Қазақстанда титанның сатылымы неге құлдырап кетті?

cover Фото: pexels

Қазақстанда ақшалай есеп бойынша өткен жылы титан сату көлемі 8,7 пайызға азайған. Бұл жағдайдың себебін «Өскемен титан-магний комбинаты» (УКТМК) түсіндірді. Олардың сөзінше, Boeing пен Airbus басшылары титан сатып алудан бас тартқан. Енді комбинат жаңа тапсырыс берушілерді іздеуге кірісті, деп хабарлайды Orda.kz. 

Мамыр айындағы «Өскемен титан-магний комбинатындағы» хлордың таралуы кәсіпорын өнімінің Еуропа мен АҚШ-тағы сұранысы күрт төмендеген сәтте болған еді. Ақшалай есеп бойынша өткен жылы сату көлемі 8,7 пайызға азайды. Ал 2025 жылы оның бұрынғы деңгейге оралатынына трейдерлері кепілдік бере алмайтын көрінеді. Дағдарыс пен жоғалған табыстың қалай өтелетіні туралы нақты мәлімет жоқ.

30 мамырда британдық UKTMP INTERNATIONAL LIMITED компаниясы (УКТМК-ның Еуропа мен АҚШ-тағы сауда бөлімі) 2024 жылғы қызмет нәтижелері туралы есебін жариялады. Бұл компания комбинат өнімін ең жоғарғы нарықта сатады. Олардың мәліметіне қарасақ, жарияланған деректер қазақстандық титанның қаншалықты бәсекеге қабілетті екенін көрсете алады.

Есепке зер салсақ, 2024 жылы UKTMP-ның сатылым көлемі 189 млн доллар болған. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 8,7 пайызға төмен. Компания директоры мұны Boeing компаниясындағы ақаулармен байланыстырады. 737 MAX ұшағының өндірісіндегі техникалық ақаулар салдарынан зауыт жұмысы уақытша тоқтатылған.

«Ақаулар салдарынан Boeing қаржылық қиындықтарға тап болып, төлем шарттарын қайта қарап, біраз қызметкерін демалысқа жіберді. Осыған байланысты жеткізілім тоқтатылып, біздің Boeing-ке жіберетін өнім көлемі де азайды» деп жазылғаү UKTMP есебінде. 

Құжатта Airbus компаниясы да жеткізу тізбегіндегі іркілістерге тап болғаны, әсіресе қозғалтқыш пен өзге негізгі компоненттер жеткізушілерінің кешігуі өндіріс көлеміне кері әсер еткені атап өтілген.

Сондай-ақ, есепте 2025 жылы сату көлемі 2024 жылмен салыстырғанда тұрақты немесе сәл жоғары болуы мүмкін деген болжам айтылады. Бұл тұжырымды саралай келе, маңызды қорытынды жасауға болады.
2025 жылдың өзінде-ақ Boeing тез әрі айтарлықтай қалпына келу белгілерін көрсете бастады. Бір ғана қаңтар айында компания 45 жаңа ұшақ шығарып үлгерген, ал Airbus тек 25 жеткізілім жасаған. Бұл қалпына келу компаниядағы 500 миллиард долларлық артта қалған тапсырыстарға  байланысты. Мамырда Boeing 737 MAX өндірісін арттыруға дайын екенін және маусымда Қытайға жеткізуді қайта бастайтынын мәлімдеді.

Airbus басшылығы да 2025 жылы өндіріс көлемін қалпына келтіруге ниетті. Кейбір бағыттар бойынша айтарлықтай өсім болуы мүмкін. Мысалы, компания коммерциялық ұшақ жеткізілімін 7 пайызға арттырмақ. Сонымен қатар, A320 тар корпусты ұшақтарын шығару қарқыны да ұлғаяды.

Осыған байланысты 2025 жылы америкалық және еуропалық авиаконцерндер тарапынан титанды тұтыну төмендемейді деуге толық негіз бар. Алайда UKTMP есебінде негізгі екі аларманға жеткізілім көлемін бұрынғы деңгейге қайтару жоспары мүлде айтылмаған. Есесіне, құжатта жаңа ұзақмерзімді келісімшарттарға қол қою ниеті бар екені, бұл келісімдер онжылдықтың соңына дейін сату көлемін қамтамасыз ететіні баяндалған. Бірақ бұл жаңа серіктестердің кім екені әзірге белгісіз. Мүмкін, британдық трейдердің есебінде комбинат өндірісіндегі техникалық қиындықтар да ескерілген болар. Ал бұл мәселелер комбинаттың өз күшімен шешілуі екіталай.

19 мамырда «Өскемен титан-магний» зауытында улы газ таралып, үлкен апат болды. Әлеуметтік желілерде қала үстін сарғылт түтін басқаны, тұрғындардың тамағы күйіп, көздері жасаурағаны туралы жүздеген бейнежазба жарияланды. Оқиға орнына жергілікті билік, ТЖ департаменті, экология және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының өкілдері келді. Бірқатар өлшем нәтижелері ауадағы хлордың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асып кеткенін растады.

Комбинаттың айтуынша, сол күні №3 хлорлау қондырғысында жоспардан тыс конденсация жүйесін тазалау жұмыстары жүргізіліп, сол кезде гарнисаж үгітіліп, газ жүретін арна бітеліп қалған. 21 мамырда ҚР Экология министрі Ерлан Нысанбаев комбинатқа барып, экологиялық талаптардың бұзылуына байланысты кәсіпорынның әрекеті не әрекетсіздігін заң тұрғысынан бағалауды тапсырды.

Алайда бүгінгі күні қоғамды алаңдатқан басты мәселе — экологиялық емес, технологиялық аспектілер. Сарапшылардың айтуынша, хлораторлардың апаттық тоқтауы технологиялық тізбектің үзілуіне әкелуі мүмкін. Мұның салдары хлораторлардың саны мен қуатына байланысты болмақ. Ең оңтайлы жағдайдың өзінде өндіріс көлемінің төмендеуі мен жоспардың орындалмау қаупі туады. Ал ең жағымсыз жағдайда кәсіпорынның толық тоқтап, өнім шығарудың уақытша тоқтайтыны анық.

Сарапшылардың бағалауынша, УКТМК өндірісінің еріксіз тоқтауы жаһандық нарықта ұсыныстың азаюына, титан өнімдері мен құймалары бағасының кем дегенде  15-20 пайызға қымбаттауына әкеледі. Бірақ бұл баға уақытша ғана болуы мүмкін. Өйткені бұл сұранысты Ресей тарапынан жасалатын ұсыныс жабуы ықтимал.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар