«Кеше сүндет той, бүгін жаназа»: Алғабаста 12 адамды жалмаған өрттен аман қалуға мүмкіндік болды ма?
Коллаж: Orda.kz
Orda.kz тілшісі қайғылы оқиғадан бірнеше сағат өткен соң Алғабасқа жолға шықты. Тілшіміз жеткенде ауыл тұрғындары жаназаға дайындалып жатыр екен. Өрт жалмаған бұл үйде 12 адам қаза тапқан. Көшеде кездескен жұрттың бәрі: «Кеше той болып еді, бүгін екі отбасының жаназасын шығарып тұрмыз…» дейді.
Біз ауыл тұрғындарымен ғана емес, балалар оқыған мектептің ұжымымен, дәрігерлермен және жергілікті билік өкілдерімен де сөйлестік. Репортажымызда сол ақпараттарды жариялаймыз.
Біз куәгерлермен де тілдестік. Олар өрттің қалай басталғаны жайлы да баяндап берді.
«Әпше, көмектесіңіз! Өртеніп жатырмыз!»
Алдымен оқиғаға куә болғандарға сауалымызды қойдық. Таң ата бере екі қабатты үйден шыққан жалын мен ащы дауысты көршілердің бәрі естіген.
«Әлгі әйелдің жан дауысы үйіме дейін жетті. „Әпше, көмектесіңіз! Шыға алмай қалдық! Өртеніп жатырмыз!“ деп айқайлады. Сыртқа жүгіріп шықтым, бірақ үйдің бәрі қызыл жалын. Көршілерді ояттым. Артынша құтқарушылар мен жедел жәрдем келді»,деді Ханымай Жүнісова.
Екінші қабаттан көмек сұраған әйел темір тор мен жалынның арасынан шыға алмай, көз жұмған.
«Түтінге уланган. Болмаса аман қалар еді. Егіз балаларды алып шыққан сәтті көзіммен көрдім. Қорқынышты күйде қаза болыпты. Өте жақсы адамдар еді. Әйелдің айқайы әлі құлағымнан кетпейді. Кеше ғана той думан еді, бүгін олар жоқ…».
Өрт шыққан үйде ерлі-зайыптылар, олардың бес баласы және 60 жастағы әжей тұрған. Сол кеште үй иесінің ағасы әйелімен және төрт баласымен Мақтааралдан келіп қонған. Туыстары бір күн бұрын сүндет той жасаған.
Өрттен тек үш адам тірі шықты: 39 жастағы ер адам, оның 34 жастағы жұбайы және 7 жастағы қызы. Үшеуі де жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары өте ауыр.
«Үшеуі – бір үйдің ағайындылары. Біреуі осы арада, екіншісі жолдың ар жағында, үшіншісі көрші ауылда тұрады. Тойдан кейін бір отбасы осында қонуға келген, өзгелері үйлеріне кеткен. Өрттен кейін үйге кірдім. Ішіндегі дүние түгел жанып кеткен», –деді ауыл тұрғыны Қайырберген Божымбетов.
Қабір қазылып жатқанда, үйдің алдында ондаған адам жиналды. Журналистерге жұмыс істеу қиын болды. Әкімдік пен полиция түсірмеуді сұрап, біздің тілшіні жаназа өтетін аумақтан шығарып жіберуге тырысты.
Түске таман облыс әкімдігінен өкілдер ақпарат беруге шықты. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Зулфухар Жолдасов:
«Қазір ғана құран оқыдық. Таңертең ерте келдім. Жаназаны ұйымдастыруға көмектесіп жатырмыз. Барлық материалдық шығын өтеледі», – деді.
Өрттің себебіне қатысты ол өте абайлап сөйледі:
«Газдың жарылуы мүмкін емес. Қазандық үйдің сыртында болған. Мамандар нақты себебін анықтап жатыр», – деді Зулфухар Жолдасов.
Қазір оттың неден тұтанғаны жайлы дерек жоқ.
Енді ешқашан мектеп табалдырығын аттамайтын балалар
Қаза тапқандардың арасында тоғыз бала бар. Бір жасар бөбектен мектеп оқушыларына дейін көз жұмды. №14 мектептің директоры Сапаргүл Шәулиева қаралы хабарды таңертең естіген:
«Алуа – 1-сыныпта, Дана – 3-сыныпта, Асия – 4-сыныпта оқитын. Сондай-ақ балабақшаға баратын егіздер – Әлихан мен Әмірхан бар. Бұл отбасы өте белсенді еді, ата-аналары мектеп іс-шараларынан қалмайтын. Өте тәрбиелі қыздар болатын. Қайғы отбасының ғана емес, бүкіл мектептің қабырғасын қайыстырды», – деді ол Orda.kz тілшісіне.
Бүгін вице-премьер Қанат Бозымбаев шұғыл комиссия жинап, ІІМ-ге тергеуді толық бақылауға алуды, ал ТЖМ-ге, әсіресе, әлеуметтік осал отбасылардың үйлерін, жатақханалар мен хостелдерді жаппай тексеруді тапсырды. Пешпен жылытылатын үйлерге ерекше назар аударуды бұйырды.
Өрттің нақты себебі кейін анықталады. Ал қазір ең бастысы – ауыр халде жатқан үш адамның өмірін сақтап қалу болып тұр.
Алғабаста өрттен қайтыс болған отбасы жайлы мына материалдан оқыңыз.
Автор: Назерке Еркінбекқызы
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық