Назарбаевтың қорлары мен офшорларының іздері: Астанадан Кайман аралына дейін жол тартқан құпия байланыс
Коллаж: Orda.kz
Өткен аптада біз Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке «Байтау» даму қорының былтыр 45 әкімшілік айыппұл алғанын, оның 44-інде Астана мен Алматыда жол ережесін бұзғанын жазған едік. Ол туралы бөлек зерттеу мақаламызды жарияланғанбыз. Ал бұл жолы әңгіме айыппұлды полиция салмағанында болып отыр. Бұл — басқа мекемеден келген жалғыз айыппұл, деп хабарлайды Orda.kz.
Бұл айыппұлды ҚР Ұлттық банкі салған. Бұзушылық туралы хаттамада 2024 жылы 22 сәуірде Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елбасы» қоры Назарбаевтың тағы бір «Байтау» атты даму қорына Кайман аралдарында тіркелген, яғни офшор аймағындағы EBF LTD компаниясының бір акциясын бергені жазылған. Сондай-ақ құжатта бұл шешімді EBF LTD-нің жалғыз құрылтайшысы 2024 жылы 15 сәуірде қабылдағаны көрсетілген. Бірақ ол құрылтайшының кім екені беймәлім.
«Байтау даму қоры» мәміле туралы ақпаратты Ұлттық банкке тым кеш бергендіктен, хаттама жасалған. Алайда қор айыппұл салуға келісім білдіргендіктен, айыппұл мөлшері нөл теңге болып бекітілген.
Мұндағы мақсат айқын — қор офшор компаниясының акционерлер қатарына кіруі тиіс болған. Бірақ түпкі мақсаттары түсініксіз. Біз EBF LTD компаниясының шын мәнінде немен айналысатынын анықтауға тырыстық.
Ұлттық банк біздің ресми сауалымызға нақты жауап бермей, бұл тақырып монетар реттеушісінің құзыретіне кірмейді деп сылтауратты. Сондықтан біз Каймандағы компаниялардың жалпы тізімін қарап шықтық. Бұл компанияны сол жерден компанияны таптық. Реестрден алынған үзінділер арқылы біз оның кеңсесінің мекенжайын, бар-жоғы 49,5 мың доллар болатын жарғы капиталын және екі директордың аты-жөнін білдік. Олар: Қайрат Нағашыбаев пен Нұрлан Алданов.
Алғашқысы туралы интернеттен еш дерек табылмады. Ал Нұрлан Алданов шамасы KAZ MINERALS HOLDING LIMIТED компаниясын басқарады. Бұл — небәрі бір жыл екі ай бұрын құрылған шағын жас компания, ол KAZ MINERALS INТERNAТIONAL DMCC-ке (KAZ MINERALS-тың шетелдік филиалы) тиесілі. Алданов сонда бірінші басшы ретінде көрсетілген, бірақ оның Каймандағы компанияға қатысы бар-жоғы белгісіз. Реестрде аты аталған адаммен тегі мен аты сәйкес келетін басқа біреу болуы мүмкін.
EBF LTD 2011 жылғы 15 шілдеде EXEMPT-компания ретінде тіркелген. Бұл мәртебе нені білдіреді?
Exempt Company — Кайман аралдарында тіркелген заңды тұлға, ол:
- арал аумағында (Кайман заңнамасында) қызмет атқармайды;
- жергілікті салықтардан (пайда, дивиденд, капитал өсімі салығы сияқты) босатылады;
- көбіне холдингтер, инвестициялық қорлар, трасттар және халықаралық операциялар үшін қолданылады.
EXEMPT-компания Кайман аралдарының резиденттерімен, яғни жергілікті тұрғындарға тауар не қызмет сатумен айналыса алмайды. Сондай-ақ аралда әкімшілік кеңселерден басқа жылжымайтын мүлікке иелік ете алмайды.
Өкінішке қарай, Кайман аралдарының заңнамасында компания акционерлерін және корпоративтік жазбаларды ашық жариялау қарастырылмаған. Сондықтан тіміскілеп жеткен ізіміз аралдарға келгенде үзілгендей болды...
...бірақ қайтадан Қазақстанда жалғасты.
Дипломатиялық қалашықтағы екі үй
2021 жылы 30 маусымда Назарбаевтың акцияны «Байтау» қорына берген «Елбасы қоры» күмәнді аттары ұқсас жаңа компанияны тіркейді: EBF Finance. Ол Астанадағы Тұңғыш Президент кітапханасында заңды мекенжай алған компания.
Одан кейін, 2022 жылы 2 наурызда «Елбасы қоры» Астанадағы дипломатиялық қалашық аумағынан 13 гектар жерді 49 жылға уақытша ақылы жер пайдалану құқығын иеленді. Сол кең аумақтың бір бұрышында, ҚР Президенті істерін басқару қарамағындағы жер телімінде, екі коттедж салынған. Олардың әрқайсысында гараж бар және сыртқа шығатын жеке биік қақпасы орналасқан. Арнайы жол да салынған.

Ашық деректерге қарағанда, EBF Finance қаржылық қызмет көрсетумен айналысады. Бірақ ешқандай лицензиясы жоқ. Соған қарамастан компанияның төлеген салықтары жаман емес. 2025 жыл әлі толық бітпей жатып, 81 млн теңге салық төлеп үлгерген. Компанияның сот істері де, мемлекеттік келісімшарттары да жоқ, бірақ бірқатар әкімшілік айыппұлы бар. Олар Toyota Land Cruiser Prado 150 көлігімен жол ережесін бұзған. Дегенмен «Байтау» қорымен салыстырғанда бұл болмашы ғана заңсыздық.
2023 жылы сәуірде «Елбасы» қоры EBF Finance-тен бас тартып, оның құрылтайшысы ретінде «Консалтинг және стратегиялық бастамалар орталығы» атты Қоғамдық қор тіркелді. Бірақ қожайындар ауысқанымен, компанияның заңды мекенжайы өзгермеді. Ол дипломатиялық қалашықтың шетінде орналасқан әлгі екі коттеджге көшірілді. Енді ашық кадастр картасына сәйкес, осы екі жер учаскесінің және үйлердің құқық иесі — EBF Finance.
Қоғамдық қор 2023 жылы сәуірде құрылып, сол мезетте EBF Finance компаниясы да соның атына жазылды. Құрылтайшылары — үш адам: Әнуар Досанов, Айдос Мұқышев және Мұқаш Айықжанов. Үшеуі де құрылыс компанияларына, мейрамханаларға және өзге ЖШС-терге иелік ететін кәсіпкерлер.
Сондай-ақ бұл қоғамдық қор «СИТАЛЛ СТРОЙ» құрылыс компаниясының да құрылтайшысы. Фактілерге қарағанда, әңгіме офшор арқылы жүзеге асқан күрделі активтер тізбегі жайлы болып отыр. Онда Назарбаевтың жекеменшік қорлары белгілі бір кезеңдерде уақытша иесі, делдал әрі бір сәтте астананың элиталық ауданындағы жер телімдерінің иесі ретінде көрсетілген. Бір акцияны екі қордың арасында қайта-қайта не үшін рәсімдегені белгісіз. Сол сияқты бүкіл схеманың түпкі мақсаты да беймәлім.
Айта кетейік, Orda.kz тұңғыш президенттің культке айналып шыққан шыңырауы жайлы және 30 жылда Назарбаев қалыптастырған жүйенің қазіргі қоғамға әсері жайлы саралап көрді.
Бұған дейін тілшіміз экс-президенттерге қатысты заңның мәнін саралап көрген еді. 2025 жылдың 10 қаңтарында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұрынғы президенттердің және олардың отбасыларының денсаулығы мен жеке өміріне қатысты ақпаратты мемлекеттік құпияға жатқызатын заңға өзгерістер енгізді. Бұл жаңалық аясында ақпарат таратуға тыйым салынды. Ал Қазақстанда бұрынғы президент әзірге тек Нұрсұлтан Назарбаев болғандықтан, жаңа норма нақты оған қатысты енгізілгені айдан анық.
Сонымен қатар Orda.kz порталының зерттеу бөлімі Қайрат Шәріпбаевтың (Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, Дариға Назарбаеваның жары) күдікті істерін ашты. Бұл тіпті оларға қазірдің өзінде табыс әкеліп жатқан «қайнар бұлақ» болуы мүмкін. Толығырақ тілшіміздің материалынан оқыңыз.
Автор: Илья Астахов
Жаңалықтар
- Жасанды интеллект тергеуі: Жасөспірімдер жалған төлемдермен сауда жасаған
- Қазақстанда алкогольге қатаң шектеу енгізу ұсынылды
- Прокуратура Атбасардағы азаптау ісі бойынша ақтау үкіміне қайта шағымданды
- Трамп өзін «Педофилдердің қорғаушысы» деп атаған Ford жұмыскерін балағаттады
- Таиландта пойыз құрылыс кранына соғылып, 22 адам қаза тапты
- Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы әскерлерін Қазақстанға орналастыру жеңілдетіле ме?
- Перуашев «Самұрық-Қазына» басшысының табысы туралы сұрады
- Алматы облысында Ұлттық ұлан сарбазы жаттығу кезінде өзіне оқ атып жараланды
- Блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жарияланды
- Оңтүстік Кореяның экс-президентіне өлім жазасы төніп тұр
- Астанада мектептердің бірінші ауысымы қашықтан оқуға көшеді
- Мұрат Адамның қорғаушылары судьяға сенімсіздік білдіріп, оны істі қараудан шеттетуді талап етті
- Қазақстан КҚК арқылы мұнай экспортының жартысына жуығын жоғалтты
- Балқашта сегіз жастағы баланы азаптау ісі бойынша сот басталды
- Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге шабуыл жасалды — Reuters
- Ерболат Досаев «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесіне кірді
- Жамбыл облысы әкімдігінің қызметкері «кезексіз баспана рәсімдеймін» деген уәдесі үшін сотталды
- «Жуас қыз болғасын барынша басынған»: Шымкентте танысы өлтірген қыздың ағасы жазба жариялады
- Ержан Қазыхан Қазақстан президенті атынан АҚШ-пен келіссөздер жүргізеді
- Павлодар–Қызылорда тасжолында жантүршігерлік апаттан 2 адам мерт болды