«Екінші баламызды әкетеміз»: Отардағы көз жұмған сарбаздың ата-анасының жанайқайы
Фото: Orda.kz
17 қыркүйек күні Алматы облысы Жамбыл ауданының Отар горнизонында 19 жастағы жас сарбаз өзіне-өзі қол салды. Мүрдесін көруге ата-анасы Алматы қаласына келді. Orda.kz тілшісі марқұмның ата-анасымен сөйлесіп, жағдайға қатысты пікірлерін білді.
Шынарбек Дінмұхаммед Талғатұлы мен бауыры 2006 жылы Шымкент қаласында егіз болып дүниеге келген. Ол ағасы Даниялдан 20 минуттан кейін өмір есігін ашқан. Кішкентайынан ширақ, еңбекқор, елгезек бала болып өскен.
Ұлдары 13-14 жастарынан бастап жұмыс істей бастады.
«Ұлым бала кезінен үнемі жанымда жүретін. Қайда барсам да, қасымнан қалмайтын. Кішкентай кезінде де: «әке, көмектесейін бе?» деп қайта-қайта сұрайтын. Осындай баланың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес», – дейді марқұмның әкесі.
2023 жылдың күзінде сыңары Даниял әскерге шақырылды. Артынша көктемде Астанада кондитер болып жұмыс істеп жүрген, Дінмұхаммед те өз еркімен борышын өтеуге ниет білдіріп, Отар гарнизонына аттанды. Бауырлар алғашында әскерде бірге қызмет еткен. Алайда ант қабылдағаннан кейін Дінмұхаммедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөлімге ауыстырып, егіздерді екіге бөлген. Дәл осы жерде қайғылы оқиға болды.
«Ол алғашқы алты айды ағасымен бірге өткізіп, қалған уақытты үйренген соң, өзі жалғастырып, борышын өтейін деген еді. Алайда оларды екі жаққа бөліп жіберді», – дейді тәтесі көз жасын тыя алмай.
Алдын ала мәлімет бойынша, Дінмұхаммедтің мүрдесі сағат үш шамасында асылған күйі табылған. Бірақ туыстарына тек үш сағаттан кейін ғана айтылған. Тоғжан есімді туысының айтуынша, қаралы хабардан кейін жолға шыққан отбасы марқұмның денесін бірден таба алмаған.
«Алдымен Отарға бардық. Бірақ ол жерде жоқ болып шықты. Кейін денесі Қордайға жеткізілген деді. Артынша Алматыда екенін айтты. Біресе ана жақтан, біресе мына жақтан жауап алып, нақты ақпарат берілмеді. Қаралы хабарды қалай, қандай тәртіппен жеткізу керектігі жөнінде бір этика да жоқ. Бізге жай ғана телефон шалып, «ұлыңыз асылып қалды» дей салды», – дейді ол.
Марқұм Дінмұхаммедтің мәйітін жарып тексеріп көргенде қасында болған туған тәтесі Тоғжан – медицина саласының маманы. Ол көргенін кәсіби көзбен бағалап, ресми қорытынды мен шынайы жағдай арасында алшақтық барын айтады.
«Сараптама қорытындысы өлім себебін асфиксия, яғни тұншығу деп көрсетті. Бірақ мен денесін өз көзіммен көрдім. Көгерген із де, жарақат та жоқ. Бұл жағдай, шын мәнінде, жүрекке күмән ұялатады», – дейді ол.
Тоғжанның пайымдауынша, Дінмұхаммедтің денесінде күш қолданудың ешқандай ізі жоқ, ішкі ағзалары да бүтін. Алайда олар Дінмұхаммедтің өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін деген нұсқаны түбегейлі жоққа шығарып отыр.
«Ол қайтыс болғаннан кейін, асылуы мүмкін», – дейді Тоғжан күмәнмен.
Анасының жанайқайы
Марқұм Дінмұхаммедтің анасы ұлының туған күні туралы айтып отырып, өзегін өртеген өкінішін әр сөзінен аңғартты. Биыл 29 тамызда ұлы 19 жасқа толған еді. Сол күні ол анасына телефон шалып, туған күнін бірге атап өту үшін Отар гарнизонына келуін өтініпті.
«Ұлым өзі хабарласты. «Анашым, туған күнім жақындап қалды, келіп кетсеңізші» деді. Бірақ мен бара алмадым... Бәлкім, бірдеңені сезген шығар... Ол: «Отанымды қорғаймын» деп кетті. Бірақ менің баламды Отан қорғай алмады. Мен оларды аялап өсірдім. Мектепке бердім, білім алдырдым, адам болсын дедім. Елім үшін, жерім үшін деп, өз қолыммен әскери комиссариатқа апарып тапсырдым. Мен оларды тірідей бердім... Ал олар маған не деді? «Міне, алып кет, жерге апарып көм». Қойды да түгендейді ғой... Ал бұл жақта 40-ақ бала. 40 балаға қарай алмады ма?» – дейді анасы.
Дінмұхаммедтің қазасынан кейін отбасы екінші ұлы, егіздің сыңары Даниялды да сол әскери бөлімнен алып кетуге шешім қабылдады. Қазір ол да дәл сол гарнизонда борышын өтеп жатыр. Әскерде қалуына небәрі бір ай уақыты қалғанына қарамастан, ата-анасы баласының қауіпсіздігіне алаңдап, оны үйге қайтару жолдарын қарастырып жатыр. Бір ұлын жұмбақ жағдайда жоғалтқан отбасы екінші баласын да қауіп-қатерге қалдырғысы келмейді.
Марқұмның нақты өліміне қатысты медициналық сараптама тағайындалған. Мұндай зерттеу нәтижесі 15—30 күнде шығуы тиіс.
Болған оқиғаға қатысты марқұмның тәтесі Тоқаевқа бейнеүндеу жариялады.
«Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза, сіздің әскеріңізде не болып жатқанын білесіз бе? Аналар баласыз қалуы керек пе? Қыршын жастар өмірден озуы керек пе? Бұл не деген әскер? Неге бақылауға алынбайды? Министр мырзалар, неге мұның бәрі қараусыз қалуы керек? Аналар, балаларыңызды әскерге жібермеңіздер. Біздің көзіміз жетті. Біз сеніп: «әскер түзелді, баламызға еш нәрсе болмайды» деп жібердік. Баламыздың мәйітін алып келе жатырмыз. Балаларыңызды әскерге жібермеңіздер», — дейді сарбаздың тәтесі.
Еске салайық, сарбаздардың өлімі Отар горнизонында бұған дейін де болған. Отар ауылында белгісіз себептермен жансақтау бөліміне түскен сарбаздың анасының үндеуі жауапсыз қалмады.
Жаңалықтар
- Қазақстандағы электр желісіндегі ақауға не себеп болды? KEGOC жауабы
- Шымкентте экс-күйеуі әйелдің бетіне қышқыл шашып, күйдіріп тастады: Оқиғаның мән-жайы
- «Баланың басынан таяқпен ұрған»: Бейімдеу орталығының маманы балаларға қатыгездік көрсеткен
- Ана мен бала өлімі азайды: Қазақстан медицинасының жаңа көрсеткіштері
- 20 адам зардап шегіп, 45 млн теңгеден астам шығын келтірген алаяқ әйел сотталды
- Павлодар облысының тұрғыны полиция бөлімінде жұмбақ жағдайда қайтыс болды
- Отбасын қолдау орталығының заңгері әйеліне тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаған
- Оралда септикке құлаған 8 жастағы қыз көз жұмды
- Астанада автобус самокат мінген жасөспірімді қағып кетті
- Садыр Жапаров екінші президенттік мерзімге сайлауға түсу жоспарын жариялады
- Алматыда бір тәулікте 2 мыңнан астам жол ережесін бұзу фактісі анықталды
- «Дайвинчик»: Танысуға арналған танымал Telegram-ботына сот арқылы тыйым салынды
- Колумбиядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 280-нен асты
- Ауғанстанда 2,4 миллион қыз орта білім ала алмай отыр
- Ақтөбеде мұғалім әйел алаяқтық күдігімен ұсталды
- Күннің тұтылуын тамашалаған Германия халқы көз ауруына шағымданды
- Қазақстанда 276 мыңнан астам вейп тәркіленді
- Тәшиев 2027 жылы президент болуы мүмкін еді: Жапаров өз жоспарын ашып айтты
- Дастан Сәтбаевтың бейнесі АПЛ-дың ресми сайтына қосылды: Ол «Челсиде» қала ма?
- Тағы бір жоғары лауазымды полицей Таразда ұсталды