Қазақстандағы мектеп формасында өзгеріс бар ма?

cover Фото: Pexels

Қазақстанда орта білім беру ұйымдарындағы мектеп формасына қойылатын талаптар түсіндірілді. Ата-аналарға форманың үлгісін кім бекітетіні, оны қайдан сатып алуға болатыны және қандай отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетілетіні туралы айтылды, деп хабарлайды Orda.kz.

Ұлдар мен қыздарға арналған мектеп формасы күнделікті, мерекелік және спорттық болып бөлінеді. Форманы таңдағанда балалардың жас ерекшелігі, климаттық жағдай, сабақ өтетін орын, мектеп ғимаратындағы температуралық режим және қауіпсіздік талаптары ескеріледі.

«Мектеп формасы үлгісін білім беру ұйымы қамқоршылық кеңестің, ата-аналар комитетінің және мектептің өзін-өзі басқару органдарының қатысуымен айқындайды. Ол жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі. Мектеп формасына енгізілетін өзгерістер де аталған кеңестердің келісімімен қабылданады» деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігі. 

Министрлік ата-аналар мектеп формасын кез келген сауда желісінен сатып алып, өндірушіні өздері таңдай алатынын атап өтті. Сонымен қатар білім беру ұйымдарына белгілі бір өндірушіге артықшылық беруге тыйым салынған.

Кімдерге көмек көрсетіледі?

Халықтың әлеуметтік осал санатына жататын отбасылардың балаларына «Жалпыға бірдей білім беру» қоры аясында мектеп формасын, аяқ киімді және оқу құралдарын сатып алуға мемлекеттік қолдау көрсетіледі.

2026–2027 оқу жылы қарсаңында мұндай қолдаумен шамамен 450 мың баланы қамту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттерден 23 миллиард теңгеге жуық қаражат қарастырылған.

Форманы таңдағанда нені ескеру қажет?

Мектеп формасы қауіпсіздік талаптарына сай болуы тиіс. Атап айтқанда, оның құрамында балаға жарақат келтіруі мүмкін фурнитуралар мен аксессуарлар болмауы керек.

Сондай-ақ білім беру ұйымдарының жарғыларында белгіленген талаптарға сәйкес, оқушылардың мектеп ғимаратында бас киіммен жүруіне жол берілмейді.

Мектеп зайырлы қағидат бойынша жұмыс істейді

Оқу-ағарту министрлігі Қазақстан Конституциясына сәйкес діннің мемлекеттен бөлінгенін, ал білім беру ұйымдарындағы оқыту мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатта екенін еске салды.

Министрліктің мәліметінше, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар оны киюдің бірыңғай тәртібін қамтамасыз етуге, ата-аналардың оң көзқарасын қалыптастыруға және білім беру ұйымдарының белгіленген талаптарды сақтау жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

«Білім туралы» заңға сәйкес, ата-аналар білім беру ұйымының жарғысында белгіленген талаптарды, сондай-ақ міндетті мектеп формасына қатысты ережелерді сақтауға міндетті.

Оқи отырыңыз:

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар