Неліктен Қазақстандағы алғашқы АЭС-ті Ресей салады?

cover Фото: Elements.envato.com

Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі елдегі алғашқы ірі АЭС құрылысына кімнің бас мердігер болатынын ресми түрде жариялады. Таңдау «Росатом» компаниясына түсті. Orda.kz энергетика саласындағы сарапшылармен бірге осындай маңызды жобаға неге ресейлік компания таңдалғанын және бұл шешімнің артықшылықтары мен кемшіліктерін талдап көрді.

Қазақстандағы алғашқы толыққанды АЭС-ті салу құқығына Ресей, Қытай, Франция және Оңтүстік Корея таласқан болатын. Барлық үміткерлердің қажетті технологиялары бар – айқын аутсайдерлер болмады. Бірақ соңғы апталарда басты таңдау ретінде ресейлік «Росатом» мен қытайлық CNNC аталып жүрді.

Ядролық физик,  «Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының» РМК бас директоры Ерлан Батырбековтің айтуынша, бас мердігер болуға үміткер барлық компаниялардың қажетті технологиялары бар. Бірақ «Росатом» мен CNNC компанияларының атом станцияларын салуда тәжірибесі молырақ.

«Қысқа тізімге енген компаниялар мен елдердің параметрлерін салыстырайық. Қазақстан үшін қарастырылған барлық реакторлық технологиялар қауіпсіздік талаптарына сай келеді, 9 балдық жобалық ең жоғары жер сілкінісін көтере алады немесе оған бейімделе алады, белсенді және пассивті қауіпсіздік жүйелері бар, ауыр апаттарды басқару шешімдері мен шараларын қамтиды және қос қабатты қорғаныс қабығымен жабдықталған. Сонымен қатар Ресей мен Қытай өз елдерінде де, шетелде де 20-дан астам реактор салып жатыр, ал Франция мен Корея APR1400 технологиясы бойынша Кореяда екі, APR1000 технологиясы бойынша Чехияда екі және EPR1200 технологиясы бойынша Ұлыбританияда екі реактордан ғана салуда», – дейді Ерлан Батырбеков. 

«Байдилдинов. Мұнай» Telegram-арнасының авторы, сарапшы Олжас Байдилдинов Орталық Азияда 2030 жылға қарай электр энергиясының тапшылығы 9 ГВт-қа жететінін айтады. Бұл тапшылықты жабу үшін атом энергетикасы ауадай қажет. Қазақстан – осы жолды таңдаған аймақтағы жалғыз ел емес.

«Менің ойымша, бұл – ең дұрыс және ең қисынды шешім. «Росатом» – атом технологиялары саласындағы мойындалған көшбасшы, ол оншақты елде атом реакторларын салды және басқа да көптеген елдермен келіссөз жүргізіп жатыр. Бастапқыда «Росатом» Өзбекстанмен шағын АЭС салу туралы келісім жасаған – ол жерде алты реактор болуы тиіс еді. Бірақ кеше бұл жобаның қайта форматталатыны және шағын АЭС-пен қатар екі энергоблогы бар ірі станция да салынатыны белгілі болды. Өзбекстан да біз сияқты уран өндіреді және оны әлемдік нарыққа шығарады», – дейді Олжас Байдилдинов. 

Ресейлік компания Қырғызстан мен Өзбекстанда да АЭС салуға келісім жасаған. Қазақстанның энергетикалық жүйесі бұл елдермен және Ресеймен тығыз байланысты. Сондықтан «Росатомды» мердігер ретінде таңдау – бұл аймақтың бірыңғай энергетикалық болашағының шарты. Енді Орталық Азияның басты экономикасы ретінде Қазақстан үшін бастаманы қолға алу және атом энергетикасы саласындағы көшбасшыға айналу маңызды.

«Ресей біздегі энергия тапшылығын құрылыс кезінде уақытша «жабатын» болады. 2023 жылғы желтоқсанда тапшылық 2,2 ГВт болды – бұл екі реакторлы бір атом станциясының қуатына тең. Бұл тапшылық бар және ол арта береді. Мүмкін, жоба қайта форматталып, біз екі энергоблокпен бастаймыз, кейін үш-төрт блокқа дейін кеңейтілерміз – өйткені Қазақстанның оңтүстігі электр энергиясының тапшылығын қатты сезінуде: мұнда халық саны мен өнеркәсіп өсіп келеді, көлік, индустрия және басқа да салалар электрификациялануда. Біздің энергетикалық жүйе Ресеймен, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен бірлескен режимде жұмыс істеуді жалғастыратыны анық. Бұл тұрақты жұмыс үшін үлкен артықшылық. АЭС құрылысы кезінде ғана емес, жалпы елдеріміздің энергетикалық жүйелерінде жүзеге асырылатын шаралар ұзақ мерзімді ортақ жұмысты жолға қоюға мүмкіндік береді. АЭС қызмет ету мерзімі – 60-тан 100 жылға дейін. Демек, 2035 жылы Қазақстанда пайда болатын атом станциясы кемінде 2100 жылға дейін жұмыс істейтін болады. Бұл ұзақ мерзімді дұрыс шешім», – деп атап өтті Олжас Байдилдинов. 

«Energy Monitor» қоғамдық қорының басшысы Нұрлан Жұмағұлов «Росатомды» бас мердігер ретінде таңдауды болжалды шешім деп санайды: логистика, экономикалық себептер және тіпті тілдік кедергі сияқты қарапайым мәселелер шешуші рөл атқарған.

«Росатомның» таңдалуы заңды. Бұл арзанға түседі, ортақ тілде сөйлесе аламыз, құрылыс жеңіл әрі жылдам жүреді», – дейді Нұрлан Жұмағұлов. 

Қазақстан мен Ресей арасында жолға қойылған логистикалық байланыстар бар, сондықтан құрылыс материалдарын, қосалқы бөлшектерді және атом станциясының құрылысына қажетті басқа да компоненттерді жеткізу Франция немесе Оңтүстік Кореядан тапсырыс беруден әлдеқайда жеңіл әрі жедел болмақ. Қаржылық шығындар мен қажетті технологиялардың болуы арасындағы тепе-теңдік те шешуші фактор болған сыңайлы.


«Росатом» шетелдік басқа компаниялармен (CNNC болуы ықтимал) консорциум құрамында жұмыс істейтін болады. Әзірге станцияның кімге тиесілі болатыны және Қазақстан атом энергиясының осы көзін қашан толық бақылауға алатыны белгісіз. Бұл жобаның нақты қалай жүзеге асатыны да түсініксіз. Бірақ РФ мен Қытай – консорциум үшін жақсы таңдау деген пікір бар.

«Ресей мен Қытай халықаралық консорциумдарға қатысуда мол тәжірибеге ие, өйткені олар бір жобада әртүрлі өндірушілердің жабдықтарын тиімді үйлестіре біледі. Ресейдің шетелде АЭС салу бойынша ең жақсы тәжірибесі бар – Қытайда, Түркияда, Бангладеште, Беларусьте, Үндістанда, Иранда және Египетте 20-дан астам реактор. Бұл ұлттық талаптарға бейімделудің және жергілікті өнеркәсіппен жұмыс істеудің күрделі процесін қамтиды, бұл жобаны іске асыру кезінде жергілікті үлесті барынша пайдалануға мүмкіндік береді», – дейді Ерлан Батырбеков. 

Дегенмен бұл шешімнің «қасық шайқалтар» тұсы да бар – санкциялық тәуекелдер. «Росатом» басшылығы мен кейбір еншілес компаниялары АҚШ-тың SDN санкциялық тізіміне енгізілген. Бұл – айқын минус, және Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстандағы АЭС құрылысына қалай әсер ететіні туралы нақты жауап әзірге жоқ.

Дегенмен бұл тәуекелдің өзін дұрыс пайдаланса, кәдеге жаратуға болады.


«Бұл жобаға белгілі бір дәрежеде кедергі келтіруі мүмкін. Бірақ, керісінше, бұл Қазақстан үшін «Росатомға» қажетті жабдықтар мен технологияларды өндіруді жергілікті жерде дамыту мүмкіндігі. Кейін – оларды экспорттау мүмкіндігі де туындайды. Бұл қазір фантастика сияқты көрінуі мүмкін, бірақ бұл үлкен алғышарт, өйткені Өзбекстан мен Қырғызстанда да осындай өндірістер дамитын болады. Қазақстанға көшбасшылықты қолға алу маңызды», – деп санайды Олжас Байдилдинов. 

Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, Қазақстан үшін ең өзекті мәселе – санкциялық тәуекелдер емес, «Росатом» белгілейтін электр энергиясының тарифі.

«Ең бастысы – тарифті білу. Энергетика министрлігінде маған тараптар осы мәселені шешу үшін үкіметаралық комиссия құруы тиіс екенін айтты. Сондықтан күтеміз», – деді Нұрлан Жұмағұлов. 

Айтпақшы, техникалық тұрғыдан алғанда, Қазақстандағы болашақ АЭС алғашқысы болмайды. Алматыда қуаты 5 МВт атом реакторы жұмыс істеп тұр, ал Ақтауда 1973 жылдан 1999 жылға дейін БН-350 реакторы жұмыс істеді (қазір консервацияда). Демек, Қазақстанда атом энергетикасы саласында аз да болса тәжірибе бар. Енді оны дұрыс пайдаланып, дамыту маңызды.

Алда Қазақстан мен «Росатомды» үлкен жұмыс күтіп тұр. Уран өндіру және экспорттау бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі үшін өзінің АЭС-і – өмірлік маңызды жоба. Сонымен қатар «Росатом» Қазақстанның Орталық Азиядағы «атом орталығына» айналуына көмектесуі тиіс.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар