Әкім Тарази — қазақ киносының жұлдызын жаққан драматург

Белгілі жазушы, драматург, сценарист Әкім Тарази 92 жасына қараған шағында өмірден өтті. Ой мен сананы сөйлетіп, шығармаға арқау еткен жазушының артында мол мұра, құнды шығармалары қалды. Orda.kz тілшісі жазушының өнегелі өмірінен сыр шертеді.
Әкім Үртайұлы Әшімов — 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген. Әкімнің 7-8 жасында әкесі майданға аттанып кетеді. Кішкентай бала туыстардың табалдырығында жүріп есейген. Ол көзі тірісінде берген сұхбатында соғыс жылдарын ауыр күйзеліспен еске алады.
«Біз соғыстың кезінде өскен баламыз. Сондықтан біздің буын жартылай аш өстік. Нағышыларым алып кететін. Кейін тағы бірі алып кетіп жүрді. Қиын жылдар еді. Алған нанымызға тиісетіндер болды. Одан да өттік».
Жазушының аяулы жары, өзі де жазушы, сыншы Роза Мұқанованың сөзінше, Әкім Әшімов бір күні әкесін қатты сағынып, далаға шығып, аспанға қарап: «Әке, қайтшы үйге, сағындым сені» деп айқайлапты. Екі күннен кейін соғыстағы әкесі ауылға келген екен. Үртай майданда марапатқа ие болып, оны алудың орнына бір аптаға үйіне барып келуге сұранған екен. Осылай өзгеге жәутеңдеген жас бала әкесін көріп марқайып қалады.
Жазушының Мырзамұхаммед деген алтыншы атасы Төле бидің ақылшысы болыпты. Ол туралы Әкім Таразидің өзі былай деп айтады.
«Әкем ол кісі туралы жиі жазып жүретін. Соғыс жақындаған тұста анам әкеме «құрт мынауыңды, жазу жазғанның бәрін ұстап әкетіп жатыр» деп шу шығарып, екі дәптерін жыртып тастады», — дейді жазушы.
[media=
САНА БИІГІНДЕГІ ҚОС ҒАШЫҚ
Көпшілік оқырманға «Мәңгілік бала бейне» әңгімесі арқылы танылған Роза Мұқанова — көрнекті жазушының аяулы жары. Жас айырмашылығы қос ғашықтың кіршіксіз махаббатына кедергі келтірмеген. Студент қызды жігіт ағасы болып қалған Әкім Тарази ұнатып қалады. Бойжеткен қыз Әкім Таразидің сезімін білгеннен кейін қаша бастаған. Алматыдан да кеткен. Бірақ екеуінің ортасындағы шынайы сезім ағысы екі ғашықты түбі табыстырды. Роза Мұқанова өзінен 30 жас үлкен Әкім Тарази туралы:
«Өзімнің қатарымда маған ұқсайтын адам болмай, мен Әкім ағаңа кездескен сияқтымын. Ол кісі де өз заманында өзі сияқты адам болмай мені кездестіргендей», — дейді.


Екі драматург бір ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Роза Мұқанова жан-жарының тағдырын қабылдаған адам. Тіпті жазушының өмірі күрделі екенін де жиі айтады.
«Әкім Тарази туралы жазу өте күрделі. Бірақ ол туралы менен басқа ешкім жаза алмайды. Маған ауыр. Ол іс сапармен кеткен. Біз бір үйден екінші үйге көшіп бара жатқан едік. Сол кезде бұрынғы күнделіктерін реттеп отырып бір күнделігін ашып оқыдым. Кейін келесі күнделігін аштым. Тағы бір күнделігін оқыдым. Түн болды. Таң ата бастады. Содан қатты жыладым. Күлдім. Жалғызсырадым. Қайғырдым. Мен, Роза Мұқанова — мың рет құбылдым. Сонда түсінгенім, қандай ауыр қиындықтардан, қандай қарама-қайшылықтардан өткен деп ойландым», — деді Роза.
Қазақ журналистикасында өзіндік стилімен ерекшеленетін Шархан Қазығұл ағамыз екі ғашықтың арасындағы ерекше сезімді былай әңгімеге қосты.
«Әкім ағаның шаңырағына алғаш рет барғанымда тосын жағдайға тап болғаным бар. Роза жеңгей екеуі ханталапай ойнап отыр. Таңсық тартыс. Керемет көрініс. Ұмытылмас ұйысу. Жер ортасынан ауғанда асық ойнау ақ жүректі адамдардың қолынан келеді. Жан тазалығы адам күлген кезде көзінен байқалатынын осы кісілерден көрдім. Мәңгілік заңы осындай ешкімнің басына келмейтін іс-қимылдан бастау алатыны тағы рас. Ақықтықтың иісі аңқып тұратын мұндай жандардың тартылыс күші өзіне тартпай қоймайтыны – тәтті құбылыс. Елжіреген кезде жүрегің атша тулап, аузыңнан шығып кете жаздайды».
ТАРИХТЫ ЖАЗҒАН ЖАЗУШЫ
Әкім Тарази — өмір жолында түрлі мамандықтардың басын шалып көрді. Ол мұғалім де, редактор да, хатшы да болды. 1957 жылы Абай атындағы мемлекеттік педагогика институтын бітірген Әкім 1960-1962 жылдары Мәскеудегі жоғарғы киноматография курсында оқыды.
«1960-жылдары Мәскеуде алғаш рет жоғарғы сценарлық курс ашылды. Сол курсқа түскен алғашқы қазақ осы кісі. Ол кәсіби түрде кино драматургиясын оқып келген алғашқы қазақ. Әдебиеттен киноға келетін жазушылар көп. Ал кинодан әдебиетке бет бұратын жазушылар жоқтың қасы. Екеу болса соның бірі — Әкім Тарази», — дейді кинотанушы Назира Рахманқызы.
Әкім Таразидың алғашқы шығармалары «Ақбердінің ауласы», «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Мұстафа Шоқай», «Тәж» романдары еді. Ал автордың қазақ киносының алтын қорына қосылған «Арман атаман», «Қараш-Қараш», «Мұстафа Шоқай» сынды кинотуындылары бар. Әкім Таразидің қазақ драматургиясына қосқан үлесі театрларда сахналанған «Күлмейтін комедия», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты», «Махамбет» атты шығармалары еді.
«Мұстафа Шоқай» шығармасы — ел бірлігін сақтап қалуға тырысқан Алаш зиялыларының шытырман тағдырын суреттеген алғашқы шығарма. Отандық кинематографияға тың туынды болып келген «Мұстафа Шоқай» фильмінің сценарий авторы — Әкім Тарази. Алдымен роман болып қағаз бетіне түскен ірі жұмыс 2008 жылы экранда көрініс тапты. Режиссері марқұм Сатыбалды Нарымбетов еді. Ол Әкім ағасы жайлы талай рет естеліктер айтқан.
«Әкім ағаның көзінде бір сиқыр бар. Әңгімелесіп отырып, бетіңе тіке қарай бастаған кезде, денең жыбырлайды.
Көзбен сынайды. Өзіңнен өзің қуыстана бастайсың. Енді мен бұл кісінің шығармасының бәрін оқығанмын деп мақтана аламын. Сол шығарманың бәрінде осы көзқарас бар», - деп естелігін айтқан Сатыбалды Нарымбетов.
Ал жазушының өзі шығарманы таза ниетпен жазу керегін, адам арам болса, жазғаны да ештеңеге жарамайтынын айтып кеткен.

Әкім Таразидің шәкірті, ақын, журналист Ұларбек Нұрғалымұлы ұстазының шығармасы жайлы былай дейді:
«Нақты адамның мінезін, жан-дүниесін дәлдікпен көрсетіп беретін жазушы — Әкім Тарази. Таразидің шығармашылығының негізінде жатқан нәрсе — сананың еркіндігі, адамның еркіндігі».
Журналист Шархан Қазығұл да Әкім Тарази шығармасына айрықша баға беріп өтті. Шархан Қазығұл Астанада тұрған кезінде Әкім Таразимен 20 жылдай аралас-құралас болған. Журналист жазушының тым қарапайым, бірақ ақылды адам болғанын айтты. Олар бірге дастархандас болып, бір-бірінің үйіне қонаққа барып жақын араласқан. Қаламгер ретінде қалыптасуына да әсері болғанын айтты.
«Әкім Таразиді мен кейде Бернард Шоуға ұқсатамын. Әкім аға да Шекспирден кейінгі ұлы драматург сияқты қарапайым құндылықтар мен қағидаларға сүйеніп отырып-ақ шығармашылықтың алтын кілтін таба білген бақытты жазушы екенін түпкілікті түсіндім.
Оның әдебиетімізге қосқан ұшы-қиыры жоқ үлесін ақыр-тақырына дейін айтып шыға алмайтынымды білемін, бірақ осы бір оймақтай ойымды түсіндіре кетсем деймін. Шынында да, Тарази қарапайымдылығының құлпын қалай ашуға болады? Оның шығармалары несімен алға озып тұр? Біріншіден, жазушының ешқашан апофеозға берілмейтіндігі қуантады. Ол қаншалықты күрделі тақырыпты көтеріп отырса да, кейіпкерін де, оқиғаны да, ең аяғы құбылысты да заңғар тұғырға көтеріп, идол жасамайды. Екіншіден, Әкім Тарази – тілі тәтті болғанымен, діңі қатты, эмоцияға бой ұрмайтын қаламгер. Әрине, сөздің жақсы мағынасында. Осы тұрғыдан алғанда ол – нағыз покерфейс. Үшіншіден, етінен ет кесіп алсаң да, фанаберияға бармайтыны да – Әкім ағаның қарапайымдылық қағидаттарына барынша бағынатынының айқын дәлелі. Кейіпкерін өзін-өзі ақтамайтын жалған намысқа, әсіреқызыл тыраштануға қимайтыны да сондықтан болса керек. Осы киелі қасиеттерді құрап тұрған үшбұрыш – қалай қойып ұрсаң да сындыруға келмейтін сиқырлы фигура. Көрдіңіз бе, Әкім Тарази дарынының өміршеңдігі осында жатыр», — деді журналист.


БІР ҒАСЫРДЫҢ АЛЫПТАРЫ
Биыл қазақ әдебиетінде қаралы хабарлар жиіледі. Ел қабырғалы қаламгерлерінен айырылды. 9 қаңтарда қазақ руханиятының мәңгілік өлмес мұрасын жасап кеткен заңғар жазушы Мұхтар Мағауин көз жұмды. Orda.kz Мұхтар Мағауин жайлы да естелік жазды.
Мұхтар Мағауиннің Әкім Таразимен араласқанын мына естелігінен аңғарамыз.
«Әкім аға, Сайын аға, қалғандарымыздың өз есімдеріміз, үлкендік емес, мәнсаптық дәреже есепті…Менің негізгі айтпағым — Әкім бар, Сайын бар, Рамазан, Қабдеш, Рымғали бар — бәріміз тығыз аралас, сырттай аса берік көрінген, дос-жар қатынасымыз бар…».

Сонымен қатар, дәл бүгін ресейлік мүсінші Зураб Церетели де қайтыс болды. Монументалист суретші, Ресей көркемдік академиясының президенті Зураб Церетели 91 жасында өмірден өтті. Ғасыр басында қазақ жазушысы мен ресейлік мүсінші екеуі жүздескен екен. Бұл туралы журналист Махат Садық Facebook парақшасында жазды.


Ал Әкім Таразидің өзі Әбіш Кекілбаймен өте жақсы араласқан. Ол екеуі әдебиет әлемінде қатар жүрген. Әкім Тарази Әбіш Кекілбайдың қазасын естігенде қатты қайғырған.
«Біз Әбіш Кекілбайұлымен қазақ әдебиеті деп аталатын қасиетті ордаға бірге келдік, бірге жүрдік. Алғашқы шығармаларымыз жарыққа шыққанда бірге оқып, бірге талқыладық. Әдебиетте қатар жүрген достарымыз көп болды. Сол тұста қазақ әдебиетіне бір шоғыр тату, берекелі жақсы буын келген еді. Енді өмірдің заңы солай, шетінен алып кетіп жатыр. Сол достарым: Мұқағали Мақатаев, Қалихан Ысқақ, Сайын Мұратбек секілді талантты қаламдастарым өмірден өтіп кетті. Енді кезек Әбішке келген екен. Оны қайғырмай, қасірет демей, кәдімгі жауынгер ретінде, тік тұрып оққа кеуде тосқандай қарсы алуымыз керек. Бірақ талантты жазушыны әрқашанда өлді деген сөзге қимаймыз. Ол өлген жоқ, мәңгіліктің жолына түсті, енді мәңгіліктің жолымен кетіп бара жатыр деп ойлаймын…».

Енді міне, Әкім Тарази де бұл өмірдегі дәм-тұзы таусылып дүние салды. Қазақ әдебиеті қаңырап қалғандай болды. Бұл алып тұлғаны да өлді деуге қимаймыз. Артында мол мұрасы, құнды еңбектері қалды. Orda.kz ұжымы жазушының отбасына, жақындарына, шәкірттеріне қайғыра көңіл айтады.
Жаңалықтар
- Шерзат ісі: Ағайынды Тоқтаубаевтар мен кім-кімді аяусыздықпен ұрды?
- «Нұрғанатты да, Шерзатты да, Қаржаубайды да ұрмадым»: Азамат Тоқтаубаев сотта жауап берді
- Ердоған мен Зеленский жанында: Анкара манында зілзала болды
- Көксу өзеніне құлап кеткен ер адамның денесі табылды
- Әйелін терезеден лақтырған майор: Қызылордалық полицей жас жұбайын мүгедек етті
- Қорқытып, кейін соққыға жыққан: «Дикий Арманның» досы мен оның бандасы сотталды
- «Аяушылықпен тебу, хуторлық емеспін, пышақ ұстамадым»: Нұрбол Тоқтаубаевты судья сөзінен ұстады
- Қадыровқа қарсы шыққан: Алматыда шешен белсендісі ұсталды
- «Тергеушілер мені де, інімді де ұрды»: Шерзаттың сотында Нұрбол Тоқтаубаев сөйледі
- Мигрант зейнеткердің денесін бөлшектеп тастаған
- Зеленский Стамбұлдағы келіссөздің сәтсіз өтетініне сенімді
- Шерзаттың соты: Дархан Әскентай адвокатынан бас тартты
- Имам ер адамдарға гинеколог болу харам екенін айтты
- Шерзаттың ісі: Күдіктілердің адвокаттары істі қайта тергеуді сұрады
- «Қылмыс әлемінің серкесіне қаржы бөлді»: Амандық Баталовтың күйеу баласын Қырғызстанда іздеп жатыр
- Анасының жанайқайы: Сотта Шерзатты жабылып ұрған сәттің видеосы көрсетілді
- «Фашист, нацист»: Қазақша мәзір беруден бас тартқан кафе кешірім сұрады
- Шавкат Рахмонов Өзбекстан азаматтығын алды – UFC
- «Уыс-уыс шаш, жұлынған тырнақ»: Ақнәрдің өлімін полиция жылы жаба салмақ па?
- «Қауіпті»: Америкалықтар Temu бағдарламасын сотқа беріп жатыр