Құрылтайдың ресми сайты іске қосылды: Депутаттардың жұмысын осы жерден бақылауға болады

cover Фото: quryltai.kz

Қазақстан Республикасының Құрылтайына арналған ресми интернет-сайт – quryltai.kz іске қосылды. Жаңа ақпараттық алаңда Құрылтайдың қызметі, депутаттардың жұмысы, заң жобалары және алдағы іс-шаралар туралы мәліметтер бір жерге жинақталады, деп хабарлайды Orda.kz.

Ресми сайттың іске қосылғаны 29 тамызда белгілі болды. Бұл туралы Құрылтайдың баспасөз қызметі хабарлады. 

Құрылтайдың ресми сайты —  quryltai.kz кешеден бері Құрылтайдың құрамы мен құрылымы, комитеттердің  жұмысы туралы жаңалықтарды жариялай бастады.

Жаңа платформада азаматтар Құрылтай мен оның депутаттарының қызметіне қатысты өзекті ақпаратпен таныса алады.

Жаңа сайттың құрылымын түгендеп шыққанда түйгеніміз, онда: 

  • Заң жобаларының мәтіндері;
  • Құрылтай депутаттарының қызметі туралы ақпарат;
  • Алдағы іс-шаралар мен отырыстар туралы құлағдар ету;
  • Талдамалық материалдар;
  • Құрылтай отырыстарының онлайн-трансляциялары;
  • Фото және бейнематериалдар жарияланады.

Құрылтай жұмысы жандана түскен сайын, сайттың да ауқымы кеңейіп, болашақта басқа да қызықты ақпарат беретін бөлімдер қосылуы мүмкін. Осылайша quryltai.kz тек ресми құжаттар орналасатын интернет-ресурс емес, Құрылтай жұмысының барысын жедел бақылауға мүмкіндік беретін ақпараттық алаң болмақ.

Құрылтайдың ресми сайтының іске қосылуы халық үшін Қазақстандағы мемлекеттік институттардың цифрлық форматтағы ашықтығын арттыру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі ретінде қабылданады.

Енді азаматтар депутаттардың қызметі, қаралып жатқан заң жобалары және Құрылтай отырыстары туралы ақпаратты әртүрлі дереккөзден іздемей, бір ресми платформадан ала алады.

Сонымен бірге отырыстардың онлайн-трансляциялары Құрылтайдың жұмысын тікелей бақылауға мүмкіндік береді. Фото және бейнематериалдар арқылы оның отырыстары мен қоғамдық-саяси шаралары туралы ақпарат та жедел ұсынылады.

Кеше Құрылтайдың алғашқы сессиясы өтті. Құрылтайдың алғашқы сессиясы өткеннен кейін жаңа сайт іске қосылды. 

2026 жылғы 28 тамызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Құрылтайының бірінші шақырылымының бірінші сессиясын ашты. Осы сессия барысында жаңа өкілді органның жұмысына қатысты маңызды мәселелер қаралды.

Сондай-ақ Айбек Дәдебай Қазақстан Құрылтайының төрағасы болып сайланды.

Парламент сайты мұрағаттық режимге көшті

Құрылтайдың жаңа ресми сайтының іске қосылуы Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесіндегі конституциялық өзгерістермен байланысты.

Қазақстан Парламентінің бұрынғы ресми сайты қазір мұрағаттық режимге ауыстырылған. Оның басты бетінде 2026 жылғы 1 шілдеде жаңа Конституция күшіне енуіне байланысты Парламент сайты архивтік режимге көшкені және Қазақстан Құрылтайының жаңа ресми сайтына quryltai.kz арқылы өтуге болатыны көрсетілген.

Ал Құрылтайдың ұйымдастырылуы мен депутаттарының құқықтық мәртебесін 2026 жылғы 5 маусымда қабылданған «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заң реттейді. Құжат 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді.

Азаматтар үшін қандай мүмкіндік береді?

Жаңа сайттың басты артықшылығы – Құрылтай қызметі туралы ақпараттың бір ресми алаңға топтастырылуы.

Азаматтар енді отырыстарды тікелей эфирде:

  • қандай заң жобалары қаралып жатқанын;
  • депутаттардың қандай мәселелермен айналысып жүргенін;
  • алдағы отырыстардың қашан өтетінін;
  • Құрылтайда қандай шешімдер талқыланатынын;

сонымен қатар ресми фото және бейнематериалдарды quryltai.kz арқылы бақылай алады.

Бұл әсіресе жаңа саяси институттың жұмысы қалыптасып жатқан кезеңде маңызды. Өйткені Құрылтайдың шешімдері мен заң шығару жұмысына қатысты ақпараттың халыққа дер кезінде әрі тікелей ұсынылуы мемлекеттік органдардың ақпараттық ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Осылайша quryltai.kz Қазақстандағы жаңа өкілді органның негізгі цифрлық ақпараттық алаңына айналмақ. Алдағы уақытта сайтта Құрылтайдың заң шығару қызметі, депутаттардың жұмысы және қоғам үшін маңызды шешімдер туралы ақпарат тұрақты түрде жарияланады деп күтеміз.

Құрылтай заң шығарумен қатар негізгі мемлекеттік органдарды құруға қатысады, Конституцияда көзделген вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық Сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім береді, Қазақстан Республикасы президентінің ұсынуымен Жоғарғы Соттың судьяларын сайлайды және Ата заңда белгіленген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Заң шығару процесіне сәйкес Құрылтай заң жобаларын үш оқылымда қарайды.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар