БҰҰ: Эбола індеті қарқынды тарап жатыр, жергілікті адамдар жедел жәрдем көліктерін өртеп, таспен атқылайды

cover Фото: Шетелдік БАҚ-тардан

Конго Демократиялық Республикасында Эбола індеті қарқынды таралып, аурудың таралу аумағы кеңейіп келеді. Сонымен қатар індетпен күреске бөлінген қаржының алдағы бірнеше аптаға ғана жететіні белгілі болды. Бұл туралы БҰҰ-ның Эболаға қарсы күрес жөніндегі аға үйлестірушісі Жюльен Харнейс мәлімдеді, деп хабарлайды Orda.kz.       

Ұйым өкілі індет ошағына айналған Итури провинциясындағы Буния қаласынан журналистермен бейнебайланыс арқылы сөйлескен.

«Қаржы тек алдағы бірнеше аптаға ғана жетеді, көп ұзамай қаражат таусылады. Қаржыландыру мен қажетті шараларды жүзеге асырудағы әрбір кідіріс індеттің өлімге әкелу қаупін арттырып, онымен күресті қиындатады әрі шығынын көбейтеді. Сондықтан бізге халықаралық қолдау шұғыл қажет», – деді Харнейс. 

15 мамырда індет жарияланғаннан бері 5 290 адамнан Эбола вирусы анықталған. Оның ішінде 2 516 адам қайтыс болған. Тағы 1 152 адам аурудан айыққан, ал шамамен 840 адам оқшауланған немесе ауруханаларда ем қабылдап жатыр.

Аурудан қайтыс болу көрсеткіші 47,6 пайыз болды. Вирус жұқтырғандармен байланыста болған адамдардың 82,9 пайызы медициналық бақылауға алынған. БҰҰ мәліметінше, барлық өлім жағдайларының жартысы соңғы 20 күннің ішінде тіркелген.

«Індет Францияның аумағынан да үлкен жерге таралып жатыр. Ауру өршуі біздің әрекет ету шараларымыздан жылдамырақ жүріп, барған сайын кең аумақты қамтуда», – деп атап өтті Харнейс. 

Оның айтуынша, індетпен күресіп жатқан мамандардың жұмысына жергілікті жердегі аса күрделі жағдайлар да кедергі келтіруде.

Індет басталғаннан бергі үш ай ішінде 160 медицина қызметкері Эбола вирусын жұқтырған, олардың 43-і қайтыс болған. Сонымен қатар вируспен күресіп жүрген медицина мамандары тек инфекция жұқтыру қаупімен ғана емес, басқа да қиындықтармен бетпе-бет келіп отыр.

«Вирустың өзінен төнетін қауіптен бөлек, медицина қызметкерлері мен алдыңғы шепте жұмыс істейтін басқа да мамандар жастар тарапынан жасалатын шабуылдарға ұшырап отыр. Жедел жәрдем көліктерін өртеп, таспен атқылайды, медициналық мекемелерге де шабуыл жасалады», – деді Харнейс. 

Оның айтуынша, жергілікті жердегі жағдай өте күрделі болғанына қарамастан, мамандар жұмыс толық аяқталғанға дейін қажетті гуманитарлық және медициналық көмекті жеткізуді жалғастырады.

Эбола вирусы таралып жатқан елдің шығысындағы алты провинцияда, атап айтсақ,  Итури, Солтүстік Киву, Оңтүстік Киву, Жоғарғы Уэле, Чопо және Төменгі Уэледе негізгі әлеуметтік және мемлекеттік қызметтердің болмауы да күрделі мәселеге айналып отыр. БҰҰ өкілінің пікірінше, бұл жағдай табиғи ресурстарға бай өңірде ондаған жылдар бойы жалғасқан қарулы қақтығыстардың тікелей салдары.

Жағдайды банк жүйесінің шектеулі болуы да қиындатып отыр.

«Бұл аймақта банк жүйесі іс жүзінде жұмыс істемейді. Қызметкерлердің жалақысын төлеу үшін қажетті көлемдегі қолма-қол ақшаны жеткізе алмай отырмыз. Бұл алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрген қызметкерлер арасында елеулі наразылық туғызуда», – деп түсіндірді ол. 

Харнейстің айтуынша, гуманитарлық көмекке бөлінетін қаржының қысқаруы, әсіресе соңғы екі жылда, гуманитарлық ұйымдар мүмкіндігін 30 пайыздан астам төмендеткен.

Осындай қиындықтарға қарамастан, БҰҰ мекемелері Конго Демократиялық Республикасы билігімен және халықаралық серіктестерімен бірлесіп, Эбола вирусының таралуына қарсы күресті жалғастырып жатыр.

Конго Демократиялық Республикасындағы Эбола безгегінің қазіргі өршуі бақылау тарихындағы ауқымы бойынша екінші ірі індет саналады. 
 

Оқи отырыңыз:


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар