Ақтөбе маңындағы ауыл мектебінде сегіз мұғалім мен сегіз-ақ оқушы қалды
Фото: Диапазон
Ақтөбе облысындағы Велиховка ауылындағы (бұрынғы Чапаев атындағы колхоз) жаңа салынған мектептің жабдықталған кабинеттері, асханасы мен күзеті бар. Бірақ бұл мектепте оқитын бала қалмады деуге болады: бар болғаны 8 оқушы мен 8 мұғалім ғана қалған, деп хабарлайды Orda.kz «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.
Мектеп жабылып, мұғалімдер жұмыссыз қалмас үшін ауыл әкімі әлеуметтік желіде хабарландыру жариялаған: ол ауылға көпбалалы отбасыларды шақырып отыр. Олар үшін баспана, жұмыс уәде етіледі, ауылға газ да тартылып жатыр.
Велиховка Ақтөбеден 90 шақырым жердегі Қарғалы ауданында орналасқан. Журналистер келгенде, әкім Жолдас Қарағұловтың қолында көшіп келуге қызығушылық танытқандардың тізімі дайын болған. Ол ондаған қоңырау мен хабарлама алған. Алайда хабарласқандардың ішінен нақты кім көшіп келіп, тұрақтап қалатыны әзірге белгісіз.
«Балалар саны бізде соңғы 10 жыл бойы азайып кетті. Биыл бар болғаны 8 оқушы қалды, мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған. Бұрын 16–17 оқушы қалатын, сол кезде де балаларымен көшіп келетін адамдарды іздейтінбіз. Үш жыл бұрын бір бала тәрбиелеп отырған бір отбасы көшіп келген, соған да қуанып едік.
Адамдар бізге келуге онша ықыласты емес, өйткені газ жоқ еді. Халық санының аздығынан газ тартуға да мүмкіндік жоқ. Бірақ биыл көптен күткеніміз орындалды. Газдандыруға бюджеттен 684 млн теңге бөлінді, қысқа дейін газ келеді деп үміттенеміз», — дейді Жолдас Қарағұлов.
Велиховкада 60 үй қалған, тұрғындар саны — шамамен 100 адам. Бұрынғы Чапаев атындағы колхоздан халық 90-жылдары кете бастаған. Оншақты үй жылдар бойы бос тұр.
Ата-аналар алаңдаулы: егер мектеп жабылса, балаларды 30 шақырымдағы Бадамшадағы интернатқа немесе 15 шақырым жердегі Қосістекке беру керек болады.
«Біз ауылға қоныстанатын жаңа адамдарды күтіп отырмыз. Біз Орск тас жолының маңындамыз, Орскіден 70 шақырым жерде орналасқанбыз. Ауылда дәнді дақылмен айналысатын екі ЖШС және мәрмәр карьері бар, сондықтан жұмыс табылады. Орталық су құбыры жоқ, көпшілігінде аулада құдық бар. Су сәл ащылау, сондықтан ауыл ортасына су тазарту құрылғысы орнатылған, тұрғындар сол жерден ауыз суды тегін алады», — деп қосты әкім.
Әкім көшіп келетін отбасыға арналған үйді көрсетті. Бұл екі пәтерлі үй, бірақ оның бір жағы бос тұр. Қабырғаларында ескі тұсқағаз, ортасында кафельмен қапталған пеш, жертөле бар. Тіпті кереует пен орындықтар да қалған. Жергілікті ЖШС үйді жөндеп, газ тартып береді. Үй бес жылдан кейін отбасының меншігіне өтеді, ештеңе төлеудің қажеті жоқ. Тағы бір үй сатып алу мәселесі қарастырылып жатыр. Велиховкадағы үйлердің бағасы 500 мыңнан 2 миллион теңгеге дейін.
«Бізге кемінде бес баласы бар екі отбасы жетіп жатыр», — дейді Жолдас Қарағұлов.
Ауылда бос тұрған үйлер саны — 10, оның үшеуін жөндеуге болады, қалғандарына күрделі жөндеу қажет. Келесі жылдан бастап әкімдік жаңа үйлер салуды жоспарлап отыр.
Мектеп директоры ғимаратты көрсетті. Ол екі қабатты. Бірінші қабатта бастауыш сыныптар оқиды, екінші қабатта — қалған сыныптар.
«Асханамыз бар, балаларға ыстық тамақ беріледі. Кабинеттердің барлығы жабдықталған. Ерекше балалар үшін пандус қойылған. Мұғалімдер саны — 8, әрқайсысының екі дипломы бар, олар бірнеше пәннен сабақ береді. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі еңбек және информатика пәндерін де жүргізеді, тарих мұғалімі — география мен физиканы. Тағы бір мұғалім — химия, биология және бастауыш сыныптарды оқытады.
5, 7 және 8 сыныптар бірігіп оқиды, сабақтарды бір мұғалім өткізеді, жазбаша пәндер бөлек жүреді. Бұдан білім сапасы төмендеп жатқан жоқ. Керісінше. Оқушы саны аз болғандықтан әр балаға көбірек көңіл бөлінеді. 10–11 сыныптарға басқа мектептерге ауысқан балаларымыз жақсы оқиды, олимпиадаларға қатысады.
Мектеп орыс тілінде білім береді, бірақ бастауышта қазақ тілінде сабақ беретін мұғалім бар. Орта буынға қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімді Қосістектен тауып береміз, балаларды оқулықпен қамтамаcыз етеміз», — дейді Юлия Ковалева.
Барлығы мектепте техникалық персоналды қосқанда 17 адам жұмыс істейді. Соның жартысы — зейнеткерлер.
Кішкентай Велиховканың тұрғындары — керемет патриот. Журналистермен сөйлескенде әр адам өз ауылы мен адамдары туралы тек жақсы пікірлер айтты және мектеп жабылса, кейбірінің кетіп қалатынына өкініш білдірді. Бірақ, мүмкін, керісінше — жаңа адамдар көшіп келетін шығар. Әкімнің блокноты жаңа отбасылардың аты-жөндеріне толып тұр.
Қазақстанда «Жайлы мектеп» бағдарламасы аясында жүздеген жаңа мектеп салынып жатыр. Бұл жоба білім сапасын арттырып, оқушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында іске қосылған. Алайда оның жүзеге асырылуы көптеген сұрақ тудырады. Мектептердің құны қалай өсіп жатқаны туралы Orda.kz материалынан оқыңыз.
Елімізде мектеп күзетшілеріне қару ұстауға рұқсат беріледі. Мұғалімдерге құдық қаздырып, монша салдырған мектеп директоры дауға қалды.
Жаңалықтар
- АҚШ алғаш рет Польша арнайы жасағын Украинадағы дрон соғысының тәжірибесі бойынша жаттықтырып жатыр
- Енді депутаттарға сауал тек баспасөз орталығында қойылуы мүмкін
- Тоқаев премьер-министр Олжас Бектеновті қабылдады
- Батыс Қазақстанда балабақша есепшісі 30 млн теңге жымқырды деген күдікке ілінді
- Тоқаев вице-президент Ерлан Қаринді қабылдады
- Непал мен Қытай шекарасындағы алапат су тасқынынан кейін хабар-ошарсыз кеткендер саны күрт өсті
- Иран президенті ШЫҰ саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға ұшып кетті
- Қазақстан С-300 зениттік-зымыран кешенін сынақтан өткізді
- Ләззат Танысбай «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды
- Бектенов премьер-министр болып қайта тағайындалғаннан кейін Құрылтайда ант берді
- Ерлан Қарин Қазақстанның вице-президенті болды
- Мектептер полицияның бақылауына алынды: 283 мың камера жұмыс істеп тұр
- Олжас Бектенов ҚР премьер-министрі қызметіне ұсынылды
- Қасым-Жомарт Тоқаев вице-президент қызметіне Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынды
- Кипр маңында 267 адам мінген кеме аударылып, жеті адам қаза тапты
- Непалда жүздеген танылмай қалған мәйіт жаппай жерленіп жатыр
- Аризонадағы Үлкен шатқалда су тасқынынан кейін 20 адам хабар-ошарсыз кетті
- Ақтауда адам мінген катер жартасқа соғылып, екі адам қаза тапты
- АҚШ пен Иран соққы алмасты: Не болды?
- Исландия Еуроодаққа кіруден бас тартты. Ең басты себеп — балық