«Қаралы үйге берілген ақша»: Еңбекшіқазақта әкесін жерлеген мұғалім 40 мың теңге үшін жұмыстан қуылды

cover Фото: Зарима Қожмамбетова

Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің қызметкері Зарима Қожмамбетова өз әкесінің жерлеуіне әріптестері қазақы дәстүрмен жинап берген 40 000 теңгені  алғаны үшін жұмыстан қуылды. Артынша сот пара алды деген айып тағып, оған 1,5 миллион теңге айыппұл салды. Бұл — Еңбекшіқазақ ауданы білім бөліміндегі алғашқы жағдай емес. Мұнда басшылықтың нұсқауымен жалған түсініктемелер жазылып, әріптестерді бір-біріне қарсы арыз жазуға мәжбүрлейтін көрінеді.

Істің мән-жайын Orda.kz тілшісі анықтап қайтты.

Зарима Қожмамбетова — 2018 жылғы 3 қазанда Еңбекшіқазақ аудандық білім бөліміне мемлекеттік қызметкер ретінде тағайындалып, 2024 жылғы 24 қыркүйекке дейін қызмет атқарған. Осы кезеңде ешбір сөгіс немесе ескерту алған емес:

«Мен өз жұмысымды тиісінше орындадым. Бірде бір рет ескерту, сөгіс алып көрген жоқпын».

2023 жылдың қараша айында Зариманың әкесі қатерлі ісіктен қайтыс болады. Әріптестері қазақтың салт-жоралғысынан аттамай, 40 000 теңге қаражат жинап, қайғысына ортақтасады. Бірақ көп ұзамай, жиналған ақшалай көмек Зариманың жұмыстан қуылуына себеп болады.

Сол сәттен бастап Қожмамбетованың үстінен пара алу дерегі бойынша іс қозғалды. Зариманың айтуынша, бұл іске түрткі болған – білім бөлімінің жаңадан тағайындалған басшысы Арайлым Төлеубекованың әрекеті. Ол оқу ісі меңгерушілерін жұмыс уақыты аяқталған соң, кешкі 18:30-дан кейін өз кабинетіне жинап, қысым арқылы Қожмамбетоваға қарсы түсініктеме жаздыртқан. Түсініктемеде Зариманың қызметкерлерден пара талап еткені айтылады.

«06.11.2023 жылы тексеріс кезінде дәретханаға барып қайтайық деп айтты. Сол жерде «өздеріңіз білесіздер ғой» деп айтты. Мен ақша тілеп тұрғанын түсініп, қыздарға айттым. Әр сала 10 000 теңгеден деп айттым. Бізде 4 сала сонда 40 мыңды 6700 теңгеден А.Бейсе дегеннің каспиіне жібердім. Менде қағаз ақша қолымда болғандықтан А.Енсенова  деген кісіге бердім. Ол менің атымнан А.Бейсе  деген адамның каспиіне аударды. З.А.Қожмамбетова ешқандай анықтама көрсеткен жоқ. Не үшін ақша жинауымыз керегін айтпады» - деп жазылған түсініктемелердің бірінде. 

2024 жылғы 22 шілдеде аудандық сот Қожмамбетованы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 677-бабы бойынша кінәлі деп танып, 1 550 640 теңге айыппұл салды. Ең қызығы, түсініктеме жазушылар А. Бейсе, А. Енсенова, А. Жүнісбай, А. Бураханова сот алдында жауап берген кезде Зарима олармен сөйлеспегенін, олардан тікелей ақша талап етпегенін айтты. Сондай-ақ, 40 000 теңгені С. Құмарбекованың ұйымдастыруымен жинағанын айтып көрсетті.

 «Сот отырысында куәгер А.Бейсе менімен екі жылдан аса таныс екендігін айтты. Сол екі жылда ешқашанда мазалап ақша сұрамағандығымды, ақша сұрап жатыр екен деген сөзді естіп көрмегендігін айтты. Көрген кезде тек қана амандасамыз деп айтқан. Екі жыл жұмыс атқарған кезімізде тек қана жетім балалардың есеп құжаттарын ғана алатынымды судьяға айты. А.Енсенова мені сот залында алғаш рет көріп тұрғанын айтты, қалғандары сотқа мүлде келген жоқ», — дейді Зарима.



Зариманың айтуынша, Алматы облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің офицері Бекболат Әбеновтің өзі тергеу барысында қылмыс құрамының жоқ екенін көрсеткен. Соған қарамастан, іс құжаттары сотқа жолданып, айыппұл салынған.

2 қыркүйекте апелляциялық сот небәрі 10 минутқа ғана жалғасып, аудандық соттың шешімі өзгеріссіз қалды. Қыркүйекте Қожмамбетова қызметінен заңсыз қуылады. 

«Апелляциялық сот отырысында мен ұсынған скриншоттар мен қосымша істің мән-жайын білетін куәгерлерден жауап алынбады. Сот бірізділік көрсетіп, аудандық соттың қаулысын толық тексеріп жатпастан заңсыз шешім қабылдады».

Зарима Қожмамбетованың сөзінше, бұл істің артында жай ғана түсініспеушілік емес, алдын ала ойластырылған әрекет тұрған. Оның пікірінше, білім бөлімінің жаңа басшысы Арайлым Төлеубекова оны қызметтен шеттетіп, орнына өз адамын, нақтырақ айтқанда жақын туысын қоюды көздеген.

«Таңғы тоғыздан кешкі жетіге дейін 20 шақты мұғалімді қайта-қайта тергеді. Мақсат – мені қаралау. Олар заңды куәгер емес, бірақ солардың сөзін негізге алып, үкім шығарды. Қазіргі таңда бөлімде бірдей тегі мен әкесінің аты ұқсас кемінде үш қызметкер жұмыс істейді. Бұл жай ғана сәйкестік деп айту қиын», – дейді ол.

Біз Зарима Қожмамбетоваға қарсы түсініктеме жазған адамдарға хабарласып, істің мән-жайын білуге тырыстық. Алайда төртеуі де журналиске қандай да бір түсініктеме беруден бас тартты.

Бөлім басшысы Арайлым Ақсубайқызының айтуынша, Кожмамбетова айтып жүрген мәлімдемелер шындыққа мүлдем жанаспайды.

«Басшы ретінде мен Қожмамбетованың заңсыз әрекеттері туралы түскен шағымдарды прокуратураға ресми хат арқылы жолдап, оны заң аясында қарастыруды ұсындым. Өз кезегінде прокуратура бұл материалдарды Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне жолдады. Тергеу амалдары жүргізіліп, іс сотқа тапсырылды және сотта қаралды. Сот өз шешімін шығарды» — дейді Арайлым Ақсубайқызы..

Orda.kz Еңбекшіқазақ ауданының білім бөліміне және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке ресми сауал жолдады, алайда мақала жарияланған уақытта ешқандай жауап келмеді.

Дәл солай білім бөліміндегі бас есепші Құралай Өмірбаева қызметтік қысым мен әділетсіздікке тап болғанын айтады. Ол 2022 жылдың қарашасында бас есепші болып тағайындалып, 2024 жылдың наурызында білім бөлімі басшысы ауысқаннан кейін қысым көре бастаған. Оның айтуынша, жаңа басшылық оған үкіметтен бөлінбеген қаржы үшін жалған айып таққан.

«2022 жылдың 19 қарашасында бас есепші лауазымына келдім. 2024 жылы наурыз айында білім бөлімінің басшысы ауысты. Арайлым Ақсубацқызы келе салысымен маған қысым көрсете бастады, себебі менің орным керек болды. Үкіметтен бөлінбеген ақшаны, мен есептемейді деп жала жапқан. Жыл соңында Еңбекшіқазақта ғана емес, бүкіл ауданда қаражат жетпеген. Үстімнен өтірік арыз жазып, мені жұмыстан кетірді», – дейді ол.

Осы жағдайдан кейін Өмірбаева үстінен арыз түсіп, қызметінен босатылды. Ол бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінді. Алайда, бірінші инстанциядан да, екінші инстанциядан да ұтылып қалды.

Қазақстанда білім беру жүйесіндегі мәселелерді ашық айтқан мұғалімдерге қысым көрсету жиілеп барады. Жақында ғана Алматыда мұғалім Сәуле Сейдахметова мектеп асханасындағы заңбұзушылықтар туралы бейнежазба жариялағаны үшін сот шешімімен бейнематериалды өшіруге және тамақ жеткізушіден көпшілік алдында кешірім сұрауға мәжбүр болды. 

Дәл сондай жағдай Алматы қаласының Д.Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектебінің білікті ұстазы — Мейрамгүл Барқазатқызы білім жүйесіндегі былықтарды БАҚ пен әлеуметтік желіде ашық айтқаны үшін, жұмыстан қуылған еді. Orda.kz жариялаған мақаладан кейін бұл жағдай қоғамда қызу талқыланды. Алматы қаласының еңбек инспекциясы Мейрамгүлге хабарласып, сотқа жүгінуге кеңес берді. Алайда жұрттың назарын аударған бұл іске қатысты Түрксіб аудандық сотының шешімі Мейрамгүл Барқазатқызының үмітін ақтамады. Судья Мира Иембердиева оның талап-арызын толықтай қанағаттандырудан бас тартты.

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар