Қазақстанның мұнайгаз саласындағы ең ықпалды адамдар белгілі болды

cover Фото: rating.ru

Қазақстанның Мұнайсервистік компаниялар одағы өзінің салалық KazService журналының жаңа санында мұнайгаз саласының ең ықпалды өкілдерінің жаңартылған рейтингін жариялады. Тізімге ірі кәсіпкерлер, шенеуніктер мен басшылар енген, деп хабарлайды Orda.kz.

KazService сарапшылары рейтингтің бірінші орнына энергетика министрі Ерлан Аккенженовті қойды. Тізімді құрастырушылар қазіргі Энергетика министрінің бұл салада жиырма жылдан астам тәжірибесі бар екенін еске салды. Ол еңбек жолын Chevron Texaco компаниясында мұнай трейдері ретінде бастаған, кейін KMG International компаниясында топ-менеджер, сондай-ақ «ҚазМұнайГазда» бірнеше маңызды лауазымдарда қызмет еткен. 2025 жылдың наурызында министр болып тағайындалған соң, энергетика саласын цифрландыру және экспорттық инфрақұрылымды дамыту ісіне белсенді кірісті.

«Ол мұнай өндіру көлемін анықтауда ұлттық мүдделерге басымдық беретінін ашық мәлімдеп, Қазақстан өндірісті ішкі басымдықтарға сәйкес белгілейтінін, ОПЕК плюс ұйымының квоталарына сөзсіз бағынбайтынын жария түрде айтты» деп атап өтті KazService.


Рейтингтің екінші сатысына Тимур Құлыбаев жайғасты — ол Қазақстанның ең бай адамдарының бірі әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы. Талдаушылар оның мұнайгаз саласына қатысы бар ондаған компанияның түпкі бенефициары екенін және бұл кәсіпорындарда он мыңнан астам адам жұмыс істейтінін еске салады.

Құлыбаевтың басты активі болып саналатын Halyk Bank — мұнайгаз секторындағы ең ірі несие берушілердің бірі. Өткен жылмен салыстырғанда Тимур Құлыбаев рейтингте бір саты жоғары көтерілген.


«Жеке капиталдың ықпалының артуы және активтер портфелінің кеңеюі оның позициясын нығайтты және рейтингте жоғары көтерілуге мүмкіндік берді. Қосымша фактор ретінде оның халықаралық байланыстары, соның ішінде ОПЕК елдерімен және еуропалық инвесторлармен тұрақты қарым-қатынасы мен энергетикалық жүйені терең түсінуі аталды» деп жазды KazService журналы.


Үшінші орынға Бекет Ізбастин орналасты — ол «PSA» ЖШС-нің бас директоры. Ізбастин мырза Қазақстанның мүддесін Қарашығанақ және Қашаған жобаларында білдіретін компанияны басқарады.

Төртінші орында  бұрын ҚазМұнайГаздың басшысы болған және қазіргі таңда президенттің энергетика мәселелері жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарып отырған Мақзұм Мырзағалиев тұр. Оның басқару саласындағы көпжылдық тәжірибесі энергетика саласына ықпалын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

Одан кейінгі орындарға энергетика вице-министрлері Әлібек Жамауов, Арынбек Құдайберген және Ілияс Бақытжан жайғасты.

Сегізінші орында  «ҚазМұнайГаз» басқармасының төрағасы Асхат Хасенов. Оның рейтингі өткен жылмен салыстырғанда төмендеді. Бұған себеп ретінде жаңа өндірістік қуаттардың іске қосылмауы мен инвестиция тарту ісіндегі жетістіктердің болмауы көрсетілген.

Тоғызыншы орын  Құрманғазы Ісқазиевке берілді. Ол Асхат Хасеновтің бірінші орынбасары және Қытайдың CNOOC компаниясымен бірге Каспий қайраңындағы «Жылыой» жобасын үйлестіреді.

Ал үздік ондықты «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Санжар Жәркешов қорытындылап тұр.

Қазақстанның мұнайгаз саласындағы ең ықпалды әйел ретінде ҚазМұнайГаз басқарма төрағасының орынбасары Диана Арысова танылды. Ол рейтингте 20-орында тұр.

Рейтингтің өзге де назар аударарлық қатысушылары қатарында KazEnergy қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақов (22-орын), «ҚазТрансОйл» компаниясының бас директоры Арман Қасенов (26-орын), жуырда ғана «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры болып тағайындалған Қуаныш Бішімов (33-орын), сондай-ақ Қазақстанның ең бай кәсіпкерлері тізімінде жүрген Кеңес Рақышев (58-орын) пен Данияр Әбілғазин (60-орын) бар.

KazService рейтингінде бірінші орынға шыққан Ерлан Аккенженовтің кім екені туралы біз бұған дейін толығырақ жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Halyk Finance сарапшыларының айтуынша, елдегі бақыланбайтын экономика жағдайы жақсарып келеді, бірақ  бизнесті көлеңкеден шығару үшін батыл әрі кешенді шаралар қажет.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар