Үкіметтік емес ұйым жайлы не білеміз?

cover

Үкіметтік емес ұйым... қоғамда «емес» деген сөздің өзі кері пікір қалдыратын сияқты. «Үкіметтік емес» - демек өз алдына бөлек ұйым. Алайда үкіметсіз ол ұйымдар өмір сүретін ба еді?!  Елдегі қоғамдық бірлестіктер жобаны қалталарының қалыңдауы үшін ғана жазып, іске асыра ма?!

Жалпы, үкіметтік емес ұйымдар дегеніміз не? Сіздер ақпараттық құралдардан, әлеуметтік желілерден үкіметтік емес ұйымдар (НПО) деген атауды кездестіресіздер. Мәселен, олар өткізіп жатқан шараларға, түрлі акцияларға қатысып жүрсіздер. Бірақ, бұл атаудың мағынасын білмеуіңіз мүмкін. Әлі күнге шейін, тіпті әріптестерімнің арасынан «ол не өзі?» - деген сұрақты жиі естимін.

Ендеше, біздің елімізде қоғамдық мәселелерді шешу мақсатында жеке азаматтар немесе заңды тұлғалар арасынан құрылған одақтар бар. Бұл одақтар ҚР заңнамасында ҮЕҰ (Үкіметтік емес ұйым) деп аталады. Бұндай ұйымдардың мақсаты бір болады. Ұйым белгілі бір қоғамдық пайдалы мәселелерді шешу мақсатында және өз идеяларын жүзеге асыру үшін құрылады. Азаматтар ортақ қызығушылықпен бірлескеннен кейін, жұмыстары нақты бір нәтижеге жетуге бағытталған. Мемлекеттің жұмыс күші мен бюджеті жетіспейтін қызмет түрлерін тұтынушыға ұсынады. Ортақ шешіммен құрылған Ұйымдар түрлі бағыттар бойынша жұмыс жасап, Үкіметтік емес ұйымдар секторын құрайды:

Қоғамдық бірлестіктер;

Қоғамдық қорлар;

Заңды тұлғалардың одағы (қауымдастық);

Коммерциялық емес акционерлік қоғам;

Діни бірлестік.

Әлем бойынша әрбір демократиялық қоғамның мемлекеттік және жекеменшік сектормен өзара қатынаста болатын дамыған «үшінші» сектормен сипатталатындығы белгілі, мұның өзі көпшіліктің әлеуметтік маңызы бар шешімдерді қабылдау мен оларды бірге жүзеге асыру процесіне қатысу механизмінің пайда болуын негіздейді.

Сонымен қатар, жағдайды абстрактілі-ықтималдық модальдықта бағалайтын болсақ, «үшінші сектор» елдегі әлеуметтік-саяси процестерді одан әрі демократияландыруға оң ықпал етеді. Ерікті түрде іс-әрекет жасап және бастама көтере отырып өткір мәселелерді шешеді. Мәселен, мұны көп балалы және жалғызбасты аналардың, жетім балалардың, қиын жасөспірімдердің, экологиялық апаттар құрбандарының проблемаларымен айналысатын үкіметтік емес ұйымдарға қатысты айтуға болады. Түрлі әлеуметтік топтар мүдделерінің көптүрлілігін көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың тармақталған жүйесін қалыптастырып, нығайту еліміздегі азаматтық қоғамды орнықтырудың маңызды индикаторы болып табылатындығы еш күмәнсіз.

Соңғы жылдары еліміздің әлеуметтік саяси өмірінде түбегейлі өзгерістер болуда және халықтың азаматтық белсенділігінің өсуі байқалады. Нақ үкіметтік емес ұйымдар халық пен билік арасын жалғап тұрған көпір іспетті. Алдымен, Қазақстанда «үшінші билік өкілдерінің» қалыптасуының қазақстандық мемлекеттіліктің қалыптасуына орайлас келгендігін атап айту қажет. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өзара қатынасын талдау шартты түрде үш кезеңге бөліп алуға болады:

1-кезең – «стихиялық», көптеген ҮЕҰ-ның стихиялы көңіл аудармауымен ерекшеленеді;

2-кезең – «талдау», мемлекеттің «үшінші секторға» қатысты тек жалпы позициялары ғана айқындалған, үшінші сектормен өзара қатынас жөніндегі бірыңғай мемлекеттік саясат толық мөлшерде жасалынбаған;

3-кезең – «ынтымақтастық». Бұл үкіметтік емес ұйымдармен өзара қатынас жөніндегі мемлекеттік мәселесін қоюмен сипатталатын қазіргі кезең.

Бұл кезең үкіметтік емес сектордың мемлекетпен тең құқықты серіктестік принципінде нақты ынтымақтасуы үлкен маңызға ие болады. Әдебиетте ҮЕҰ-ның көптеген анықтамалары бар: nongovernmental organizations, НКО, НКПО, НГО сынды.

Талдау мақсаттары үшін үкіметтік емес ұйымдардың бес негізгі сипаттамасын, яғни, коммерциялық емес, мемлекеттік емес, саяси партия емес, діни бірлестік емес деген қызметтерін бөліп алуға болады. Бұл жерде ондай сипаттамалардың өзінде қарама-қайшылықтар бар екендігін, сөздердің белгілі бір мағынада өздерін жоққа шығаратындығын ескеру қажет. Сондықтан ҮЕҰ-ның қоғамдағы орнын анықтаған кезде байыпты қатынас аса маңызды.

Елбасының 2000 жылғы 24 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында «Үкіметтік емес қоғамдық ұйымдар бүгінгі күннің өзінде Қазақстандағы құқыққорғау қызметінде де және әлеуметтік тұрақтандыруда да үлкен рөл ойнайды. Әлеуметтік маңызды жоюаларды жүзеге асыруға, жекелей алғанда, грант жүйесі арқылы, байыпты мемлекеттік қолдау қажет» делінеді. Содан бері жыл сайынғы Жолдауда азаматтық қоғам туралы айтылады. Мемлекеттен бөлінетін гранттар да өсіп жатыр. Сәйкесінше қоғамдық бірлестіктер саны артуда. Қазіргі таңда бір ғана Алматы облысы бойынша 1200 ден астам ҮЕҰ тіркеліп тұр. Оның жұмыс жасап жатқандары 600, ал белсенді жұмыс жасап, қоғамға пайдасын тигізіп жатқандар санаулы ғана. Атын атап, түсін түстемей, болашақта үшінші билік өкілдерінен әлеуметтік маңызы бар қадамдар, жаңа, тың жобалар күтетінімізді айта кеткім келіп тұр.

Назерке Сейсенбаева

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар