«Қазақстандағы түрме азабы»: «Қара генерал» ісіндегі шизофрениямен ауыратын сотталушының қор болған ғұмыры
Коллаж: Orda.kz
Бір кездері тікұшақ пен зауыты бар дүркіреп тұрған адам бүгінде психиатриялық емханада жатуы керек науқастың деңгейіне түскен. Сергей Ильин — «қара генерал» аталған атышулы істің басты фигуранттарының бірі. Ол сегіз жарым жылын түрмеде өткізді, төртінші сатыдағы асқазанның қатерлі ісігіне шалдықты, психикалық күйзеліске түсті. Енді оның адвокаты соттан Ильинді жазадан толық босатуды сұрап отыр.
Бұрын елге танымал кәсіпкер болған адамның тағдыры жайлы және оны не себепті психикалық ауытқуы бар деп тануды сұрайтынын Orda.kz тілшісі баяндайды.
Әуелі 2015 жылы болған, ұмытыла бастаған, тіпті кейбірі естімеген «қара генерал» ісі жайлы айта кетейік. 2015 жылдың 2 наурызында БАҚ өкілдері «қара генерал» атап кеткен, генерал-майор Аманбаев ұйымдасқан қылмыстық топты басқарды деген күдікпен қамауға алынды. 5 наурызда ол екі айға қамалды. Кейін үй қамағына ауыстырылды. Алайда сол жылы күзде ол қамауда ұстау шарттарын бұзғаны үшін ұсталды. 2017 жылы Аманбаев 14 жылға бас бостандығынан айырылды. 2020 жылдың жазында Кассациялық сот оның ісін қарап, Аманбаевқа қатысты үкім нақты айыптау қорытындысымен шығарылғанын анықтады. Үкім қызмет бабын асыра пайдаланудың бір эпизоды үшін ғана дұрыс болып шықты. Оның жазасы 5,5 жылға дейін қысқартылды.
Жұрттың ойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босату «жаза аяқталды» деген сөз. Адам үлгілі тәртібі үшін немесе денсаулығына байланысты ерте шықса, еркіндікке қол жеткізді деп есептеледі. Мысалы, қалаған жеріне көшіп, шетелдік курортта емделуге құқылы сияқты көрінеді. Бірақ шын мәнінде, жаза шартты түрде босап шыққаннан кейін аяқталмайды.
Ресми түрде бұрын сотталған адам жазасын өтеп жатыр деп есептеледі. Иә, ол қала ішінде еркін жүріп-тұрады, жұмыс істейді, отбасымен бірге тұрады. Бірақ пробациялық бақылауда болады және полиция бекіткен талаптарды қатаң сақтауы тиіс. Ай сайын учаскелік инспекторға белгіленіп отыруы, қонақта түнемей, сағат 23:00-ден кейін үйінде болуы, басқа облысқа шығу үшін арнайы рұқсат алуы шарт.

Олай етпесе, қайтадан түрмеге түсуі әбден мүмкін. Екі рет ресми ескерту алған адамды сот қайта қамауға шешім шығара алады. Мұндай репрессиялық шаралардан жалғыз жолмен ғана құтылуға болады. Егер сот оның ақыл-есінің кемістігін мойындаса, мұндай шара қолданылмайды. Бірақ бұл да екіұшты мәселе.
Осы жайлы 2016 жылғы атышулы қылмыстық іс бойынша сотталған азаматтың оқиғасын айта отырып, тоқталамыз.
Ауру жанның жанайқайы
Жуырда Алматы қаласы Медеу аудандық сотына 50 жастағы сотталған Сергей Ильиннің қорғаушысы Паллада Тепсаева өтініш түсірді. Адвокат денсаулығына байланысты оның жазасын өтеуден босатуды сұрап отыр. Айтуынша, Ильин пробациялық бақылауда бола алмайды, себебі психикалық дертке шалдыққан.
Сергей Ильин — Алматы қалалық қаржы полициясы департаментінің бұрынғы басшысы Әмірхан Аманбаевтың атышулы ісі бойынша айыпталғандардың бірі. Әмірханның ісінен құлағдар адамдар оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының төрағасы Қайрат Қожамжаровқа бәсекелес болған деп есептейді.
Антикор басшысының қарамағындағы қызметкерлер Аманбаев пен кәсіпкерге «жалған кәсіпкерлік пен жасырын қаржы айналымын ұйымдастырған қылмыстық топ құрды» деген айып тақты.
Айыпталушылар өз кінәсін мойындаған жоқ. Олар істің қолдан жасалғанын мәлімдеді. Олардың қатарында тағы 35 адам болды. Тергеу нұсқасы бойынша, олар да «қара генералдың» ұйымдасқан қылмыстық тобының мүшелері саналған.
2017 жылдың ақпанында бірінші инстанция соты барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, Аманбаев пен Ильинге ұзақ уақытқа жаза тағайындады. Кейін апелляциялық алқа генералды бес айыптың төртеуі бойынша ақтады. Бұл расында күтпеген шешім еді. Ал Ильин жалған кәсіпкерлік бойынша ақталды, себебі жаңа заңнамада бұл бап қылмыс ретінде танылмайтын болды. Осыған байланысты жаза мерзімі қысқарды.
«Сергейге 14 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын Қонаев қаласына жақын орналасқан Заречныйдағы қатаң режимдегі №12 колонияда өтеді. Сегіз жарым жыл отырған соң, 2021 жылдың маусымында дәрігерлер оған асқазан обырының төртінші сатысын диагноз қойды. 130 келіден 50 келіге дейін салмақ тастап, екінші топтағы мүгедек атанды. Соған қарамастан, оны денсаулығына байланысты бірден босатқан жоқ. Біз ұзақ уақыт бойы шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды талап етіп, ақыры жеттік. 2024 жылғы 4 қыркүйекте Алматы облыстық соты оны ҚР ҚК 72-бабы 4-бөлігі негізінде бостандыққа шығарды», — дейді адвокаты Тепсаева.
Адвокаттың айтуынша, Ильин бұл жаңалықты Қапшагай қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде ауыр халде жатып естіген. Себебі оның онкологиялық дерті асқынып, бауырына метастаз тараған. Жығылғанға жұдырық болып бұл хабар оның психикасына ауыр соққы болды. 2024 жылғы 5 қыркүйекте оны ес-түссіз күйде Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығына жеткізді. Содан бері ол сол жерде стационарлық ем алып жатыр. Дәрігерлер жағдайы сәл жақсарған кезде оны үйіне жіберіп, туыстарымен уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
«Мамыр айында Сергейге амбулаториялық сот-психиатриялық сараптама жүргізді. Сараптама оның «тұрақты кемістігі бар, эпизодтық түрдегі параноидты шизофрениямен» ауыратынын көрсетті. Ол өзінің әрекеттерінің мәнін түсінуге және оларды бақылауға қабілетсіз. Сондықтан ҚР ҚК 75-бабы 1-бөлігіне сәйкес, мәжбүрлеп емдеусіз жазадан босатуды сұраймын, — дейді адвокат.
Адвокаттың айтуынша, оның қорғауындағы азамат қазір Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығында өз еркімен ем қабылдап жатыр. Оны Ақтас кентіндегі атышулы психиатриялық емханаға — адам өлтірген, педофил зорлаушылар мен каннибалдар секілді аса қауіпті науқастар жатқан мекемеге мәжбүрлеп жатқызудың қажеті жоқ.
«Өкінішке қарай, соңғы кезде Сергейдің психикалық жағдайы нашарлап кетті. Ол мазасыз әрі күмәншіл бола бастады. Оған артынан біреу аңдып жүргендей, зиян келтіргісі келетін адамдар бардай көрінеді. Туыстары қатты алаңдап отыр. Сондықтан олардың өтініші бойынша мен аудандық сотқа жүгіндім», — дейді Тепсаева.
Қорғаушының айтуынша, нейролептикалық препараттар паранойя мен үрейге толы күйді уақытша басады. Бірақ Ильин өзін толық бақылай алмайды. Оның жазасының аяқталуы үшін қалған бес жарым жылда пробациялық бақылаудан өте алмайтыны анық.
«Түрмеде өткізген жылдар Сергейдің психикалық денсаулығына ауыр сызат салды деп есептеймін. Тергеу мен сот процестері кезінде үнемі күйзелісте жүрді, кейін лагерь тәртібіне бейімделуге мәжбүр болды. Мұндай психоэмоциялық қысымға кейде дені сау адамның өзі төтеп бере алмайды. Ал Сергей психикалық дертке шалдыққан. Оған қоса, ол ұзақ уақыт бойы қажетті психиатриялық көмек ала алмады. Асқазан обырына шалдыққанын естігенде жағдайы тіптен ушығып кетті. Ол тек физикалық емес, жан күйзелісін де бастан кешірді. Соған қарамастан, барынша шыдап бақты», — дейді қорғаушы.
Айта кетейік, екінші топтағы мүгедектік пен ауыр онкологиялық диагнозға қарамастан, сот үнемі Ильиннің жазасын жеңілдетуден бас тартып келді. Алдымен олар оны шартты түрде босатудан бас тартты. Себебі ол мемлекетке келтірілген 19,8 миллиард теңге залалды өтемеген және 198 миллион теңге көлеміндегі мемлекеттік бажды төлемеген. Кейін сот оны түзелгеніне жеткілікті дәлел келтірмеді деп шешті. Түрме әкімшілігі берген жағымды мінездеме оларға аз көрінген.
Ақыры, тауы шағылып, күдерін үзген Ильиннің әйелі мен адвокаты редакциямыздан көмек сұрап, біз бұл туралы сыни мақала жарияладық. Осыдан кейін ғана сот онкологиялық науқасқа шартты түрде бостандық берді.
Біз ол кезде одан эксклюзивті сұхбат сұрауға батпадық. Денсаулығы тұрақталып, ремиссия кезеңі басталған соң сөйлесеміз деп ойладық. Осылайша оның психикалық жағдайы туралы біз жақында ғана білдік.
«Сергей 1993 жылдың 9 наурызынан бері «шизофрения» диагнозы бойынша психиатриялық есепте тұрған. Бұл дерттің емі жоқ, тек симптомдарын жеңілдетуге болады. 2000 және 2002 жылдары оны ақыл-есі кем деп танып, қылмыстық жауапкершіліктен босатқан. Алайда кейіннен оны есі дұрыс деп тауып, түрлі жаза тағайындаған. Бұл шешімдер қабылданғанда судьялардың ешқайсысы оның дертінің ауыр салдарын ойламады. Енді сол заңсыз шешімдердің зардабын тартып отырмыз», — дейді Тепсаева.
Сергей Ильиннің екі рет сотталғаны белгілі. 2016 жылы оны «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясындағы қаражат жымқыру ісі бойынша айыпты деп танып, үш жылға бас бостандығынан айырды. Ал 2017 жылы оны жалған кәсіпкерлікпен айналысты, қылмыстық топ құрды және басқарды, пара берді, заңсыз жолмен келген қаржыны заңдастырды деген баптармен кінәлі деп тауып, 16 жылға соттады. Кейін бұл мерзім 14 жылға қысқартылды.
Бір қызығы — психикалық ауруына қарамастан, Ильин ұзақ жылдар бойы сәтті кәсіппен айналысып келген. Медицина мен құрылыс саласында бірнеше табысты бизнес-жобаларды жүргізген. Оның меншігінде тұрақты табыс әкелетін бірнеше кәсіпорын болған. Оның дөңгелеген кәсібінен келген дәулет 2017 жылғы сот үкімінде де көрінеді. Мысалы, сол кезде мемлекет пайдасына екі Eurocopter EC-130B-4 және Bell 206 v 3 маркалы тікұшақтар, Алматы облысындағы бес жер телімі, кірпіш зауытының 25% үлесі, төрт люкс көлік, үлкен зәулім үй және 60 мың АҚШ доллары тәркіленген. Мынадан кейін көпті шизофрениямен ауыратын адамның мұншама мүлікті қалай жинағаны қызықтыратыны анық.
«Сергей — табиғатынан табанды, ақылды, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары адам. Қай істі бастаса да, аяғына дейін жеткізіп, пайда табатын. Көп адам психикалық дертке шалдыққан адамды ақыл-есі кем деп ойлайды. Бұл — қате түсінік. Шизофрения — ойлау мен қабылдау үрдістері басқаша болатын психикалық ауру. Ауру асқынған сәттерде адам дүниені сюрреалистік түрде қабылдайды. Бірақ ол өзін күтіп-баға алады, қоғаммен қарым-қатынас жасай алады», — дейді қорғаушы.
Егер оның психикалық ауыруы бар екенін ескерсек, Ильиннің қалайша екі рет сотқа тартылғаны мүлде түсініксіз. Себебі параноидты шизофрения — ауыр диагноз. Сол үшін ондайда адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Ал ол соңғы үкім бойынша ұзақ уақытқа сотталған.
«Бұл «Ескі Қазақстанның кезінде болған жағдай. Ол кезде ақтайтын үкімдер өте сирек шығатын. Сот жүйесі репрессиялық сипатта болды. Сондықтан Сергей және онымен тағдырлас басқа да азаматтарға жол болмады. Ең өкініштісі, ол антикор қызметкерлері мен кейінгі арнайы прокурорлар жүктеген қылмыстарды жасаған жоқ. Ең көбі — салық төлеуден жалтарғаны үшін айыптауға болар еді. Сергейдің өзі бір күндік фирмалардың атынан ақша қолма-қолға айналдырумен айналысқанын мойындайды. Бірақ ол жемқор қаржы полицейлері мен ашкөз кәсіпкерлерден құралған қылмыстық топты басқарған жоқ», — дейді Тепсаева.
Камерадағы қысым
2025 жылдың наурыз айында Ильин Elmedia YouTube арнасына ашық сұхбат берді.
Онда ол 2016 жылы антикор қызметкерлері генерал Аманбаевқа қарсы айғақ алу үшін оған қалай қысым көрсеткенін, қалай қорқытып, азаптағанын егжей-тегжейіне дейін баяндады. Арнайы прокурорлар мен комитет өкілдерінің оның шағымдарын тексеру кезіндегі әрекеттерін, тергеу изоляторында медициналық көмексіз отырудың азабын да айтып берді.
Сол сұхбатта ол өзіне қысым көрсеткендердің аты-жөнін атады. Бұл адамдар шілде айының басында қайтадан ел назарында болды. Сөз Талғат Татубаев пен арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Олеся Кексель туралы болып отыр. Олар 2016 жылы БТА банкінен қаржы ұрлаған күдіктілерді азаптады деп айып тағылған іс бойынша ұсталды. Ильин сондай-ақ кейін прокуратураға ауысқан, басқа да атышулы істерді қадағалаған жоғары лауазымды антикор қызметкерлерінің есімдерін атады.
Біз адвокат Тепсаевадан қорғауындағы Сергей Ильин айтқан деректерді растайтынын, болмаса растамайтынын сұрадық. Ол Ильиннің тергеу изоляторында отырған кезде азаптаулар мен психологиялық қысымға шағымданғанын растады. Алайда нақты егжей-тегжейін есіне түсіре алмады.
Ильин YouTube арнасына берген сұхбатында өзінің басынан өткен қорлықтарды қатты әсерленіп, толқып баяндаған еді. Айтуынша, антикор қызметкерлері оның басына қап кигізіп, денесін жасырмамен орап, уақытша ұстау изоляторының жедел бөлімшесіне әкелген. Сол жерде оны қолмен де, аяқпен де, электрошокермен де ұрып-соққан. Карцерде жатқан кезде түрме егеуқұйрықтары аяғының саусақтарын кеміріп тастаған. Бұл егеуқұйрықтардың кемірген іздерін кейін сот-медициналық сарапшылар тіркеген.
Сергей тергеу тобының қызметкерлеріне барлық инстанцияларға шағымданған. Алайда тек комитет қызметкерлері ғана үн қатты. Олар оны дереу ведомстволық тергеу изоляторына ауыстырды. Сол жерде ол сот шешімін күтіп жатты. Колонияға бірден жіберген жоқ. Алдымен жалғыз адамдық камерада ұстады, содан кейін ғана Заречныйдағы №12 аймаққа этаппен жеткізді.
«Сергей лагерьде тыныш жүрді, ешкіммен жауласпады. Керісінше, орта медициналық білімі болғандықтан, жолдастарына көмек көрсетіп, жақсы атқа ие болды. Ауырып қалған сотталғандарға алғашқы медициналық жәрдем беретін. Бірақ бір күні оны өлтірмек болған жағдайларда тіркелді. 2021 жылдың ақпанында Ұлттық ұланның үш әскери қызметкері оны лагерьдегі клуб маңында аяқ астынан соққыға жықты. Оны аяусыз ұрып, бұғанасын сындырып, бас сүйегін жарақаттады. Егер дәл сол сәтте түскі асқа бара жатқан басқа сотталғандар арашалап үлгермегенде, ол тірі қалмас еді. Бұл оқиғаны мен үш күннен кейін ғана білген соң, дереу Қапшагай қалалық ауруханасына жатқызуды сұрап, рұқсат алдым. Сол кезде Қапшагай гарнизонының әскери полициясы ҚР ҚК 448-бабы бойынша — «Бақылау қызметін атқару тәртібін бұзу» фактісімен қылмыстық іс қозғады. Алайда кейін іс тоқтатылып, жылы жабылды», — дейді Тепсаева.
Ильиннің YouTube арнасындағы сұхбатын көрсе, 2016 жылы антикор қызметкерлерінің азаптағаны мен дәлелдерді бұрмалағаны бойынша прокурорлар жаңа қылмыстық іс қозғай алар еді. Бірақ Медеу аудандық соты оны ақыл-есі кем деп танып жатса, онда оның айтқан сұмдықтарын да күмәнмен қабылдауға тура келеді. Мүмкін, біз 2024 жылы оны босатқан соң «қара генерал» ісінің тергеу барысы туралы эксклюзивті сұхбат алмағанымыз дұрыс болған шығар? Әйтпесе, біз де қынжылып қалар едік.
«Шын мәнінде, Сергейді ақтау керек. Ал оны заңсыз соттағандарды жауапқа тарту керек. Оны айлап уақытша ұстау изоляторында жалғыз камерада, кейін лагерь барагында жылдап ұстағандары бұрыс болды. Ол — психикалық ауытқуы бар науқас адам. Оған қамқорлық, қорған мен көңіл бөлу қажет еді. Оның үстіне, асқазанның қатерлі ісігіне шалдыққан. Бұл емделмейтін дерт. Мұндай жағдайда көбірек гуманизм керек. Ауыр дертке шалдыққан адамға кешіріммен қараған жөн. Барлығымыз да құдайдың алдында теңбіз. «Біреуге ор қазба, өзің түсесің деген. Жасаған жамандығың өзіңе қайта оралады», — деп түйіндеді адвокат Тепсаева.
Автор: Жанар Құсанова
Жаңалықтар
- Талдықорғанда асханада болған жанжал әйел өлімімен аяқталды
- Алматының арықтары нөсер жаңбырды ағыза алмайды, әкімдік не дейді?
- Түркістан облысында турнирге бара жатқан балалар жолда опат болды
- Алматыда оқушы мектепке балта көтеріп келіп, оны адамдарға қарсы қолданбақ болған
- Астанада автобуста жолаушы ана мен балаға тап беріп, балағаттады
- Лобода мен Қайрат Нұртас бірлесіп трек жазды
- Бұрынғы Оңтүстік Корея президентіне 30 жыл түрме жазасы сұралды — БАҚ
- 52 адамның пойызда уланғанына байланысты көлік министрі жаңа ақпарат берді
- Тоқаев Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын аралады
- Пашинян: «Бұл әрекет айқын арандатушылық». Ереванда Түркия туын өртеді
- Талдықорғандағы жеке ауруханда бала екінші қабаттан құлап, ота жасалды
- ҚМДБ-ның өз жасанды интеллект жобасы болады
- Елдегі базарлар неге жабылып жатыр? Министрлік жауап берді
- Дональд Трамп Израиль мен Ливан арасындағы бітім туралы мәлімдеді
- Астанада түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен республикалық айтыс өтті
- Теміртауда үш бала ток соғып, жансақтауда жатыр: Тұрғындар бұрыннан дабыл қаққан
- Атырауда тұтастай жоғалып кеткен отбасы мүшелерінің қашан өлтірілгені белгілі болды?
- Сарыағаш ауданында жеті айда бес жасқа дейінгі алты бала қайтыс болды, ата-аналар министрліктен дәрігерлердің салғырттығын тексеруді сұрайды
- Қазақстанда әскерден жалтарғандарға жаңа шара әзірленіп жатыр
- Алматыда Розыбакиев көшесін Мұхтар Шахановтың атына беруге петиция жарияланды