Салық органдары кәсіпкерлерге қызметкерлердің жалақысын көтеруді жаппай талап ете бастады
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Сарапшылар мұндай талаптар салық органдары өкілеттігінен тыс екенін мәлімдеді Қазақстанның салық органдары кәсіпкерлерге қызметкерлер жалақысын медианалық деңгейге дейін көтеруді талап ете бастады, деп хабарлайды Orda.kz.
Сарапшылар мұны өкілеттікті асыра пайдалану деп бағалап отыр. Жаңа талаптар еңбек қатынастарына араласуды көздейтіндіктен, мамандардың пікірінше, бұл заң талаптарына қайшы келеді. Кәсіпкерлік кодекс мемлекетке бизнестің қызметіне заңсыз араласуға тыйым салады, ал жалақыға бақылау жүргізу салық органдарының емес, еңбек инспекциясының құзыретіне жатады.
Салық органдары кәсіпкерлерге қызметкерлердің жалақы мөлшерін түсіндіруді немесе оны тиісті мамандықтар бойынша медианалық деңгейге дейін жеткізуді талап ететін хабарламалар жібере бастаған. Бұл тәжірибе есепшілер мен салық кеңесшілері арасында қызу талқыланып жатыр.
inbusiness.kz. мәліметінше Мұндай хабарламаларға алғашқылардың бірі болып салық және бухгалтерлік есеп жөніндегі сарапшы Ульвия Қасымова назар аударды. Оның айтуынша, хабарламаларда салық органдарының дерегі бойынша компания қызметкерлерінің жалақысы тиісті мамандықтардағы медианалық деңгейден едәуір төмен екені көрсетілген. Осыған байланысты кәсіпкерлерге 28 шілдеге дейін түсініктеме беру немесе жалақы мөлшерін нақты төленіп отырған деңгейге сәйкестендіру ұсынылған. Құжат соңында әкімшілік жауапкершілік туралы ескерту де бар.
Қасымованың пікірінше, қолданылып отырған әдістеменің көптеген тұсы түсініксіз. Оның айтуынша, бір компанияда жалақысы төмен жаңадан келген бухгалтер де, айына миллиондаған теңге алатын көп жылдық тәжірибесі бар жоғары білікті маман да жұмыс істеуі мүмкін. Сонымен қатар шамамен 30 адам еңбек ететін шағын жеке кәсіпкерліктің жалақы деңгейін құрамына ірі холдингтер де кіретін саланың орташа көрсеткішімен салық органдары қалай салыстыратыны белгісіз.
Сарапшының айтуынша, мұндай тәсіл қызметкерлердің тәжірибесін, біліктілігін және нақты бизнестің ерекшеліктерін ескермейді. Соның салдарынан кәсіпкердің алдында екі таңдау қалады: тәжірибесі аз қызметкерлердің жалақысын көтеру немесе медианалық көрсеткішке жақындау үшін жоғары білікті мамандардың табысын азайту.
inbusiness.kz редакциясы түсініктеме алу үшін Қазақстанның салық кеңесшілері қауымдастығы басқармасының төрағасы Сәкен Қаринге жүгінді. Ол мұндай хабарламалардың расымен жіберіліп жатқанын растап, бұл тәжірибені заңсыз деп атады.
«Салық органдарының құзыреті – салықтар мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің дұрыс есептелуін тексеру. Салықтың дұрыс төленуі бұрыннан қалыптасқан салық салу объектісіне, яғни нақты төленген жалақыға негізделуі тиіс. Бірақ салық органы ешқашан салық салу нысанына ықпал ете алмайды. Ол кәсіпкердің қызметіне араласып, «сіздің жалақыңыз төмен, оны көтеруге міндеттісіз» деп талап қоя алмайды. Бұл – Кәсіпкерлік кодекстің 18-бабында көзделген мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілері қызметіне заңсыз араласуына тыйым салу қағидатын бұзу. Мұндай әрекеттер үшін белгілі бір жағдайларда әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Егер мұндай фактілер жаппай сипат алса, прокуратураға жүгініп, салық органдарына қатысты прокурорлық ықпал ету шараларын қолдануды сұрауға болады», – деді Қарин.
Оның айтуынша, егер мәселе нақты жалақыны жасыруға қатысты болса, яғни еңбек шартында бір айлық көрсетіліп, іс жүзінде одан көп төленсе, жағдай басқаша болар еді. Алайда мұндай заңбұзушылықтарды дәлелдеу қажет және оны тексеру салық органдарының емес, еңбек инспекциясы мен Еңбек министрлігінің құзыретіне кіреді.
«Белгілі бір кәсіпкерлік субъектісіндегі жалақының медианалық деңгейден ауытқуы – қалыпты құбылыс. Себебі өндіріс, сауда және басқа да қызмет салаларында еңбекақы деңгейі әртүрлі болады. Медианалық жалақы – белгілі бір ел немесе сала бойынша орташа көрсеткіш. Сондықтан мұнда салық органдары тарапынан заңсыз талдау мен заңсыз салықтық әкімшілендірудің белгілері байқалады», – деді сарапшы.
Сарапшылардың пікірінше, жаңа тәжірибе кәсіпкерлер қауымдастығында көптеген сұрақ туғызуы мүмкін. Өйткені салық органдарының міндеті – төленген табыстардан салықтың дұрыс есептелуі мен төленуін бақылау, ал қызметкерлердің жалақы мөлшеріне ықпал ету емес.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Жолаушыларға лық толы ұшақта портативті қуаттағыш атылып, бүкіл әуежай әуре-сарсаңға түсті
- Президент Ұлытау облысының жаңа әкіміне өңірдің тұрмыс сапасын жақсартуды тапсырды
- Театр ардагері Бижамал Кемалова өмірден өтті
- Салық органдары кәсіпкерлерге қызметкерлердің жалақысын көтеруді жаппай талап ете бастады
- Алматыда биыл 105 лифт ауыстырылады
- Цифрлық майнинг: 2 млрд теңгенің заңсыз криптовалюта операциясы немен аяқталды?
- КҚК Новороссийск арқылы мұнай жөнелтуді қайта бастады
- Президент Тоқтар Әубәкіровті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады
- 9 ай бойы дұрыс емдемеген: БҚО-дағы аурухана қайтыс болған науқастың отбасына өтемақы төленеді
- Алматыда жер сілкінісін ерте ескерту жүйесі күшейтіліп жатыр: 35 жаңа сейсмобекет салынды
- Немересі әжесінің мәйітімен бірге крематорий пешіне секірді
- Астанада автосалон жұмысшысы клиенттердің көлігін сатып жіберген
- Қазақстандық турист Ыстықкөлде 14 жастағы қызды соққыға жықты
- Қасым-Жомарт Тоқаев Эндрю Бернемді құттықтады
- Аятолла Мұджтаба Хаменеи қарсылықты жалғастыруға шақырып, АҚШ-пен келісім шарттарын атады
- Қытай АҚШ-пен соғыс және Тайваньды басып алу сценарийлерін макет арқылы пысықтауда
- «Боратты» жарнамаға қосқан Shoqan бренді дауға қалды
- Джеки Чан Қазақстандағы кеште Miyagi мен Нұрлан Сабуровпен бірге көңіл көтерді
- Иран: АҚШ-қа 20 млрд доллардан астам шығын келтірдік
- Алматыда түнгі жол апатынан екі қыз қаза тапты