Болат Назарбаевтың балалары BNC Plaza сауда-кешенін ала алмады: Сот неге тоқтады?

cover Коллаж: Orda.kz

2024 жылдың мамырында сот BNC Plaza сауда орталығының жер учаскесіне қатысты істі тоқтатты. Сот төрағасы сол кезде бұл шешімді әлі Болат Назарбаевтың мұрагерлері кім болатыны белгісіз болған соң тоқтатқанын айтып, олардың осы іске жауапкер болуы тиіс екендігін түсіндірді. Соңғы 10 айда істі бірнеше рет қайта қозғауға әрекет жасалды, бірақ сот талапкерлердің өтінішінен бас тартты. Бұл туралы Orda.kz тілшісіне құқық қорғаушы Дмитрий Сазонов пен адвокат Гаухар Сәлімбаева айтып берді.

Сәлімбаева мен Сазонов Болат Назарбаевтың экс-жұбайы Майра Құрманғалиеваның және оның сіңлісі Гүлжамал Құрманғалидың мүдделерін қорғайды. 2023 жылы Майра Құрманғали Болат Назарбаевқа қарсы талап арыз  беріп, оның әкесі Құрманғали Саудабаевтан заңсыз сатып алынған жер учаскесінде қазіргі BNC Plaza сауда орталығы тұрғандығын алға тартты. Бас тартқаннан кейін адвокаттар сол жер телімінде не болып жатқанын түсіндіруді ұйғарды.

Бірінші талап арызы берілгелі бір жарым жыл өтті. Гүлжамал Құрманғали бастапқыда не талап етті?

Дмитрий Сазонов: Біз 1999 жылы Болат Назарбаев пен Құрманғали Саудабаев арасында жасалған жер учаскесі мен мүлікке қатысты сатып алу-сату келісімшартын даулап отырмыз. Бұл негізінен жалған құжат. Нотариустың ресми хаты және 2023 жылдың күзінде Болат Назарбаев қайтыс болардан бұрын өткен алғашқы процестегі оның куәліктері бар. Нотариус бұл келісімді ешқашан бекітпегенін айтты. Ол ешқашан оны куәландырмаған, оның мөрі емес, сондай-ақ мөрде қате бар. Сонымен қатар, 1999 жылы нотариустар келісімшарттарды тек мүліктің орналасқан жері бойынша рәсімдейтін болған. Яғни, Алматының Бостандық ауданында орналасқан мүлікке арналған сатып алу-сату келісімін тек сол ауданның нотариусы ғана куәландыра алатын. Бірақ бұл келісімшартта Шымкент қаласы деп жазылған.

Қазір сол учаскеде BNC Plaza тұр, ал 1999 жылға дейін не болды?

Дмитрий Сазонов: Ол жерде көпқабатты тұрғын үй және дүкен болған. Біздің клиентіміздің әкесі сол жерден бірнеше пәтер мен дүкенді сатып алған. Кейін ол сол жер учаскесін және дүкенді жекешелендіріп, 1999 жылы меншік құқығын алған. Бірақ Болат Назарбаевпен жасалған сатып алу-сату келісімі әкімдік бұл жер учаскесін сатуға шешім қабылдағанға дейін жасалған. Яғни, жер жеке меншікке айналмай тұрып жасалды.

Гаухар Сәлімбаева: 1999 жылдың 25 қыркүйегінде нотариус Құрманғали Саудабаевтың атынан Болат Назарбаевпен сатып алу-сату келісімін жасады деп топшылап жатыр. Ал Саудабаевтың меншік құқығы тек 1999 жылдың 28 қыркүйегінде пайда болады. Бізде осы жерде орынды сұрақ туады. Егер Саудабаевтың өзі әлі меншік иесі болмаса, Болат Назарбаев бұл келісімшарт бойынша меншік иесі бола алды ма? Сондықтан нотариус бұл келісімді жасай алмағанын, өйткені ол табиғатта болмағанын және Саудабаевтың бұл келісімді жасауға құқығы болмағанын айтты. Бірақ осыған қарамастан, келісім рәсімделіп, уәкілетті органдарда тіркеледі және Болат Назарбаевтың құқықтары пайда болады. Ол кейін бұл мүлікті заңды тұлғаға береді. Ал бастапқыда 2023 жылдың күзінде осы заңды тұлғаға талап арыз берілді. Қазір бізге әр түрлі сылтаулармен талап арызды қабылдаудан бас тартып жатыр.

Дмитрий Сазонов: Мысалы, 2025 жылдың 3 ақпанында бізден мемлекеттік бажды қайта төлеу талап етілді. Заң бойынша — бұл мүлік құнының 1 пайызы. 1999 жылы келісім жасалғанда, онда жер учаскесі мен құрылыс болған. Бірақ қазір құрылыс қиратылды, тек жер қалды. Сұрақ: біз неге басқаның ғимараты үшін баж төлеуіміз керек? 2023 жылы сот бізге сүрулі нысанның сатып алынған бағасына сәйкес баж төлеуіміз керек екенін түсіндірді. Бұл орынды. Бірақ 3 ақпандағы сот талабынан кейін біз бажды қайта төледік. Сонымен қатар, баж төлеуді талап еткеннен кейін, сот талап арызды қайтарды. Ал Жоғарғы соттың алтыншы нормативтік қаулысында мемлекеттік баж төленбеуі себебінен талап арызды қайтаруға болмайтыны жазылған. Талап арыз қабылданып, дайындық кезеңінде талапкер тараптың бажды төлеуі керек екені айтылуы тиіс еді. Егер біз оны төлемесек, талап арызды қайтаруға болады.  Егер аудандық соттың судьялары оларды оқымаса, жоғарғы сот не үшін бұл қаулыларды шығарады?

Судьялар өз шешімдерінде іс материалдарында Болат Назарбаевтың қайтыс болғаннан кейін мұрагерлердің әрқайсысының мұраға алғаны туралы куәліктер жоқ екенін айтады. Оның ішінде даулы нысанға да қатысты айтылды.

Бірақ біз бұл нысан бойынша мұрагерлік құжаттарын бере алмаймыз, себебі ол Болат Әбішұлының мұралық мүлкіне мүлдем кірмейді! Болат Назарбаев осы учаскеде жаңа ғимарат тұрғызып, оны «PrimeCapital Re Plaza» ЖШС-ның жарғылық капиталына берген (қазіргі соңғы бенефициар Нұрбол Назарбаев — ред.). Бір кезде Болат Назарбаев құрылтайшысы болған, бірақ кейін құрылтайшы өзгеріп, меншік құқығы басқа тұлғаға өтті. Яғни, оның мұрагерлеріне бұл ғимараттың қатысы жоқ — оның меншік құқығы ешқайсысына берілуі мүмкін емес.

Гаухар Сәлімбаева: Мұрагерлер іс жүзінде үшінші тұлғалар ретінде тартылды. Өйткені мәміле жасаған адам қайтыс болды. Қазір бұл мүлік заңды тұлғаға тиесілі және барлық талаптар — сол заңды тұлғаға қойылуы керек. Бірақ соттар жалған себептермен бізге талап арызды қайта-қайта қайтарып жатыр.

Дмитрий Сазонов: Біз сотқа бір жауапкер — Ханболат Назарбаевтың атына мұрагерлік туралы куәлікті ұсындық. Онда барлық мұрагерлер көрсетілген, әрбірінің үлесі жазылған. Оның үстіне, онда барлық мұрагерлер мұрагерлікті қабылдағаны айтылған! Біз ұсынған құжат ресми және нотариалды түрде куәландырылған. Бірақ соттар бізден әрбір жауапкерге қатысты мұрагерлік туралы куәлікті сұрап жатыр.

Қанша жауапкер бар?

Гаухар Сәлімбаева: Барлығы 15.

Дмитрий Сазонов: Бізден әрбір жауапкерден мұрагерлік туралы куәліктерді ұсыну талап етілді. Оның ішінде даулы мүлікке қатысты куәлік те бар. Бірақ олардың ешқайсысы бұл мүлікке куәлік ала алмайды, өйткені — ол Болат Назарбаевтың мұрасына кірмейді.

Гаухар Сәлімбаева: Сонымен қатар, нотариалдық құпия деген ұғым бар. Біз қалай әрбір мұрагерден мұрагерлік туралы куәлік алуымыз керек?

Дмитрий Сазонов: Егер біздің клиенттеріміз Болат Назарбаевтың мұрагерлері болса, біз нотариуспен мұрагерлік туралы куәлікті ала алатын едік. Бірақ олар мұрагер емес және бола алмайды. Олар тек Болат Назарбаев өз аттарына өсиет қалдырған жағдайда ғана мұрагер болар еді. Бірақ ондай өсиет жоқ.

Болат Назарбаевтың өсиеті бойынша жалғыз мұрагері — Нұрбол Назарбаев.

Дегенмен, мен нотариусқа өкілдік хаты мен ресми сұрау хат алып бардым, ол Болат Әбішұлының мұрагерлеріне куәліктерді берген нотариус болатын және сол құжаттарды сұрадым. Ол маған нотариат туралы заңды көрсетіп, менің бетімді қайтарып, ұрысқандай болды: «Сазонов, сен не мақсатпен келіп, қандай нәрсе талап етіп тұрсың? Нотариалдық жұмыстар  — заңмен қорғалған құпия. Ал мұрагерлік іс бойынша барлық куәліктерді сот шешімімен талап етуге болады және мен оны саған емес, судьяға көрсетемін». Заң тұрғысынан алғанда, нотариус дұрыс айтты.

Ханболат Назарбаевтың куәлігін қалай алдыңыз?

Дмитрий Сазонов: Мен оны жақсы білемін және ол маған өз қолымен куәландырылған құжатты ұсынды. Бұған заң жүзінде тыйым жоқ. Мен оны талап арызыма қостым, ол барлық жерде тіркелген, сотта сақталған. Бірақ оны ешкім көрмейді. Біздің талап арызды қабылдаудан бас тартып жатыр.

2025 жылдың 27 ақпанында бас тартудың басты себебі: «Талап арыз материалдарында әрбір жауапкердің Болат Назарбаев қайтыс болғаннан кейін мұрагерлікті қабылдағаны туралы куәліктер жоқ, соның ішінде даулы мүлікке қатысты куәлік жоқ. Мұрагерлерге қойылған талаптарды негіздеу үшін ешқандай құжат ұсынылмаған. Талапкер заң нормаларын бұзып, талап арыздың дәлелдеріне және талаптарының негіздемесіне қатысты құжат ұсынбады».

2023 жылы, Болат Әбішұлының тірі кезінде бұл іс өндіріске қабылданған  және оны қарау тоқтатылды, себебі мұрагерлік құқығының қабылдағанын күту керек болды.

Ал қазір бұл адамдардың маған айтатын нәрсесі — біз талап арыздың дәлелдемелерін ұсынбаған екенбіз. Демек, 2023 жылы барлық құжаттар ұсынылған және іс қаралған, ал 2024–2025 жылдары біз ештеңе ұсынбадық па? Қалай қарасаң да, ақылға қонымсыз! Ал 3 ақпанда және 27 ақпанда соттың судьясы — Дана Асылбекқызы болды. Яғни, 3 ақпанда барлық құжаттар ұсынылған, бірақ мемлекеттік баж төлеу керек еді, ал 27 ақпанда дәл сол судья біздің ештеңе ұсынбағанымызды айтады! Егер судья екі түрлі адам болса, түсінер едім. Бірақ судья біреу!

Сондықтан біз өзіміздің судьяларымыздан талап етілмейтін құжаттарды талап етіп, бұрын ұсынылған құжаттарды көрмей жатқанын көрсетуіміз керек. Бізде,  Бостандық аудандық сотында Асылбекқызынан басқа судьялар жоқ па?

Гаухар Сәлімбаева: Соңғы рет бас тартқанда біз 2025 жылдың 17 наурызында хабар алдық алдық. Ол 27 ақпандағы жауаптың дәл көшірмесі. Біз оған жеке шағым жолдадық, жауабын күтіп отырмыз.

Сіздің пікіріңізше, неге талап-арыздарыңыз қабылданбайды?

Дмитрий Сазонов: Болжауға болады. Мәселе мынада, сол уақытта Болат Әбішұлы мүлікке құқық беру туралы шешім шығарған барлық судьялар қазір қалалық немесе Жоғарғы сотта отыр. Әрине, отбасының билігі енді жоқ, ықпалы жоғалды. Алайда сайлаған адамдары сол күйі қалды. Оның үстіне, қазір олар басшылық лауазымдарда отыр. Осыдан кейін, бұл істі ұмытқысы келетіндей және оны «жылы жабуға» тырысатындай әсер қалды.

Менің білуімше, сізді кәмелетке толмағандар істері жөніндегі сотқа да жіберген екен. Сіздің ісіңіз қалай ол жаққа тап болды?

Дмитрий Сазонов: Өйткені біздің кәмелетке толмаған мұрагерлеріміз бар. Бізді Бостандық аудандық сотынан ювеналды сотқа жіберді. Мен ювеналды сот төрағасының қабылдауына жазылдым (Алматы қаласы бойынша кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі аудандық сот — ред.). Ол маған азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес біздің істе кәмелетке толмағандардың құқықтары бұзылмайтынын айтты. Себебі бұл мүлік мұралар қатарына кірмейді. Нәтижесінде ювеналды сот іс қарауға жатпайды деп шешті. Бұл шешімді Алматы қалалық соты да растады, олар талап-арыздың толықтай ересектерге емес, олардың заңды өкілдеріне көрсетілуі керектігін айтты. Сондықтан біз қайтадан Бостандық аудандық сотына барамыз.

Гаухар Сәлімбаева: Азаматтық іс жүргізу заңнамасына қарасақ, осындай түсінік бар — ерекше құзырет. Және ГПК-де нақты анықталған — барлық даулар, мүлікке байланысты мәселелер, сол мүліктің орналасқан жері бойынша қаралуы тиіс. Біздің жағдайда бұл — Бостандық аудандық соты.

Дмитрий Сазонов: Біз бұл соттан бас тарта алмаймыз, өйткені жауапкерлердің көпшілігі әртүрлі аудандарда тұрады.

Қазіргі мақсаттарыңыз қандай?

Гаухар Сәлімбаева: Талап-арызды қарау сатысына жеткізу.

Дмитрий Сазонов: Біз соттан талап-арызды қабылдап, оны қарауды сұраймыз. Мен судьядан, үзіліс кезінде менің пайдама шешім шығаруды талап етуге құқылымын деп санамаймын. Судьялар заң бойынша формальды түрде тәуелсіз. Бірақ заң бойынша талап-арызды қабылдауыңыз және қарауыңыз керек. Егер шешім мені қанағаттандырмаса, біз аппеляцияға жүгіреміз. Егер аппеляция қанағаттандырмаса, кассацияға өтініш береміз. Егер мен заңды құқықтар мен мүдделердің бұзылғанын байқасам, сол кезде БАҚ-та ақпарат жариялаймын. Бірақ егер сен мантия киіп, мемлекетке ант берген болсаң, онда сотты заң аясында жүргізуің керек.


Жаңалықтар

барлық жаңалықтар