«Черчесовте мотивация мен дисциплина жоқ»: ҚФФ президенттігіне кім келеді?
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жыр болған бас бапкері Станислав Черчесов қызметінен кете ме, кетпей ме? Федерацияның жаңа президенті кім болады? УЕФА Ұлттар Лигасының В дивизионының топтық кезеңінде команда Черчесовтің басшылығымен сәтсіз өнер көрсетіп, 0:15 доп айырмашылығымен Адиевтің кезінде жарқ еткен сенімді су сепкендей өшірді.
Жалпы футбол федерациясы қашан да сынның астында болатын. Дегенмен, бұл жолғы сын мен айтылған пікір негізсіз емес. Мәжіліс пен сенат депутаттары федерацияны тексеру жайлы сауал жолдаған болатын. Orda.kz тілшісі тілді мазақ еткені үшін айыппұл төлеген Черчесовтің соншалықты құпия саналған жалақысы қай жақтан төленетіні мен ол туралы пікірлерді талдады. Сонымен қатар, федерацияның экс-президенті Әділет Бәрменқұловтың 2 жылдан астам уақыттағы қызметі мен БАҚ бетеріндегі ол туралы мәліметтерді саралап шықты.
Еске сала кетейік, Черчесов 2024 жылдың 3 маусымынан бастап Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері болды. Содан бері жарты жылдан аса уақыт өтті. Жақында ғана Черчесовтың «Спорт день за днем» сайтына берген сұхбатында журналистің «Ойында жіберілген қателіктермен қалай жұмыс істеп жатырсыз», – деген сұрағына «қателіктермен жұмыс жасалады, не дегенмен, құраманың жігіттерімен енді-енді танысып жатырмыз», – деп жауап берген екен. Жарты жылдан асса да құрамаға шақырылатын айналдырған 23-ке жетер жетпес жігіттің аяқ алысымен олар жіберетін қателіктермен танысып бітпейтіндей тағы қанша уақыт керек деге сұрақ туындайды.
Сонымен қатар, Черчесов ұлттар лигасында өнер көрсеткеннен кейін Қазақстан футбол федерациясының ұлттық құраманы жеткілікті қолдамағанына өкініш білдіріп, өзіне дейінгі құраманы «қараусыз» қалғандай әсер қалдырды деп пікір білдірген болатын. Ал құраманың бұрынғы бапкері Магомед Адиев «РИА Новости Спорт» агенттігіне берген сұхбатында қазіргі бапкер Станислав Черчесовтің «құрама маған дейін қараусыз қалған», – деген пікіріне көңілі толмағанын айтты.
«Әрине, құраманың бірде-бір гол салмағаны ешкімге жағымды әсер қалдырмайды. Станислав Черчесов келгенде бәрі басқаша нәтиже күткен еді. Яғни, құрамаға мен берген нәтижеден де жақсырақ нәтиже әкеледі деп күтті. Қарсыластар да осал емес. Дегенмен де, қарсылас қашан да оңай болмайды, менің басшылығыммен жұмыс істеген кезде де оңай қарсылас болған емес», – деді Адиев.
Сондай-ақ, Адиевтің айтуынша, Черчесовтің бұлай сөйлеуі оның және федерацияның құрамамен бұған дейінгі бүкіл жұмысын жоққа шығарады.
«Мен Станислав Саламұлына құрметпен қараймын. Бірақ, «құраманы қараусыз қалды» деген сөздері менің көңіліме қонбады. Әрине, бұл оның пікірі. Бірақ мен 2 жылда (бұрынғы федерация президенті) Бірменқұловпен бірге оң нәтижелерге қол жеткіздік деп есептеймін. Әрқашан да Қазақстан құрамасын қолдаймын, егер мен жеткен нәтижеден артық жетістіктер болып жатса, мен оған тек қуанамын», – деді Адиев Черчесовтің бұл сөзіне жауап ретінде.
Жалпы әр жеңілістең соң жанкүйерлердің делебесін қоздырған қақпаға кірген голдар ғана емес, Черчесовтің қазақ тілін бір емес екі рет мазақ еткені де көпшіліктің көңіліне қонбағаны тағы бар. Ақырында, Черчесовке 738 400 теңге (200 АЕК) айыппұл салынған еді. Әлеуметтік желіде Черчесов пен жігіттердің ойынына қарша бораған сыни пікірлердің көбісі жаттықтырушы қызметінен кетсін дегенді бір ауыздан жазып жатыр. Ал жанкүйерлердің ендігі бір тобы Адиевті қайтадан құрамаға қайтарсын деп жазуда.
Бұған дейін Orda.kz Қазақстан құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов мерзімінен бұрын қызметінен босатылған жағдайда - елімізге салынатын айыппұл мөлшері 1 миллион еуроға бағаланды, деген хабары да халыққа жайсыз тиген еді.
Осы орайда, спорт шолушысы Нұрсұлтан Құрман Адиев пен Черчесовтің айырмашылығын айтып берді.
«Черчесов Адиев сияқты мотиватор емес. Адиев дәл осы жігіттерді жігерлендіру мен дисциплинаға келгенде мықты маман еді. Соның арқасында құрама кем дегенде бір циклда екі-үш ойынды жақсы ойнап шығатын. Черчесовте дисциплина жоқ, ойын тактикасында қателіктері көп, чемпионаттың аяғы болған соң жігіттер де бабында емес», – деді Құрман.
ҚФФ президентінің кеңесшісі Ермұхамед Мәуленнің айтуынша, қос бапкердің баптауында айтарлықтай айырмашылық бар.
«Адиев 5 қорғаушы және 2 артқы жартылай қорғаушы, қақпашымен қосқанда 8 адаммен қорғанып, гол жібермеуге тырысты. Тек қарымта жылдам шабуылдарға назар аударды. Бірақ, соңғы матчтарда жігіттер де шаршап, қақпаға гол жіберіп жаттық. Командаға жаңа леп керек болғандықтан федерация басшысы осы Черчесовті шақыртқан еді», – деді президент кеңесшісі.
Сондай-ақ, Ермұхамед Мәулен Черчесовтің жаттықтыруына ешкімнің көңілі толмайтынын анық айтты. Әу баста, оны 2025 жылы іріктеу ойындарына дайындап, әлем чемпионатына шығу деген мақсатпен құраманың бас бапкерлік қызметіне шақырылған болатын.
«Ұлттар лигасында ешқандай нәтиже болмауы, әрине, бізді де жабырқатады, жігіттердің де салы суға кеткен сыңайлы. Менің ойымша, бас бапкер алға қойған басты мақсатты орындай алмай жатыр. Енді оның бапкерліктен кету-кетпеуін федерация басшылығы ғана шешеді. Бірақ, біз бас бапкер өз қызметін толық атқарып жатқан жоқ, деп өз ойымызды ашық айттық. Қашан нақты кететінін айта алмаймын, бірақ мынандай ойын нәтижесінен соң оның әйтеуір бір кететіні – 90% белгілі», – дейді Мәулен.
Осы орайда, оның бас бапкерліктен кететінін Ресей құрамасының бұрынғы футболшысы Александр Мостовой да айтқан болатын.
«Қызығы сол, Черчесов келгенге дейін, Қазақстан құрамасын Магомед Адиев баптаған кезде жақсырақ ойнаған еді. Ал қазір бір де бір гол да соқпады. Барлығының болжамы бойынша, Станиславты жұмыстан шығарады және ол Ресейге оралуы әбден мүмкін», – деді Мостовой.
Ермұхамед Мәуленнен біз соңғы кездері жыр болған Черчесовтің жалақысы мен жалпы, ҚФФ-ны қаржыландыру көзі жайында да сұрастырдық.
«Қаржыландыру көзі – УЕФА мен ФИФА беретін жарнамалық бонустар, солардың арнайы бағдарламалары арқылы бөлінетін қаржы. Ұлттық құраманың іріктеу матчтарындағы телекөрсетілімнен түсетін қаржы тағы бар. Яғни, неғұрлым ірі командамен шықсаң соғұрлым көрсетілім де арта түседі. Ал, Черчесовтің жалақысына келетін болсақ, иә, оны да федерация төлейді. Бас бапкердің жалақысына биліктен немесе халықтың салығынан бір тиын да кетпейді. Федерацияға не мемлекеттен, не спорт министірлігінен ешқандай қаржы бөлінбейді. Демеушілерге келетін болсақ, екі ресми серіктес бар», – деді ол.
Әділет Бәрменқұлов 2 жылда не істеді?
Ал енді федерацияның экс-президенті Әділет Бәрменқұлов жайлы соңғы уақытта БАҚ беттерінде УЕФА тергеу жүргізіп жатыр деген ақпарат шыққан болатын. Inside The Games басылымының хабарлауынша, Бәрменқұловты УЕФА ол басқарып отырған лигада келісілген матчтар ұйымдастырды деген күдікпен тергеу жүргізуде делінген болатын.
Сонымен қатар, ҚФФ-ның Қарағандының «Шахтер» футбол клубының жаттықтырушыларын оқыту бойынша 9 миллион теңгеден асатын тендерді жеңіп алғаны белгілі болды. Айта кету керек, бұған дейін Бәрменқұлов «Шахтер» директорлар кеңесінің төрағасы қызметін атқарған болатын. Бұған қатысты ҚФФ-ның мұндай сатып алуларға қатысуы ғана емес, олардың жеңіске жетуі де қоғамда көп сұрақ туғызды.
Сондай-ақ, 2022 жылы әу баста, бұл қызметке келген кезде-ақ, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасының орынбасары және Kazakhmys Smelting бас директоры қызметін атқарған Бәрменқұловтың тонау фактісі бойынша қылмыстық іске қатысы бар екендігі туралы ақпарат тараған болатын.
ҚФФ президентінің кеңесшісі қызметіндегі Ермұхамед Мәулен Бәрменқұлов келгелі салынған жасыл алаң мен футболға ағылған фанаттардың қатары көбейді деп қысқаша қайырды.
Бәрменқұловтың бастамаларының бірі - 2023 жылдан бастап елдегі футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасы іске қосылып, бас-аяғы 15 алаң жөнделген. Легионерлерге шектеуді алып тастауға бағытталған қадамы күткен нәтиже бермеді. Қазақстандық футболшылардың алаңға шығу мүмкіндігі азайды. Сонымен қатар, футболда әділетсіз төрешілік пен келісілген матчтарға қатысты сын жиі айтылды.
Жалпы, Әділет Бәрменқұлов қызметінен кеткеннен кейін, оған қатысты сынның көбі футбол инфрақұрылымын жақсарту бойынша нақты шаралардың жеткіліксіздігі мен ішкі футболдағы әділетсіздіктерге қатысты болды.
Енді футбол федерациясының жаңа президенті 20 желтоқсанда дауыс беру арқылы сайланады. Мәуленнің айтуынша, мықты менеджер және қаржылық қиындықтар болған сәтте - қаражат құя алатын ірі кәсіпкер келсе, оң нәтиже береді.
Жаңалықтар
- Шавкат Рахмонов пен Ян Гарри жекпе-жегі
- Елімізде байланыс қызметі тарифтері жыл соңына дейін өзгермейді - Цифрлық даму министрлігі
- Тоқаев Доха форумы конференциясының ашылу салтанатының құрметті қонағы
- Түркияның бұрынғы Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Бас хатшысы қызметіне тағайындалды
- Оңтүстік Корея президенті әскери жағдай енгізгені үшін кешірім сұрады
- Полиция тексеру бастады: Алматыда намаз оқу үшін көшені жапты
- Катарда Сирия бойынша Астана форматындағы сыртқы істер министрлерінің кездесуі өтеді
- 8-сынып оқушысының өліміне қатысты екі оқушы сотталды
- «Маңғыстаумұнайгазға» жаңа бас директор тағайындалды
- Бұрынғы спорт министрінің ағасы жұдырық ала жүгірді
- Тоқаев Катарға жұмыс сапарымен барды
- Алматының сейсмикалық қауіпсіздігіне 14 миллиард жұмсалады
- Әскердегі сержанттың озбырлығы сау жігітті жындыханаға аттандырды
- Туған шешесін баспанасыз қалдырмақшы болған
- Шерзат Полаттың өлімінен кейін қызметінен босатылған вице-министр көлік полициясын басқарды
- Тергеу абақтысы қызметкерін бір жапырақ нан үшін жазалады
- Қазақстан гүлденген 50 елдің қатарына енді
- «Билікті басып алуға тырысқан» кәсіпкер сотта мойнын тіліп жіберді
- «Қыз алып қаштым»: Депутаттар сексизмнен феминизмге қалай ауысты?
- Қор нарығында доллар бірден 9,31 теңгеге арзандады