ЛГБТ және «Жыныстық қанағаттандыру»

Бағила Балтабай бастаған белсенділер ЛГБТ өкілдерінің насихатына тыйым салатын заң шығару жайлы мәселе қозғап, 50 мың адамның қолын жинады.
Қазіргі таңда бұл мәселе жайлы қоғамдағы пікірлерді байқап жүрміз. Orda.kz осы тақырыпта психоанатилик маманмен әңгімелесе отырып, кереғар пікірлерді назарларыңызға ұсынуды жөн көрді.
Бағила Балтабай: «Ұлтқа қауіп төніп тұр»
Қазір осы мәселе мәдениет және ақпарат министрлігі ұйымдастырған отырыста талқыланып жатыр. Астана қаласында 21 маусымда бұл мәселені талқылаған бірінші отырыс өткен болатын. 10 шілдеде екінші отырыс өтті. Ішкі істер министрлігі, әділет министрлігі, парламент депутаты және сыртқы істер министрлігі т.б. осы мәселеде ресми ұстанымдарын айтты. Сондай-ақ, петицияның бастамашысы Бағила Балтабай өз пікірін жеткізді.
«Бұл дүние қалай айтсақ та азғындық. Біріншіден, демографияны тікелей түсіретін дүние. Қазақстан жер көлемі бойынша әлемде тоғызыншы орында тұр. Бірақ халық саны жағынан біз өте төмен тұрмыз. Айналдырған 20 млн. Бұл бір ұрпақ емес. Алдағы бірнеше ұрпақ. 6-7 буыннан кейін қазақ ұлты, қаламыз ба, жоқ па? Бұл кәдімгідей ұлтқа төніп тұрған қауіп деп есептеймін және бүкіл қара халықтың атынан солай деп айта аламын. Кез келген санасы бар адам бұл дүниенің ұлт ретінде жойылып кету қауіпі екенін саналы түрде түсініп отыр», — деді отырыста Бағила Балтабай.
ЛГБТ өкілдері қайдан шықты?
Белгілі психоаналитик, Орта Азия психоанализ институтының басшысы Анна Құдиярова басқа ориентациядағы адамдар осы заманға дейін де болғанын атап өтіп, әуелі мәселені «неге мұндай жағдай болуы мүмкін» деген сұрақтан бастап саралады.
«Өз тәжірибеме сүйенсем, көп адам сол ориентациясын өзгертуге саналы түрде, өздігінен бармайды. Оған бейсаналы түрде, кейде саналы түрде отбасындағы қаралы, қайғылы оқиғалар әсер етеді. Кішкене кезінде педофилдерден қорлық көру т.б. бар.
Мысалы, 8-9 жасар қызды ересек адам қорлайтын болса, қыз өз өзіне бейсаналы түрде серт береді. «Енді ешбір еркек менің тәніме қол тигізе алмайды» деп сөз берген соң, жыныстық даму, гормондар әсері оны билеп кетеді. Өзіне «серт» берген қыздар саналы түрде де, бейсаналы түрде де ғашық болғысы келген кезде сыныптасы, құрбысы т.б. таңдайды. Осылай әйелдің көзі әйелге түседі. Ондай жағдайларда психоаналитиктерге жүгінсе, өз мәселелерін түсініп, ориентациясына қайтып келіп жатады», — деді Анна Құдиярова.
Еркек еркекті, әйел әйелді неге іздейді?
Сондай-ақ, психоаналитик адамдардың неліктен мұндай жыныстық қанағаттандыруға ұмтылатынын айта кетті.
«Біздің психоанализ орталығына басқа ориентациядағы ұл балалар да келіп тұрады. Неше түрлі қайғылы жағдай, неше түрлі тағдыр. 3-4 жасар ұлды әке-шешесі көрші балаға «қарай тұршы» деп жұмысқа кетіп қалды. Бұл 90 жылдардың аласапыран кезеңі. Ал көрші 14-тегі жігіт, гормондары бар жасөспірім. 3-4 жасар балаға «саған кәмпит беремін», «саған сағыз беремін» деп алдарқатып, арам пиғылын жасайды. Сонда қарасақ, кішкентай ұл баланы дәніктіріп қойды. Ол соған үйреніп кетті. Енді оған одан басқа жыныстық қанағаттандыру қызық емес болып қалады», — деді Анна Құдиярова.
Қазіргі нейропсихология зерттеулеріне қарасақ, бізде де гендік модификация жүріп жатыр. Кейбір адамдардың гендерінің қосылуы табиғи солай жаратылады. Сондықтан еркек еркекті, әйел әйелді іздейтін көрінеді.
«Жыныстық қанағаттану»
Психоаналитик ориентациясы басқа адамдарды қазір ешкім «ауру» санатына жатқызбайтынын атап өтті.
«Мүмкін, сол 50 мың адамның өзі маған келсе, жартысынан көбі гомофобиядан құтылар еді. Гомофобия деген — бейсаналы түрде өзінің гомомсексуал екенін қабылдай алмайтын адам. Бейсаналы түрде болсын, физиологиялық жақтан болсын бәрімізге әкеміз бен шешемізден келген жасушалар бар. Сонда әйелдік жасуша, еркектік жасуша, x және y хромосомалары әр біріміздің бойымызда бар нәрсе», — деді Анна Құдиярова.
Психоанализдің негізін қалаған Зигмунд Фрейд барлық адамға сол жыныстық қанағаттандыру қажет екенін айтады. Оның «По ту сторону принципа удовольствия» атты кітабы мен басқа да еңбектеріне көз жүгіртетін болсақ, әрбір адамның бұл өмірдегі мақсаты мейілінше бұл әлемнен қанағат алу. Ал бұл 50 мың адамның қарсылық әрекетін психоаналитик сол өзін өзі қанағаттандырудың бір жолы деп түсіндірді.
Сондай-ақ, Анна Құдиярова 50 мың адамның психологиясына да тоқтала кетті.
«Сонда ЛГБТ өкілдеріне тыйым салатын заңды қабылдатқысы келетін 50 мың адам не деп тұр? Олардың психологиясына қарасақ, «сенің тәніңе біз қожайынбыз», «кіммен жатып, кіммен тұратыныңды біз шешеміз», «кіммен жыныстық қатынас бастайсың, мен шешемін», «мен сенің қожайыныңмын» деп тұр», — деді психоаналитик.
Сондай-ақ, маман 21 ғасыр болса да көп қыздар әлі күнге дейін өзінің тәніне өзі қожайын емес деген ойды айтты. Мысалы, «Әкем не дейді», «шешем не деп айтады» деген ойда жүреді. Тек қана жыныстық қатынас емес, көзін бояудан бастап, шашын кесу, қалай киіну сияқты мәселелерде олар өздігінен шешім қабылдай алмайды.
«Күндіз ол жақсы қызметкер, күндіз ол үлгілі ұл немесе күндіз ол үлгілі, сымбатты келіншек. Ал түнде кімнің құшағында жатады, бұған біздің қатысымыз қанша? Әркім өзі шешеді. Қоғам бойынша оларды қудалайтын болсақ, онда «біздің үкіметтің деңгейі қандай?» деген сұрақ туады. Еркіндік, бостандық, жеке тұлғаға деген құрметіміз, сыйластығымыз бір тыйын болады», — деді психоаналитик сөзін түйіндеп.
Астанада өткен отырыста Бағила Балтабай Иранда болған ереуілді мысал ретінде көрсетті.
«Иран билігі 2 жарым ай бойы бұл көтерілісті баса алмай әлек болды. Әйелдер орамалдарын шешіп, тікелей эфирде шаштарын қиды. Күйеуіне қарсы бауырларына қарсы шықты», — деді Бағила Балтабай.
Бағила Балтабай осыны тілге тиек етіп, бұл дүниелер күйеуіне, әкесіне қарсы шығаратын батыстың феминистік ұйымдарының еңбегінің арқасы деп отыр.
«Қазақстандағы феминистердің митингтеріндегі лозунгтары маған ұнамайды. «Долой конституцию», «Даешь революцию» деген сөздері бар. Мен мұны құзырлы органдарға да айттым. Басқасын былай қойғанда да, осы екі сөзге мән беріңіздерші. «Долой конституцию» деген «конституция жойылсын деген сөз», «даешь революцию» деген революция құштар адамдар. 2022 жылы болған Ирандағы жағдайға тікелей қарайық. Иранның кейіпін кимейік десек, етегімізді жиып, есімізді жинайық», — деді ол.
Бағила Балтабай мысал ретінде келтірген бұл оқиға Ирандағы 22 жастағы Махса Амини есімді әйелге қатысты. Оны «хиджабты дұрыс кимеді» деп жергілікті полиция қызметкерлері ұстап әкетіп, артынша сабап өлтірген болатын. Артынша хиджаб киюден бас тартқан тағы бір қызды да сақшылар соққыға жығып, ауруханада көз жұмды. Ол 16 жастағы Армита Гервандт болатын. Иранда хиджаб кимегендерді 10 жыл бас бостандығынан айыратын заң жобасы мақұлданды. Бұл оқиғалар қоғамда дүрбелең туғызды. Адам құқығы, соның ішінде әйел құқығы үшін әйелдер жаппай алаңға шығып, хиджабтарын шешіп ереуіл жасады. Алайда догмаға, жалпы қатаң жүйеге қарсы көтеріліс басылып тасталды.
«Қазақ бабыл»: «ЛГБТ-мен алысқанша жемқорлықпен алысайық»
Қазақ тілін дамытумен айналысып жүрген «Қазақ бабыл» жобасы өзінің instagram парақшасында ЛГБТ деген «жалған елеспен» алыса бермей, мемлекеттегі жемқорлық, экология, зорлық-зомбылық сынды мәселелерге көңіл аударуға шақырды.
Өз жазбаларында «Қазақ бабыл» «дәстүрлі құндылықтарды» жалған ұран етіп сөйлеу деген — ел арасында наразылық тудырып, елді айдап салу ғана деп отыр.
«ЛГБТ насихаты деген абсурд әрі бұлыңғыр ұғым болғаны сонша, оны «ұрынарға қара таппай» отыратын билік өкілдері ертең кез келген әрекетіңізге жаба салады. Ал «отбасы құндылықтары» деген әдемі ұран-сөздердің барлығы — әдетте жай ғана көзбояушылық. Оларды бізге кім үйретпек?», — деді «Қазақ бабыл».
«Біз позициямызды ашық түрде білдіреміз»
«Бүкіл елдің алдында өзіңнің, заңды некелі зайыбыңның абыройын айрандай төгіп, көңілдесіңді заңда жоқ «екінші әйел» ұғымымен атау отбасы құндылығына кереғар келмей ме? Әйеліңді сабап өлтіріп, ол аздай, оған дүйім жұрттың алдында жала жауып, намысын қорлау қай құндылыққа жатады? Бұның бәрін ЛГБТ- адамдар істеп жүр ме еді?», — деді «Қазақ бабыл».
Ары қарай жоғары да айтқан «дәстүрлі құндылықтар» деген сөзді ұран ететіндерді сынады. Олардың ойынша, «Дәстүрлі құндылықтар» деген алдамшы ұрандарға ере бастау қоғамды құрдымға ғана жетелейді.
«Бұл жай ғана баяғыдан келе жатқан «тізесі шыққан» айла түрі — мәселелер шешілмей, шиеленісіп, жұрт наразылығы күннен күнге өршіп бара жатқанда, бір «жексұрынға» міне деп нұсқап, жұртты айдап салу. Бір-бірінің артын аңдыған ел емес, ғылымы мен сыни ойы дамыған ел алға басады.
Біз позициямызды ашық түрде білдіреміз, сізден де соны күтеміз: біз биліктен «ЛГБТ насихаты» деген «елестермен» алыспай, зорлық-зомбылық, экология, жемқорлық сияқты шын мәселелерге көңіл бөлуді талап етеміз», — деді «Қазақ бабыл» өзінің instagram парақшасында.
Қорытындылай келе айтарымыз, бұл пікірлерді назарларыңызға ұсынған себебіміз — олардың кереғарлығын безбенмен қатар тартып өлшеп көрсін дедік. Әр істің мәнісі болады. 50 мың адам қол жинап қабылдатқан «Салтанат заңы» қазір зорлық-зомбылық көрсеткендерге қолданылып жатыр. Егер біз осылай 50 мың қол жинап, жігерімізді еліміздегі елеулі мәселелерге жұмсасақ, көп болып көп нәрсені өзгерте аламыз.
Біріккен ұлттар ұйымы адамның жыныстық ерекшелігіне, ориентациясына қарап шеттетуге болмайды дейді. Еуро одақ та ЛГБТ өкілдерін кемсітуге, шеттету немесе қудалауға тыйым салды. Қазақстандағы Немолчи.кз сияқты құқық қорғау ұйымдары ЛГБТ өкілдерінің насихатына қарсы қол жинаған заңға келіспейтіндерін ашық айтты. Олардың пікірінше ешқандай насихат жүріп жатқан жоқ. Ал ондай заң қабылданса, араздық өршіп, әйелдер мен балалардың құқығы шектеледі. Олардың сөзінше, киім кию, бояну, шашын өсіру т.б. мәселелерде елімізде Түркменстан секілді жүйе орнауы мүмкін. 2024 жылғы Statista зерттеулеріне қарасақ, Казақстан ЛГБТ өкілдерінің саяхаттауына қолайлы әрі қауіпсіз елдердің бірі екені жазылыпты. 1998 жылдан бері Қазақстанда гомосексуалдардың қарым-қатынасы заңды болып келеді.
Қазір Астанадағы отырыста осы мәселе халықаралық тәжірибелерге, заңнамаларға қарап талқыланып жатыр.
Еске сала кетейік, жақында адам Халықаралық адам құқықтары жөніндегі ұйым (Human Rights Watch) Қазақстанды ЛГБТ өкілдерінің насихатына қарсы заңды қабылдамауға шақырды.
Жаңалықтар
- Әйелін терезеден лақтырған майор: Қызылордалық полицей жас жұбайын мүгедек етті
- Қорқытып, кейін соққыға жыққан: «Дикий Арманның» досы мен оның бандасы сотталды
- «Аяушылықпен тептім, хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым»: Нұрбол Тоқтаубаевты судья сөзінен ұстады
- Қадыровқа қарсы шыққан: Алматыда шешен белсендісі ұсталды
- «Тергеушілер мені де, інімді де ұрды»: Шерзаттың сотында Нұрбол Тоқтаубаев сөйледі
- Мигрант зейнеткердің денесін бөлшектеп тастаған
- Зеленский Стамбұлдағы келіссөздің сәтсіз өтетініне сенімді
- Шерзаттың соты: Дархан Әскентай адвокатынан бас тартты
- Имам ер адамдарға гинеколог болу харам екенін айтты
- Шерзаттың ісі: Күдіктілердің адвокаттары істі қайта тергеуді сұрады
- «Қылмыс әлемінің серкесіне қаржы бөлді»: Амандық Баталовтың күйеу баласын Қырғызстанда іздеп жатыр
- Анасының жанайқайы: Сотта Шерзатты жабылып ұрған сәттің видеосы көрсетілді
- «Фашист, нацист»: Қазақша мәзір беруден бас тартқан кафе кешірім сұрады
- Шавкат Рахмонов Өзбекстан азаматтығын алды – UFC
- «Уыс-уыс шаш, жұлынған тырнақ»: Ақнәрдің өлімін полиция жылы жаба салмақ па?
- «Қауіпті»: Америкалықтар Temu бағдарламасын сотқа беріп жатыр
- Сотталған Ұлттық палатаның төрағасы Мырзахметов колонияда қап тігіп жүр
- Грузия қазақстандықтарды кіргізбей, депортациялап жатыр
- Қазақстанда ҰБТ өткізу мерзімдері өзгертілді
- Украинадағы соғысқа қатысты келіссөздерге Путин де, Трамп пен Зеленский де келмеуі мүмкін