«Ақиқатты айтқаны үшін жазаланды»: 40 жыл еңбек еткен ұстаз соттан қолдау таппады
Фото: facebook / Мира Барказаткызы
Алматы қаласының Д.Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектебінің білікті ұстазы — Мейрамгүл Барқазатқызы білім жүйесіндегі былықтарды БАҚ пен әлеуметтік желіде ашық айтқаны үшін, осы білім ордасына 25 жыл еңбек сіңіргеніне қарамастан, жұмыстан шығарылған еді. Orda.kz жариялаған мақаладан кейін бұл жағдай қоғамда қызу талқыланып, Алматы қаласының еңбек инспекциясы Мейрамгүлге хабарласып, сотқа жүгінуге кеңес берді.
3 наурыз күні арыз сотқа тіркеліп, алғашқы сот отырысы 28 наурызда өтті. Бірнеше апта бойы қаралған іс 6 мамырда екі тараптың жарыссөздеріне ұласты. Жұмыстан шығарылу себептерін түсінбеген ұстаз өз ойын ашық айтып, мектептегі ахуалды егжей-тегжейіне дейін баяндады.
«Аяқ астынан жұмыстан шығару ниеті неліктен туындағанын білмеймін. Біз жұмыс барысында сөзге келген жоқпыз. Екі рет ескертусіз сабаққа кіргені бар. Ол кезде мен директор тарапынан мұғалімдік жұмысыма ескерту, сын естіген жоқпын, қайта сабағымдағы оқушының әрекеттері жақсы бағаланды. 40 жылдық еңбек өтілімде бес директормен жұмыс жасаппын, бірде-біреуі сабағыма ескертусіз кірген емес. Тек 6-директор ғана ескертусіз сабаққа кірді. Бұлай кіру мұғалімдер арасында «қудалау» деп саналады», – деді Барқазатқызы.
Мәжіліс депутаттары да алматылық мұғалім Мейрамгүл Барқазатқызы білім беру жүйесін ашық сынға алғаннан кейін кенеттен жұмыстан шығарылғанына қатысты пікір білдірді.
Алматы қаласының еңбек инспекторы мектеп директорының қаулысы еңбек заңнамасына қайшы екенін алға тартады.
«Оқу жылының басында еңбек шартына қол қойылған кезде ол зейнеткерлік жасқа жеткен болатын. Сондықтан оны оқу жылының ортасында зейнеткерлік жасқа байланысты еңбек шартын бұзу туралы баппен жұмыстан шығару заң талаптарына сай емес. Бұл жағдайда ҚР Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағының 24 тармақшасы қолданылмауы тиіс», – дейді еңбек инспекторы Әнуар Ғалымжанұлы.
Мейрамгүл Барқазатқызының адвокаты Маржан Хасенованың айтуынша, мұғалім жұмыстан шығарылғаннан кейін оның орны үш ай бойы бос тұрған. Тек сот процесі басталып, оқу жылының аяқталуына бір жарым ай қалған кезде ғана мектепке жас маман қабылданған.
«Судья Мира Иембердиева сотта нақты сұрақ қойып, істің мән-жайын анықтауға тырысқан жоқ. Керісінше, қарапайым еңбек дауын үш айға дейін созып, оны үлкен бір қылмыстық іске айналдырды. Бұл істі әдейі ұзартты — екі айдан кейін вакансия босайды екен, соған жаңа адам алу үшін уақыт созып отыр деп ойлаймын. Мен бұны осылай бағаладым»,- деп мәлімдеді Мейрамгүл.
Алматыдағы Д.Бабаев атындағы №115 жалпы білім беретін мектепте бүгінде зейнет жасындағы бес мұғалім әлі күнге дейін еңбек етіп келеді. Олар – кәсіподақ мүшелері. 5 желтоқсан күні кәсіподақтың қолдауымен аталған педагогтар жұмыс орындарын сақтап қалды. Алайда дәл сол күні Мейрамгүл қызметінен босатылды.
«Мектепте бүгінде 5-6 зейнет жастағы мұғалім сабақ беріп жүр. Еңбек кодексі баршаға ортақ, ал бұл жағдайда біреуге жеңілдік жасап, екіншісіне қысым көрсету – таза кемсітушілік», – дейді заңгер Маржан Хасенова.
Мейрамгүл Барқазатқызы келісімшарт мерзімі аяқталмай тұрып қызметінен босатылғанын алға тартып, материалдық және моральдық шығын өтеуді талап етті:
«2024 жылы 01.09 күні жасалған келісімшарт бойынша мен 2025 жылы тамыз айының 31-не дейін жұмыс істеуім керек еді. Мен 2025 жылдың 5 қаңтарынан бастап жұмыссыз қалдым. Мектеп есепшісінің анықтамасын негізге ала отырып, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр, маусым айларында менің жұмыс берушім Талғат Қазыбаевтан өндіретін шығын көлемі 3 097 068 теңге және 500 000 теңге моральдық шығын», – деп мәлімдеді Мейрамгүл Барқазатқызы.
Жарыссөз кезінде мектеп директоры Талғат Қазыбаев өз шешімінің заңды болғанын дәлелдеуге тырысты. Ол жұмыстан босату рәсімі ішкі ережелер мен еңбек заңнамасына сәйкес жүргізілгенін айтты. Директор өз әрекеттерінің дұрыстығын қағаздан оқып соңына дейін қорғап бақты.
Сот шешімі қандай болды?
Жұрттың назарын аударған бұл іске қатысты Түрксіб аудандық сотының шешімі Мейрамгүл Барқазатқызының үмітін ақтамады. Судья Мира Иембердиева оның талап-арызын толықтай қанағаттандырудан бас тартты. Сот үкімінде:
«№54 еңбек шартын бұзу туралы бұйрықты заңсыз деп тану және 3 097 068 теңге көлеміндегі материалдық, сондай-ақ 500 000 теңге моральдық шығынды өндіріп беру туралы талаптар қанағаттандырылмасын»деп көрсетілді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Мейрамгүл Барқазатқызының сот белгілеген уақыт ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.
Жаңалықтар
- Санитарлық дәрігердің қаулысы: Астанада тұмау белгілері бар балалар мен ұстаздар сабаққа жіберілмейді
- Ақтаудағы аялдамалардың бірінен ер адамның мәйіті табылды
- Алдағы аптада Алматыда минус 21 градус суық болады
- АҚШ Қарулы Күштері Латын Америкасындағы есірткі картельдеріне әуе шабуылын бастайды
- Берік Уәли онлайн ойынның кейіпкері болады
- Орталық Азияға астық экспорты: Өзбекстанның қамбасы лық толды, Қазақстан жаңа шешім іздеуде
- Қазақстанның үш облысында ауа райына байланысты жол қозғалысы шектелді
- Гоада клубтан шыққан өрт 25 адамның өмірін жалмады
- Зеленский Уиткоффпен және Кушнермен Ресейдің жаңа шабуылының қаупі туралы телефон арқылы сөйлесті
- Қазақтың жас таеквондашысы Бейбарыс Қаблан әлем чемпионы атанды
- Түркістанда жұдырығы жуан шенеунік қызметінен айырылды
- Алматыда түнде болған алапат өрт сөндірілді
- Батырхан Төлеуғали жастар арасында таеквондодан әлем чемпионы атанды
- Жолдарда полиция бірнеше есе көбейді
- Лисаковскідегі бала зорлағыш өмірінің соңына дейін түрмеге тоғытылды
- Жағармай үшін өмірін жақты: Әскери бөлім қоймасының меңгерушісі тоғыз жылға сотталды
- Алматы облысындағы Нарынқол шекара бекетінде әскери қызметші мен баласы қаза тапты
- ТЖМ еліміздің оңтүстігіндегі жер сілкінісінен кейін нысандар мен ғимараттарды тексерді
- Бас прокуратура алаяқтардың жаңа «әдісі» туралы ескертті
- Алматы кәуапханаларында экологиялық және санитарлық бұзушылықтар анықталды