылдар аралығында қоныс аудару бағдарламасының заңдылығын қайта тексергенін хабарлады:

«Жергілікті атқарушы органдардың қоныс аударушыларға қатысты заң бұзушылықтары 1 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатының жымқыруына әкеп соқтырды. Құжаттарда көрсетілген адамдар шын мәнінде қоныс аудармаған, ал үйлер көбіне пайдалануға жарамсыз болды».
«Жалған құжаттар бойынша қоныс аударғандар ретінде тіркелген адамдар қоныс аударған жоқ, ал үйлер сатып алу құны төмен, олар тұрғылықты орын ретінде жарамсыз болған», – деп мәлімдеді прокуратура. 

Бұл заңбұзушылықтар бойынша қылмыстық істер қозғалып, «30 лауазымды тұлғаға қатысты 20 алдын ала тергеу басталды».

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар