«Өтелмеген парыз»: Қазақстанның Ауғанстанға көрсеткен гуманитарлық көмегі туралы фильм жұртты толқытты
Ауғанстандағы жер сілкінісінен кейін Қазақстаннан барған дәрігерлердің жұмысы көпшілікке толық көрсетілген жоқ еді. Былтыр, 2025 жылы үкімет ауған халқына гуманитарлық көмек көрсеткен, сондай-ақ отандық дәрігерлер көмектескен. Режиссер Ернар Алмабек түсірген жаңа деректі фильм сол сапардың ішкі атмосферасын, ауруханалардағы ауыр жағдайды және қазақ дәрігерлерінің күнделікті күресін көрсетеді. Біз фильмнің көрсетіліміне барып қайттық.
2025 жылы жойқын жер сілкіністерінен кейін Қазақстан Ауғанстанға гуманитарлық көмек жіберіп, 18 тонна жүкпен бірге 13 дәрігер аттандырған еді. Травматологтар, нейрохирургтар, урологтар мен басқа да мамандар бірнеше госпитальге бөлініп, күн сайын науқастар қабылдап, күрделі операциялар жасап, жергілікті дәрігерлерге тәжірибе бөлісті. Бұл — жай ғана гуманитарлық миссия емес, адам өмірі үшін күрес болған сапар.
17 минуттық фильмнің ең ауыр тұстарының бірі — ауған ауруханаларының жағдайы. Кей жерлерде медициналық құрал-жабдықтың жетіспеуі, наркоз бен рентген аппараттарының тапшы болуы, босқындар лагеріндегі адамдардың тұрмысы көрсетіледі. Бірақ дәл осы көріністердің ортасында қазақстандық дәрігерлердің кәсібилігі мен сабырлығы ерекше байқалады. Олар тек операция жасап қана қоймай, адамдарға үміт сыйлай алған.
Фильмдегі ең әсерлі дүниенің бірі — ауған халқының қазақ дәрігерлеріне деген сенімі. Алғашында күмәнмен қараған науқастар бірнеше күннен кейін рентген суреттерін көтеріп өздері іздеп келетін деңгейге жеткен. Дәрігерлердің айтуынша, жоспарланған үш операция кейде беске дейін көбейген. Соған қарамастан олар көмектесуден бас тартпаған.
Фильмге «Өтелмеген парыз» деген атау бекер берілмеген. Ернар Алмабек бұл туындыны тек гуманитарлық миссия туралы хроника емес, тарихи жады мен адамдық борыштың жалғасы ретінде қарастырады. Оның айтуынша, өткен ғасырдағы аласапыран кезеңде қазақ даласынан ауып барған мыңдаған қандасты Ауғанстан жері жатсынбай қабылдаған. Ал бүгінгі Қазақстанның көрсеткен көмегі — сол кезде көрсетілген жанашырлыққа берілген кешіккен алғыс іспетті. Фильм атауындағы «өтелмеген парыз» ұғымы да дәл осы тарихи әрі рухани байланысты меңзейді.
Бұл деректі фильм Қазақстан дәрігерлерінің кәсібилігін ғана емес, біздің қоғам көп жағдайда назардан тыс қалдыратын ауыр шындықты да көрсетеді. Ауғанстандағы халық денсаулығының ахуалы алаңдатарлық деңгейде: медициналық құрал-жабдық тапшы, ауруханаларда орын жетіспейді, ал кей өңірлерде қарапайым емнің өзі адам үшін қолжетпес дүниеге айналған. Соған қарамастан адамдар ұзын-сонар кезекте үнсіз күтіп, соңғы үмітін дәрігерлерге артып отыр. Фильм дәл осы көріністер арқылы соғыс пен кедейлік ең алдымен адамның денсаулығы мен өміріне соққы болып тиетінін анық сездіреді. Қазақстандық мамандардың еңбегі сол ортада бұрынғыдан да айқын көрінеді — олар тек ота жасап қана қоймай, үміт жоғала бастаған жерде адамдарға сенім сыйлай алған.
Көрсетілімнен кейін бір нәрсе анық сезілді: бұл — тек Ауғанстан туралы фильм емес. Бұл қиын жағдайда адам болып қалу, мамандығына адал болу және біреудің өмірін сақтап қалу туралы картина. Ең бастысы — Қазақстаннан барған дәрігерлердің жұмысы жай статистика емес екенін, оның артында нақты адамдардың тағдыры тұрғанын көрсете алған туынды.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық