Краннан құм, лай, құрт шыққан: Талғар тұрғындары тағы да дабыл қағып, 18 жылдан бері таза суға жете алмай жүр

cover Фото: Orda.kz

Талғар қаласының тұрғыны, журналист Жанна Байтелованың айтуынша, қала халқы 18 жылдан бері бір мәселемен өмір сүріп келеді — тұрғындарға ауызсу ретінде төлем алынғанымен, кейде краннан ішпек түгілі, тұрмыста қолдануға да келмейтін лас су ағады. Orda.kz тілшісі оқиға орнына барып қайтты.

Оның сөзінше, Талғарда берілетін судың сапасы жылдар бойы өзгермеген. Су көбіне лай болады, ал кей кездері оның құрамынан тұнба, құм, балшық байқалады. Тұрғындардың айтуынша, кейде судан жағымсыз иіс шығып, ішінен құрттар, қураған жапырақтардың қалдықтары да кездеседі.

Жанна Байтелова мұндай жағдайға өз үйінде де күн сайын тап болатынын айтады. Оның сөзінше, үйіне кіреберіске екі сатылы сүзгі орнатылған, бірақ оның да шамасы жетпей жатыр екен.

«Үйіме кіреберіске орнатылған екі сатылы сүзгі тұр. Бірақ ол да көмектеспейді. Әр апта сайын сүзгінің картридждерін ауыстыруға мәжбүрмін. Талғардағы ең үлкен проблемалардың бірі — таза ауызсуға қолжетімділік»,  дейді ол.

Байтелованың айтуынша, Талғар тұрғыны әрі белсенді Айман дәл осы мәселеге қоғамның назарын аударуға тырысып жүр. Оның сөзінше, Айман бұл түйткілді бірнеше жылдан бері жүйелі түрде көтеріп келеді, мемлекеттік органдарға сұрау жолдайды, БАҚ-қа шығады, мәселені жария етеді. Бірақ соған қарамастан, нақты нәтиже жоқ.

«Аудан әкімдігі үнемі «ақша жоқ» дейді. Жаңа тазарту жүйесін салуға да, ескі инфрақұрылымдық желілерді ауыстыруға да қаражат жоқ екенін айтады. Ал шын мәнінде, қаладағы құбырлар әбден тозған», дейді Жанна. 

Оның пікірінше, Айман жалғыз өзі емес, бүкіл Талғар халқы көтеріп отырған ортақ мәселені айтып жүр. Сондықтан белсендінің мақсаты — осы проблеманы аудан мен облыс деңгейінен жоғары көтеріп, республикалық деңгейде назар аударту.

«Айман пикет арқылы республиканың назарын аудартқысы келді. Яғни, егер ауданнан ақша табылмаса, облыстан табылмаса, ең болмаса республика Талғарға назар аударсын деді. Өйткені бұл — бір адамның емес, бүкіл қаланың мәселесі. Осы сумен бәріміз күнде бетпе-бет келеміз. Тіпті осы жерде жүрген полиция қызметкерінің өзі де Талғарда тұрады, біздің қандай су ішіп отырғанымызды жақсы біледі», — дейді ол.

Жаннаның сөзінше, Талғардағы су мәселесі тек тұрмыстық қолайсыздық емес, тұрғындардың денсаулығына, күнделікті шығынына және үйдегі техниканың жағдайына тікелей әсер етіп отыр.

«Бұл суды шынымен ішу мүмкін емес. Айман сараптамаға апарған шығар, нақты білмеймін. Ал мен өзім бірнеше жыл бұрын осы суды әкімдікке апарғанмын. Сол кезде әкім орынбасарларының біріне суды көрсетіп, «осыны өзіңіз ішіп көріңіз» дегенмін. Бірақ ол «Жанна, мұнда цирк жасамайық» деп жауап берген еді. Ақша бөлу жұмыстары жүріп жатыр деді. Бірақ содан бері де ештеңе өзгерген жоқ», — дейді Байтелова.

Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты дәлелдер де аз емес. Әлеуметтік желідегі парақшасында лас суға қатысты видео мен фотолар жеткілікті екенін айтады. Қажет болса, сүзгінің күйін де, тұрғындарға беріліп жатқан судың сапасын да фото-видеомен көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Сонымен бірге тұрғындар су үшін ресми тарифпен ақы төлеп отырғанын, тіпті тарифтің көтерілгенін айтады. Бірақ соған қарамастан, ішуге жарамсыз су келетіндіктен, адамдар ауызсуды бөлек сатып алуға мәжбүр.

«Біз онсыз да суға тарифпен төлейміз. Оның үстіне тарифті көтерді. Бірақ сонымен қатар ауызсуды дүкеннен бөлек сатып аламыз. Яғни, екі рет шығынданамыз. Бұл дұрыс емес. Оның үстіне үйдегі техника да бұзылады»,дейді Жанна Байтелова. 

Ол өзі де журналист екенін айтып, Талғардағы белсенді Айманға жасалған кедергіні күмәнді жағдай деп бағалайды. Байтелованың пікірінше, Айман өткізбек болған пикетке кедергі келтіру үшін арнайы флешмоб ұйымдастырылған болуы мүмкін.

«Бұл менің жеке пікірім, бірақ сол күні шұғыл ұйымдастырылған әлдебір флешмоб тек Айманға пикет өткізуге мүмкіндік бермеу үшін жасалғандай көрінді. Неге Талғар қаласы мен Талғар ауданының билігі сонша қорыққанын түсінбеймін. Айман — оппозиционер емес, билікке таласып жүрген адам емес, ешқандай партияның мүшесі емес. Ол — Талғардың қарапайым тұрғыны, жергілікті белсенді, қаланың экологиялық мәселесіне алаңдайтын адам», — дейді ол.

Жаннаның сөзінше, Айманның мақсаты өте қарапайым болған: бір сағат бойы заң аясында пикет өткізіп, журналистерге Талғардағы су мәселесінің мән-жайын айтып беру.

 

«Ол басынан бастап 11:00-ден 12:00-ге дейін жай ғана тұрып, журналистерге мәселені түсіндіргісі келді. Ешкімге кедергі келтірмей, ешқандай жанжалсыз өткізгісі келді. Бірақ сіздер көрдіңіздер: оны алып кетіп, «рұқсат құжаттарыңызды тексереміз» деді. Меніңше, бұл — оның пікір білдіру құқығына, сөз бостандығына кедергі келтіру үшін жасалған арандатуға ұқсайды», — дейді ол.

Ал белсенді Айманның өзі су мәселесін шешу үшін алдымен аудандық деңгейде, кейін облыстық деңгейде жауапты органдарға жүгінгенін айтады. Алайда, оның сөзінше, барлық жерде бір жауап айтылған: қаржыландыру мәселесі шешілмеген.

«Мен облыс әкімдігіне бардым, өйткені аудан қаржыландыру берілмейтінін айтты. Облысқа бардым, облыс та бас тартты. Ондағылар бұл республикалық бюджетке тірелетін мәселе екенін жеткізді. Сондықтан осы пикет туралы алдын ала ресми түрде хабарлама бердім», — дейді Айман Жарлықасымова.

Оның айтуынша, ол пикет өткізу туралы хабарламаны заң талаптарына сай алдын ала тапсырған. Әкімдік заң бойынша үш жұмыс күні ішінде пикетке қатысты не бас тарту, не орнын ауыстыру туралы жауап беруі тиіс болған. Алайда белгіленген мерзімде ешқандай жауап берілмеген.

«Хабарламаны ресми түрде тапсырдым. Заң бойынша әкімдік үш жұмыс күні ішінде маған не бас тарту, не локацияны өзгерту туралы жауап беруі керек еді. Бірақ үш күннің ішінде жауап болған жоқ. Ал заңнамаға сәйкес, егер жауап та, бас тарту да болмаса, мен пикетке шығуға құқылымын. Яғни бұл — рұқсат болып саналады», — дейді ол.

Айман Жарлықасымованың сөзінше, кейін оған қандай да бір бас тарту бар екені айтылғанымен, ол мұндай құжатты ресми түрде алмаған.

 

«Қазір маған әлдебір бас тарту бар деп айтып жатыр. Бірақ ол бас тартуды мен ресми түрде алған жоқпын. Қолыма ешқандай құжат тапсырылған жоқ. Ешқандай ресми ескерту де болған жоқ», — дейді белсенді.

Айман бұл әрекетін заңды деп санайды және Талғардағы су мәселесін тағы да ашық көтеріп отыр. Оның айтуынша, бұл — бір-екі жылда шыққан проблема емес. Талғардағы ауызсу мәселесі туралы журналистер де бұған дейін талай жазған, ал өзі бұл мәселені кемінде 2008 жылдан бері көтеріп келеді.

«Мен әкімдіктен де, ішкі саясат тарапынан да ресми жауап алдым. Бірақ мен тағы да бір сұрақты қоямын: су қайда? Талғар қаласындағы, Талғар ауданындағы су мәселесі қашан шешіледі? Іздеу жүйесін ашсаңыздар, бұл тақырыптың бүгін ғана көтеріліп отырмағанын көресіздер. Мен бұл мәселені 2008 жылы көтердім. 2016 жылы да журналистер бұл туралы жазды. Әр жылдары мақалалар шықты», — дейді ол.

Айманның айтуынша, жыл сайын тұрғындарға уәде беріледі. Әр келген жаңа әкім бұл мәселенің шешілетінін айтып сендіреді, бірақ нақты нәтиже жоқ.

«Әр жолы бір уәде айтылады. Әр жаңа әкім «мен алдыңғы әкімнің сөзіне жауап бермеймін, сабыр етіңіздер, су мәселесі шешіледі» дейді. Бірақ мәселе сол күйі шешілмей келеді», — дейді ол.

Белсендінің сөзінше, ол өзін оппозиция өкілі санамайды және қандай да бір саяси мақсат көздемейді. Оның жалғыз талабы — Талғардың ауызсу мәселесіне мемлекет назар аударып, қаржы бөлініп, көп жылдан бері шешілмей келе жатқан проблема түбегейлі реттелсе болғаны.

Orda.kz редакциясы осы мәселе бойынша Талғар әкімдігіне ресми сауал жолдады. 

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар