Құрылтай — жаңа формат: Президент Құрылтай сайлауы мен оның маңызына тоқталды
Фото: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін бірқатар маңызды құжаттарға, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Құрылтай — Қазақстандағы жаңа бірпалаталы Парламент болады, деп хабарлайды Orda.kz.
Парламент палаталарының бірлескен отырысында сөйлеген мемлекет басшысы болашақ Құрылтайдың елдің саяси жүйесіндегі рөлі туралы айтты.
«Құрылтай жоғары заң шығарушы орган ретінде барлық бағыт бойынша сабақтастықты қамтамасыз етіп, институционалдық тұрақтылықты нығайтуы тиіс. Сонымен қатар ол жылдар бойы қалыптасқан дәстүрлерді сақтап, парламентаризмнің бірегей мәдениетін жоғалтпай, керісінше оны одан әрі дамытуға ерекше мән беруі қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, жаңа өкілді органның басты мақсаты — Әділетті Қазақстан құру.
«Еліміздің жоғары өкілді органы — Құрылтайдың негізгі мақсаты — барша азаматтарға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан қалыптастыру және осы бағытта белсенді жұмыс жүргізу», — деді мемлекет басшысы.
Ол жаңа орган қоғамдағы негізгі құндылықтарды нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.
«Бірпалаталы өкілді орган заң шығару миссиясын табысты атқарып, қоғамда тәртіп, еңбекқорлық, тазалық және әділдік сияқты берік құндылықтардың орнығуына толықтай ықпал етеді деп сенемін», — деді президент.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сайлау өткізу туралы жарлыққа қол қоятынын айтты.
«Құрметті депутаттар, жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі — тарихи оқиға. Қабылданған Негізгі заң ауқымды қоғамдық-саяси реформалардың жаңа кезеңіне жол ашады. Осыған байланысты мен бірқатар маңызды құжаттарға, соның ішінде Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы жарлыққа қол қоямын», — деді Тоқаев.
Президент сайлау ашық әрі бәсекелі өтуі тиіс екенін атап өтті.
«Осыған сәйкес партияаралық бәсекелестік жаңа серпін алады. Біз, жасампаз мемлекет ретінде, бұл саяси науқанды жоғары деңгейде өткізуге міндеттіміз. Алдағы сайлау ашық, адал және әділ бәсеке жағдайында өтуі тиіс», — деді ол.
Мемлекет басшысы жүргізіліп жатқан реформаларда азаматтардың рөлі ерекше екенін атап өтті.
«Қазақстан халқы — қоғамдағы түбегейлі өзгерістердің басты қозғаушы күші. Азаматтарымыз ел болашағына бейжай қарамайтынын және шешуші сәттерде саналы таңдау жасай алатынын айқын көрсетіп келеді», — деді президент.
Оның айтуынша, Құрылтай құрамына қоғамның ең лайықты өкілдері кіруі керек.
«Құрылтай — жаңа форматтағы Қазақстанның маңызды символы. Сондықтан оның құрамына тек үздік өкілдер, шынайы патриоттар, бастамашыл азаматтар мен мемлекетшіл тұлғалар енуі тиіс. Өйткені халық жүргізіліп жатқан реформалардың тиімділігін дәл осы Құрылтайдың жұмысы арқылы бағалайды», — деді Тоқаев.
Сөз соңында президент Сенат пен Мәжіліс депутаттарына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, олардың бір бөлігі жаңа құрамда елге қызметін жалғастыратынына сенім білдірді.
«Жаңа кезең — жаңа мүмкіндіктер уақыты. Депутаттардың бір бөлігі Құрылтай құрамына еніп, ел игілігі үшін жұмысын жалғастырады деп ойлаймын. Сіздер сияқты білікті азаматтардың Қазақстанның Халық кеңесінде де болғаны маңызды. Алдағы кезеңде сіздер маңызды істердің бел ортасында боласыздар деп сенемін», — деді мемлекет басшысы.
Еске сала кетейік, Астанада Парламент палаталарының тарихи соңғы бірлескен отырысы өтті. Бұған дейін Мәжіліс пен Сенат соңғы пленарлық отырыстарын өткізген болатын.
Ал тамыз айында Қазақстанда Құрылтай сайлауы өтеді. Жаңа бірпалаталы Парламент өз жұмысын күзде бастауы мүмкін.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Түркістан облысында тұрғын үйдегі шаруашылық құрылысы өртенді
- Өскелең ұрпаққа өнеге: Тоқаев бір топ қоғам қайраткеріне мемлекеттік награда тапсырды
- Елімізде өзге этнос өкілдері балаларын қазақ сыныптарына жиі бере бастады
- Лифтідегі төбелес «пранк» болып шықты: Қызылорда тұрғыны айыппұл арқалады
- Күн сайын 5 адам көз жұмады: Қазақстанда өкпе обырына қарсы жаңа скрининг басталады
- АҚШ өтініш жасады: Украина Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлерге шабуылын тоқтатты
- 41 ел біріккен мәлімдеме жасады: Зымыран ұшырмас бұрын 24 сағат бұрын ескерту талап етілді
- Алматы тұрғындары жер сілкінісін сезді
- Күйеуін өлтірген әйелдің оқиғасы туралы жаңа деректер шықты
- Баспана кезегін сату ісі: «Отбасы банк» басшысы жағдайды түсіндірді
- Туған анасына пышақ салды деген күдікті Вьетнамнан елге қайтарылды
- Құрылтай сайлауы: Алғашқы командалық теледебат тікелей эфирде көрсетіледі
- Елімізде жаңа eGov іске қосылды: Бұрынғыдан қандай айырмашылығы бар?
- Магистратура грантына қол жеткізгендердің тізімі қашан шығады?
- Алматыда LRT желісі 2027 жылдың соңында іске қосылады
- Ливан өлім жазасын жойған алғашқы араб елі болды
- Нұрай Серікбайдың өлімі: Прокурор күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын сұрады
- Иранның қастандық жасау қаупіне байланысты Трамп ұшағын ауыстыруға мәжбүр болды
- Бір серіктестіктің алты бірдей жұмысшысы құдыққа түсіп қаза тапқан: Полиция үш адамды ұстады
- Бала ауыр халде: Футбол алаңында төтенше жағдай болды