Бөлшектеп, кішкентай табытқа тыққан: Қазақстанда «сұраусыз» мәйіттерді қалай жерлейді?

Қазақстанның азаттық алғанына 30 жыл болды. Бірақ елде әлі күнге дейін жерлеу және жерлеу ісі туралы заң қабылданбаған. Содан да түсініксіз жағдайлар болып жатады. Мүрделерді кім, қалай жерлеуі тиіс, зираттар кімге тиесілі, неге кейде мола орны пәтерден қымбат болады? Мұның бәріне нақты жауап жоқ. Ең қорқыныштысы — кім екені анықталмаған, «сұрауы жоқ» мәйіттерді жерлеу. Оларды адамға жат әдіспен, аты-жөні жазылмаған, тек нөмірленген күйде жаппай зираттарға жерлейді салады. Қаржыландыру жетпейді, кейде мәйіттер айлап мәйітханада жатып қалады.
Orda.kz осы еш сұрауы жоқ мүрделер туралы күрделі мәселені зерттеді.
Александр Ивановтың қайғылы тағдыры
Александр Иванов есімді жігіттің тағдыры естіген адамға жаға ұстатады. Анасы күтіп отырған ұлын полиция сұраусыз қалған мәйіт ретінде жерлеген.
«Ұлым соңғы рет 2024 жылдың 5 сәуірінде хабарласқан еді. Қарындасын туған күнімен құттықтап, дауысы әдеттегідей жылы әрі сергек болды. Талдықорғанда екі-үш күн аялдайтынын, кейін Текеліге, маған келетінін айтты. Мен асыға күттім. Бірақ екі күн, үш күн өтті. Ол келмеді. Телефоны сөндірулі болды. Ұлым із-түзсіз жоғалды. Қайта-қайта хабарлассам да, ешкім жауап бермеді. Бәлкім, бұрынғы әйелімен қайта қосылған шығар, мүмкін осы хабарласпауына себепкер болған шығар деп ойладым. Не істерімді білмедім, үрей мен үміт арасында күй кештім. Бірақ ең қорқыныштысы әлі алда екенін білмедім», – дейді Людмила Каменская.
Бір апта өткен соң, Людмила Текелі полициясына баруға бел буды. Ол ұлының жоғалғанын, туыстарының ешқайсысы оны көрмегенін, оның вахтадан келе жатып үйіне жетпегенін баяндады. Қалтасында ақшасы, ноутбугі, қымбат телефоны болғанын да айтты. Алайда полицейлер тек иықтарын қиқаң еткізді. «Бәлкім, қыдырып кеткен шығар?» деді олардың бірі мысқылмен. Арыз қабылданбады. Людмиланың сөзіне сенбеді. Адамның жоғалғанын осыншалық салғырт қабылдауға бола ма?
Ол Талдықорғанға жол тартты. Мүмкін, сол жақта байыппен қарар деп үміттенді. Бірақ ол жақта да полиция қызметкерлері оның уайымын мазақ еткендей болды. «Жас қой, қайтып келеді» деген жауап алды.
Алайда уақыт өтіп барады. Бірақ еш хабар болмады. Полициядан да, таныстардан да, басқа жақтан да еш хабар жоқ. Екі ай өткен соң ғана әйел ұлын, дәлірек айтқанда, Талдықорған мәйітханасынан оның құжаттарын тапты. Бәрінен бұрын Александрды 2024 жылдың 15 мамырында «сұраушысы жоқ» адам ретінде жерлегенін есту анасына ауыр тиді.
Ең сорақысы, марқұмның кім екенін полиция анықтаған! Бірақ белгісіз себептермен тәртіп сақшылары бар болғаны Талдықорғаннан 40 шақырым жерде тұратын анасына бұл туралы хабар бермеген.
«Саша Талдықорған мәйітханасында бір ай жатып, отбасына хабар бермей, «сұраусыз» адам ретінде жерленген. Полиция анасына неге хабар бермеді? Неге хабарласуға тырыспады? Анасы (ред. Талдықорғаннның) дәл жанында тұрған жоқ па еді?», – деп күйінеді туыстары.
Мұнымен әңгіме біте қоймайды
Александрдың анасына ұлын қайта жерлеуге ұзақ уақыт бойы рұқсат бермеді. Әйел мәжбүрлі түрде ІІМ-ге жүгінді, бес айдан кейін ғана баласының денесін адамша жерледі.
«Жігіттер ұлымның денесін қазып, табытты ашқанда... Құдай-ау, бұл қорқынышты сөзбен жеткізу мүмкін емес. Ұлым бойы ұзын еді, 190 см. Ал табыт әрі кетсе 170 см болған шығар. Біздің төбе шашымыз тік тұрып, сілейіп тұрып қалдық. Бірақ одан кейін көргеніміз тозақтың өзі болды. Денесі шіріп кеткен. Бас сүйегі тіпті аяғының тұсында жатты. Түсінесіз бе, бұл нені білдіреді? Бұл «жерлеушілер», яғни танылмаған адамдарды жерлейтіндер, оны жай ғана екі бүктеп салған. Олар менің ұлымның денесін бөліп, қоқыс секілді кішкентай табытқа тыққан. Бұл не сұмдық? Марқұмға бұлай қиянат жасауға бола ма? Бұл — құдайға қарсы, адамгершілікке жат әрекет! Денесі түгел шіріп кеткен, ал бас сүйегінің зақымданғаны сонша, тіпті өз баламды танымай қалдым. Қарап тұрып сенбедім. Қалайша? Оған не істеген? Оны кім осылай қорлады? Біз оны қайта жерледік. Енді ол өзіне лайықты табытта жатыр, біз келіп, жылай аламыз, сөйлесе аламыз, дұға бағыштай аламыз», – деп күрсінді Людмила.
Ал полицияның не істегенін сұрадық.
«Тыныштық. Ешқандай хабар да, жауап та жоқ. Біз мүлде ештеңе білмейміз. Бәлкім, оны өлтірген шығар? Мүмкін, ақшасын, телефонын, ноутбугін тартып алған болар? Әділдікті қайдан іздейміз? Мұнымен қалай өмір сүруге болатынын түсінбеймін», – дейді Людмила.
Жетісу облысының ішкі қауіпсіздік қызметі бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу кінәлілерді анықтауы тиіс еді. Бірақ содан бері бір жылға жуық уақыт өтті. Ешкім жауапқа тартылған жоқ.
Қайғы мен қаржы үнемі
Талдықорғанда танылмаған, туыстары бас тартқан, «қажетсіз» мәйіттерді бөлек жерлейді. Заң бойынша полиция марқұмның туыстары бар-жоғын 10 күн ішінде анықтауы керек. Бірақ не іздеуге құлқы жоқ, не дұрыс жұмыс істемейді. Ақыры адамды жерлеп тастайды, ал кейін оның туыстары табылып жатады. Александр Ивановтың жағдайы соның бір айғағы.
Бес жыл бұрын Талдықорғанда бір танылмаған адамды жерлеуге небәрі 15 мың теңге бөлінетін. Бұл ақшаға көлік, қазушылардың еңбегі, құрал-сайман және зираттағы төрт күзетшінің жалақысы да кіреді. Ал егер пандемия кезінде бір жылда 83 адам жерленгенін ескерсек, бұл қаражаттың күлкілі екені анық.
Қаражат жетпегендіктен, ол кезде «сұраусыздарды» табытсыз жерлеген. Оларды жай ғана ақ матаға орап, үлкен орға қатарымен қойған.
«Бұл қорқынышты, адамгершілікке жат әрекет. Бұл моральдық нормалардың шегінен шығып кеткен жағдай. Бірақ енді не істейміз? Қаражат жетпеді, ал мәйіттерді бір жерге көму керек болды», – дейді танылмаған адамдарды жерлеу бойынша тендер ұтып алған кәсіпкер Сая Біләлова.
Тағы бір нәрсе айтайын. Біз барлық марқұмдарды мұсылман дәстүрі бойынша жерледік. Шіркеу ән айту үшін 5 мың теңге сұрады, сондықтан үнемдеуге тура келді. Жергілікті имамға жүгінетінбіз. Ол мәйіттерді қатар қойып, жаназа оқитын. Бірақ бір күні имам шыдай алмады. «Мұсылман мәйіті жерге тимеуі керек» деп жылап жіберді. Ол мәйіттерді тек ағаш тақтайларға жатқызылатын арнайы «ләхад» (ақым) қабірлерге қоюды талап етті.
Алайда көр қазушылар тегін жұмыс істеуден бас тартты. Ол кезде мұндай қабірдің құны 50 мың теңге тұратын. Ал жерлеуге бөлінгені – 15 мың.
«Сол кезде біз басқа жол таптық ағаш табыттар сатып алған арзанырақ еді. Осыдан кейін Талдықорғанның ТКШ бөліміне жерлеуге арналған техникалық сипаттамаларға табыттарды қосу туралы талап қойдық. Сөйтіп, дәстүрді формалды түрде болсын сақтадық», — деді Сая Біләлова.
2022 жылдан бастап Талдықорғанда барлық адамдар, мұсылмандар да, православтар да — табытпен жерленеді.
Егер Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бір өкілі бұрын қалай жерлегенімізді көрсе, жағасын ұстар еді.
«Бірде жерленген адамдардың бірі туралы туыстары хабарласты. Мәйіттің қайда жерленгенін шұғыл анықтау керек болды. Елестетіп көріңіз, барлық қабірлерді бір-бірлеп қайта қазуға тура келді. Ол кезде пандемия болатын. Барлық он қабірді қайта ашып шықтық»,– дейді Біләлова күйініп.
Сөйтіп, «иесіздерді» жерлеу — жай ғана жұмыс емес. Бұл — бітпейтін күрес: бюрократиямен, қаражаттың жетіспеушілігімен, ұрлықпен және полицияның бейжайлығымен күрес. Мемлекет азғантай ғана қаржы бөледі, адамдар біреудің қабірін қадірлемейді, ал кейін туыстарын іздеуге кеш қимылдап, эксгумация талап етеді. Ақырында бәрі зардап шегеді: тірілер де, өлілер де.
Танылмаған марқұмдардың қабірлеріне нөмір жазылған тақтайшалар орнатылады. Әуелде темір тақтайшалар болған — оларды ұрлап кеткен. Себебі темір қазір қымбат. Кейін ағаштан жасалған тақтайшалар қойылды — олар да жоғала бастады. Отқа жағуға кетеді. Мәселе — қоршау мен күзеттің жоқтығында. Кейде белгілерді мүлде жұлып алып кетеді.
Пантеон емес, бірақ паңдық бар
Бұл жағдайды реттейтін жалғыз заң — Жер кодексі. Онда «бір қайтыс болған адамды жерлеу үшін кемінде алты шаршы метр жер телімі тегін беріледі» деп жазылған. Алайда бұл формулировка кейбір адамдарға отбасылық учаскелер мен мазарлар үшін әлдеқайда үлкен аумақтарды иеленуге мүмкіндік береді. Соның салдарынан зират жерінің тапшылығы туындайды.
Мысал ретінде Талдықорғандағы ең көне зираттардың бірі — Еркін зиратын алайық. Мұнда шамамен 45 мың адам жерленген. Ресми түрде зират толып кеткен және енді жерлеуге болмайды. Бірақ адамдар жақындарының жанында жерленгісі келеді. Ал жер жоқ. Бірақ жергілікті олигархтарда жер бар. Гектарлап жерлері бар. Олар үлкен учаскелерді отбасылық қорымдарға айналдырып алған. Жақындарының қабірінің айналасын қоршап, басқа адамдарға лайықты жерлеу үшін орын қалдырмай отыр.
Не істеу керек?
Жағдайды түзету үшін Қазақстан Республикасының Жер кодексінің 109-бабы, 3-тармағына өзгеріс енгізуге болады. Қазіргі мәтінде «әрбір қайтыс болған адамға кемінде алты шаршы метр жер телімі тегін бөлінеді» делінген. Бұл тұжырымды «алты шаршы метрге дейін» деп өзгерту — жер телімінің көлемін шектеуге және асыра пайдалануға жол бермеуге мүмкіндік береді.
Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бұл бастаманы қолдауға дайын екенін және заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді бастайтынын мәлімдеді.
«Әрбір азаматтың заң бойынша төрт жер теліміне құқығы бар: 50-бапқа сәйкес — жеке тұрғын үй құрылысына, қосалқы шаруашылыққа, бау-бақша серіктестігіне және қайтыс болған жағдайда жерлеуге арналған алты шаршы метр. Бірақ Қазақстан азаматы осы құқықты жүзеге асыра ала ма? Тәжірибе көрсетіп отыр — жоқ. Алматыда жерлеу қызметтерін көрсететін комбинат бар — бұл әкімдікке қарасты жергілікті ЖШС. Мен олар бойынша тексеру бастамасын көтеруім мүмкін. Неге? Кеңсайда жер жоқ. Егер жақыныңды сонда жерлемек болсаң, орын табу мүмкін емес. Бірақ сонда «көмекшілер» бар — делдалдар, олар жерді іс жүзінде сатады. Бұл жағдай тек Алматыда емес, Алматы облысында, Жамбыл облысында да — барлық жерде бар», – дейді депутат.
Сондықтан бұл мәселені заңнамалық деңгейде шешу қажет. Ең алдымен, зираттан орын беру — ақысыз негізде жүзеге асырылуы тиіс. Адамның құқығы бұзылмауы керек. Мен бұл мәселені назарда ұстаймын және бірлесіп бұл мәселені шешеміз деп уәде беремін. Біздің қолымызда республикалық маңызы бар қалаларға қатысты заң жобасы бар, оған тиісті өзгерісті енгізуге болады.
Осы арада көрші Қырғызстанда «Жерлеу және қабірлерге күтім жасау туралы» заң қабылданған.
Олар зираттардың мәртебесі мен күтіміне қатысты нақты нормаларды айқындап, олардың жай-күйі мен қаржыландырылуына жергілікті атқарушы органдарды жауапты етіп бекітті. Қабірлерді жоюдың алдын алу үшін жерлеулерді есепке алу механизмдерін енгізді. Зираттарға күтім көрсететін арнайы қызметтер құрылды.
Енді үнсіз қалуға болмайды. Қазақстан да Қырғызстанның тәжірибесін қабылдап, өзінің «Жерлеу және жерлеу ісі туралы» заңын қабылдауы керек. Бұл заңда барлық қадамдар әкімшілік кодекстердегідей нақты жазылуы тиіс.
Себебі өлім — биліктегілерге де, қарапайым халыққа да ортақ. Егер ертең өзіміздің жерлеу рәсімімізде бейберекетсіздікке тап болғымыз келмесе, сұрақ қойып отыра бермей, мәселені шешетін уақыт келді.
Бұл материал Solutions Journalism Lab II жобасы аясында шешім журналистикасы жанрында дайындалған және автордың жеке пікірі мен көзқарасын көрсетеді.
Автор: Сандуғаш Дүйсенова
Жаңалықтар
- Шерзат ісі: Ағайынды Тоқтаубаевтар мен кім-кімді аяусыздықпен ұрды?
- «Нұрғанатты да, Шерзатты да, Қаржаубайды да ұрмадым»: Азамат Тоқтаубаев сотта жауап берді
- Ердоған мен Зеленский жанында: Анкара манында зілзала болды
- Көксу өзеніне құлап кеткен ер адамның денесі табылды
- Әйелін терезеден лақтырған майор: Қызылордалық полицей жас жұбайын мүгедек етті
- Қорқытып, кейін соққыға жыққан: «Дикий Арманның» досы мен оның бандасы сотталды
- «Аяушылықпен тебу, хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым»: Нұрбол Тоқтаубаевты судья сөзінен ұстады
- Қадыровқа қарсы шыққан: Алматыда шешен белсендісі ұсталды
- «Тергеушілер мені де, інімді де ұрды»: Шерзаттың сотында Нұрбол Тоқтаубаев сөйледі
- Мигрант зейнеткердің денесін бөлшектеп тастаған
- Зеленский Стамбұлдағы келіссөздің сәтсіз өтетініне сенімді
- Шерзаттың соты: Дархан Әскентай адвокатынан бас тартты
- Имам ер адамдарға гинеколог болу харам екенін айтты
- Шерзаттың ісі: Күдіктілердің адвокаттары істі қайта тергеуді сұрады
- «Қылмыс әлемінің серкесіне қаржы бөлді»: Амандық Баталовтың күйеу баласын Қырғызстанда іздеп жатыр
- Анасының жанайқайы: Сотта Шерзатты жабылып ұрған сәттің видеосы көрсетілді
- «Фашист, нацист»: Қазақша мәзір беруден бас тартқан кафе кешірім сұрады
- Шавкат Рахмонов Өзбекстан азаматтығын алды – UFC
- «Уыс-уыс шаш, жұлынған тырнақ»: Ақнәрдің өлімін полиция жылы жаба салмақ па?
- «Қауіпті»: Америкалықтар Temu бағдарламасын сотқа беріп жатыр