Қазақстан мен Түркия стратегиялық серіктестікті нығайтуға уағдаласты
Фото: Ақорда
Астанада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанның қатысуымен Қазақстан–Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтті. Кездесу барысында екі ел арасындағы саяси, экономикалық және мәдени байланыстарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Orda.kz.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияны Қазақстанның бауырлас әрі сенімді серіктесі екенін атап өтті. Оның айтуынша, екіжақты қарым-қатынас бүгінде кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейінде қарқынды дамып келеді. Екі ел арасында шешілмеген мәселе жоқ, ал ынтымақтастық барлық бағытта нығайып отыр.
Сауда-экономикалық байланыстар да оң динамика көрсетуде. Өткен жылы тауар айналымы 5,4 миллиард доллардан асып, өсім байқалды. Қазақстан Түркияға экспорт көлемін арттыруға дайын екенін білдірді. Тараптар сауда айналымын болашақта 15 миллиард долларға жеткізуге ниетті.
Ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, энергетика, цифрландыру және қорғаныс өнеркәсібі салаларындағы серіктестікті кеңейтуге ерекше мән берілді. Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері де күн тәртібінде болды.
Мәдени-гуманитарлық байланыстардың да маңызы жоғары екені атап өтілді. Қазіргі таңда мыңдаған қазақстандық студент Түркияда білім алуда, ал бірқатар түрік компаниялары Қазақстанда білім, медицина және туризм салаларында табысты жұмыс істеп жатыр.
Кездесу қорытындысы бойынша «Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы» декларация қабылданды. Бұл құжат екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды Қазақстан мен Түркия арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қожа Ахмет Ясауи» орденімен марапаттады.
Режеп Тайып Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуанышты екенін жеткізді.
«Бұл орденді Түркия Республикасы және түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың белгісі деп қабылдаймын. Осы орайда елдеріміз арасындағы бауырластықты бекемдеу бағытындағы көреген саясатыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, алғыс айтамын. Бауырластығымыз, достығымыз лайым мәңгі болсын!» – деді Түркия президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоған бейнебайланыс режимі арқылы Түркияда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу салтанатына қатысты.
Газиантеп провинциясының Нурдагы қаласында орналасқан заманауи білім ошағында 32 бастауыш және 4 мектепке дейінгі сынып қарастырылған. Ғимараттың жалпы ауданы – 6 мың шаршы метр.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайып Ердоғанға екі ел бірлесе іске асырып жатқан бірқатар инвестициялық жоба туралы мәлімет берілді
Атап айтқанда: Абай облысында Miryıldız компаниясы кен байыту комбинатын салуға ниетті, İskefe Holding Алматы қаласында желатин шығаруды жоспарлап отыр, Orzax Group Түркістан облысында биологиялық белсенді қоспалар шығаратын заманауи өндірісті қолға алды.
Ал S Sistem Lojistik компаниясы «Қазпошта» акционерлік қоғамымен бірлесіп, Ақтөбе халықаралық әуежайы аумағында логистика орталығын салып жатыр, Tiryaki Holding Астанада бидай мен асбұршақты терең өңдейтін зауыт құрылысына кірісті.
Аталған жобалар аясында елімізге 920 миллион доллардан астам инвестиция тартылып, 3100-ден аса жұмыс орны ашылмақ.
Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мемлекеттер басшыларына бүгінде түрік компанияларының қатысуымен ел экономикасының түрлі секторында 100-ге жуық инвестициялық жоба жүзеге асырылғанын баяндады. Олардың жалпы сомасы – 4 миллиард доллар шамасында.
Қазіргі кезде құны 4 миллиард долларды құрайтын тағы 50 бірлескен жобаға қатысты жұмыс жалғасуда. Бұл Қазақстан мен Түркияның инвестициялық ықпалдастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді.
Екіжақты келіссөздер мен Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысының қорытындысы бойынша президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен президент Режеп Тайып Ердоған Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы арасындағы мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларацияға қол қойды.
Оқи отырыңыз:
- Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының бейресми саммитіне қатысу үшін Қазақстанға келді
- Ердоған Тоқаевты Түркияның ең жоғары мемлекеттік орденімен марапаттады
- Тарихи өзгеріс: Түркия Орталық Азияны Түркістан деп атамақ
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық