Алматының Райымбек даңғылындағы BRT жобасының орнына SkyTrain жүйесі іске қосылады
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Алматыда Райымбек даңғылынан әл-Фараби даңғылына дейін қоғамдық көліктің жаңа түрі іске қосылады. Райымбек даңғылындағы BRT жобасының бір бөлігінен бас тарту туралы шешім қабылданды. Оның орнына қала билігі жаңа көлік түрін – жерүсті монорельсті SkyTrain жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Orda.kz.
Жаңа желі қайда салынатыны және BRT-ның тағдыры қандай болатыны белгілі болды. Алматы қалалық жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының мәліметінше, Райымбек даңғылында – Өтеген батыр көшесінен Емцов көшесіне дейінгі аралықта – бұрын орнатылған BRT элементтері демонтаждалады.
«Бұл шешім бюджет қаражатын тиімді пайдалану қажеттілігіне байланысты қабылданды. Себебі Алматыда жүзеге асырылуы жоспарланған SkyTrain жобасы да Райымбек даңғылы бойымен өтеді», деп хабарлады басқарма.
Әкімдік түсіндіргендей, SkyTrain жолдың үстімен өтеді және жерүсті көлігіне ауысып міну арқылы жолаушылардың жол жүру уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.
«Бұл шешім жер үстімен жедел қатынауды қамтамасыз етеді. Жолаушылар жерүсті қоғамдық көлікке ауысып отырып, жалпы жол уақытын едәуір қысқарта алады және көлік инфрақұрылымының тиімділігі артады», деп толықтырды ведомство.
Сонымен қатар Райымбек даңғылындағы автобусқа арналған арнайы жолақтар қала береді. Әкімдік оларды жолдың шеткі бөліктеріне орналастыру нұсқасын қарастырып жатыр.
SkyTrain – эстакадалар бойымен жүретін жоғары жылдамдықты монорельсті көлік. Оның орташа жылдамдығы сағатына 35 шақырым.
Алматы әкімдігі жалпы ұзындығы 42 шақырым болатын екі SkyTrain желісі бағыттарын айқындады. Бұл желілерде 20 станция салынады, ал құрылысты 36 айда (3 жыл) аяқтау жоспарланып отыр.
Бірінші желі (29 шқ, 16 станция): «Барлық» көлік-ауыстыру торабы (КАТ) ауданынан басталып, Райымбек даңғылы бойымен өтеді, кейін Сайын көшесіне бұрылып, әл-Фараби даңғылы және Шығыс айналма автожолы арқылы «Шығыс қақпасы» КАТ-қа дейін жалғасады.
Екінші желі (13 шқ, 4 станция): Райымбек даңғылы бойымен Сайын көшесінен «Шығыс қақпасы» КАТ-қа дейін тікелей өтеді.
SkyTrain депосын Алматы облысы Қарасай ауданындағы Абай ауылында, «Барлық» КАТ маңында салу жоспарланған.
Қазіргі уақытта жоба бастапқы кезеңде тұр. Бұған дейін әкімдік жақын арада техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленетінін хабарлаған. Бұл құжатсыз нақты маршруттар, жобаның құны, қаржыландыру көздері және іске асыру мерзімдері анықталмайды.
Жобаға көлік инфрақұрылымы саласында тәжірибесі бар халықаралық компанияларды тарту жоспарланып отыр. Алматы әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаевтың айтуынша, қала жолдарына түсетін жүктеме қазірдің өзінде шекті деңгейге жеткен.
Күн сайын қала көшелерінде 1,1 миллионнан астам автокөлік жүреді. Бас жоспарға сәйкес, 2030 жылға қарай Алматы халқы 2,5 миллион адамға жетіп, әр 1000 тұрғынға шаққанда 311 автокөлік болады.
«Жолдарды кеңейту мен жолайрықтар салу тек уақытша нәтиже береді. Ұзақ мерзімді шешім – қоғамдық көлікті дамыту», – деді Сматлаев.
Оның айтуынша, қоғамдық көлік қаланың көлік жүйесін дамытудың негізгі бағытына айналады.
SkyTrain жүйесі әлемнің бірнеше елінде, атап айтқанда Канада (Ванкувер) мен Таиландта (Бангкок) кеңінен қолданылады. Ванкувердегі SkyTrain жүйесі 1986 жылдан бері жұмыс істейді және әлемдегі толық автоматтандырылған алғашқы көлік жүйелерінің бірі саналады. Ол үш желіден тұрады: Expo Line, Millennium Line және Canada Line. Бұл желілерде пойыздар машинистсіз қатынайды.
Еске салайық, 2026 жылғы наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыны қабылдады. Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар тапсырма берді, оның ішінде Almaty AI Park жобасын жедел іске қосу, сондай-ақ LRT мен SkyTrain жүйесін құру жұмыстарын жандандыру бар.
Ал 2026 жылғы маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөз сөйледі. Жиын барысында Алматы агломерациясы ішіндегі көлік байланысын күшейту және жылдам қоғамдық көлікті белсенді дамыту қажеттігі атап өтілді.
Президент Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдеріне «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, 1 тамызға дейін SkyTrain желілерін салу жобасын, сондай-ақ Алатауды Алматымен байланыстыратын жылдам қоғамдық көлік жүйесін пысықтауды тапсырды.
Оқи отырыңыз:
Жаңалықтар
- CNN: АҚШ-тың Ұлттық барлау жүйесінде жаппай жұмыстан босату жүріп жатыр
- Алматының Райымбек даңғылындағы BRT жобасының орнына SkyTrain жүйесі іске қосылады
- Алматылық полицейді өлтіріп, денесін өртеп жіберген: Іс бойынша әйелі мен ұлы ұсталды
- Қарт әкесін сабап, оны видеоға түсіріп таратқан «батыр бала» бес тәулікке қамалды
- Ербаянның өлімі: Тапаншаға ұмтылған полицейдің әрекетіне құқықтық баға беріледі
- Ербаян Мұхтардың әкесі жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды: Отбасы мәйітхана алдында жүр
- Түркістан облысында күре жолдың бетон жабындысы көтеріліп кетті. Аптап ыстық себеп пе?
- Ербаянның қазасына қатысты ДСМ мәлімет берді: Науқастың жағдайы өзгермеді
- Қырғызстан мен Өзбекстан мемлекеттік шекараны демаркациялауды әлі де жалғастыруда
- Қазақстан мен Еуропалық одақ 12 миллиард долларлық келісім дайындап жатыр
- Тоқаев ЕО дөңгелек үстелінде: Біз білімге негізделген экономика қалыптастыруға ұмтыламыз
- 150 млн еуро инвестиция: Тоқаев пен ЕО басшылары жаңа келісімдерге келді
- Ербаян Мұхтар қайтыс болды
- Тоқаев: Бельгия — Қазақстанның Еуропалық Одақтағы басты серіктестерінің бірі
- 102 адам мейрамханадағы астан уланды: Сот қылмыстық іс қозғады
- Қазақстанда сұйытылған газды жеткізу ережелері өзгерді
- Краннан құм, лай, құрт шыққан: Талғар тұрғындары тағы да дабыл қағып, 18 жылдан бері таза суға жете алмай жүр
- Көкшетауда жаяу жүргіншіні қағып өлтірген әйелдің жазасы кейінге қалдырылды
- Қазақстандағы айыппұл саясаты: «Айыппұлстан» деген сөзге қатысты Ержан Сәденов өз көзқарасын білдірді
- 254 адам өліп, эпидемия жариялаған Конгоға Эбола вирусымен күресу үшін Қытай мыңдаған дәрігерін жіберді