Отырарда Алтын Орда дәуіріне тиесілі ең көне мешіт табылды

cover Фото: gov.kz

Түркістан облысындағы ортағасырлық Отырар қаласында XIII–XIV ғасырларға жататын мешіттің орны анықталды. Бұл — қала аумағынан табылған ең көне мешіт, деп хабарлайды  Orda.kz Үкімет сайтына сілтеме жасап.       

Бұған дейін мұнда тек XV–XVII ғасырларға тиесілі діни нысандар белгілі болған.

Археологтар мешітпен қатар бұрын кездеспеген тас төселген көшені де тапты. Зерттеу ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Қазба жұмыстарын профессор Мұхтар Қожа жетекшілік ететін экспедиция жүргізді.

Қазба барысында бес құрылыс кезеңіне жататын қабаттар анықталған. Ең төменгі қабаттан мешіттің қабырғалары мен оған апаратын тас көше табылды. Ғалымдардың айтуынша, ғимараттың құбылаға бағытталуы, маңынан мұсылманша жерлеу орындарының табылуы және арнайы төселген тас жол оның мешіт болғанын дәлелдейді.

Сонымен қатар қазба кезінде мөр-жүзік, теңгелер, сәулеттік бөлшектер мен тұрмыстық заттар табылды. Бұл жәдігерлер Отырардың Ұлы Жібек жолындағы маңызды сауда орталығы болғанын нақтылай түсетін дерек.

2025 жылы экспедиция Отырардың рабад бөлігінен екі бөлмесінде де михрабы бар тұрғын үй кешенін тауыпты,  екі михрабтың да бағыты Меккеге, құбылаға қаратылған, бұл үй салынған кезден-ақ ескерілген. Ғылыми әдебиетте бұған дейін Орталық Азия аумағында тұрғын үй ішінен михраб табылғаны тіркелмеген. Мерзімін нақтылау үшін тандыр ішінен алынған ағаш күлі Түркиядағы зертханаға жіберіліп, радиокөміртекті талдау нәтижесінде кешеннің VIII ғасырдың ортасына тиесілі екені анықталған.

Биылғы далалық маусым Отырардың шахристан бөлігінде 2026 жылғы 1 маусымда басталып, шілденің аяғына дейін жалғасты. Экспедиция мүшесі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Археология ғылыми-зерттеу институтының жетекші ғылыми қызметкері, доцент Бақдәулет Сыздықовтың айтуынша, ауданы 100 шаршы метр (10×10 метр) қазба орнында репер нүктесінен есептегенде 3,5 метр тереңдікке дейін қазба жүргізіліп, бес құрылыс кезеңіне жататын қабаттар анықталды.

 

Жоғарғы қабаттардан тұрғын үй мен шаруашылық бөлмелері, құмыра күйдіретін пеш орындары, қыш төселген көшелер шықты. Төртінші қабаттан дахма үлгісіндегі ұжымдық жерлеу орны ашылды. Мұндай жерлеу түрінің аналогтары Самарқандтағы Шайбанилер әулетінің жерлеу орындарынан белгілі. Ал ең төменгі, бесінші қабаттан Алтын Орда кезеңіне тиесілі мешіттің қабырғалары мен соған алып келетін тас көше табылды.

«Ғимараттың мешіт екенін көрсететін бірнеше белгі бар. Бірінші белгісі – ашылған қабырғалардың бағыты михраб жасалатын бағытпен, құбылаға қаратып салынған, мұны азимут өлшемі растайды. Екінші белгісі – ғимараттың ішінен және айналасынан мұсылмандық жерлеу орындары көп анықталды. Алтын Орда дәуірінде мешіттердің ішіне және сыртына адамдар жерлейтін болған. Алтын Орда дәуірінің қалаларында мешіт маңына адам жерлегені басқа зерттеулерде де тіркелген. Үшіншіден, мешіттің маңыздылығын көрсететін нәрсе — ғимараттың есігіне дейін таудан арнайы әкелінген үлкен тастармен көше төселген. Әйтпесе, барлық жерде үлкен таудың тасынан көше жасай бермейді», – деді жоба жетекшісі, профессор Мұхтар Қожа 

Табылған сүйектерден антропологиялық және генетикалық зерттеулерге сынама алынып, зерттеу аяқталған соң олар жақын маңдағы зиратқа қайта жерленеді.

Профессор Мұхтар Қожа қазірге дейін нысанның бір бөлігі ғана ашылғанын айтады. Ғалым ашылған тұсты мешіттің алдындағы аула деп болжайды, ал михрабы бар негізгі қабырға әлі жер астында жатыр.

Ғалымдардың болжамынша, көшеге төселген тастар Түркістанның арғы жағындағы Қаратаудан жеткізілген. Тас көшенің жалғасында, қаланың биік бөлігіне көтерілетін тұста күйдірілген кірпіштен қаланған тепкішек-саты ашылды. Мұндай құрылыс та Отырарда алғаш рет табылып отыр.

Профессор Мұхтар Қожаның бағалауынша, тепкішек кейінгі кезеңге — XV–XVI ғасырларға тиесілі. Яғни Алтын Орда дәуірінде тастан төселген бұл көше бірнеше ғасыр бойы қолданыста болып, кейін биіктеу мақсатында кірпіштен тепкішек (баспалдақ) жасалған.

Қазба барысында араб жазуы бар мөр-жүзік, терезеге орнатылатын сырлы панджара, күмбездің ұшына қойылатын қубба, сырлы сиясауыттың бөлігі, есік топсалары, сүйектен жасалған құралдар және теңгелер табылды.

Жазуы бар мөр-жүзік Отырардың қазба тарихында алғаш рет кездесіп отыр. Мөрдегі жазуды тереңірек зерделеумен бірнеше маман айналысып жатыр. Сондай-ақ Алтын Орда дәуірінің күміс және мыс теңгелері, Әмір Темір заманының теңгелері, ортасында тесігі бар қытай теңгелері табылған.

Бұл жәдігерлер Отырардың Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда орталықтарының бірі болғанын айғақтайды.

«Біздің мақсатымыз — ислам дінінің Қазақстан жеріне енуі мен таралуын археологиялық және жазба деректер негізінде анықтау. Былтыр қаланың рабад бөлігінен михрабы бар үйлерді таптық, биыл қаланың нақ ортасынан мешіттің орнына жеттік. Тас көшені де, тепкішегі бар көшені де табатынымызды күтпедік, өзіміз таңғалдық. Отырар XIII ғасырда жойылып кетпеген, кейін де бұл жерде үлкен құрылыстар салынған. Алтын Орда дәуірі — қала мәдениетінің гүлденген кезеңдерінің бірі», – деді экспедиция жетекшісі, профессор Мұхтар Қожа. 

Ғалымдар ашылған нысанның туристік әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Келушілер тас төселген көше, тепкішек жолмен жүріп, ортағасырлық қала мәдениетін тікелей сезінеді. Қазіргі уақытта нысанның төбесін жауып, консервациялау жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Қосымша қаражат бөлінсе, осы қазбаны жалғастыру мүмкіндігі қарастырылады.

Ғалымдар келесі жылғы далалық зерттеудің бағытын биылғы нәтижелерді толық талдағаннан кейін айқындайтынын айтады. Табылған жәдігерлерге түрлі талдау жасалып, содан кейін ғылыми айналымға енеді.

Ғылыми жобаға отандық ғалымдармен қатар шетелдік ғалымдар тартылған: Ұлыбританияның Кембридж университеті Король колледжінің оқытушысы, британиялық археолог, PhD доктор Кэти Кэмпбелл (Dr. Katie Campbell) қатысып жатыр. Жоба орындаушысы, философия ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетаев бастаған ғылыми топ шетелдік және отандық архивтерден деректер жинақтап, талдау жасауда.

Зерттеу жұмыстарында заманауи әдістер қолданылады. ҚР Ұлттық музейінің Мәдени мұраны ғылыми цифрландыру бөлімінің аға ғылыми қызметкері Әли Әлімбекұлының айтуынша, қазба аймағы тахеометр және дрон арқылы түсіріліп, 3D-моделі мен ортофотопланы жасалады.

Негізге 2003 жылы ЮНЕСКО мамандары Отырарда белгілеген координаттық нүктелер алынған — осының арқасында сол жылдан бергі барлық қазба материалдары бірыңғай жүйеде біріктіріледі.

Зерттеу жұмысының нәтижелері 2026 жылғы 28–29 қыркүйекте Ұлыбританияның Кембридж қаласында өтетін халықаралық конференцияда таныстырылмақ.

Ғалымдардың пікірінше, бұл жаңалық Отырардың XIII ғасырдан кейін де дамуын жалғастырғанын және Алтын Орда кезеңінде қала мәдениетінің өркендегенін дәлелдейді. Қазіргі уақытта нысанды сақтау және зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Болашақта бұл орынның туристік әлеуеті жоғары болмақ.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар