Алматыда LRT құрылысы үшін 270 жер учаскесі алынады

cover Коллаж: Orda.kz

Алматыда LRT құрылысы үшін тұрғындардан қала құрылысы қажеттіліктеріне қатысты деген негізде алынатын 270 жер учаскесін сатып алу 2028 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс, деп хабарлайды  Orda.kz.      

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін салу үшін 270 жер учаскесі мәжбүрлі түрде мемлекет қажеттілігіне алынады. Тиісті қаулыға қала әкімі Дархан Сатыбалды қол қойды.

Жер учаскелері мен өзге де жылжымайтын мүлік Жетісу ауданы, Алмалы ауданы, Әуезов ауданы және Алатау ауданы аумақтарында алынады. Бұл аумақта LRT-ның бірінші желісінің алғашқы кезеңі Алматы-2 теміржол вокзалы мен Мөңке би көшесі аралығы салынады.

Мәжбүрлеп иеліктен шығару 2028 жылғы 31 желтоқсанға дейін аяқталуы тиіс. Жер қатынастары басқармасы заңнамаға сәйкес меншік иелеріне өтемақы төлеуді қамтамасыз етеді.

Алматыда LRT құрылысы 2027 жылдың сәуірінен 2029 жылдың сәуіріне дейін жүргізіледі деп жоспарланған.

2025 жылдың жазында қала әкімі Дархан Сатыбалды көлік жобаларын іске асыруға бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Ол LRT, метро және BRT желілері — қаладағы қозғалыс қолжетімділігін арттыру мен экологияны жақсартуға тікелей әсер ететін стратегиялық жобалар екенін атап өтті.

Биылғы 20 наурызда президент Алматы әкіміне LRT жобасын іске асыру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Оқи отырыңыз: 

Жаңалықтар

барлық жаңалықтар