Құрылтай деген не? Ұлы даладағы билік кеңесі қалай қалыптасты?
Фото: ЖИ көмегімен жасалды
Қазақстанда «құрылтай» атауы соңғы жылдары қайтадан қоғамдық-саяси айналымға енді. Бір кездері хан сайланып, ел тағдыры шешілген ұлы жиындардың атауы болған бұл ұғым бүгінде жаңа мазмұнға ие болды. Алайда құрылтай тарихы тек қазіргі кезеңмен шектелмейді. Оның тамыры түркі дәуірлеріне, Шыңғыс хан империясындағы саяси кеңестерге және қазақ хандығындағы елдік мәселелер талқыланған жиындарға барып тіреледі. Orda.kz редакциясы құрылтай ұғымының қайдан шыққанын анықтап тарихқа шолу жасап шықты.
Құрылтай: Түркі дүниесінің төл ұғымы ма, әлде моңғолдан келген сөз бе?
Құрылтай – түркі-монғол жұртына тән ресми кеңес, жиын атауы. Бұл сөздің түпкі мағынасы «құралу», «жиналу», «түгелдену» деген ұғымды білдіреді. Қазақ тілінде де «ағайын-туыстың басы түгел құралып қалған екен» деген тіркес осы мағынада қолданылады.
Тарихта құрылтай ұғымы ежелгі дәуірлерден белгілі болғанымен, оның мемлекеттік деңгейдегі саяси институт ретінде қалыптасуы Ұлы Моңғол ұлысы немесе Шыңғыс хан империясы құрылған кезеңмен байланыстырылады. Құрылтай дәрежесіне қарай Ұлы құрылтай және Кіші құрылтай болып бөлінген.


Ұлы құрылтайға хан әулеті өкілдері, нояндар, жоғары лауазымды тұлғалар және мемлекет басқаруына ықпал еткен адамдар қатысқан. Хан сайланатын құрылтайға ханның жұбайлары, ұлдары, жақын туыстары да қатысқан.
Бұл жиындарда:
- хан сайлау;
- әскери жорық мәселелері;
- мемлекеттік қызметке тағайындау;
- келісім жасау;
- ішкі және сыртқы саясат мәселелері қаралған.
Сонымен қатар құрылтай хан билігі заңдылығын бекіту, мемлекеттік жоғары лауазымдарды заңсыз иеленуге жол бермеу, жаңа билеушінің өкілетін мойындату сияқты маңызды қызмет атқарған.
Шыңғыс хан дәуіріндегі құрылтай
Құрылтай туралы маңызды деректердің бірі – «Моңғолдың құпия шежіресінде» сақталған. Кітаптың 269-тармағында 1228 жылы өткен жиын туралы мынадай мәлімет бар:
«Тышқан жылы (1228) Шағатай, Бату бастаған батыс қанатты иеленген ұлдар, Отчигин ноян, Жэү, Эсүнхэй бастаған сол қанатты иеленген ұлдар, Толуй бастаған орталықты иеленген ұлдар, қыздар, түмен нояндары, мыңдық нояндары барлығы Керліннің Көде аралында жиналып, Шыңғыс ханның өсиеттеген жарлығы бойынша Өгедейді хан көтеріп сайлады».
Бұл дерек құрылтайдың Шыңғыс хан әулеті үшін мемлекеттік билікті анықтайтын негізгі саяси тетік болғанын көрсетеді. Ал «Моңғолдың құпия шежіресінің» 282-тармағында Ұлы құрылтай туралы тағы бір мәлімет кездеседі. Онда 1240 жылы Керліннің Көде аралында өткен Ұлы құрылтай кезінде шығарманың аяқталғаны жазылған.
Құрылтай моңғол сөзі ме?
Соңғы жылдары «құрылтай» атауы қоғамдық өмірге қайта оралып, елдік мәселелер талқыланатын маңызды жиындардың атауына айналды. Алайда осы сөздің шығу тегіне қатысты пікірталастар да бар. Кейбіреулер «құрылтай моңғол тілінен енген сөз» деген пікір айтады.
Ең алдымен, «моңғол» ұғымының өзі қазіргі этникалық мағынада бірден қалыптасқан жоқ. Ерте кезеңдерде бұл атау белгілі бір халықтан бұрын тайпалар одағы мен саяси бірлестікті білдірген. Шыңғыс хан дәуіріндегі моңғол бірлестігі құрамында керей, найман, қоңырат, жалайыр, меркіт, уақ сияқты түркітілдес тайпалар болған.
Сондықтан сол кезеңдегі көптеген атауларды тек бір ғана халыққа тиесілі деп қарастыру дұрыс емес. Ұлы дала кеңістігінде ғасырлар бойы бірге өмір сүрген халықтар тілінде ортақ сөздердің қалыптасуы табиғи құбылыс.
Құрылтай сөзі қайдан шыққан?
Тіл мамандарының пікірінше, «құрылтай» сөзінің төркіні түркі тілдік негізімен байланысты. Сөздің негізгі түбірі — «құр». Бұл етістік көне және қазіргі түркі тілдерінде жинау, біріктіру, ұйымдастыру, орнату, құрау деген мағыналарды білдіреді. Осы түбірден:
- құру;
- құрылым;
- құрылыс
Сөздің жасалуына назар аударсақ: құр- + -ыл- + -тай мұндағы -ыл- жұрнағы әрекеттің ортақ, өзара жүзеге асатынын білдірсе, -тай көне түркі тілдерінде жиын, кеңес, ортақ іс-шара атауларын жасаған. Осы тұрғыдан алғанда, құрылтай — «бірігіп құрылатын, жиналып ұйымдастырылатын ортақ кеңес, жиын» деген мағына береді. Ал моңғол тіліндегі «хуралтай» осы ортақ ұғымның моңғол тілдік жүйеге бейімделген нұсқасы болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, моңғол тіліндегі -тай/-тэй жалғауы көбіне «бар», «ие» деген мағына береді. Мысалы: мөнгөтэй — ақшалы; нэртэй — атақты.
Бірақ бұл жұрнақ жиын, кеңес, мемлекеттік орган атауларын жасауға тұрақты түрде қолданылмайды. Сондықтан «хуралтай» сөзінің моңғол тілінде кездесуі «құрылтай» сөзінің міндетті түрде моңғол тілінен шыққанын білдірмейді.
Қазақ қоғамындағы құрылтай дәстүрі
Қазақ тарихында құрылтай ел тағдырын шешетін маңызды жиындардың бірі болған. Дәстүрлі қазақ қоғамында құрылтайдың бірнеше түрі болған. Ұлы құрылтай — ел тағдырына қатысты ең маңызды мәселелер қаралатын жалпы халықтық кеңес.
Оған:
- хан-сұлтандар;
- ру-тайпа басшылары;
- батырлар;
- билер;
- елге сыйлы ақсақалдар қатысқан.
Ұлы құрылтайда:
- хан сайлау;
- соғыс пен бітім мәселелері;
- елдің көші-қоны;
- жер дауы;
- заң мен тәртіп мәселелері қаралған.
«Ұлы» деген атау оның қатысушылар ауқымын ғана емес, қабылданатын шешімдердің маңызын да білдірген. Бұл дала қоғамындағы басқару жүйесінің ең жоғары деңгейдегі кеңесі болған.
Тағанақ кеңес белгілі бір мәселені шешу үшін шақырылатын шағын, бірақ беделді адамдардың жиыны болған. «Тағанақ» сөзі қазан тірейтін үштаған мағынасын білдіреді. Қазақ дүниетанымында үштаған тұрақтылық пен тепе-теңдіктің белгісі саналған.
Сондықтан тағанақ кеңеске бір-біріне тірек болатын, тәжірибелі, беделді адамдар қатысқан. Мұндай кеңестер көбіне үлкен жиын алдында мәселені алдын ала талқылау, ортақ шешімге келу үшін өткізілген.
Тұрымтай кеңес
Тұрымтай кеңес — төтенше жағдайда шақырылатын шағын құрамдағы жедел кеңес. Тұрымтай кішкене болғанымен шапшаң әрі алғыр қыран құстың атауы. Осы бейнеге байланысты тұрымтай кеңес күтпеген қауіп кезінде, тез шешім қабылдау қажет болғанда өткізілген. Оған көбіне ханның ең сенімді адамдары батырлар, қолбасшылар, тәжірибелі кеңесшілер қатысқан.
Құрылтай тек Шыңғыс хан дәуірінде пайда болды деу дұрыс па?
Құрылтайдың Шыңғыс хан дәуірінде ерекше саяси маңызға ие болғаны рас. Алайда оны тек сол кезеңде пайда болған ұғым деп қабылдау тарихи тұрғыдан дұрыс емес. Көптеген көне атаулар белгілі бір дәуірде кең таралып, мемлекеттік жүйеде ресми қолданысқа енгенімен, олардың түпкі тамыры одан әлдеқайда ерте болуы мүмкін.
Қазақ дәстүріндегі тағанақ кеңес, тұрымтай кеңес сияқты атаулар да құрылтай ұғымының дала қоғамындағы ішкі дамуын көрсетеді. Сондықтан құрылтайды тек сырттан келген атау ретінде қарастыру тарихи сабақтастықты елемеу деген пікір бар. Құрылтай — Ұлы даладағы ел басқару мәдениетінің маңызды бөлігі болған саяси ұғым.
Талас құрылтайы: Моңғол империясының тағдырын өзгерткен жиын
Құрылтай дәстүрі тек хан сайлау немесе ішкі мәселелерді шешумен шектелмеген. Орта ғасырларда мұндай жиындар мемлекеттердің болашағын айқындайтын саяси алаңға айналды. Солардың бірі — 1269 жылы өткен Талас құрылтайы. Тарихшылар бұл жиынның кейінгі Қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуына әсер еткен маңызды оқиғалардың бірі болғанын атап көрсетеді. Талас құрылтайы қазіргі Жамбыл облысы аумағындағы Талас өңірінде, Шаруашылық-Кенджак қаласының маңында өткен.
Талас құрылтайына не себеп болды?
Шыңғыс хан 1223 жылдың күзінде Шу бойындағы Құланбасыға келіп тоқтап, төрт ұлын шақырып, ұзақ уақыт бірге болғаны туралы деректер бар. Сол кезеңде ол алып империяны басқару тәртібі туралы өсиеттерін айтып, ұлдарына енші бөліп берген. Жошыға Дешті Қыпшақ жері тиіп, осы аумақта кейін Жошы ұлысы қалыптасты. Осылайша 1223 жылдан бастап Дешті Қыпшақта жаңа саяси құрылым пайда болды. Кейін бұл мемлекет Алтын Орданың негізіне айналды.
Шыңғыс хан империясы кеңейген сайын оны бір орталықтан басқару қиындай түсті. Әртүрлі аймақтардың саяси, экономикалық және әлеуметтік жағдайы бір-бірінен ерекшеленді. Осы жағдай империя ішіндегі билік үшін таластарды күшейтті. 1251 жылы Қарақорымда өткен құрылтайда Жошы мен Төле ұрпақтарының билігі күшейіп, Шағатай мен Үгедей әулетінің ықпалы әлсіреді. Бұл шешімге наразы болған Шағатай мен Үгедей ұрпақтарының арасындағы қайшылықтар империяның әлсіреуіне әсер етті. Кейін Шыңғыс хан ұрпақтары өзара келісімге келіп, 1268 жылы Самарқандта өткен құрылтайда келесі жылы Талас өзені бойында жаңа жиын өткізуге уағдаласты.
Талас құрылтайында қандай мәселелер қаралды?
Тарихи деректерге сәйкес, Талас құрылтайына Жошы, Шағатай және Үгедей әулеттерінің өкілдері қатысты. Жиында екі негізгі мәселе қаралды саяси, экономикалық мәселелер.
Саяси мәселелердің бірі — Хайду ханның Шағатай ұлысының бір бөлігіне билігін заңдастыруы болды.
Жошы ұлысының әскери күшіне сүйенген Хайду Мәуереннахрдың бірқатар аумағын бақылауына алған еді. Құрылтайда Хайду Шыңғыс хан ұрпақтарын өзара келісімге шақырды. Ал Шағатай әулетінен шыққан Барақ хан өзінің жағдайын түсіндіріп, оған да басқару үшін жер қажет екенін айтты. Ол:
«Мен де Шыңғыс ханның ұрпағымын, сондықтан маған аз болса да басқаратын жұрт және күнкөріс керек» деген мазмұнда пікір білдірді.
Тараптар ұзақ келіссөзден кейін ортақ шешімге келді.
Мәуереннахр аумағының үштен екі бөлігі Барақ ханға, ал үштен бір бөлігі Хайду мен Меңгу Темірге тиесілі болуға тиіс деп келісілді. Бұл шешімді Жошы ұлысының ханы Меңгу Темір де қолдады. Талас құрылтайы Шыңғыс хан империясының саяси бөлшектенуін іс жүзінде заңдастырған жиын ретінде бағаланады. Осы құрылтайдан кейін бұрынғы алып империя аумағында бірнеше дербес мемлекет қалыптасты.
Құрылтай: Көне дәстүрден бүгінгі Ұлттық құрылтайға дейін
Құрылтай ұғымы ғасырлар бойы түркі халықтарының, соның ішінде қазақ қоғамының саяси мәдениетінде маңызды орын алды. Бұл тек жиын емес, ел тағдырына қатысты мәселелер ортаға салынып, ортақ шешім қабылданатын кеңес алаңы болды. Тарихи деректерге қарағанда, құрылтайға тек билеушілер ғана емес, елге ықпалы бар тұлғалар да қатысқан.
Шыңғыс хан дәуірінде құрылтайға хан әулеті, нояндар, әскери қолбасшылар қатысса, қазақ қоғамында хан-сұлтандармен бірге билер, батырлар, ру басылары мен ақсақалдар елдік мәселелерді талқылаған. Құрылтайдың басты ерекшелігі — маңызды шешімдерді бір адамның ғана емес, елдің беделді өкілдерінің қатысуымен қабылдауында болды. Қазақ тарихында құрылтай атауы әр кезеңде қолданылып келген. XV-XVIII ғасырларда Қазақ хандығында аса маңызды мәселелерді шешу үшін үлкен жиындар шақырылған.
Мұндай басқосуларда:
- хан сайлау;
- сыртқы қауіпке қарсы әрекет;
- елдің ішкі тәртібі;
- жер мәселесі;
- мемлекетаралық қатынас мәселелері қаралған.
Тарихта Қарақұм құрылтайы мен Ордабасы құрылтайы қазақ халқының тағдырын шешкен маңызды жиындар ретінде белгілі. Бұл басқосуларда қазақ жүздерінің өкілдері бірігіп, елдің болашағына қатысты ортақ шешімдер қабылдаған.
Құрылтайдың қазіргі мағынасы
Бүгінде «құрылтай» атауы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінде қайта қолданысқа енді. Бұл алаң қоғам мен мемлекет арасындағы пікір алмасу форматы ретінде ұсынылды.
Ұлттық құрылтай құрамына:
- қоғам қайраткерлері;
- ғалымдар;
- мәдениет өкілдері;
- сарапшылар;
- мемлекеттік органдар өкілдері;
- азаматтық қоғам мүшелері кіреді.
Жиында елдің қоғамдық дамуына қатысты мәселелер талқыланады.
Олардың қатарында:
- ұлттық құндылықтар;
- білім мен ғылым;
- мәдениет;
- жастар саясаты;
- әлеуметтік мәселелер;
- мемлекеттік басқару бағыттары бар.
Қазіргі Ұлттық құрылтай ортағасырлық құрылтайдың дәл көшірмесі емес. Ертеде құрылтайда хан сайлау, әскери жорық, жер бөлу сияқты тікелей мемлекеттік билікке қатысты мәселелер шешілген.
Ал қазіргі құрылтай — ұсыныстар мен қоғамдық пікірлерді жинақтайтын кеңесші алаң. Дегенмен олардың арасындағы негізгі ұқсастық елдің маңызды мәселелерін ортақ талқылау дәстүрінде. Тарихшылардың пікірінше, құрылтай атауын жаңғырту — қазақ қоғамындағы кеңесу мәдениетінің жалғасы.
Құрылтай — тарихи жадының бір бөлігі
Құрылтай сөзінің шығу тегі туралы пікірталастар болғанымен, оның Ұлы дала тарихындағы орны ерекше. Бұл ұғым тек тілдік мәселе емес. Ол мемлекетті басқару, ел болып кеңесу, ортақ шешімге келу дәстүрімен байланысты. Ғасырлар бұрын хан сайланған, мемлекет тағдыры шешілген құрылтайлар бүгінгі күні жаңа мазмұнда жалғасып отыр.
Сондықтан құрылтайды тек тарихи атау емес, қазақ қоғамындағы кеңесу мен бірлік идеясын білдіретін ұғым ретінде қарастыруға болады. Құрылтай өткен мен бүгінді жалғайтын, қазақтың саяси мәдениетіндегі көне әрі маңызды институттардың бірі.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- Нұрай Серікбайдың туыстары сотталушыдан 10 миллиард теңге өндіріп беруді сұрады
- Қазақстандағы мектеп формасында өзгеріс бар ма?
- Құрылтай деген не? Ұлы даладағы билік кеңесі қалай қалыптасты?
- Мемлекеттік грант иегерлері анықталды: 2026–2027 оқу жылының басты қорытындылары
- «МузАРТ» тобындағы Кенжебек Жанәбілов ауруханаға түсті
- Мұратжан Мұсайбеков АМӨЗ-дің бас директоры болып тағайындалды
- Қазақстан футбол құрамасының жаңа бапкері кім?
- Астанада сынақтан өткен әуетаксидің алғашқы жолаушысы — министр
- 30 миллион теңгеге денесіне жарнама салуды ұсынған Махмуд Хикматовқа іздеу жарияланды
- Бекболат Тілеухан: Қайрат Сатыбалды президентке айтып, мені депутаттыққа өткізді
- Жағымпаздар «Отан» атауына «Нұр» сөзін қосып, Назарбаевты орға жықты – Бекболат Тілеухан
- Трамптың «Бейбітшілік кеңесі» Газаға арналған алғашқы келісімді әскери нысан салудан бастайды
- Иран АҚШ пен Израиль кемелерінің Ормуз бұғазы арқылы өтуіне тыйым салмақшы
- Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды: Істің жай-жапсары
- Трамп АҚШ-тың келесі президенті ретінде кімді лайық көретінін айтты
- Илон Масктың зымыраны Айға құлап, 30 метрлік кратер пайда болды
- Велокурьер қағып, қашып кеткен: 12 жастағы қыздың жақ сүйегі сынып, тістері түсіп қалған
- Автотұрақ ережелері өзгерді: Алматыда тұратын көлік иесі нені білуі қажет?
- Чемпиондар лигасы: «Түркістан Арена» тарихи матчқа дайын ба?
- Нұрайға қатысты «72 рет пышақ сұғар едім» деген пікір жазған адам анықталып, хаттама толтырылды