«Артында ұлы қалды»: Мысырда қаза тапқан қазақ әйелінің құрбысы биліктен көмек сұрайды
Фото: Ақмарал Мұқанова отбасылық архивтен
Мысырда қаза тапқан Ақмарал Мұқанованың жақын құрбысы Венера Исқақова билікке үндеу айтты. Ол марқұмның денесін елге жеткізуге көмек көрсетуді сұрайды, деп хабарлайды Orda.kz.
Жақында Шарм-эль-Шейх әуежайында жарнамалық тақта құлап, төрт қазақстандық зардап шекті. Солардың ішінде 61 жастағы Ақмарал Мұқанова оқиға орнында қаза тапты. Оның жақын құрбысы Венера Исқақова Orda.kz тілшісіне қайғылы оқиғаның егжей-тегжейін айтып берді.
«Шілде айында Ақмарал 62 жасқа толар еді. Артында жалғыз ұлы Берік қалды, жасы 22-де. Ол Талдықорғанда заң техникумын бітіріп, кейін Ақтөбеге келді. Сазды ауылында полиция бөлімінде жұмыс істеді. Одан кейін ішкі істер басқармасында қызмет атқарып, сол жерден зейнетке шықты. Соңғы жылдары Астанада тұрды, ұлымен бірге үш жыл бұрын көшіп барған еді. Екеуі саяхаттауды жақсы көретін. Мысырға барып еді, осындай қайғылы жағдайға тап болды», – деді Ақтөбеде стоматолог болып жұмыс істейтін Венера Исқақова.


Әйелдің айтуынша, Мұқанованың ұлы қазір Мысырда жалғыз қалған.
«Мен үкіметімізге, консулдыққа, елшілікке жүгінемін. Ақмаралдың денесін Қазақстанға жеткізуге көмектессе екен дейміз. Ұлы Берік ол жақта жалғыз қалды. Бізге денесін елге жеткізуге жәрдем беруін сұраймыз», – дейді ол.
«Берік қандай да бір көмек сұрады ма?» деген сұраққа әйел былай деп жауап берді:
«Ол ештеңе айтпады, бар айтқаны «Анамнан айырылып қалдым, Венера апа» деді. Сәл кешірек жазып сұрағанымда денені төрт-бес күннен кейін ғана беретінін айтты. Іс полицияға беріліпті. Тергеу жүріп жатыр, сонымен ғана шектелді. Содан бері ол хабарласқан жоқ», – деді Венера Исқақова.
Қос құрбы бір ауылдан — Байғанин ауданының Қарауылкелді ауылынан, мектеп кезінен дос болған. Ақмарал ұлының үйленгенін көріп, сол тойға дейін өмір сүруді армандаған.
«Ол үнемі күліп жүретін, өте көңілді, айналасындағы адамдарға жігер беретін адам еді. Кадр бөлімінде жұмыс істеді, полицияда қызмет атқарды. Менің кейбір емделушілерім де Ақмарал өте жарқын, жақсы адам еді деп айтып жатыр. Бүкіл өмірін ІІБ-де өткізді,1984 жылы техникумды бітіріп, содан бері ішкі істер органдарында қызмет етті. 45 жасында зейнетке шыққан. Мен былтыр жұбайымнан айырылдым, ол қайғыға мен дайын болған едім. Ал кеше Ақмаралдың қазасы туралы естігенде өз-өзіме келе алмадым. Үш күннен кейін жерлеу керек. Қазір мәйітханада жатыр. Қандай күйде екенін білмейміз, цинк деген табытпен әкеледі екен. Соңғы сапарға лайықты шығарып салғымыз келеді», – деді Венера Исқақова.




Ақмарал Мұқанованы бұрынғы әріптестері де ерекше ілтипатпен еске алады. Ақтөбе облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұловтың айтуынша, ол 1991 жылдан 2010 жылға дейін кадр қызметінде жұмыс істеп, подполковник шенімен зейнетке шыққан.
«Ол өте мейірімді, жарқын жүзді әрі бауырмал адам болды. Сонымен қатар, талапшылдығымен, жауапкершілігімен және кәсіби біліктілігімен ерекшеленетін. Полицияға қызметке тұрған барлық қызметкерлер дәл сол кісінің алдынан өтетін – жұмысқа қабылдау, шен беру, еңбек өтілін тіркеу, зейнетке шығуға қажетті құжаттарды дайындаумен айналысатын. Бұл – өте маңызды әрі жауапты жұмыс болатын. Ақмарал Өтегенқызы бұл қызметті мінсіз атқарып жүрді. Ол өз ісінде өте ұқыпты, әрбір қызметкерге мұқият қарайтын, әрдайым көмектесуге, тыңдауға, қолдауға дайын тұратын», – деп атап өтті Ерболат Сарқұлов.
Ол марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық