Анадан туған алып: «Менің анам – батыр»

cover

ORDA сіздерді бей-жай қалдырмайтын ерекше кейіпкерлермен таныстырады.

Әр адамның өз батыры болады. Әдетте ол тылсым күшпен шайқасқа түсетін, уақытта саяхаттайтын, ұрылар мен зұлым күштерге қарсы күресетін батырлар. Шындыққа оралар болсақ, адамдар өз батыры ретінде аналарын көреді. Себебі, аналар қауымы өмір силап қана қоймай, өз өмірін баласына арнап, оған барлық жағдай жасауға тырысады.

Анам мені өлімнен 6 рет құтқарды

Анель Күнтуған:

— Менің анам - өмірімдеге басты тұлға. Анам мені өлімнен 6 рет құтқарды. «Болды енді, бұдан қиыны болмайды, мен өлемін» деп, өмір сүруге үмітім сөнгенде ол әрдайым мені құтқару үшін өзін қолға алып, тек алға ұмтылды, алға жүрді. Оның қолынан келді... Мен айықпас дертке шалдыққанда, депрессияға түсіп, өмір сүруге еш үмітім болмады. Бірақ анамның қолдауының арқасында мен дін аман қалдым.

Анель сегіз айынан бастап ауыра бастаған, бірақ бойжеткен 17-ге толғанда дерті асқына бастаған. Себебі, дүниеге келгенде мойын сүйегі сынған. Осы күнге дейін үш үлкен ота жасатқан. Жас қыздың тыныс алу жолдары дұрыс жұмыс істемей, дәрігерлер ұзақ уақыт диагноз қоя алмаған.

— Менің кішкентай кезімде отбасымызда қаржы тапшылығы болған. Анам туған күнімде ештеңеге қарамастан күтпеген тосынсый жасап, мені қуанту үшін қолынан келгенін жасайтын.

Мен анама барлығы үшін алғыс айтамын. Ол мені мықты, әрі төзімді адам қылып өсірді. Ол маған өмірде қандай қиындыққа тап болсаң да, одан шығуға болатынын іс жүзінде көрсетті. Анама алғысым шексіз!

Дәрігерлер «балаң тірі қалмайды, бас тарта сал» деді

Тұрсынай Қабыл:

— Мен үшін менің анам батыр! Ол мені дүниеге әкеліп, мені аяққа тұрғызды. Дүниеге келгенімде дәрігерлер менің өмір сүріп кететініме сенбей, анама баладан бас тартуға болатынын айтқан. Олар «бала тірі қалмайды» деген. Алайда, менің анам менен бас тартпады. Ол мықты тәрбие беріп, әрдайым менің жанымнан табылады. Ол маған күш-жігер беріп, әрдайым қолдау көрсетеді. Ол менің мотиваторым және менің батырым.

Менің балалық шағым ерекше өтті. Қазір көптеген жылы естеліктерім бар. Олардың ішінде есте қалғаны – анам әр жаңа жылдың алдында маған қолдан жаңа жылдық костюмдер тігетін. Ол маған ерекше сезім сыйлады.

Мен анама берген тәрбиесі мен қиындықтарға мойынсынбағаны үшін, әрдайым жанымнан табылып, қолдау көрсететіні үшін, жәй ғана бұл өмірде бар болғаны үшін алғыс айтамын! Сондықтан, аналарымызды жақсы көріп, бағалап, құрметтеуіміз керек!

Дерті жанына батса да, отбасым алаңдамасын деп үнсіз жүрді

Марғұлан Ақан:

— Кез келген бала ата-анасын батыр санайды. Оған алыстан мысал келтірудің қажеті де жоқ, сол баланың өмірге келуінің өзі ерлік қой. Ендеше сол ерлікке себепкер болған да, ары қарай аяқтан тұрып кетуіне көмектескен ата-анамыз ғой.

Мен анамның ерлігін 2019 жылы көрдім. Кеудесінде арқалап жүрген бір түйір дерті жанына батса да, отбасым алаңдамасын деп 2 жылдан аса уақыт үнсіз келген. Алайда дерт күшейіп, анамның жігерін сындыруға тырысты. Онкологиядағы әр күні, әр химия терапиядан өткен кездегі түрі, жағдайы бәрі есімде. Шыдады. Өмірдегі өз тіршілігі үшін емес, үйдегі екі кішкентай қызы үшін шыдады. Соңғы химия терапия кезінде құлады. Соған да қарамастан, емін жалғастырып, өмірге, отбасына деген махаббатты жоғалтқан жоқ. Сол ерлігінің арқасында қазір қасымызда жүр.

Балалық шағың патшаның тағы

— Үйде 18 жыл жалғыз өстім. Кейін екі қарындасым дүниеге келді. Бала күнімде анам маған қатты алаңдайтын. Себебі түрлі қи- ындықтарды көргеннен кейін дүниеге келген баласымын ғой. Әлі есімде, ол кезде үшінші сынып оқитын болуым керек. Түнделетіп есік алдында ойнап жүріп, басымды жарып алдым. Төбемнен аққан қан, маңдайдан бетке дейін жуып кетті. Сүртіп әлек боп жатырмын. Себебі анам қанды көрсе жылап жібереді. Оны жақсы білемін. Үйге келдім, есікті қақтым да, есікті ашқан анама қарап: «бәрі жақсы, ештеңе болған жоқ, тас тиіп кетті» дей салдым. Анамның сол кезде де көзі шарасынан шығайын деп тұр еді. Әбден ұрсып, жылап, қолымнан жетектеп үйдің жанындағы ауруханаға алып барды. Басымды екі жіппен тігіп, дәрігер «бәрі жақсы» дегендей шығарып салды. Бағана ғана ашуланып, ұрсып отырған анам далаға шыққан соң дүкенге ертіп барып: «не жейсің, балам?» деді. Қазір ғана ашуланып тұрған анамның аяқастынан осылай құбылғаны қызық болды. Ес жоқ жейтін нәрсенің бәрін алғыздым. Сөйтіп үйге қайттық. Үйге келген соң әкеме менің қалай шыдап отырғанымды, жіптерді, инені көрген кезде қорықпай қарап отырғанымды айтып мақтанды. Осы сәт әлі есімде.

Анама бәрі үшін алғыс айтар едім.  Анам жас кезінде түрлі жарыстарға қатысып, жеңіспе оралуға тырысқан екен. Егер жеңілсе, жыл сайын қатысып, сол жерден сыйлықпен не жеңіспен оралғанша еңбектене беретін болған. Дәл сол мінезі, табиғаты менің қанымда бар. Осы үшін де алғыс айтамын. Мені еркін өсірді. Ештеңеден қысқан жоқ. Мамандық таңдау болсын, басқа да шешім қабылдайтын кезде мені тыңдайтын, ақылдасатын. Осы үшін де алғыс айтамын!

Рақмет саған, шеше!

Қыз бала – ана! Сондықтан, барлық әйелдер қауымын 8-наурыз мейрамымен құттықтай отырып, оларға өз алғысымызды білдіреміз!

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар